“Сенің Патшалығың келсін!” Бірақ қашан?
“Сендер осылардың бәрін көргенде, Адам Ұлының жақын, есік алдында, екенін біліңдер” (МАТ. 24:33).
1, 2. а) Көріп тұрып байқамауымызға не себеп болуы мүмкін? ә) Құдай Патшалығына қатысты не нәрсеге сенімді бола аламыз?
МЫНА сияқты үш жағдайды байқағансың ба? Қандай да бір оқиғаның куәсі болған адамдар сол оқиғаның әртүрлі тұстарын естерінде сақтап қалады; адам ауруына қатысты нақтаманы естіген соң, дәрігердің әрі қарай нақты не айтқанын ұмытып қалады; ал кейбір адамдар көз алдында тұрған кілтін не көзілдірігін таба алмай әлек болып жатады. Зерттеушілердің айтуынша, айтылған жағдайлардың бәрі соқырлықтың бір түрі болып табылады. Адам бір нәрсені ойлап тұрғанда, басқа нәрсені байқамайды я ұмытып қалады. Бұдан біздің миымыз қалай жұмыс істейтіні көрінеді: адам тек бір нәрсеге ғана бар назарын сала алады.
2 Көп адамның әлемде болып жатқан оқиғаларды көруге келгенде “соқыр” екені байқалады. Олар 1914 жылдан бері дүниенің қатты өзгеріп кеткенімен келіссе де, сол оқиғалардың шынайы мәнін көрмейді. Біз Киелі кітапты зерттегендіктен, Құдай Патшалығы 1914 жылы Иса көкте Патша болған кезде орнағанын білеміз. Алайда “Сенің Патшалығың келсін!” Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” деген дұғаның толықтай орындалмағанын да білеміз (Мат. 6:10). Өйткені осы дүние жойылғанда ғана Құдайдың еркі көкте орындалғандай, жер бетінде де орындалады.
3. Құдай Сөзін зерттегеннің арқасында біз нені көре аламыз?
3 Құдай Сөзін үнемі зерттейтін болғандықтан, біз осы пайғамбарлықтың дәл қазіргі уақытта орындалып жатқанын көріп жүрміз. Осы дүниеліктерден айырмашылығымыз қандай десеңші! Олар күйбең тіршіліктің соңында жүргендіктен, Мәсіхтің 1914 жылдан бері патшалық етіп жатқанын және жақында Құдайдың үкімін жүзеге асыратынын айқын көрсететін дәлелдерді назарларынан тыс қалдырып жатыр. Олай болса, өзіңді мына сұрақтармен тексеріп көрші: шындықта жүргеніңе біраз уақыт болса, сен әлі де осы дүниенің соңы жақын екеніне және бұны әлемдегі жағдайлар дәлелдеп жатқанына нық сенесің бе? Ал шындыққа жақында ғана келсең, қазір сенің назарың не нәрседе? Жауабың қандай болмасын, жақында Мәсіх майланған Патша ретінде жер бетінде Құдай еркін толықтай орнату үшін қосымша әрекет етуге кірісетініне сенімділік беретін үш себепті қарастырайық.
САЛТ АТТЫЛАРДЫҢ ШЫҒУЫ
4, 5. а) 1914 жылдан бері Иса не істеуде? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Пайғамбарлықтағы қалған үш салт атты нені бейнелейді және ол қалай орындалуда?
4 1914 жылы Иса Мәсіхке көктегі тәж беріліп, ол Құдай Патшалығының Патшасы болып тағайындалды. Аян кітабында Исаның ақ боз аттың үстінде келе жатқаны суреттелген. Патша тағына отырған соң, ол Шайтанның зұлым дүниесін толық жеңу үшін бірден аттанды (Аян 6:1, 2 оқы). Пайғамбарлықта Құдай Патшалығы билігін бастағаннан кейін әлемдегі жағдай тез арада нашарлайтыны айтылған. Адамды өлімге душар еткізетін соғыс, азық-түлік тапшылығы, індет және басқа да жағдайлар бұрын-соңды болмаған деңгейге жету керек еді. Осы аталған қасіреттер Иса Мәсіхтің артынан ілесе шығатын үш салт атты ретінде бейнеленген (Аян 6:3—8).
5 Көп халық бірлесе әрі ынтымақта әрекет етеміз деп уәде еткендеріне қарамастан, пайғамбарлыққа сай, соғыс атаулы “жер бетінен тыныштықты жойды”. Бірінші дүниежүзілік соғыс жер бетінен тыныштықты алып кеткен жойқын соғыстардың алғашқысы ғана еді. 1914 жылдан бері адамзат талай экономикалық және ғылыми жетістіктерге жетсе де, азық-түлік тапшылығы әлі де дүниежүзіндегі соғыстар мен қақтығыстарға себепкер болуда. Індеттердің, табиғи апаттардың және басқа да қайғылы жайттардың жыл сайын миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқанын кім жоққа шығара алады? Адамзат тарихында бұндай кеселдер осыншалықты ауқымды, жиі және жойқын болған емес. Бұл нені білдіретінін түсінесің бе?
6. Пайғамбарлықтың орындалғанын кімдер түсінді және бұл оларды не істеуге талпындырды?
6 Бірінші дүниежүзілік соғыстың бұрқ етуі мен испан тұмауының жайлауы көп адамның көңілін алаңдатты. Бірақ майланған мәсіхшілер 1914 жылы “басқа ұлттарға берілген уақыттың” аяқталатынын білген және оны асыға күтіп жүрді (Лұқа 21:24). Бұның қалай болатынын нақты білмесе де, олар сол жылы Құдай билігіне қатысты маңызды бір жайттың орын алу керектігін түсінген. Кейіннен бұл пайғамбарлықтың орындалғанын толық түсінгенде, олар Құдайдың билік етуді бастағанын батыл жариялауға кірісті. Осы хабарды жариялағандары үшін олар қатты қудалауға ұшырады. Көп халықтар арасында орын алған бұл қудалау да алдын ала айтылған пайғамбарлық еді. Ондаған жыл өте, Патшалықтың қарсыластары “заңды пайдаланып пәлеге ұшыратуды” көздеді. Сонымен қатар олар бауырластарымызды ұрып-соғатын, түрмеге жабатын, тіпті дарға асу, ату және бастарын алу сияқты тәсілдермен өлім жазасына кесетін (Заб. 94:20 ЖД; Аян 12:15).
7. Адамдардың басым көпшілігі әлемдегі жағдайдың шын мәнін неліктен түсінбейді?
7 Құдай Патшалығының көкте орнап қойғанын осыншама көп жайт дәлелдеп жатса да, неліктен адамзаттың басым көпшілігі бұны түсінбейді? Неліктен олар Құдайдың қызметшілері бұрыннан жариялап жүрген Киелі кітап пайғамбарлықтары мен дүниедегі жағдайдың арасындағы байланысты көрмейді? Мүмкін, олар тек көргісі келген нәрселерді көретін шығар (Қор. 2-х. 5:7). Әлде қу тіршілікке салынғаны оларға Құдайдың не істеп жатқанын “көруге” кедергі жасап жатыр ма? (Мат. 24:37—39). Немесе олар Шайтан дүниесінің мақсаттары мен идеяларына алаңдап жүр ме? (Қор. 2-х. 4:4). Құдай Патшалығының билік етіп жатқанын “көру” үшін сенім мен рухани түйсік керек. Біздің дүниедегі жағдайдың шын мәнін түсіне алатынымыз қандай керемет!
ЗҰЛЫМДЫҚТЫҢ ОДАН БЕТЕР УШЫҒУЫ
8—10. а) Тімөтеге 2-хат 3:1—5 жазылған сөздер қалай орындалып жатыр? ә) Зұлымдықтың одан бетер ушығып бара жатқанына қандай жайттар дәлел бола алады?
8 Құдай Патшалығының жақында жер бетінде орнайтынына дәлел болатын екінші жайт — адамзат қоғамындағы зұлымдықтың одан бетер ушығуы. Шамамен бір ғасыр бойы біз Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтардағы сөздердің ауқымды көлемде, жиі әрі аяусыз түрде орындалып жатқанын көріп жүрміз. Дүниежүзі бойынша адамдардың бойынан осындай мінез-құлықты жиі байқауға болады. Осы пайғамбарлықтың орындалуы барған сайын айқындалып жатқанын көріп жүрсің бе? Осыны дәлелдейтін кейбір мысалдарды қарастырып көрейік (Тімөтеге 2-хат 3:1, 13 оқы).
9 1940—1950 жылдары адамдардың төбе шашын тік тұрғызған оқиғалар мен бүгінде жұмыс орындарында, көңіл көтеру саласында, спортта және сән әлемінде орын алып жатқан жайттар салыстыруға да келмейді. Қазіргі уақытта зорлық-зомбылық пен азғындық үйреншікті нәрсе болып кетті. Адамдар қатыгез және жүгенсіз болып көріну үшін бір-бірімен бақталасып жатқандай. 1950 жылдары өрескел деп саналған теледидар бағдарламаларын қазір отбасы болып көреді. Гомосексуалистердің өмір салты да көңіл көтеру индустриясы мен сән әлемінде дендеп кетіп, көпшілікке насихатталып жатыр. Бұл нәрселерге қатысты Құдайдың көзқарасын білгеніміз үшін дән ризамыз (Яһуда 14, 15 оқы).
10 Ал енді 1950 жылдардағы бүлікшіл жастар мен бүгіндегі бүлікшіл жастардың әрекеттерін салыстырып көрейік. Сол кезде ата-аналар “балам темекі шегіп қойған жоқ па, спирттік ішімдік ішіп қойған жоқ па немесе тұрпайы би билеп қойған жоқ па” деп уайымдайтын еді. Ал қазір құйқа тамырыңды шымырлататын мынадай жаңалықтарды естіп таңғалмайтын болдық: 15 жасар оқушы сыныптастарына оқ атып, он үшін жаралап, екеуін мерт қылды. Ішіп алған бір топ жасөспірім 9 жасар қызды аяусыз өлтіріп, әкесі мен туысқанын соққыға жыққан. Азияның бір елінде соңғы он жылда орын алған қылмыстық оқиғалардың тең жартысына жастар кінәлі екені анықталды. Осыдан кейін жағдай ушығып жатқан жоқ деп кім айта алады?
11. Неліктен көп адам жағдайдың нашарлап бара жатқанын байқамайды?
11 Елші Петір келесі сөздерді дәл айтқан: “Соңғы күндері мазақ сөздер айтатын мазақтаушылар келеді. Олар өз қалауларын орындайды және былай дейтін болады: Ол келем деп уәде еткен еді ғой, келгені қайда? Ата-бабаларымыз өлім ұйқысына кете бастағалы бері ештеңе өзгерген жоқ, жаратылыс басталғалы бері бәрі де сол күйі жалғасып келеді” (Пет. 2-х. 3:3, 4). Неліктен кейбір адамдар осындай көзқарас танытуда? Қандай да бір жағдайды жиі көре берсек, көзіміз үйреніп, оған назар аудармай кетеміз. Мысалы, жақын досымыз аяқ астынан өзгере қалса, біз таңғалатын шығармыз. Бірақ бүкіл қоғамның көзқарасы мен моральдық ұстанымы ақырындап өзгеріп жатса, оны байқамай да қаламыз. Десе де дүниенің құлықтылық жағынан бірте-бірте құлдырауы өте қауіпті.
12, 13. а) Әлемде болып жатқан оқиғалар неге біздің еңсемізді түсірмеу керек? ә) Нені түсінгеніміз “ерекше қиын” жағдайларға төзуге көмектеседі?
12 Елші Пауыл “соңғы күндері” жағдай “ерекше қиын болатынын” ескерткен (Тім. 2-х. 3:1). Бірақ бұл оларға төзу мүмкін емес дегенді білдірмейді, сондықтан бізге дүниеден қашудың қажеті жоқ. Ехобаның, киелі рухтың және қауымның көмегімен кез келген қиындықтарды жеңіп, адалдығымызды сақтай аламыз. “Адам күшінен асқан күш” біздікі емес, ол Құдайдан келеді (Қор. 2-х. 4:7—10).
13 Пауыл соңғы күндер жайлы пайғамбарлықта “біліп қой” деген сөздерді қолданған. Бұл сөздер айтылғандардың барлығы орындалатынына кепілдік береді. Құдайдан безген адамзат қоғамы Ехоба соңғы нүктесін қоятын уақытқа дейін құлдыраған үстіне құлдырай түседі. Тарихшылардың айтуынша, моральдық ұстанымы төмендеген қандай да бір ел не қоғам артынша өзі де құрдымға кетеді. Бүкіл дүниенің моральдық күйі қазіргідей ешқашан төмендеген емес. Адамдардың көбісі мұны жоққа шығарғысы келгенмен, 1914 жылдан бері болып жатқан оқиғалар Құдай Патшалығының көп ұзамай шешуші әрекет жасайтынына сенімділік береді.
“ОСЫ ҰРПАҚ” ӨЛМЕЙ ТҰРҒАНДА ОРЫНДАЛАДЫ
14—16. Құдай Патшалығы жақында келетініне сенімімізді арттыратын үшінші дәлел қандай?
14 Құдай Патшалығы жақында жерде орнайтынына сенімділік беретін үшінші дәлел — Құдай халқының тарихы. Мысалы, Құдай Патшалығы көкте орнайтын кезде майланған адал мәсіхшілер тобы белсенді түрде Құдайға қызмет етіп жатты. 1914 жылы күткендерінің бәрі бірдей орындалмай қалғанда, олар не істеді? Олардың басым көпшілігі сынақтар мен қуғын-сүргін кезінде мінсіздіктерін сақтап, Ехобаға қызмет етулерін жалғастыра берді. Уақыт өте келе майланғандардың көбісі, тіпті бәрі, жердегі өмір жолын адалдықпен аяқтады.
15 Осы дүниенің соңғы күндеріне қатысты пайғамбарлықта Иса былай деді: “Осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, бұлардың бәрі орындалады” (Матай 24:33—35 оқы). Иса “осы ұрпақ” деген кезде майланған мәсіхшілердің екі тобына меңзегенін түсінеміз. Бірінші топ 1914 жылы болған әрі олар сол жылы Мәсіх патша тағына отырып, билік жүргізуін бастағанын түсінген. Бұл топты құрайтындар 1914 жылы өмір сүрумен қатар сол жылы не оның алдында Құдайдың балалары ретінде рухпен майланған (Рим. 8:14—17).
16 “Осы ұрпаққа” кіретін екінші топтағы майланған бауырластар бірінші топтағы майланғандардың замандастары. Екінші топтағы майланған бауырластар бірінші топтағы майланғандар жерде болған уақытта өмір сүрген, сонымен қатар бірінші топтағы бауырластар әлі де жерде болғанда рухпен майланған. Алайда бүгіндегі майланғандардың бәрі бірдей Иса айтқан “осы ұрпаққа” кірмейді. Қазіргі таңда екінші топтағы бауырластардың өздері егде тартқан. Бірақ Исаның Матай 24:34-те айтқан сөздері “осы ұрпақтың” кейбірі “өлмей тұрып-ақ” зор алапаттың басталатынына сенімділік береді. Бұл Құдай Патшалығының Патшасы зұлымдарды жойып, әділ жаңа дүниені орнататын кезі өте жақын екеніне одан бетер көзімізді жеткізеді емес пе?! (Пет. 2-х. 3:13).
ТАЯУДА МӘСІХ ТОЛЫҚ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕДІ
17. Үш дәлелді қарастыра келе, қандай қорытындыға келуіміз керек?
17 Жоғарыдағы үш дәлелді қарастыра келе, қандай қорытынды шығаруға болады? Иса ескертіп кеткендей, біз сол күн мен сағатты нақты білмейміз (Мат. 24:36; 25:13). Алайда Пауыл біз “қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды” біле алатынымызды айтқан (Римдіктерге 13:11 оқы). Иә, біз қай уақытта, яғни соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды білеміз. Егер Киелі кітап пайғамбарлығына, Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің не істеп жатқанына барынша ден қойсақ, біз осы дүниенің соңы жақындап қалған уақытта өмір сүріп жатқанымызды айқын көрсететін дәлелдерді көрмей қалмаймыз.
18. Құдай Патшалығын мойындағысы келмейтіндермен не болмақ?
18 Қазір жеңімпаз ретінде ақ боз аттың үстінде отырған Иса Мәсіхке зор билік берілгенін мойындағысы келмейтіндер жақын арада өз қателіктерін мойындауға мәжбүр болады. Олар Құдайдың сотынан қашып құтыла алмайды. Сол кезде көбісі: “Кім одан аман қалады?!”— деп қорқыныштан зар жылайды (Аян 6:15—17). Бұл сұрақтың жауабы Аян кітабының жетінші тарауында жазылған. Майланған мәсіхшілер мен жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетіндер Құдайдың мақұлдауына ие болғандықтан, сол күні “аман қалады”. Содан кейін басқа қойларға кіретін “ұлы жамағат” зор алапаттан аман-есен өтетін болады (Аян 7:9, 13—15).
19. Осы дүниенің соңы жақын екеніне сенімді болғандықтан, сен не нәрсені тағатсыздана күтудесің?
19 Осы еш қайталанбайтын уақытта Киелі кітап пайғамбарлықтарының орындалуын әрі қарай да мұқият бақылайтын болсақ, Шайтанның дүниесіне алаңдамаймыз және дүниедегі жағдайдың шын мәнін көре білеміз. Мәсіх таяуда болатын әділ шайқаста осы зұлым дүниені жойып, толық жеңіске жетеді (Аян 19:11, 19—21). Ал содан кейін біз қандай бақытты жандар боламыз десеңдерші! (Аян 20:1—3, 6; 21:3, 4).