29-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Жетекшіміз Исаны қолдаңыз
“Маған көк пен жердегі барлық билік берілген” (МАТ. 28:18).
13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық
АҢДАТПАa
1. Бүгінде Ехобаның еркі неде?
БҮГІНДЕ Патшалықты уағыздау ісі Құдайдың еркі бойынша бүкіл дүниежүзінде жүріп жатыр (Мар. 13:10; Тім. 1-х. 2:3, 4). Бұл іс — Ехобаның ісі, әрі оның маңызды болғаны соншалық — Ехоба өзінің сүйікті ұлы Иса Мәсіхті бұл істе жетекшілік етуге тағайындады. Иса уағыз ісін асқан біліктілікпен жүргізетіндіктен, заманның соңы келгенше бұл іс Ехоба қалағандай деңгейде атқарылып бітеді (Мат. 24:14).
2. Бұл мақалада нені қарастырамыз?
2 Осы мақалада Иса “адал да ақылды құлды” қолданып, рухани ас-сумен қалай қамтамасыз етіп жатқанын, сондай-ақ тарихтағы ең ауқымды уағыз ісін жүргізу үшін ізбасарларын қалай бағыттап отырғанын талқылаймыз (Мат. 24:45). Сонымен қатар Иса мен адал құлды әрқайсысымыз қалай қолдай алатынымызды көреміз.
ИСА УАҒЫЗ ІСІНЕ ЖЕТЕКШІЛІК ЕТУДЕ
3. Исаға қандай билік берілген?
3 Иса бүгінде уағыз ісін басқарып отырғанына неге сенімдіміз? Бұл үшін оның көкке кетпес бұрын Ғалилеядағы тауда адал ізбасарларына айтқан сөздеріне назар аударайық. Ол: “Маған көк пен жердегі барлық билік берілген”,— деді. Сосын артынша: “Сондықтан барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”,— деп тапсырды (Мат. 28:18, 19). Демек, басқа билікпен қоса Исаның уағыз ісіне жетекшілік ету билігі де бар.
4. Исаның уағыз ісін әлі де басқарып отырғанына неге сенімдіміз?
4 Иса уағыздау мен шәкірт дайындау ісі барлық халықтарда жүретінін айтты және осы заман аяқталғанша, әр күні ізбасарларымен бірге болатынына сендірді (Мат. 28:20). Оның сөздері Иса уағыз ісін біздің кезімізде де басқаратынын анық көрсетеді.
5. Зәбүр 110:3-тегі пайғамбарлықтың орындалуына біз қалайша үлес қосып жатырмыз?
5 Иса соңғы күндерде уағыз ісін атқаратын қызметшілер жетіспей қалады деп уайымдамаған. Өйткені ол “әскеріңді шайқасқа бастайтын күні халқың саған еруге дайын тұрады” деген пайғамбарлықтың орындалатынын білген еді (Зәб. 110:3). Егер сіз уағыз ісіне атсалысып жүрсеңіз, осы пайғамбарлықтың орындалуына үлес қосқаныңыз және Иса мен адал құлды қолдағаныңыз. Бұл іс алға жылжып жатқанымен, кедергілер де жоқ емес.
6. Патшалықты жариялаушылар кездесетін бір қиындық қандай?
6 Патшалықты жариялаушылар кездесетін кедергілердің бірі — қарсылықтар. Жолдантаюшылар, діни жетекшілер мен саясаткерлер біздің ісіміз жайлы көп жалған ақпарат таратқан. Сол жалған ақпаратқа сеніп, біздің туысқандарымыз, таныстарымыз не әріптестеріміз бізге қысым көрсетуі мүмкін. Олар Ехобаға қызмет етпегенімізді және уағыздауды тоқтатқанымызды қалайтын шығар. Ал кейбір елдерде жариялаушыларға қоқан-лоқы көрсетіп, тұтқындап, тіпті түрмеге жауып жатыр. Бұндай жағдайлар бізді таңғалдырмайды. Себебі Иса: “Барлық ұлттар менің атыма бола сендерді жек көретін болады”,— деп алдын ала айтып кеткен (Мат. 24:9). Ал адамдардың бізді жек көргені — Ехобаға ұнамды екеніміздің көрсеткіші (Мат. 5:11, 12). Қарсылықтардың артында Ібіліс тұрғаны белгілі. Бірақ Иса одан әлдеқайда күшті! Оның қолдауымен бүгінде ізгі хабар барлық халықтарға таралып жатыр. Қазір соның кейбір айғақтарын көрейік.
7. Аян 14:6, 7-дегі пайғамбарлықтың орындалып жатқанын неден көріп жүрсіз?
7 Патшалықты жариялаушылар кездесетін келесі кедергі — тіл мәселесі. Бірақ ізгі хабарды жариялаушылар бұл кедергіні де жеңетінін Иса елші Жоханға берген аянында алдын ала айтып кеткен (Аян 14:6, 7 оқыңыз). Сонда олар қалай жеңді? Біз жер шары бойынша мүмкіндігінше көп адамға Патшалық жайлы хабарды жеткізудеміз. Бүгінде jw.org сайтымызда Киелі кітапқа негізделген мәліметтер 1000-нан астам тілде қолжетімді. Басқарушы кеңес шәкірт дайындауға арналған негізгі құралымыз — “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабын 700-ден астам тілге аударуға рұқсат берді. Ал зағиптар мен құлағы естімейтіндер үшін рухани ас-су Брайль қарпінде және видео жүзінде шығарылып жатыр. Осылайша “әртүрлі тілде сөйлейтін барлық халықтардан шыққан” адамдар шындықтың “таза тілінде” сөйлеуді үйреніп жатыр. Бұл — Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалып жатқанының дәлелі (Зәк. 8:23; Соф. 3:9). Расымен де, білікті Жетекшіміз Иса Мәсіхтің арқасында ізгі хабар кеңінен таралуда.
8. Уағыз ісі қандай жеміс әкеліп жатыр?
8 Бүгінде Ехобаның ұйымында 240 елден шыққан 8 миллионнан астам адам бар. Сондай-ақ жыл сайын 100 мыңнан көп адам шомылдыру рәсімінен өтуде. Алайда олардың санын емес, сапасын айтсаңызшы! Бұл жаңа шәкірттер мәсіхшілерге тән қасиеттер дамытып, “жаңа болмысқа” ие болған (Қол. 3:8—10). Олар азғындық пен қатыгездіктен арылған, ұлтшылдық пен алалаушылықтан да құтылған. Олар “соғысуды да үйренбей”, Ишая 2:4-тегі пайғамбарлықты орындап жүр. Осылай көп күш салып, жаңа болмысқа ие болғанымызға қарап, адамдар Ехобаның ұйымына тартылады және Исаның шынайы шәкірттері екенімізді түсінеді (Жох. 13:35; Пет. 1-х. 2:12). Мұның бәрі жайдан-жай емес, Исаның қолдауымен болып жатыр.
ИСАНЫҢ АДАЛ ҚҰЛДЫ ТАҒАЙЫНДАУЫ
9. Иса Матай 24:45—47 тармақтарда соңғы күндерге қатысты не деді?
9 Матай 24:45—47 оқыңыз. Иса соңғы күндері Құдайдың халқын рухани ас-сумен қамтамасыз ету үшін “адал да ақылды құлды” тағайындайтынын айтқан. Демек, бұл құл біздің кезімізде тер төгіп еңбектеніп жатуы керек. Бұл солай болып та жатыр. Жетекшіміз Иса майланғандардың шағын тобы арқылы Құдайдың халқына және қызығушыларға рухани ас-суды “уақтылы беріп отыр”. Бұл шағын топ олардың сенімдеріне үстемдік етуден аулақ (Қор. 2-х. 1:24). Себебі олардың “көсемі әрі басшысы” — Иса Мәсіх екенін мойындайды (Ишая 55:4).
10. Суреттегі әдебиеттердің қайсысы сізге мәңгілік өмір жолына түсуге көмектесті?
10 “Адал да ақылды құл” 1919 жылдан бастап түрлі әдебиеттерді дайындап келеді. Соның арқасында қызығушылар құнарлы рухани ас-судың дәмін тата алды. 1921 жылы “адал да ақылды құл” Киелі кітаптың негізгі ілімдерін үйрететін “Құдайдың арфасы” деген кітапты шығарды. Уақыт өте басқа да әдебиеттер жарыққа шықты. Сізге көктегі Әкеңізді танып-біліп, оны жақсы көруге қандай әдебиет көмектесті? Бәлкім, бұл “Құдай шыншыл” не “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” кітабы шығар. Әлде “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” не “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабы ма? Я болмаса “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” не “Киелі жазбалардан не білеміз?” кітабы шығар. Әлде жаңадан шыққан “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы ма? Бұл әдебиеттердің әрқайсысы өз дәуірінде шәкірт дайындауға таптырмас құрал болды.
11. Рухани ас-суды неге барлығымыздың қабылдағанымыз маңызды?
11 Құнарлы рухани ас-су шындыққа жаңадан келгендерге ғана емес, барлығымызға қажет. Елші Пауыл: “Қатты тағам... рухани толысқан адамдарға арналған”,— деген. Ол осы рухани асты қабылдап, білген-түйгенімізді іске асырсақ, “жаман мен жақсыны ажырата алатынымызды” да айтқан (Евр. 5:14). Өнегеліліктен жұрдай мына лас дүниеде Ехобаның нормаларын ұстану қиын шығар. Бірақ Иса бізді сенімімізді нығайтатын дәмді де нәрлі рухани ас-сумен қамдап отыр. Құдайдың рухымен жазылған Киелі кітап — оның қайнар көзі. Адал құл бұл ас-суды Исаның жетелеуімен дайындап, үлестіріп жатыр.
12. Қалайша біз Иса сияқты Құдайдың есімін ұлықтап жатырмыз?
12 Жетекшіміз Иса Құдайдың есіміне тиесілі құрмет көрсетіп, оны ұлықтаған. Біз де солай етеміз (Жох. 17:6, 26). Мысалы, көктегі Әкемізбен ерекше жақындығымыздың белгісі ретінде 1931 жылдан бастап “Ехоба куәгерлері” деп аталатын болдық (Ишая 43:10—12). Сондай-ақ сол жылдың қазан айынан бастап “Күзет мұнарасы” журналының алғашқы бетінде Құдайдың есімі жарқырап тұратын болды. Бұған қоса, “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” “Ехоба” деген есім өзінің заңды орындарына қойылып шықты. Христиан шіркеулері өз Киелі кітаптарының аудармаларынан Ехобаның есімін алып тастап жатқанда, біздің ұйым оны асқақтатып жатты.
ИСАНЫҢ ЖЕРДЕ ҰЙЫМ ҚҰРУЫ
13. Сіз бүгінде Иса “адал да ақылды құлды” қолданып жатқанына неліктен сенімдісіз? (Жохан 6:68)
13 Иса жер бетінде таза ғибадатты өркендету үшін “адал да ақылды құл” арқылы керемет бір ұйым құрды. Сіз осы ұйымда жүргеніңізді бағалайсыз ба? Бәлкім, сіз елші Петір сияқты: “Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сізде ғой”,— дейтін шығарсыз (Жох. 6:68). Расында да, Ехобаның ұйымымен ұшыраспағанда, бүгінде қайда қалар едік?! Мәсіх сол ұйым арқылы берген мол ас-судың арқасында тойған қозыдай томпайып жүрміз. Сондай-ақ ол қызметімізді жақсы атқарудың қыр-сырын да үйретіп келеді. Ол бізге Ехоба сүйсінетін “жаңа болмысқа” ие болуға да көмектесіп жатыр (Ефес. 4:24).
14. Ехобаның ұйымының қамқорлығын әсіресе пандемия кезінде қалай сезіндіңіз?
14 Басымызға күн туған қиын-қыстау шақта Иса үнемі тиімді басшылықтар береді. Мұның дәлелін әлемді COVID-19 пандемиясы жайлағанда көрдік. Адамдар не істерін білмей, дал болып жүргенде, Иса бізді аман сақтау үшін ұйымы арқылы нақты-нақты басшылықтарды беріп отырды. Мысалы, көпшілік орындарында маска киіп, арақашықтық сақтауымыз керек болды. Ал ақсақалдарға бауырластармен байланысты үзбей, олардың денсаулықтары мен рухани күйлеріне мұқият болу керектігі айтылды (Ишая 32:1, 2). Сондай-ақ Басқарушы кеңестің үндеулері де қосымша нұсқаулар беріп, жігерімізді қайрап отырды.
15. Пандемияда қауым кездесулерін өткізу мен уағыздауға қатысты қандай нұсқаулар берілді және мұның нәтижесі қандай болды?
15 Анық нұсқаулардың арқасында қауым кездесулеріміз бен уағыз ісі де пандемия кезінде өз жалғасын тапты. Тез арада-ақ кездесулеріміз бен конгрестеріміз бейнеконференция арқылы өтетін болды. Ал уағыздау тәсіліміз хат жазуға және телефонмен хабарласуға алмасты. Бұл шараларға Ехоба батасын төгіп, көп елдердің филиалдары жариялаушылардың саны өсіп жатқанын хабарлады. Сол елдерде қызметте болған жігерлендірерлік оқиғалар да көп болды (“Ехоба қызметімізге батасын төгуде” деген қоршауды қараңыз).
16. Біз не нәрсеге сенімді болсақ болады?
16 Кейбіреулерге пандемия кезінде ұйым жау шаптырып, шектен тыс сақтандырып жатқандай көрінген шығар. Бірақ ұйымның берген басшылығы өте орынды әрі дұрыс болғанына қайта-қайта көзіміз жетіп жатыр (Мат. 11:19). Осы уақытқа дейін Иса өз халқын қаншама белестерден алып өткені жайлы ойланайық. Сонда, ертең қандай күн тумасын, Ехоба мен оның сүйікті Ұлы қасымыздан табылатынына сенімді боламыз (Еврейлерге 13:5, 6 оқыңыз).
17. Жетекшіміз Исаның қарамағында қызмет етіп жүргеніңіз жайлы не ойлайсыз?
17 Жетекшіміз Исаның қарамағында қызмет ету әрбіріміз үшін үлкен бақыт! Біз мәдени, ұлттық және тілмен байланысты кедергілерді жеңген ұйымның бір бөлігіміз. Біз рухани тоқпыз және уағыз ісін атқаруға жақсы дайындалғанбыз. Сондай-ақ Иса әрқайсысымызға жаңа болмысқа ие болуға және бір-бірімізді сүюге көмектесіп жатыр. Исаның жетелеуімен жүргенімізді біз мақтан тұтамыз!
16-ӘН Ехобаны Патшалығы үшін мадақтаңдар!
a Ер, әйел, бала демей — бүгінде миллиондаған адам ізгі хабарды құлшына жариялап жүр. Олардың арасында сіз де барсыз ба? Бар болсаңыз, демек, сіз де Иеміз Иса Мәсіхтің қарамағында қызмет етіп жатырсыз. Осы мақалада біз Иса Мәсіхтің уағыз ісін басқарып отырғанының дәлелдерін көреміз. Осылар жайлы ой жүгіртсек, Исаның жетелеуімен жүріп, әрі қарай да Ехобаға қызмет етуге нық бекінеміз.