‘Адал құл’ сынақтан өтуде!
“Соттың Құдай үйінен басталатын уақыты келді” (1 ПЕТІР 4:17, ЖД).
1. Иса “құлды” тексергенде нені көрді?
БІЗДІҢ заманымыздың 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында Иса “құлды” өз “үй ішіндегілерді” уақтылы ас-сумен қамтамасыз етіп отыруға тағайындаған еді. 1914 жылы ол Патша тағына отырды және көп ұзамай оның осы “құлды” тексеретін уақыты келді. Иса “құлдың” мүшелерінің көпшілігі “адал да ақылды” екенін көрді. Сонда оларды “бүкіл меншігін қараушы” етіп тағайындады (Матай 24:45—47, ЖД). Алайда не адал, не ақылды емес, зұлым құл да бар еді.
“Әлгі зұлым құл”
2, 3. “Әлгі зұлым құл” қайдан шықты және қалай қалыптасты?
2 Иса “адал да ақылды құл” жайлы талқылап болысымен-ақ зұлым құл туралы айтып берді. Ол былай деді: “Егер әлгі зұлым құл іштей: — Қожайыным жуырда келе қоймас,— деп, өзге қызметшілерді [“құлдарды”, ЖД] ұрып-соғып, маскүнемдермен бірге ішіп-жеуге салынса, онда қожайыны күтпеген күні, ойламаған сәтте келіп, оны аяусыз жазалап, екі жүзділердің кебінін кигізеді. Сонда зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады-ау!” (Матай 24:48, ЖД, 49—51). “Әлгі зұлым құл” деген тіркес көңілімізді Исаның осының алдында айтқан адал да ақылды құл туралы сөздеріне аударады. Иә, “зұлым құл” адал құлдың қатарынан шыққан едіa. Қалайша?
3 1914 жылдың алдында адал құл табы мүшесінің көпшілігінде көкте Күйеу жігітпен сол жылы кездесеміз деген зор үміт бар еді, бірақ олардың үміттері ақталмады. Осының және өзге де жайттардың нәтижесінде көбісінің көңілі қалып, біразы тіпті қатуланып кетті. Олардың кейбіреуі бұрынғы бауырластарын сөзбен “ұрып-соғып” және маскүнемдермен, христиан әлемінің діни топтарымен, араласып кетті (Ишая 28:1—3; 32:6).
4. Иса “зұлым құлға” не істеді, ал тап сондай рух танытқандар қандай күйде болады?
4 Осы ілгеріде мәсіхші болғандар өздерін “зұлым құл” ретінде танытып, Иса оларды ‘аяусыз жазалады’. Қалай? Иса олардан бас тартып, өздерінің көкте өмір сүру үміттерінен айырылды. Бірақ олар бірден жойылған жоқ. Олар алдымен мәсіхші қауымынан “сыртқа, қара түнекке” қуылып, олар үшін, бейнелеп айтқанда, зар еңіреп жылап, қинала тістенетін кезең басталды (Матай 8:12). Сол ертедегі күндерден бері өзге майланған мәсіхшілердің біразы да сол іспеттес жаман рух танытып, өздерін “зұлым құл” ретінде көрсетті. ‘Басқа қойлардың’ кейбірі де солардың опасыздығына еліктеді (Жохан 10:16). Мәсіхтің осындай жауларының бәрі де дәл сондай рухани “қара түнекке” қуылады.
5. “Зұлым құлға” қарама-қайшы адал да ақылды құл сынақты қалай қабылдады?
5 Адал да ақылды құл да тап “зұлым құл” сияқты сыналды. Бірақ олар қатуланып кетудің орнына, түзелген еді (2 Қорынттықтарға 13:11). Олардың Ехоба мен бауырластарына деген сүйіспеншіліктері нығая түсті. Нәтижесінде олар осы аласапыран “соңғы дәуірде” ‘шындықтың тірегі, таянышы’ болды (1 Тімотеге 3:15; 2 Тімотеге 3:1).
Ақылды және ақылсыз бойжеткендер
6. а) Иса адал құл табының ақылдылығын көрсету үшін қандай астарлы әңгіме келтірді? ә) 1914 жылдың алдында майланған мәсіхшілер қандай хабарды жариялады?
6 “Әлгі зұлым құл” туралы айтып болған соң, Иса неге майланған мәсіхшілердің кейбірі адал да ақылды болатынын, ал өзге біреулері мұндай болмайтынын көрсететін екі астарлы әңгіме келтіредіb. Ақылды болуды көрсету үшін, ол былай дейді: “Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас болады: он бойжеткен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жігітті қарсы алуға шығыпты. Олардың бесеуі ақылды, бесеуі ақылсыз екен. Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмай шығады. Ал ақылдылары шамға қоса майға толы құмыраларын да ала жүреді” (Матай 25:1—4). Бұл он бойжеткен 1914 жылға дейінгі мәсіхшілерді есімізге салады. Олар күйеу жігіттің, Иса Мәсіхтің, жақында келу керектігін есептеген болатын. Сондықтан да ‘Құдайға сенбейтін халықтар дәурені’ 1914 жылы аяқталатынын батыл уағыздап, оны қарсы алуға ‘шықты’ (Лұқа 21:24).
7. Майланған мәсіхшілер, бейнелеп айтқанда, қашан және неліктен ‘ұйқыға’ кетті?
7 Олар қателеспеген еді. Құдайға сенбейтін халықтар дәурені 1914 жылы аяқталып, Иса Мәсіх басқарған Құдай Патшалығы өз ісіне кірісті. Бірақ бұл көзге көрінбейтін түрде көкте болды. Ал жер бетінде алдын ала айтылып кеткен “қасірет” басталды (Аян 12:10, 12). Сынақ уақыты келді. Болып жатқандарды анық түсінбеген майланған мәсіхшілер ‘күйеу жігіт кешігіп’ жатыр деп ойлайды. Абыржыған әрі осы дүниенің тарапынан қарсылыққа кезіккен олардың жалпы алғанда еңселері түсіп, уағыздау ісін тоқтатты десе де болады. Астарлы әңгімедегі бойжеткендер сияқты олар рухани мағынада ‘қалғып, ұйықтап қалды’. Исаның елшілері өлгеннен кейін, тіпті жалған мәсіхшілермен де осылай болған еді (Матай 25:5; Аян 11:7, 8; 12:17).
8. “Күйеу жігіт келіп қалды!” — деп дауыстауға не себеп болды және сонда майланған мәсіхшілерге не істеу қажет еді?
8 Кейін, 1919 жылы, күтпеген жайт болды. Біз былай деп оқимыз: “Түн ортасында: — Күйеу жігіт келіп қалды! Қарсы алуға шығыңдар! — деген дауыс естіледі. Сонда қыздардың бәрі де орындарынан тұрып, шамдарын жөндейді” (Матай 25:6, 7). Бәрі де үмітсіз болып көрінген шақта, әрекет етуге шақыру келді! 1918 жылы Иса, “келісім Періштесі”, Құдайдың қауымын тексеру және тазалау үшін Ехобаның рухани ғибадатханасына келді (Малахи 3:1). Енді майланған мәсіхшілерге сыртқа шығып, Исаны сол ғибадатхананың жердегі аулаларында күтіп алу қажет еді. Бұл олар үшін ‘сәуле шашатын’ уақыт еді (Ишая 60:1; Філіпіліктерге 2:14, 15).
9, 10. 1919 жылы неліктен кейбір мәсіхшілер “ақылды”, кейбірі “ақылсыз” болды?
9 Тоқтай тұрыңдар, астарлы әңгімедегі бойжеткендердің кейбірі қиыншылыққа тап болған еді ғой! Иса былай жалғастырды: “Ақылсыздары ақылдыларына: — Майларыңнан беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр,— дейді” (Матай 25:8). Май болмаса, шам жанбайды. Осылайша, шамның майы шынайы ғибадат етушілерге нұрды жеткізуші болуларына мүмкіндік беретін ішінде шындық жазылған Құдай Сөзі мен оның киелі рухын есімізге салады (Забур 118:130; Даниял 5:14). 1919 жылға дейін ақылды майланған мәсіхшілер өздерінің уақытша әлсіреген күйлеріне қарамастан, бар ынта-ықыластарымен Құдайдың өздеріне қатысты еркін түсінуге ұмтылды. Сондықтан сәуле шашуға шақырылғанда, олар дайын болды (2 Тімотеге 4:2; Еврейлерге 10:24, 25).
10 Алайда кейбір майланған мәсіхшілер Күйеу жігітпен бірге болуға қатты ынтыққандарына қарамастан, құрбандыққа баруға немесе аянбай күш салуға дайындалмаған еді. Сондықтан ізгі хабарды уағыздау ісінде белсенді болатын уақыт келгенде, олар дайын болмай шықты (Матай 24:14). Олар тіпті өздерінің құлшыныс танытқан серіктерінен майларынан беруді сұрай отырып, оларды тежеуге тырысты. Иса айтқан астарлы әңгімеде ақылды бойжеткендер қалай жауап береді? “Бізге де, сендерге де жетпей қалғанша, өздерің сатушыларға барып, май сатып алғандарың жөн”,— дейді олар (Матай 25:9). Сол сияқты 1919 жылы майланған адал мәсіхшілер сәулелерін шашу қабілеттеріне кедергі болатынның бәрінен бас тартты. Осылайша олар сынақтан өтті.
11. Ақылсыз бойжеткендермен не болды?
11 Иса былай деп қорытындылайды: “Әлгілер [ақылсыз бойжеткендер] майға кеткенде күйеу жігіт келіп, дайын тұрғандар онымен бірге тойға кіріп кетеді де, есіктер жабылып қалады. Кейін майға кеткендер де келіп: — Тақсыр мырза! Есікті аша көріңіз! — деп өтінеді. Ал күйеу жігіт оларға: — Шын айтамын: Мен сендерді білмеймін! — деп жауап береді” (Матай 25:10—12). Иә, кейбіреулер Күйеу жігіттің қайтып келуіне дайындалмаған еді. Сондықтан олар тексеруден өте алмай, көктегі үйлену тойына қатысу мүмкіндіктерін жоғалтып алды. Қандай қайғылы жағдай!
Күміс теңгелер туралы астарлы әңгіме
12. а) Адал болуды суреттеу үшін Иса нені қолданды? ә) ‘Сапарға аттанған’ кісі кім еді?
12 Ақылды болуды мысалмен көрсетіп берген соң, Иса адал болуды суреттеп, былай дейді: “Бұл сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында қол астындағы қызметшілерін [“құлдарын”, ЖД] шақырып алып, оларға меншікті қаражатын аманаттап тапсырады да, әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, келесісіне екі, тағы біреуіне бір ат басындай күміс береді. Содан кейін сапарына аттаныпты” (Матай 25:14, 15). Бұл әңгімедегі ‘кісі’ — Исаның өзі. Ол б. з. 33 жылы көкке көтерілгенде, ‘сапарға аттанған’ болатын. Бірақ көкке көтерілердің алдында “меншікті қаражатын” адал құлдарына аманаттайды. Қалайша?
13. Қалай Иса қызмет ететін үлкен танапты дайындады және ‘құлдарына’ күмістерін айналымға жіберуді тапсырды?
13 Жердегі қызметінің барысында Иса бүкіл Исраил аймағында Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау арқылы қызмет ететін үлкен танапты дайындауды бастаған болатын (Матай 9:35—38). ‘Сапарға аттанарының’ алдында, осы танапты адал шәкірттеріне сеніп тапсырып, оларға: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” — деген еді (Матай 28:18—20). Осы сөздерімен Иса өзі қайтып келгенінше, ‘құлдарына’ ‘әрқайсысы қабілетіне қарай’ күмістерін айналымға жіберуді сеніп тапсырды.
14. Неге айналымға жіберу ісінде барлығы бірдей шамада әрекет етеді деп күтілмеді?
14 “Әрқайсысына қабілетіне қарай” деген тіркес бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің бәрінің шамалары мен жағдайлары бірдей болмағанын көрсетеді. Кейбіреулерінің, мысалы, Пауыл мен Тімоте сияқты уағыздау мен тәлім беру ісіне толығымен қатысуға мүмкіндіктері болған. Ал өзгелерінің жағдайы тым шектеулі болған болуы мүмкін. Мысалы, кейбір мәсіхшілер құл болған, ал басқалары ауру, жастары келген не отбасында жауапкершіліктері бар адамдар еді. Оның үстіне, қауымдағы белгілі бір міндеттерді шәкірттердің бәрі бірдей атқара алмаған. Майланған әйел бауырластар мен кейбір ер бауырластар қауымда тәлім бермеген (1 Қорынттықтарға 14:34; 1 Тімотеге 3:1; Жақып 3:1). Әйтсе де, жағдайлары қандай болғанына қарамастан, Исаның барлық майланған шәкірттері — ерлер де, әйелдер де — өздерінің мүмкіндіктері мен жағдайларын қызметте тиімді қолдана отырып, “күмістерін айналымға” жіберуге тағайындалған болатын. Бүгінгі мәсіхшілер де дәл солай етуде.
Тексеру уақыты басталды!
15, 16. а) Есеп беретін уақыт қашан келді? ә) Адал болғандарға күмістерін ‘айналымға жіберудің’ қандай жаңа мүмкіндіктері ашылды?
15 Астарлы әңгіме былай жалғасады: “Арада көп уақыт өткеннен кейін қызметшілердің [“құлдардың”, ЖД] қожайыны қайтып келіп, олардың есеп берулерін талап етеді” (Матай 25:19). 1914 жылы — б. з. 33 жылынан кейін шынында да көп уақыт өткеннен кейін — Иса Мәсіх өзінің Патшалық билігін бастады. Үш жарым жылдан кейін, 1918 жылы, ол Құдайдың рухани ғибадатханасына келіп, Петірдің: “Соттың Құдай үйінен басталатын уақыты келді”,— деген сөздерін орындалды (1 Петір 4:17, ЖД; Малахи 3:1). Бұл есеп беретін уақыт еді.
16 Құлдар, Исаның майланған бауырластары, Патшаның ‘күмістерімен’ не істеді? Б. з. 33 жылынан бастап 1914 жылға дейін көпшілігі Исаның күмістерін ‘айналымға жіберуде’ ауыр еңбектенуде еді (Матай 25:16). Тіпті Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қожайындарына қызмет етуді қатты қалайтындықтарын көрсетті. Енді адал болғандарға күмістерін ‘айналымға жіберуге’ жаңа мүмкіндіктер ашып беру орынды еді. Өйткені осы зұлым дүниенің соңғы күндері басталды. Ізгі хабар дүние жүзіне таралып, “жер бетіндегі егістік” орылу керек еді (Аян 14:6, 7, 14—16). Бидай табының соңғы мүшелерін тауып, басқа қойлардың ‘үлкен тобыры’ жиналу керектұғын (Аян 7:9; Матай 13:24—30).
17. Майланған мәсіхшілер қалай Қожайынының ‘қуанышына ортақтасты’?
17 Егін жинау уақыты — қуанышқа толы уақыт (Забур 125:6). Сондықтан 1919 жылы Иса өзінің майланған адал бауырластарына көбірек жауапкершілік сеніп тапсырғанда, оның: “Шағын істе сенімді болып едің, сені үлкен істің басына қоямын. Қожаңның қуанышына ортақтас!” — дегені орынды (Матай 25:21, 23, сілтемені қара). Оның үстіне, Қожайынның Құдай Патшалығының Патшасы ретінде жаңадан таққа отырғандағы қуанышын біз елестете де алмаймыз (Забур 44: 2, 3, 7, 8). Адал құл табы Патшаның өкілі болу мен жер бетіндегі істерін ұлғайту арқылы осы қуанышпен бөліседі (2 Қорынттықтарға 5:20). Олардың қуанышы Ишая 61:10-ғы пайғамбарлық сөздерден көрінеді: “Жаратқан Иеге қатты қуанам, Құдайыма шаттанады жан дүнием. Мені Ол құтқарып, амандыққа бөледі!”
18. Неге кейбіреулер тексеруден өтпей қалды, мұның нәтижесі қандай болды?
18 Өкінішке орай, кейбіреулер тексеруден өте алмады. Біз былай деп оқимыз: “Алайда бір күміс алғаны келіп: — Мырзам, сіздің қатал адам екендігіңізді білдім. Өзіңіз екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайсыз. Сондықтан қорқып, күмісіңізді жерге көміп тастадым. Мінеки, соныңыз,— дейді” (Матай 25:24, 25). Сол сияқты кейбір майланған мәсіхшілер күмістерін ‘айналымға жібермеді’. 1914 жылдың алдында олар өзгелермен үміттері жайлы құлшыныспен бөліспеген еді, 1919 жылы да мұны бастауды қалаған жоқ. Иса олардың салғырттығына қалай қарады? Оларды барлық артықшылығынан айырды. Олар ‘сыртқа, қара түнекке лақтырып тасталды! Сол жерде зар еңіреп жылап, қинала тістенбек’ (Матай 25:28, 30).
Тексеру жалғасуда
19. Тексеру қалайша жалғасуда және майланған мәсіхшілердің бәрі не істеуге белдерін буған?
19 Әрине, 1918 жылы Иса тексеруін бастағанда, осы дүниенің соңында Мәсіхтің майланған құлы болғандардың көпшілігі әлі Ехобаға қызмет етуді бастаған жоқ еді. Бұл олар тексерілмей қалады дегенді білдіре ме? Жоқ, бұлай емес. Өйткені тексеру ісі тек 1 918—1919 жылдары адал да ақылды құл топ ретінде сынақтан өткенде басталды. Жеке алғандағы майланған мәсіхшілер біржолата “таңба” салынып болмайынша, тексеруден өте береді (Аян 7:1—3). Мәсіхтің майланған бауырластары осыны түсініп, күмістерін ‘айналымға жіберумен’ адал айналыса беруге белдерін буған. Сондай-ақ олар сәулелерін төге түсу үшін май қорын сақтауларымен ақылды болуға белдерін буған. Олар жердегі өмірлерінің соңына дейін адал болса, Исаның көктегі мекенге қабылдайтынын біледі (Матай 24:13; Жохан 14:2—4; 1 Қорынттықтарға 15:50, 51).
20. а) Бүгінде басқа қойлар не істеуге белдерін бекем буған? ә) Майланған мәсіхшілер нені түсінеді?
20 Басқа қойлардың өте үлкен тобыры майланған бауырластарына еліктейді. Олар Ехобаның ниеттері жайлы білімдері өздеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін біледі (Езекиел 3:17—21). Сондықтан Ехобаның Сөзі және киелі рухының көмегімен олар да зерттеу мен мәсіхшілердің кездесулері арқылы май қорларын мол етіп сақтайды. Сондай-ақ олар уағыздау мен тәлім беру ісіне атсалысуларымен өздерінің сәулелерін шашып, осылайша майланған бауырластарымен бірге күмістерін ‘айналымға жіберумен’ айналысуда. Десе де, майланған мәсіхшілер күмістердің өз қолдарына тапсырылғанын терең түсінеді. Олар Қожайынның жердегі меншігіне қатысты істердің қалай атқарылып жатқаны туралы есеп беруге тиісті. Сандары аз болғанымен, олар үлкен тобырға қатысты жауапкершіліктерінен бас тарта алмайды. Осыны есте ұстай отырып, адал да ақылды құл Патшаның ісіне қамқорлық етуді жалғастырып, өте үлкен тобырдың адал мүшелерінің көрсетіп отырған қолдауына риза. Ал бұлар болса сол майланған бауырластарының жауапкершіліктерін түсініп, олардың қарамағында қызмет етуді мәртебе деп санайды.
21. Қандай ескерту барлық мәсіхшілерге, соның ішінде біздің күніміздегі мәсіхшілерге де, қатысты?
21 Осылайша, екі астарлы әңгіме 1919 жыл мен соның төңірегіндегі оқиғаларға жарық төккенімен, ондағы принциптер осы соңғы күндердегі барлық шынайы мәсіхшілерге қолданылады. Сондықтан, Исаның он бойжеткен туралы астарлы әңгімесінің соңында келтірген ескертуі бірінші кезекте 1919 жылға дейінгі майланған мәсіхшілерге арналғанымен, ондағы принциптің игілігін әрбір мәсіхші көре алады. Олай болса, бәріміз де Исаның: “Сергек болыңдар! Себебі сендер Мен Билеуші ретінде көктен келетін күнді де, сәтті де білмейсіңдер”,— деген сөздерін жүрегімізбен қабылдайық! (Матай 25:13).
[Сілтемелер]
a Сол сияқты елшілердің өлімінен кейін майланған мәсіхші ақсақалдардың арасынан ‘жауыз қасқырлар’ шыққан (Елшілердің істері 20:29, 30).
b Исаның астарлы әңгімесі сондай-ақ Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Тыныштық Әміршісі” басшылығының астындағы бүкіләлемдік қауіпсіздік” (ағ.) кітабының 5, 6-шы тарауларында талқыланады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Иса ізбасарларын қашан тексерді және ол нені көрді?
• Неге кейбір майланған мәсіхшілер ‘әлгі зұлым құлдың’ рухын танытты?
• Рухани жағынан ақылды екенімізді қалай көрсете аламыз?
• Исаның адал майланған бауырластарына еліктей отырып, қалайша күмістерді ‘айналымға жіберумен’ айналыса береміз?
[24-беттегі қоршау]
ИСА ҚАШАН КЕЛЕДІ?
Матай 24, 25-ші тарауларда Иса “келу” сөзін әр түрлі мағынада қолданған. Оған “келу” үшін міндетті түрде тура мағынада келудің қажеті жоқ. Иса “келеді” деген оның адамзатқа не ізбасарларына, көбінесе соттау үшін, көңіл аударады деген мағынаны білдіреді. 1914 жылы ол Патша ретінде билігін бастауға “келді” (Матай 16:28; 17:1; Елшілердің істері 1:11). 1918 жылы ол келісім Періштесі ретінде “келіп”, Ехобаға қызмет етіп жүрміз деушілерді соттауды бастады (Малахи 3:1—3; 1 Петір 4:17, ЖД). Ал Һар-Магедонда ол Ехобаның жауларына шығарған үкімін жүзеге асыру үшін “келеді” (Аян 19:11—16).
Матай 24:29—44 пен 25:31—46 дейінгі тармақтарда бірнеше рет келтірілген “келу” сөзі ‘ауыр азап’ кезіне қатысты (Аян 7:14, сілтемені қара). Ал Матай 24:45-тен 25:30-ға дейінгі тармақтарда бірнеше рет келтірілген “келу” сөзі 1918 жылдан бергі оның жалған шәкірттерін соттауына қатысты. Мысалы, адал құлға сый беру, ақылсыз бойжеткендерді соттау мен Қожайынының күмісін жасырып қалған жалқау құлды соттауды Иса ауыр азап кезінде “келгенде” жүзеге асырады деп ойлау ақылға қонымсыз болар еді. Әйтпесе, бұлар ауыр азап кезінде майланған мәсіхшілердің көпшілігі адал болмай, олардың орнын ауыстыру керек болады дегенді білдірер еді. Алайда Аян 7:3-тен Мәсіхтің барлық майланған құлдарына сол кезге дейін біржолата ‘таңба салынып’ қойылатыны көрінеді.
[23-беттегі сурет]
Күйеу жігіт қайтып келгенде, ақылды бойжеткендер дайын болған
[25-беттегі сурет]
Адал құлдар күмістерін ‘айналымға жіберді’
Жалқау құл бұлай етпеді