112-тарау
Иса соңғы рет тойлайтын Құтқарылу мейрамының қарсаңында
СЕЙСЕНБІ, 11 нисан, күн аяқталуға жақын. Иса Зәйтүн тауының басында елшілеріне тәлім беруін аяқтады. Бұл қандай тынымсыз ауыр күн болды десеңші! Енді, Бетанияға қайтқан жолда болса керек, ол елшілеріне: “Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа [“бағанаға”, ЖД] шегелеп өлтіру үшін ұстап береді”,— деді.
Келесі күнді, 12 нисан, яғни сәрсенбіні Иса өзінің елшілерімен бірге тыныш, оңаша жерде өткізсе керек. Жақында ғана ол дінбасыларын жұрт алдында әшкерелеген еді, енді олардың өзін өлтірудің ыңғайын іздестіруде екенін түсінеді. Сондықтан Иса сәрсенбіде жұрт көзіне түспеді. Ол келесі күні кешкісін елшілерімен бірге Құтқарылу мейрамын тойлауына еш нәрсенің кедергі болғанын қаламады.
Осы кезде бас діни қызметкер Қаяфаның сарайына басты діни қызметкерлер мен рубасылары жиналып, кешегі Исаның әшкерелегені намыстарына тиген соң, оны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырып жатыр. Бірақ олар: “Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды, әйтпесе халық арасында бүлік шығарып жүрер”,— десті. Олар адамдардан қорықты, өйткені адамдардың Исаға деген ниеттері жақсы.
Дінбасылары Исаға қастандық жасауды ойластырып жатқанда, олардың қасына біреу келді. Олар таңғалды, өйткені келген адам — Шайтанның еркіне беріліп, өз Иесін ұстап бермекші болған Яһуда Исқариот. Яһуда: “Исаны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?” — деп сұрағанда, дінбасылары қатты қуанып кетті. Олар Мұса пайғамбардың заңы бойынша бір құлдың құнын, яғни 30 күміс теңге беруге қуана-қуана келісті. Сол кезден бастап Яһуда Исаны ұстап беруге қолайлы, яғни ол оңаша қалатын сәтті күтумен болады.
Сәрсенбі күні күн ұясына батқанда 13 нисан басталды. Иса Иерихоннан жұма күні келген, сондықтан бұл оның Бетаниядағы өткізген алтыншы және ең соңғы түні. Келесі күн — мейрамға дайындалатын соңғы күн, өйткені Құтқарылу мейрамы күн батысымен басталады. Осы кезде құтқарылуға арналған тоқтыны сойып, бүтіндей отқа қақтау керек. Олар Құтқарылу мейрамын қай жерде тойламақшы және оның бәрін кім дайындайды?
Иса бұл жөнінде ештеңе айтпады. Мүмкін, Яһуда бас діни қызметкерлерге барып айтып қоймау үшін шығар. Егер ол барып айтса, олар Исаны мейрам үстінде ұстап әкетуі мүмкін. Қазір, бейсенбі күні түстен кейін болса керек, Иса Бетаниядан Петір мен Жоханды жұмсап:
— Барып, бізге мейрам асын әзірлеңдер,— деді.
— Асты қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады олар.
— Тыңдап алыңдар: қалаға кіргендеріңде,— деп түсіндірді Иса,— сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп, ол кірген үйге сендер де кіріп, үй иесіне: “Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып, мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр” деңдер. Үй иесі сендерге жоғарғы қабаттағы, еденіне төсеніштер төселген кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты сол жерге дайындаңдар.
Үй иесі Исаның ізбасары екені сөзсіз, ол тіпті өзінің үйінде осындай ерекше мейрамды өткізу үшін, Исаның рұқсат сұрағанын күтіп те жүрген болар. Қалай болғанда да, Иерусалимде барлығы да дәл Исаның Петір мен Жоханға айтқанындай болды. Ол екеуі тоқтыны дайындап, 13 адамның — Иса мен 12 елшінің — Құтқарылу мейрамын тойлауына қамданды. Матай 26:1—5, 14—19; Марқа 14:1, 2, 10—16; Лұқа 22:1—13; Мысырдан шығу 21:32.
▪ Иса сәрсенбіде не істеген болуы мүмкін және неліктен?
▪ Бас діни қызметкердің үйінде қандай кездесу өткізілді және Яһуда дінбасыларына не үшін келді?
▪ Иса Иерусалимге кімдерді және не үшін жіберді?
▪ Исаның жіберген елшілері нені көрді және оның табиғаттан тыс қабілеттілігі тағы неден көрінді?