122-тарау
Пилаттан Иродқа апарып, қайта әкелу
ИСА патша екендігін жасырмаса да, өзінің Патшалығы Римге ешқандай да қауіп төндірмейтіндігін түсіндіріп: “Менің Патшалығым бұл дүниелік емес. Егер ол бұл дүниелік болса, қызметкерлерім Мені яһуди басшыларының қолына түсірмес үшін күрескен болар еді. Бірақ Менің Патшалығым бұл дүниелік емес”,— деді. Осылайша, Иса үш рет өзінің Патшалығы бар екендігін, бірақ оның осы дүниелік еместігін растады.
“Сонымен Сен бәрібір Патшасың ғой?” — деді Пилат қазбалап. Ол патшалығы осы дүниелік болмаса да, Исаның патша екендігінің рас-өтірігін анық білгісі келді.
Иса Пилаттың дұрыс қорытынды жасағанын көрсетіп, оған: “Дұрыс айтасыз, Мен Патшамын. Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім. Шындықты жақтаушы әркім Менің үніме құлақ салады”,— деді.
Иә, Исаның жерге келгендегі мақсаты — “шындық” туралы, әсіресе Патшалыққа қатысты шындық жөнінде, куәлік ету. Иса осы шындық үшін өз өмірін құрбан етуге де даяр. “Шындық деген не?” — деп сұрады Пилат одан. Бірақ жауабын күтпеді. Оның естігендері үкім шығаруына жеткілікті.
Пилат сарайдың алдындағы халыққа қайта шығып, Иса оның жанында тұрса керек, басты діни қызметкерлер мен халыққа: “Мен Одан ешқандай кінә таппай тұрмын”,— деді.
Мұндай шешім адамдарды ызаландырып, олар өздерінің көздегендеріне жету үшін: “Бұл Ғалилеядан бастап осы жерге дейін бүкіл Яһудея бойынша өз ілімін таратып, елді көтеріліске желіктіріп жүр!” — деп айыптады.
Яһудилердің ақылсыз бос құдайшылдықтары Пилатты таңғалдырса керек. Басты діни қызметкерлер мен рубасылары әлі айғайлап жатқанда, Пилат Исаға бұрылып: “Бұлардың Өзіңе қарсы қаншама куәліктер келтіріп жатқанын естімей тұрсың ба?” — деп сұрады. Бірақ Иса міз бақпады. Осындай ашу-ызаны келтіретін айыптар тағылып жатқанына қарамастан, Исаның өзін-өзі ұстай алуы Пилатты қайран қалдырды.
Ол Исаның ғалилеялық екенін білгенде, бұны жауапкершіліктен құтылып кетудің амалы деп ойлады. Иерусалимге Құтқарылу мейрамын тойлауға Ғалилеяның әміршісі Ирод Антипас (Ұлы Иродтың баласы) келген болатын. Пилат Исаны соған жіберді. Осыдан біраз уақыт бұрын, Ирод Антипас шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның басын шаптырған болатын. Кейіннен ол Исаның жасаған кереметтерін естігенде, оны өлімнен қайта тірілген Жақия екен деп қорқып кеткен еді.
Ирод Исаны көретініне қатты қуанды. Бірақ Исаға жаны ашығандықтан немесе оған тағылған айыптың қаншалықты әділетті екендігін білгісі келгендіктен көргісі келіп тұрған жоқ. Оны көру жай қызық болып тұр, әрі қандай да бір керемет көріп қалам ба деп үміттенді.
Алайда Иса Иродтың үмітін ақтаудан бас тартты. Тіпті оның бірде-бір сұрағына жауап бермеді. Көңілдері қалған Ирод пен жасақшылары Исаны келеке ете бастады. Оның үстіне әдемі шапан жапты да, қорлап мазақтады. Сонан соң оны қайтадан Пилатқа жіберді. Нәтижесінде осы уақытқа дейін қастасып келген Ирод пен Пилат татуласып, дос бола қалды.
Исаны қайтадан Пилатқа әкелгенде, ол басты діни қызметкерлерді, рубасыларын және халықты шақырып, оларға былай деді: “Мына Адамды халықты бүлдіріп жүр деп, маған алып келдіңіздер. Міне, мен Оны алдарыңызда тергеп, бұл Адамнан сіздер айыптайтындай ешқандай кінә таппадым. Ирод та солай етті, өйткені мен Оны соған жіберген едім. Демек, Ол өлім жазасына кесетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Сондықтан Оған дүре соқтырып, босатып жіберемін”.
Осымен Пилат Исаны екінші рет айыпсыз деп жариялады. Пилат Исаны діни қызметкерлердің күншілдіктен ұстап беріп отырғанын жақсы түсінгендіктен, оны босатып жіберуге тырысты. Одан кейін болған оқиға оның бұл ықыласын одан бетер күшейтті. Пилат төрелік тақта отырғанында, әйелінен: “Сол әділ Адамға еш жамандық істей көрме! Мен бүгін түсімде [Құдайдан болған болуы керек] Оған бола қатты азап шегіп, қиналдым”,— деген хабар жетті.
Пилат бұл күнәсіз адамды босату керектігін түсінді. Бірақ қалай босатпақ? Жохан 18:36—38; Лұқа 23:4—16; Матай 27:12—14, 18, 19; 14:1, 2; Марқа 15:2—5.
▪ Өзінің патшалығына қатысты сұраққа Иса қалай жауап берді?
▪ Иса жерде қандай “шындық” жөнінде куәлік етті?
▪ Пилат қандай шешімге келді, оны халық қалай қабылдады және Пилат Исаны кімге жіберді?
▪ Ирод Антипас деген кім, ол неге Исаны көретіндігіне қуанды және оған не істеді?
▪ Неліктен Пилат Исаны босатып жіберуге тырысты?