Мәсіх жайлы алдын ала айтылған
ИШАЯ мен басқа пайғамбарлардың жазбаларынан еврей халқы Мәсіхтің келетінін білген. Сондықтан Исаның күндерінде көп адам Мәсіхтің “келуін күткен” болатын (Лұқа 3:15). Киелі кітапта Мәсіхтің өміріне қатысты көптеген жайттар да пайғамбарлық етілген. Оларды ешбір пенде алдын ала айта алмас та, әрі олардың Исаның өмірінде орындалуына ықпал ете алмас та еді.
Мәсіхтің туылуына қатысты жайттар. Ишая Мәсіхтің пәк қыздан туылатынын айтқан болатын. Матай Исаның туылуына қатысты таңғажайып оқиғаны айтып болғаннан кейін: “Мұның бәрі Жаратқан Иенің пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшін солай болды. Ол былай деген: “Біліп ал, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады”,— деді (Матай 1:22, 23; Ишая 7:14). Сондай-ақ Ишая Мәсіхтің Есей ұлы Дәуіттің әулетінен шығатынын айтқан болатын. Иса, шынында да, Дәуіттің ұрпағы болды (Матай 1:6, 16; Лұқа 3:23, 31, 32). Сондықтан Иса туылмай тұрғанда Жәбірейіл періште анасы Мәриямға: “Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды”,— деген (Лұқа 1:32, 33; Ишая 11:1—5, 10; Римдіктерге 15:12).
Мәсіхтің өміріне қатысты жайттар. Иса Назарет қаласындағы ғибадатханада Ишаяның Жазбасын ашып, келесі сөздерді оқыды: ‘Жаратқан Ие Маған Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға Ізгі хабар жеткізуге тағайындады’. Ол бұл пайғамбарлықтың өзі жайлы екенін көрсетіп: “Сіздер естіген осы сөздер бүгін орындалды”,— деген (Лұқа 4:17—21; Ишая 61:1, 2). Сондай-ақ Ишая Исаның адамдарды сауықтырғанда, оларға мейірімділік, жұмсақтық танытатынын және өзіне атақ іздемейтінін айтқан. Исаның шәкірті Матай былай деп жазды: “Оның артынан көп халық ерді. Иса солардың бәрін ауруларынан сауықтырды. Алайда оларға Өзінің кім екенін жариялауға тыйым салды. Осылай Құдайдың Ишая пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: ...Еш айтыспайды не айқайламайды... Ол майысқан таяқты сындырмайды” (Матай 8:16, 17; 12:10—21; Ишая 42:1—4; 53:4, 5).
Мәсіхтің азап шегетіні жайлы жайттар. Ишая исраилдіктердің көпшілігі Мәсіхті қабылдамайтынын, тіпті оның ‘сүріндіретін жартас’ болатынын айтқан (Петірдің 1-хаты 2:6—8; Ишая 8:14, 15). Иса көп керемет жасаса да, адамдар “Оның Мәсіх екендігіне сенген жоқ”. Осылайша “Ишая пайғамбардың мына тәрізді алдын ала айтқандары дәл келді: “Ием, хабарымызға азғана кісілер сенді!” (Жохан 12:37, 38; Ишая 53:1). Еврейлердің арасында Мәсіх келе салысымен халықты Римнің қол астынан босатып, Дәуіттің тәуелсіз патшалығын қайта орнатады деген жаңсақ ой кең тараған болатын. Иса азап шегіп өлгендіктен, халықтың көпшілігі оны Мәсіх ретінде қабылдай алмады. Ал Ишая Мәсіхтің Патша болмас бұрын азап шегетінін алдын ала айтып кеткен болатын.
Ишая кітабында Мәсіхке қатысты: “Арқамды ұрып-соққандарға тостым... бетімді балағат пен түкіріктен жаппадым”,— деген пайғамбарлық жазылған. Исаның қалай сыналғанын Матай былай деп суреттеді: ‘Олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтап, басқалары жағынан тартып-тартып жіберді’ (Ишая 50:6; Матай 26:67). Ишая тағы былай деп жазған: “Ол зорлық-зомбылық көріп қиналды, алайда аузын ашпады”. Расында да, Пилат Исаны яһудилердің таққан айыптарына қатысты тергегенде, ол “жауап қайтармады”. “Оның мұнысына әмірші қатты қайран қалды” (Ишая 53:7; Матай 27:12—14; Елшілердің істері 8:28, 32—35).
Мәсіхтің өліміне қатысты жайттар. Ишаяның пайғамбарлығы Иса өлгенде және одан кейін де орындалды. Ол былай деген: “Оның моласы қылмыскерлер қорымында белгіленгенмен, мәйіті бай адамның қабіріне қойылды” (Ишая 53:9). Бұл жайттар қалай орындалды? Иса екі қарақшының ортасында шегеленіп өлді (Матай 27:38). Кейін Жүсіп есімді ариматеялық бай кісі оның мәйітін алып, жартастан үңгіп жасаған өзінің жаңа қабіріне қойды (Матай 27:57—60). Исаның өлімі арқылы Ишая пайғамбарлығындағы маңызды бір жайт жүзеге асты. Пайғамбарлықта: “[Мәсіхті] көп адамдар танып мойындап, ақталады. Ол солардың күнәларын өз мойнына алады”,— делінген. Шынында да, Иса өмірін қиып, адал адамдарды күнәнің құлдығынан босататын төлемді берді (Ишая 53:8, 11; Римдіктерге 4:25).
Орындалуға тиісті пайғамбарлықтар
Исаның Мәсіх екенін Жазбалардың көмегімен дәлелдеу үшін, елшілері де, өзі де басқа Жазбаларға қарағанда жиі Ишая жазған пайғамбарлықтарға сүйенген. Бірақ болашақ жайлы Ишая ғана айтпаған. Еврей жазбаларының басқа да жазушылары Иса мен оның Патшалығы жайлы және сол Патшалықтың болашақта жүзеге асыратын игіліктері жайлы пайғамбарлықтар еткенa (Елшілердің істері 28:23; Аян 19:10). Бұл пайғамбарлықтардың орындалатынына қаншалықты сенімді болуға болатын еді? Иса өзін тыңдаған яһудилерге былай деген: “Мені Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының [яғни Еврей жазбаларының] күшін жою үшін келді деп ойламаңдар: Мен оларды жою үшін емес, толық мағынасында жүзеге асыру үшін келдім. Сендерге шындығын айтайын: аспан мен жер жойылып кетпейінше Таурат заңының бірде-бір әрпі, тіпті бір кішкентай сызығы да күшінен айырылмайды, әуелі бәрі де жүзеге асады” (Матай 5:17, 18).
Иса өзі өмір сүрген кезде орындалған және болашақта орындалатын пайғамбарлықтар жайлы да айтқан (Даниял 9:27; Матай 15:7—9; 24:15). Сондай-ақ Иса мен оның шәкірттері кейінгі заманда, тіпті біздің уақытымызда болатын оқиғалар жайлы айтқан. Келесі мақалада Киелі кітаптың осы күнде орындалып жатқан және болашақта орындалуға тиісті пайғамбарлықтары қарастырылады.
[Сілтеме]
a Исаға қатысты орындалған пайғамбарлықтар жайлы көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 200-бетінен табуға болады.
[4-беттегі сурет]
“Пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады”
[5-беттегі сурет]
“Бетімді балағат пен түкіріктен жаппадым”