35-тарау
Тарихтағы ең көрнекті уағыз
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ең әйгілі оқиғалардың бірі — Исаның тау беткейінде отырып, ең көрнекті Таудағы уағызын айтуы. Бұл оқиға Ғалилея теңізіне жақын Қапарнаумның маңында болған болса керек. Түнімен Әкесіне дұға етіп, Исаның елшілікке 12 шәкіртін енді ғана таңдаған кезі. Иса енді олармен бірге таудың көлбеу беткейіне түсті.
Бәлкім сен, Иса қатты шаршады, енді көз шырымын алуды қалайтын болар деген ойда шығарсың. Бірақ айнала толы адам, олардың кейбірі 100 шақырымдай жердегі Яһудея мен Иерусалимнен келіп жеткен. Енді біреулері болса, теңізді бойлай солтүстікке таман орналасқан Тир мен Сидоннан. Олар Исаны тыңдауға және ауруларынан айығуға келген. Араларында тіпті жын, яғни шайтанның зұлым періштелері, қинаған адамдар да бар.
Иса келгенде ауру адамдардың бәрі қолдарын тигізу үшін оның жанына келді, ол бәрін айықтырды. Осыдан кейін Иса таудың биік жеріне көтерілсе керек. Ол сонда отырып, таудың көлбеу жеріне жайғасқан халыққа тәлім беруді бастады. Ойлап қарашы: араларында қатты науқастанған бірде-бір адам қалған жоқ!
Халық ғажап кереметтер жасай алатын ұстазды тыңдауға асығуда. Дегенмен, Иса өзінің уағызын ең алдымен шәкірттеріне арнады. Олар оған жақынырақ отырған болу керек. Бізге де пайдасы тию үшін, Матай мен Лұқа бұл уағызды қағазға түсірген.
Матайдың жазған хабары Лұқаның жазғанынан шамамен төрт еседей ұзақ. Оның үстіне, Лұқа Матайдың жазғандарының кейбір бөліктерін Исаның қызметінің басқа бір кезеңіне қатыстырып жазған. Мұны Матай 6:9—13 пен Лұқа 11:1—4 және Матай 6:25—34 пен Лұқа 12:22—31 салыстыру арқылы байқауға болады. Сөйтсе де бұл бізді таңғалдырмау керек. Сірә, Иса кейбір нәрселерді үйреткенде, бір рет қана айтып қоймаған болса керек. Сондай-ақ Лұқа Матайдың жазғандарынан өзге жағдайларда үйреткен нәрселерді де жазған.
Таудағы уағызды соншама құнды ететін оның рухани мазмұны ғана емес, Исаның шындықты қарапайым әрі анық жеткізгені. Ол үйреткен кезінде күнделікті тіршілікпен байланысы бар, адамдарға таныс нәрселерді қолданды. Осының арқасында Исаның ойы Құдайдың еркіне сай, жақсы өмірге ұмтылғандардың бәріне түсінуге жеңіл болды.
Кім шын мәнінде бақытты?
Барлық адамның бақытты болғысы келеді. Осыны жақсы түсінген Иса өзінің Таудағы уағызын кімнің шын мәнінде бақытты екенін суреттеуден бастады. Мұнысы тыңдап отырған қалың жұрттың назарын бірден жаулап алғаны айтпаса да түсінікті. Сөйтсе де, олардың көпшілігіне Исаның кіріспе сөздерінде қайшылық бар сияқты көрінуі мүмкін.
Иса өз сөздерін шәкірттеріне арнап, былай деді: ‘Жарлылар, сендер бақыттысыңдар; Құдайдың Патшалығы өздеріңе арналған! Қазір ашыққандар, сендер бақыттысыңдар: себебі тойынатын боласыңдар! Қазір қайғырып жылағандар, сендер бақыттысыңдар: себебі қуана күлетін боласыңдар! Адамдар... сендерді... жек көрсе, бақыттысыңдар. Сол күні қатты қуанып, шаттаныңдар! Көкте сендерді зор сый күтіп тұр!’
Исаның уағызының алғы сөздерін Лұқа осылай жеткізеді. Ал Матайдың жазған хабары бойынша, Иса сондай-ақ кішіпейілділер, мейірімділер, жүректері пәк тазалар және татуластырушылар бақытты деген. Иса мұндай адамдардың бақытты болу себебін келесі сөздермен түсіндірді: олар жерді иемденетін болады, Құдайдың мейірімі соларға түседі, олар Құдайды көретін болады және Құдайдың ұлдары атанады.
Алайда Исаның бақыт деп отырғаны — көңіл көтергенде сезінетін жай ғана қуаныш пен шаттық емес. Шынайы бақыт анағұрлым терең: ол қанағат әкеледі және ризашылық сезімге бөлеп, өмірді мағыналы етеді.
Исаның көрсеткеніндей, рухани мұқтаждықтарын мойындайтын, күнәкар екеніне қайғыратын және Құдай туралы білім алып, Оған қызмет ететін адамдар шын мәнінде бақытты. Мұндай адамдар, тіпті Құдайдың еркін орындағандары үшін елге жек көрінішті болып, қуғынға ұшыраса да бақытты, өйткені өздерінің Құдайға ұнамды екендіктерін және мәңгілік өмірді сыйға алатындарын біледі.
Алайда Исаның көптеген тыңдаушылары, қазіргі кездегі кейбір адамдар сияқты бай болып, рақатқа белшесінен батып жүргендер ғана бақытты деп есептейді. Иса болса, олай емес екенін біледі. Сондықтан тыңдаушыларының көпшілігін таңғалдырып, ол мүлдем қарама-қарсы нәрсе айтты:
“Байлар, сендер қасіретке қаласыңдар: себебі рақаттың дәмін толығымен татып келдіңдер! Қазір қарны тоқтар, қасіретке қаласыңдар: сендер ашығатын боласыңдар! Қазір күлгендер, қасіретке қаласыңдар: сендер еңіреп жылайтын боласыңдар! Егер барлық жұрттан мақтау естіп жүрсеңдер, қасіретке қаласыңдар: олардың ата-бабалары жалған пайғамбарларға да солай істеген”.
Сонда Иса нені айтқысы келіп отыр? Бай болып, той-думан қуғандар мен ел-жұрттан мақтау естігендер неге қасіретке қалады? Себебі осының бәріне ие болып, оларды жақсы көретін адам, нағыз бақыттың көзі болып табылатын Құдайға қызметті тоқтатады. Иса бұл жерде адам тек кедей болып, аш жүрсе немесе қайғы-қасірет шеккені үшін ғана бақытты болады дегісі келген жоқ. Әйтсе де жиі осындай тұрмысы қарапайым адамдар Исаның үйреткендеріне құлақ асып, шынайы бақытқа қол жеткізіп жатады.
Содан кейін Иса шәкірттеріне қарап: “Сендер жер бетінде тұз сияқтысыңдар”,— деді. Ол, әрине, тура мағынада тұздалғансыңдар деп отырған жоқ. Негізінен тұз — бірдеңені бұзылудан сақтайтын нәрсе. Ехобаның ғибадатханасындағы құрбандық шалатын орынның жанында тұз үйіліп жататын және де оны ғибадатханада қызмет ететін діни қызметкерлер құрбандықтарды тұздауға қолданатын.
Исаның шәкірттерінің ‘жер бетінде тұз сияқты’ болатын себебі, олардың адамдардың өмірлерін сақтай алатындай әсерлері бар. Шынында да олардың жеткізіп жүрген хабары құлақ асқан адамдардың барлығының өмірін сақтайды! Бұл хабар олардың өмірлеріне бірқалыптылық, шын берілгендік, адалдық енгізіп, рухани құлдыраудан және азғындықтан сақтайды.
“Сендер дүниеге “нұрсыңдар”,— деді Иса шәкірттеріне. Шамды ыдыспен бүркеместен, керісінше, шам қойғышқа қоятын болғандықтан, Иса былай деді: “Сендердегі “нұр” адамдарға сәулесін төксін”. Осы сөздерге орай, Исаның шәкірттері шындық туралы ашық куәлік етті және Киелі кітаптың принциптеріне сай өмір кешудің үлгісін көрсетті.
Оның ізбасарларына арналған жоғары талаптар
Дінбасылары Исаны Құдайдың Заңын бұзушы деп есептеп, тіпті оны өлтіруге сөз байласқан болатын. Сондықтан өзінің Таудағы уағызын жалғастырып, Иса: “Мені Таурат Заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының күшін жою үшін келді деп ойламаңдар: Мен оларды жою үшін емес, толық мағынасында жүзеге асыру үшін келдім”,— деді.
Ол Құдай Заңын аса қатты құрметтейді және өзгелерді де соған шақырды. Ол: “Сондықтан кімде-кім ондағы өсиеттердің, тіпті ең кішкентайын да бұзып, басқаларды мұнысына үйретсе, соның Құдай Патшалығындағы адамдардың арасында жолы [“көктегі патшалыққа қатысты”, ЖД] ең кішкентай болады”,— деп, мұндай адамның Патшалыққа мүлдем кіре алмайтынын айтты.
Құдай Заңына немқұрайдылық танытпақ түгілі, Иса тіпті адамды Құдай Заңын бұзуға итеретін ой-қалпын айыптады. Заңда “кісі өлтірме” делінгенін айта келе, ол былай деп қосты: “Ал Мен сендерге былай деймін: кімде-кім бауырласына кәрін төксе [“төге берсе”, ЖД], соны Құдай соттайды”.
Жақынына үнемі кәрін төгу соншалықты жаман, тіпті кісі өлтіруге дейін апаруы мүмкін болғандықтан, татуласу үшін қаншалықты күш жұмсау керектігін Иса көрнекті түрде көрсетіп отыр. Ол былай деп үйретті: “Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды құрбандық үстеліне алып барғанда, егер бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сол жерде есіңе түсіп кетсе, алып келгеніңді сонда қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағышта”.
Он парыздың жетіншісіне көңіл бөле отырып, Иса былай деп жалғастырды: “Неке адалдығын бұзба!” деген өсиетті де естідіңдер”. Алайда ол тіпті зинақорлыққа бейім ниетті айыптады. “Мен сендерге былай деймін: кім бір әйелге құмарта қараса [“қарай берсе”, ЖД], оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”.
Иса бұл жерде жалт ете қалған азғындық ой туралы айтып отырған жоқ, ол “қарай беру” туралы айтып отыр. Үнемі қарау құмарлық оятады, ал қолайлы жағдай туа қалғанда азғындыққа апарады. Қалай мұның алдын алуға болады? Иса қандай аса қатаң шаралар қажет болуы мүмкін екендігін көрнекі түрде былай көрсетті: “Егер “оң көзің” сені күнәға азғырса, ол сен үшін “ойып алып лақтырып тасталған” сияқты жоқ болсын... Оң қолың сені күнәға азғырса, ол сен үшін “шауып алып, лақтырып тасталған” сияқты жоқ болсын”.
Жиі адамдар өмірлерін сақтап қалу үшін, зақымданған мүшесін құрбан етуге дайын. Бірақ, Исаның айтуы бойынша, азғын ойлар мен әрекеттерден қорғану үшін бәрін, тіпті көз бен қол секілді құнды нәрселерді, “лақтырып тастау” одан да маңыздырақ. Олай болмаған жағдайда мұндай адам мәңгі өлімді білдіретін геенаға (Иерусалимнің жанындағы жанып жатқан қоқысқа) тасталады деп түсіндірді.
Иса сондай-ақ біреу зиян келтіргенде және қорлағанда қалай әрекет ету керектігін де талқылады. “Зұлымдық жасағаннан кек алма! — деп кеңес берді ол.— Егер біреу бетіңнің оң жағын ұрса, оған сол жағыңды да тос”. Исаның бұл сөздері біреу бас салған жағдайда өзін не туысын қорғауға болмайды дегенді білдірмейді. Шапалақпен жақтан тартып жібергенде көзделетін нәрсе — денеге зақым келтіру емес, қорлау. Демек, Исаның айтқысы келгені, егер бізді шапалақпен жақтан ұрып немесе сөзбен қорлап, төбелеске не айтыс-тартысқа итермелейтін болса, есесін қайтарған дұрыс емес.
Жақынын жақсы көруді бұйыратын Құдай Заңына да көңіл бөліп, Иса былай деді: “Ал Мен сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Тәңір Иеге сиынып мінажат етіңдер!” Осылай істеуге берік негіз келтіріп: “Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар: Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіреді”,— деп қосты.
Иса өзінің уағызының осы бір бөлігін келесі тәлім беретін сөздермен аяқтады: “Сонымен көктегі Әкелерің қандай мүлтіксіз болса, сендер де сондай мінсіз болыңдар!” Иса адамдар осы сөздің тура мағынасында кемелді бола алады деп отырған жоқ. Бірақ олар Құдайға еліктеп, сүйіспеншіліктерінің аясын кеңейте алады, тіпті жауларын да жақсы көре алады. Лұқа болса Исаның айтқанын былай жеткізеді: “Сонымен көктегі Әкелерің қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар!”
Дұға және Құдайға сенім арту
Уағызын әрі қарай жалғастырған Иса өздерін құдайшыл етіп көрсететін адамдардың екіжүзділіктерін айыптады. “Қайыр бергенде оны екіжүзділер секілді жұрт мақтасын деп... жариялатпаңдар”,— деді ол.
“Құдайға сиынғанда да, екіжүзділердей болмаңдар: олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мінажат етуді жақсы көреді”. Ол былай деп тәлім берді: “Мінажат еткенде бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сиыныңдар!” Исаның өзі көпшіліктің алдында дұға айтқан, сондықтан ол бұл жерде көпшілік алдында дұға айтуды айыптап отырған жоқ. Оның айыптап отырғаны жұрттың назарын өзіне аударып, оларды қызықтыру үшін айтылатын дұғалар.
Иса әрі қарай былай кеңес берді: “Құдайға сиынғанда жалған тәңірлерге құлшылық етушілер іспетті құр сөз сөйлей [“бір нәрсені қайталай”, ЖД] бермеңдер!” Бұл жерде Иса бір нәрсені жалпы қайталап айтқан дұрыс емес деп отырған жоқ. Бірде оның өзі дұға еткенде, “дәл сол сөздерін” қайталап айтқан болатын. Ол “бір нәрсені қайталай” берме дегенде, дұғаны таспиқ санай отырып, мағынасына мән бермей, жаттанды сөздермен айтатындар сияқты қайта-қайта айтуды айыпқа санап отыр.
Құдайға дұға айтуды үйрету үшін, Иса тыңдаушыларына жеті өтініштен тұратын дұға ету үлгісін көрсетті. Алғашқы үш өтініште Құдайдың үстемдігі мен оның еркі лайықты түрде мойындалады. Бұл — Құдайдың киелі есімінің қастерленуі, оның Патшалығының орнауы және оның еркінің орындалуына қатысты өтініштер. Қалған төртеуі — жеке өтініштер. Атап айтқанда: күнделікті нан, күнәлардың кешірілуі, шамадан тыс азғырылмау және әзәзіл Шайтаннан құтқару туралы.
Сонан соң Иса материалдық нәрселерге шамадан тыс көңіл қою тұзақ болуы мүмкін екенін көрсетті. Ол былай деп шақырды: “Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар, оларды күйе жеп, тот басады, немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді”. Мұндай байлық қолдың кірі ғана емес, сонымен қатар біздің Құдай алдындағы қадір-қасиетімізді арттырмайды.
Сондықтан Иса: “Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар!” — деді. Мұндай байлықты Құдайға қызмет етуді өмірімізде бірінші орынға қою арқылы жинаймыз. Сонда ешкім Құдай алдындағы қадір-қасиетімізді кемітіп, бізді уәде етілген сыйдан айыра алмайды. Сосын Иса былай деп қосты: “Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда”.
Материалдық нәрселерді жақсы көру қауіпті екенін айта келе, Иса мынадай көрнекі мысал келтірді: “Дененің “шамы” — көз. Көзің кіршіксіз таза [“қарапайым”, ЖД] болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі, ал егер ашкөз болсаң, бүкіл өміріңді қараңғылық басады”. Дұрыс көретін көз — дене үшін түнекте жанып тұрған шам іспетті. Бірақ дұрыс көру үшін көз қарапайым болу керек, яғни бір-ақ нәрсеге бағытталуы тиіс. Көзіміз тікелей қарап тұрған нәрсеге бағытталмаған жағдайда, оған дұрыс баға беру мүмкін емес. Мұндай кезде материалдық нәрселерге деген ұмтылыс Құдайға қызмет етудің алдына шығып, нәтижесінде “бүкіл өмірді” қараңғылық басады.
Иса осы айтқандарының тоқетерін әсерлі көрнекі мысалмен жеткізді: “Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Олай еткен күнде біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!”
Осы кеңестен соң, Иса тыңдаушыларын Құдайға қызмет етуді бірінші орынға қойған адамға материалдық қажеттіліктерді ойлап, уайымдаудың қажет емес екенін айтты. “Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы,— деді ол,— олар егін екпейді де, орып, қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды”. Сосын: “Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!” — деп сұрады.
Кейін ол даладағы қызғалдақтарға нұсқап, ‘тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбегенін’ айтты. “Ал енді,— деп жалғастырды Иса,— ...шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан да бетер киіндірмей ме, сенімі аздар-ау!” Осылай болғандықтан, сөз соңында Иса былай деді: “Не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар... бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді”.
Өмірге алып баратын жол
Өмірге алып баратын жолмен жүру Исаның ілімдерін берік ұстануды білдіреді. Бірақ бұлай істеу оңай емес. Парызшылдар, мысалы, өзгелерге қатаң үкім айтуға бейім және олардың осы әрекеттеріне көпшілік адамдардың еліктеуі ықтимал. Сондықтан өзінің таудағы уағызын жалғастыра отырып, Иса былай деп ескертті: “Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін басқаларға үкім айтпаңдар! Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады”.
Тым сыншыл парызшылдардың басшылығымен жүру қауіпті. Лұқаның жазғанындай, Иса мұндай қауіпті келесі сөздермен көрнекі түрде көрсетті: “Соқырды соқыр жетелеп жүре ала ма? Екеуі де орға құлап түспей ме?”
Тым сыншыл болып, өзгелердің кемшіліктерін асыра сілтеу және сол үшін түртпектеу — ауыр қылмыс. Сондықтан Иса былай деді: “Бауырым, кәне, көзіңнен тікенді алып тастайын” деп қалай айта аласың? Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста, бауырыңның көзіндегі тікенді содан кейін анық көріп, алып тастарсың”.
Бірақ бұл сөздер Исаның шәкірттеріне өзгелермен қарым-қатынастарында көрегендік қажет емес дегенді білдірмейді. Исаның өзі былай деген: “Қасиеттілерді иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалар алдына лақтырмаңдар!” Құдай Сөзіндегі шындықтар қасиетті. Олар, бейнелеп айтқанда, інжу-маржандар сияқты. Ал егер кімде-кім иттер мен шошқалар сияқты осы құнды шындыққа ризашылық білдірмей жатса, Исаның шәкірттері мұндай адамды қалдырып, шындықты қабылдауға бейімдірек адамдарды іздестірулері керек.
Бұған дейін дұға туралы айтқанына қарамастан, қазір Иса дұға айтуда табандылық қажет екеніне ерекше тоқталып отыр. “Құдайдан сұраңдар,— деді ол,— сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді”. Құдайдың дұғаларды тыңдауға дайын екенін көрнекі түрде көрсету үшін: “Араларыңдағы қандай кісі нан сұраған баласына тас берер еді?.. Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсіз!”— деді.
Сосын Иса кейіннен көпшілікке аса танымал болған, әдетте “алтын ереже” деп аталатын, адамдармен қарым-қатынас жасау ережесін бекітіп, былай деді: “Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!” Бұл ережеге сай өмір сүретін адам өзгелердің өзіне қалай қарағанын қаласа, өзі де оларға солай қарап, өзгелерге жақсылық жасау керек.
Өмірге апаратын жолдың оңай емес екендігі Исаның келесі нұсқауынан көрінеді: “Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретіндер көп. Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар, соны табатындар аз ғана”.
Алданып қалудың қаупі үлкен, сондықтан Иса былай деп ескертті: “Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар жыртқыш қасқырлар”. Иса жақсы ағаш пен жаман ағаштың жемістеріне қарай танылатыны сияқты, жалған пайғамбарларды да іс-әрекеттері мен ілімдері арқылы білуге болатынын көрсетті.
Әрі қарай ол әлдекімді мәсіхші ретінде көрсететін оның сөздері емес, істері екенін түсіндірді. Кейбіреулер Исаны өздерінің Тәңірі деп санауы мүмкін, бірақ егер олар Исаның Әкесінің еркін орындамайтын болса, Иса оларға: “Сендерді ешқашан білген емеспін. Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!” — дейді.
Иса өзінің уағызын тамаша сөздермен аяқтады: “Осы айтқандарымды тыңдап, орындаған әркім үйін жартасқа салған көреген адамға ұқсас болады. Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда ол құламайды. Себебі оның іргетасы жартасқа қаланған еді”.
“Алайда, осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды. Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда ол опырылып құлап қалады”.
Иса өзінің уағызын аяқтаған кезде халық оның үйрету әдістеріне таңғалысты, өйткені ол оларға өздерінің дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан ерекше билігі бар біреу ретінде тағылым берді. Лұқа 6:12—23; Матай 5:1—12; Лұқа 6:24—26; Матай 5:13—48; 6:1—34; 26:36—45; 7:1—29; Лұқа 6:27—49.
▪ Иса өзінің ең көрнекті уағызын қай жерде айтты, ол жерде кімдер болды және дәл соның алдында не болған еді?
▪ Исаның Таудағы уағызында үйреткен кейбір нәрселерін Лұқаның басқа кезеңге қатыстырып жазғаны неге бізді таңғалдырмау керек?
▪ Исаның Таудағы уағызын соншалықты құнды ететін не?
▪ Кімдер шын мәнінде бақытты және неліктен?
▪ Кімдер қасіретке қалады және неліктен?
▪ Қандай мағынада Исаның шәкірттері ‘жер бетінде тұз’ және “дүниеге нұр”?
▪ Иса Құдай Заңын аса қатты құрметтейтіндігін қалай көрсетті?
▪ Иса кісі өлтіру және зинақорлық жасауға ықпал ететін нәрселерді жою үшін қандай нұсқау берді?
▪ ‘Оң жағынан ұрғанда сол жағыңды да тос’ дегенде Иса не айтқысы келді?
▪ Қай мағынада біз Құдай сияқты кемелді бола аламыз?
▪ Иса дұға айтуға байланысты қандай нұсқаулар берді?
▪ Көктегі байлықтың артық болуының себебі неде және оны қалай жинауға болады?
▪ Қандай көрнекі мысалдар дүние-мүлікті жақсы көруден аулақ болуға көмектеседі?
▪ Неліктен Иса бізді уайымдамауға шақырды?
▪ Өзгелерге үкім шығару туралы Иса не айтты, дегенмен өзгелермен қарым-қатынастарында шәкірттеріне көрегендік қажет екенін ол қалай көрсетті?
▪ Иса дұға туралы тағы не айтты және қарым-қатынасқа байланысты қандай ереже бекітті?
▪ Иса өмірге апаратын жолдың оңай емес екендігін және алданып қалу қаупі бар екенін қалай көрсетті?
▪ Өзінің уағызын Иса қалай аяқтады және бұл халыққа қалай әсер етті?