‘Үндері бүкіл жер бетіне жайылды’
“Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер” (МАТАЙ 28:19).
1, 2. а) Иса шәкірттеріне қандай тапсырма берген? ә) Неге бірінші ғасырдағы мәсіхшілер оны кең ауқымда орындай алды?
КӨККЕ көтерілер алдында Иса шәкірттеріне тапсырма берген. Ол: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”,— деді (Матай 28:19). Қандай ауқымды тапсырма десеңші!
2 Ойлап қарашы! Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында не бары 120-ға жуық шәкіртке киелі рух төгіледі де, олар өзгелерге Исаның уәде етілген Мәсіх екенін әрі сол арқылы ғана құтқарылуға болатынын айтып, оның тапсырмасын орындай бастайды (Елшілердің істері 2:1—36). Сол кішкентай ғана топ ‘күллі халықтардың’ қаншасына жете алар еді? Мұндай іс адамдардың қолынан келмес еді, ал “Құдайдың қолынан бәрі де келеді” (Матай 19:26). Ертедегі мәсіхшілерді Ехобаның киелі рухы қолдаған, сондай-ақ олар уақыттың тығыз екенін сезінген (Зәкәрия 4:6; 2 Тімотеге 4:2). Сондықтан не бары бірнеше онжылдықтан кейін елші Пауыл ізгі хабардың “аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік” жарияланып жатқанын айтқан (Қолостықтарға 1:23).
3. ‘Бидайға’ теңелетін шынайы мәсіхшілерді көмескілеген не?
3 Елшілердің көзі тірісінде шынайы ғибадат өріс ала берді. Алайда Иса алдын ала Шайтан ‘бидайықтың тұқымын’ сеуіп кетіп, ‘бидайға’ теңелетін шынайы мәсіхшілер орақ мезгіліне дейін көптеген ғасырлар бойы көмескіленіп, тасада болатынын айтқан. Елшілер дүниеден өткеннен кейін, оның сөздері орындалды (Матай 13:24—39).
Бүгінгі таңдағы қарқынды өсім
4, 5. 1919 жылдың басында майланған мәсіхшілер қандай жұмысты бастаған және неге оны атқару оңай болмаған?
4 1919 жылы бидайға теңелетін шынайы мәсіхшілердің бидайықтан бөлінетін уақыты келді. Майланған мәсіхшілер Исаның берген үлкен тапсырмасын әлі де орындай беру керектігін білген. Олар “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқандарына берік сенетін әрі Исаның: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді”,— деген пайғамбарлығын да естерінде ұстаған (2 Тімотеге 3:1; Матай 24:14). Иә, олар жұмыс көп екенін түсінетін.
5 Бірақ олардың да алдарында б. з. 33 жылындағы майланған мәсіхшілердікіндей ауқымды тапсырма тұрды. Ал олардың саны азғана елдерде не бары бірнеше мың ғана еді. Қалайша сол мәсіхшілер ізгі хабарды “күллі әлемге” уағыздамақ еді? Рим империясының кезінде 300 миллионға жуық болған Жер шарының тұрғындары Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары 2 миллиардқа дейін өсіп кеткенін есте ұсталық. Сондай-ақ ХХ ғасырдың ішінде де халық саны тез өсіп отырған.
6. 1930 жылдары ізгі хабар қандай ауқымда таратылған?
6 Сөйткенмен де, Ехобаның майланған қызметшілері бірінші ғасырдағы бауырластары сияқты оған толық сенім артып, тапсырылған істі атқаруға кірісіп кетті. Ал Ехобаның рухы солармен бірге болды. 1930 жылдың орта шенінде Киелі кітаптағы шындықты 115 елде 56 000-ға жуық жариялаушы уағыздаған. Біраз іс атқарылды, бірақ әлі атқарылу керек іс те аз емес-тін.
7. а) Майланған мәсіхшілердің алдында қандай жаңа тапсырма тұрды? ә) “Басқа қойлардың” қолдауымен атқарылып жатқан істің нәтижесі қандай болуда?
7 Одан кейін Аян 7:9-да айтылған “өте үлкен тобырға” қатысты жайттарды тереңірек түсінгендіктері де сол еңбекқор мәсіхшілерге жаңа ауыртпалық тудырады, сөйте тұра көмек те болады. Жер бетінде өмір кешуге үміттенетін сансыз “басқа қойлар” “әрбір ұлттан, халықтан, тілден” жиналмақ еді (Жохан 10:16). Олар Ехобаға ‘күні-түні киелі үйінде қызмет етпек’ еді (Аян 7:15). Бұл дегеніміз олар уағыздау мен тәлім беру ісінде қолғабыс болмақ-тын (Ишая 61:5). Соның нәтижесінде майланған мәсіхшілер уағыздаушылар санының алдымен он шақты мыңға, сосын бірнеше миллионға жеткенін көңілдері толқи отырып бақылады. 2003 жылы уағыздау ісіне қатысушылардың жоғарғы саны 6 429 351-ге жетті, әрі олардың басым бөлігі өте үлкен тобыр мүшелеріa. Майланған мәсіхшілер осындай көмектің көрсетіліп жатқанына дән риза, ал басқа қойлар майланған бауырластарын қолдау мәртебесі үлестеріне тигеніне риза (Матай 25:34—40).
8. Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде болған қатты қысым Ехоба Куәгерлеріне қалай әсер еткен?
8 Бидай табы қайта белгілі бола бастағанда, Шайтан оларға қарсы сұрапыл соғыс ашқан (Аян 12:17). Ал өте үлкен тобырдың пайда болғанына қалай қарады екен? Ол адам айтқысыз жауыздықтың етек алуына түрткі болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде дүниенің бұрыш-бұрышында шынайы ғибадатқа көрсетілген қарсылықтың артында Шайтанның тұрғанына күмән болуы мүмкін бе?! Соғыс жүргізіп жатқан екі жақ та мәсіхшілерді қатты қудалаған. Көптеген қымбатты бауырластарымыз жан түршігерлік сынақтарға кезігіп, кейбірі сенімі үшін өліп те кеткен. Бірақ олардың әрекеттері забур жыршысының келесі сөздерімен келісетіндіктерін көрсеткен: “Құдайды сөзі үшін мадақтаймын. Құдайға арқа сүйеймін, қорықпаймын. Адамдар маған не істей алады?” (Забур 55:5; Матай 10:28). Майланған мәсіхшілер мен басқа қойлар Ехобаның рухының қолдауымен айнымас бірлікте тұрған (2 Қорынттықтарға 4:7). Соның арқасында ‘Құдай сөзі кеңінен тарады’ (Елшілердің істері 6:7). 1939 жылы соғыс басталғанда, 72 475 адал мәсіхші уағыздау қызметіне қатысқандары жөнінде есеп тапсырды. Алайда 1945 жылы, яғни соғыс аяқталған жылы, толық болмаса да, ізгі хабарды жариялаған 156 299 белсенді Куәгер есеп тапсырған. Шайтанға жасалған қандай ауыр соққы!
9. Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде қандай екі жаңа мектеп ашылды?
9 Екінші дүниежүзілік соғыстың аласапыран кезеңіне қарамастан, Ехоба Куәгерлері уағыздау ісінің жүзеге асырылатынына күмәнданбаған. Сондықтан 1943 жылы, соғыстың ең қызып тұрған кезінде, екі жаңа мектептің ашылғаны жарияланды. Олардың бірі — қазір Теократиялық қызмет мектебі деп аталатын барлық қауымдарда ашылуға тиіс Куәгерлерді уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне жеке-жеке үйрететін мектеп. Екіншісі — шет елдерде уағыздау ісін дамыту үшін миссионерлерді дайындайтын Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебі. Осылайша, соғыс өрті басылғанда, шынайы мәсіхшілер әрекеттерінің ауқымын кеңейтуге даяр болған.
10. 2003 жылы Ехобаның халқының құлшынысы қалай көрінген?
10 Шынайы мәсіхшілер қандай керемет жетістіктерге жетті десеңші! Теократиялық қызмет мектебінің оқушылары — жас пен кәрі, ата-аналар мен балалар, тіпті денсаулығы нашарлар — Исаның ауқымды тапсырмасын орындап, уағыздаған, уағыздап та жүр (Забур 148:12, 13; Жоел 2:28, 29). 2003 жылы орта есеппен ай сайын 825 185 жариялаушы арагідік немесе үнемі ізашар ретінде қызмет етіп, уақыттың тығыз екенін сезінетіндіктерін көрсетті. Сол жылы Ехоба Куәгерлері өзгелермен Патшалық туралы ізгі хабар жайында сөйлесуге 1 234 796 477 сағат жұмсады. Қызметшілерінің құлшынысы Ехобаға ұнамды екені сөзсіз!
Шетел танабында
11, 12. Миссионерлер қандай керемет жетістіктерге жеткен?
11 Көп жылдар бойы Ғалақадтың, ал соңғы жылдары Қызметті жетілдіру мектебінің түлектері де керемет жетістіктерге жетті. Мысалы, 1945 жылы Бразилияға алғашқы миссионерлер келгенде, онда не бары 400-ден де аз жариялаушы болған. Солар және олардан кейін келген миссионерлер Бразилиядағы құлшынысқа толы бауырластарымен иық тіресе ауыр еңбек етіп, ал Ехоба олардың ынтасына ағыл-тегіл батасын береді. Бразилияның 2003 жылғы есебінен 607 362 деген ең жоғарғы санды көргенде, сол бір заман естерінде қалған бауырластардың қалайша көңілдері толқиды десеңші!
12 Жапонияны алайық. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында онда жүзге жуық жариялаушы болған. Соғыстың кезінде болған қатты қуғынның кесірінен олардың саны азайып қалады. Ал соғыстың аяғында тура мағынада және рухани аман қалған Куәгерлерді саусақпен санап алуға болатын (Нақыл сөздер 14:32). Сол адалдықтарын берік сақтағандар 1949 жылы Ғалақадты бітірген алғашқы 13 миссионер келгенде, шын риза болған, миссионерлер болса ынталы әрі қонақжай жапон бауырластарына демде-ақ бауыр басып кетті. Елу жылдан аса уақыт өткеннен кейін 2003 жылы Жапонияның есебі бойынша, жариялаушылардың жоғарғы саны 217 508-ге жетті! Расында да, Ехоба сол елдегі қызметшілеріне көл-көсір етіп батасын төкті. Мұндай мысалдар көп. Шетелдерде уағыздауға мүмкіндіктері барлар ізгі хабардың таралуына зор үлестерін қосуда. Соның арқасында ізгі хабар 2003 жылы дүние жүзі бойынша 235 елге, аралдар мен аумақтардағы адамдарға жетті. Иә, үлкен тобыр “әрбір ұлттан” келуде.
‘Әрбір тайпадан, халықтан, тілден шыққан’
13, 14. Ізгі хабарды ‘әрбір тілде’ уағыздағанның маңызды екенін Ехоба қалай көрсетті?
13 Шәкірттер б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында киелі рухпен майланғаннан кейін, алғашқы болған керемет олардың сондағы қалың тобырдың тілдерінде сөйлеулері еді. Оларды тыңдағандардың барлығы ортақ тілде, грек тілі болу керек, сөйлеген болуы мүмкін. “Құдайды қастерлейтін” кісілер болғандықтан, олар ғибадатханада еврей тілінде атқаратын қызметті түсінген болса керек. Сөйтсе де, сәби күнінде үйренген ана тілдерінде ізгі хабарды естігенде, олар ұйып тыңдап қалады (Елшілердің істері 2:5, 7—12).
14 Бүгінде де хабар көп тілдерде уағыздалуда. Өте үлкен тобыр бір ғана емес, ‘әрбір тайпадан, халықтан, тілден’ де шығады деп пайғамбарлық етілген. Осыған орай, Ехоба Зәкәрия пайғамбар арқылы алдын ала былай деді: “Әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққан он адам яһудидің етегіне жармасып: — Біз сенімен бірге барамыз, өйткені Құдай сендермен бірге деп естідік,— дейтін болады” (Зәкәрия 8:23). Ехоба Куәгерлері қазір өзге тілдерде сөйлеу сияқты сый алмайтын болғанмен, өзге халықтардың тілдерін үйренудің пайдалы екенін біледі.
15, 16. Миссионерлер мен өзгелер жергілікті тілдерде ізгі хабарды уағыздауда кезіккен қиыншылықтарды қалай қабылдаған?
15 Рас, бүгінгі таңда ағылшын, француз, испан сияқты өте кең тараған біраз тілдер бар. Десе де, туған жерін тастап, өзге елге қызмет етуге кеткендер ‘мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандарға’ ізгі хабар анағұрлым жақсы жету үшін жергілікті тілді үйренуге тырысады (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Мұның өз қиыншылықтары бар. Тынық мұхиттың оңтүстігіндегі Тувалу аралының тұрғындарына өз тілдерінде әдебиеттер қажет болғанда, бұл іске миссионерлердің бірі кіріседі. Қолда ешқандай сөздік жоқ болғандықтан, ол тувалу сөздерін жинақтап, өзі сөздік құра бастайды. Уақыт өте келе, тувалу тілінде “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың”b кітабы басылып шығады. Кюрасаоға миссионерлер келгенде, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер де, жергілікті папьяменто тілінде сөздік те болмаған. Сонымен қатар тілдің жазбаға қалай түсірілу керектігіне қатысты да көптеген келіспеушіліктер болған. Соған қарамастан алғашқы миссионерлердің келгеніне екі жыл толды дегенде, аталмыш тілде Киелі кітапқа негізделген бірінші трактат басылып шықты. Бүгінде папьяменто “Күзет мұнарасы” ағылшын тілімен бірге басылып шығатын 133 тілдің бірі болып табылады.
16 Намбиядағы бірінші миссионерлер сол тілде сөйлейтін аударма жасауға көмектесетін бірде-бір Куәгер таба алмаған. Оған қоса, жергілікті тілдердің бірі нама тілінде “кемелді” деген сияқты ойды жеткізетін жалпыға түсінікті сөздер болмаған. Бір миссионер былай деді: “Аударма жұмысына көбіне Киелі кітапты оқып жүрген мектеп мұғалімдерінің көмегіне жүгінетінмін. Шындық туралы білімдері аз болғандықтан, әрбір сөйлемнің тура аударылғанына сенімді болу үшін қастарында отыратынмын”. Осындай қиындықтарға қарамастан, Намбияның төрт тілінде “Жаңа дүниедегі өмір” трактаты басылып шықты. Қазір куаньяма және ндога тілдерінде “Күзет мұнарасы” үздіксіз басылып шығады.
17, 18. Мексика мен басқа елдерде бауырластар қандай қиыншылықтарды жеңуде?
17 Мексикадағы басты тіл — испан тілі. Алайда испандықтарға дейін онда көп тілдерде сөйлейтін, олардың біразы әлі күнге дейін бар. Сондықтан Ехоба Куәгерлерінің әдебиеттері жеті мексикан тілінде, сондай-ақ мексикан ым тілінде басылып шығады. Майя тіліндегі “Біздің Патшалық қызметіміз” — америка үндістерінің тілінде шыққан алғашқы мерзімді басылым. Мексикадағы 572 530 жариялаушының арасында бірнеше мың майя, ацтек, сондай-ақ басқа да үндістер бар.
18 Соңғы кезде көптеген адамдар босқын ретінде немесе экономикалық себептермен шетелге көшуде. Соның салдарынан көп елдерде алғаш рет шет тілді танап осыншама кең болып отыр. Бұл Ехоба Куәгерлерін қорқытпады. Мысалы, Италияда итальян тілін есептемегенде, 22 тілде сөйлейтін қауым мен топ бар. Жақында бауырластар өзге тілдерде сөйлейтін адамдарға көмектесу мақсатымен, итальян ым тілін қоса алғанда, 16 тілді үйрену үшін курстар ұйымдастырды. Көптеген өзге елдерде де Ехоба Куәгерлері иммигранттардың көбісіне хабарды жеткізу үшін осындай күш салған. Иә, Ехобаның көмегімен өте үлкен тобыр көптеген тілдерден жиналуда.
“Бүкіл жер бетіне”
19, 20. Пауылдың қандай сөздері бүгінде керемет түрде орындалуда? Түсіндіріңдер.
19 Бірінші ғасырда елші Пауыл былай деді: “Әлде олар хабарды естіген жоқ па?” — деп сұрағым келіп тұр. Әрине, естіген. “Үндері бүкіл жер бетіне жайылып, сөздері дүниенің түкпір-түкпіріне таралды” деп жазылған ғой” (Римдіктерге 10:18). Бірінші ғасырда осы сөздер жүзеге асқан болса, бүгінде қалайша кең көлемде жүзеге асып отыр десеңдерші! Мұндай нәрсе тарихта болмаған болса керек, миллиондаған адамдар: “Тәңірді әр уақытта даңқтаймын. Аузымнан түсірмей әрдайым мадақтаймын”,— деуде (Забур 33:2).
20 Оның үстіне, уағыздау ісі бәсеңдеп бара жатқан жоқ. Патшалықты жариялаушылар саны өсіп барады. Барған сайын уағыздау ісіне көбірек уақыт бөлінуде. Миллиондаған қайта барулар жасалып, жүз мыңдаған Киелі кітапті зерттеу сабақтары жүргізілуде. Қызығушылық танытып жатқан адамдар әлі де бар. Былтыр Исаның өлімін Еске алу кешіне қатысқандардың саны тағы да ең жоғарғы көрсеткішке — 16 097 622 — жетті. Әлі де істелетін жұмыстың көп екені анық. Әрі қарай да адалдықтарын берік сақтап, қатты қуғынға төтеп берген бауырластарымызға еліктей берелік. Сондай-ақ 1919 жылдан бері Ехобаға деген қызметке барын салып жүрген бауырластарымыз танытқан құлшынысты біз де таныта берелік. Забур жыршысының: “Жаны барлар түгелдей мадақтасын Иемізді! Жаратқан Иені мадақтаңдар!” — деген жырына үн қоса берейік (Забур 150:6).
[Сілтемелер]
a 24—27 беттердегі жылдық есепке қараңдар.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• 1919 жылы бауырластар қандай жұмысты бастаған және неге оны атқару оңай болмады?
• Уағыздау ісіне қолдау көрсету үшін кімдер жиналды?
• Шетелде қызмет ететін миссионерлер мен өзгелер қандай жетістіктерге жеткен?
• Бүгінде Ехобаның өз халқының ісіне батасын беріп отырғанын көрсететін қандай дәлел келтірер едіңдер?
[24-27-беттердегі кесте]
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ 2003 ҚЫЗМЕТ ЖЫЛЫНЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕСЕБІ
[22, 23-беттердегі суреттер]
Өте үлкен тобыр әрбір тайпа мен тілден шығу керек