Жүректеріңді сақтаңдар
“Сақталуы керек нәрселердің бәрінен бұрын жүрегіңді сақта, өйткені одан өмір бұлақтары шығады” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 4:23, СА).
1, 2. Не себепті біз жүрегімізді сақтауымыз керек?
КАРИБ аралдарында тұратын бір егде кісі дауылдан кейін паналаған жерінен сыртқа шығады. Ол айналасына көз жүгіртеді де, ондаған жылдар бойы қақпасының алдында өсіп тұрған үлкен ағаштың құлап жатқанын көреді. “Бұл қалай болғаны,— деп таңданады ол. — Бұдан кішірек ағаштар құламаған ғой?” Құлаған ағаштың діңін көрген соң оған бәрі түсінікті болады. Сырт көзге берік болып көрінген ағаштың іші шіріп кеткен екен, ал дауыл оның сырт көзге көрінбей тұрған күйін паш етіпті.
2 Мәсіхшілік жолдағы өмірінде өзін берік тұрғанын көрсетіп жүрген шынайы мәсіхшінің сенімі сыналғанда дәрменсіздік танытқаны қаншалықты ауыр десеңші. Киелі кітапта “адамның ішкі [“жүрек”, СА] ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім” деп орынды айтылған (Жаратылыс 8:21). Бұл, адам үнемі қырағы болмаса, тіпті ең игі жүректің өзі жамандыққа беріліп кетуі мүмкін екенін білдіреді. Кемелсіз адамдардың жүрегінде жамандыққа қарсы иммунитет жоқ, сол себепті ‘сақталуы керек нәрселердің бәрінен көбірек жүрегіңді сақта’ деген кеңеске барынша көңіл қойған дұрыс (Нақыл сөздер 4:23, СА). Сонымен, қалайша біз бейнелі жүрегімізді сақтай аламыз?
Үнемі тексеріп отыру керек
3, 4. а) Тәндік жүрекке қатысты қандай сұрақтар қоюға болады? ә) Бейнелі жүрегімізді тексеруге не көмектеседі?
3 Егер дәрігерге барар болсаңдар, алдымен ол жүректеріңді тексеруі ықтимал. Денсаулықтарың, жүректі қоса алғанда, ағзаға қажетті нәрлі заттардың жеткілікті дәрежеде екенін көрсете ме? Қан қысымы қандай? Жүректерің бір қалыпты жақсы соғып тұр ма? Жеткілікті дәрежеде қимылдайсыңдар ма? Жүректерің стреске шамадан тыс ұшыраған жоқ па?
4 Кәдімгі жүректі үнемі тексеріп тұру керек болса, бейнелі жүрек жөнінде не деуге болады? Оны Ехоба тексереді (1 Шежірелер 29:17). Оны өзіміз де тексеруіміз керек. Қалайша? Өзімізге мынадай сұрақтар қою арқылы: Жүрегім рухани ас-суды қажетті мөлшерде қабылдап отыру үшін, Киелі кітапты үнемі зерттеп, қауым кездесулеріне үзбей қатысып жүрмін бе? (Забур 1:1, 2; Еврейлерге 10:24, 25). Ехобаның хабарын “сүйектерімнің ішінде жанып жатқан от” іспетті мені өзгелерге Патшалық туралы хабармен бөлісіп, шәкірт дайындауға талпындыратындай етіп қабылдаймын ба? (Еремия 20:9, СА; Матай 28:19, 20; Римдіктерге 1:15, 16). Мүмкіндік бар болғанда толық уақытты қызмет ету үшін күш салуға даярмын ба? (Лұқа 13:24). Бейнелі жүрегіме қандай нәрселердің әсер етуіне жол беріп жүрмін? Шынайы мінажатқа шын жүректен берілгендермен қатынасуға тырысып жүрмін бе? (Нақыл сөздер 13:20; 1 Қорынттықтарға 15:33). Кез келген кемшіліктерімізді мүмкіндігінше тез байқап, сосын оны лезде түзетуге тырысайық.
5. Сеніміміздің сыналуының қандай пайдасы бар?
5 Біздің сеніміміз жиі сыналып отырады. Осының арқасында жүрегіміздің қандай күйде екенін білуге мүмкіндік туады. Уәде етілген жерге кіргелі тұрған исраилдіктерге Мұса былай деген: “Тәңір Құдайың алып жүрген бүкіл сапарды есте ұста; Ол сені жуасыту үшін сынап, жүрегіңде не бар екенін — Оның өсиеттерін орындайсың ба, жоқ па — білу үшін, шөлде алып жүргеніне міне, қырық жылдың жүзі толды” (Заңды қайталау 8:2, СА). Күтпеген жерден қандай да бір жағдайға тап болғанда немесе сынаққа ұшырап қалғанда, сезіміміз, тілек-қалауымыз бен болған нәрсені қалай қабылдағанымыз бізді таңғалдыратын кездер жиі болып тұрады емес пе? Ехобаның сыналуымызға жол беруінің арқасында біз өзіміздің әлсіз тұстарымызды біліп, жөнделуімізге мүмкіндік туады (Жақып 1:2—4). Әрқашан дұға етіп, сынақтарды қалай қабылдайтындығымыз жөнінде ой жүгіртейік!
Сөздеріміз не жөнінде айтады?
6. Біздің әңгімелерімізден жүрегімізге қатысты не білуге болады?
6 Жүрегімізде не бар екенін қалай білуге болады? Иса былай деген: “Ізгі адам жан дүниесіндегі [“жүрегіндегі”, СА] игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен [“жүрегінен”, СА] арамдық алып шығады. Жан дүниең [“жүрегің”, СА] неге толса, аузың соны айтар” (Лұқа 6:45). Жүрегіміздегі тілек-қалауымыздың қандай екенін әдетте не туралы сөйлейтіндігімізден байқауға болады. Біз дүние-мүлік немесе жұмыстағы не оқу орнындағы жетістіктеріміз жөнінде жиі айтамыз ба? Жоқ әлде, біздің әңгімеміз рухани нәрселер мен теократиялық мақсаттардың төңірегінде ме? Өзгелердің қателіктерін әңгіме қылуға үйірміз бе, жоқ әлде, оларды сүйіспеншілікпен жасырамыз ба? (Нақыл сөздер 10:11, 12). Адамдар мен олардың іс-әрекеттерін әңгіме етуге үйір болып, әрі солай еткенде рухани нәрселерге және құлықтылыққа қатысты тақырыптарға аз көңіл бөліп жүрген жоқпыз ба? Мұндай қылық өзгенің ісіне шектен тыс араласып жатқандығымыздың белгісі болып табылады емес пе? (1 Петір 4:15).
7. Жүсіптің он бауыры туралы әңгімеден жүректі сақтау керек екендігіне қатысты қандай сабақ алуға болады?
7 Бір үлкен отбасында қандай жағдайдың болғанын қарастырып көрелік. Жақыптың он ұлы өздерінің кіші інісі Жүсіппен ‘жылы сөйлесе алмайтын’. Не себепті? Олар оны көре алмайтын, өйткені әкелері оларға қарағанда Жүсіпті көбірек жақсы көретін. Кейінірек Жүсіп Ехобаға ұнамды екенін дәлелдейтін Құдайдан келген түстер көргенде, “олар Жүсіпке одан бетер теріс қарайды” (Жаратылыс 37:4, 5, 11). Содан бауырлары інісін құлдыққа сатып жіберіп, жауыздық жасайды. Сосын істеген қылмыстарын жасыруға тырысып, әкелерін Жүсіп жыртқыш аңға жем болды деген ойға сендіріп, өтірік айтады. Осы жағдайда Жүсіптің он бауыры жүректерін сақтап қала алмаған. Бауырластарымызды сынауға бейім болсақ, мұның себебі жүрегімізге көре алмаушылық не қызғаныш ұялағандықтан емес пе екен? Біз айтқан сөздерімізді қырағылықпен қадағалап, жаман нәрсеге деген кез келген бейімділіктен жылдам арылып отыруымыз керек.
8. Өтірік сөйлеп қойған болсақ, жүрегімізді тексеруге не көмектеседі?
8 “Құдайдың өтірік айтуы еш мүмкін емес”, ал кемелсіз адамдар болса жалған сөйлеуге бейім (Еврейлерге 6:18). Забур жыршысы: “Әрбір адам өтірікші”,— деп күңіренген (Забур 115:2, СА). Тіпті елші Петір де үш рет өтірік айтып, Исадан танған (Матай 26:69—75). Өтірік сөйлемеуге тырысуымыз керек екені айдан анық, өйткені Ехоба “жалған тілді” жек көреді ғой (Нақыл сөздер 6:16—19, СА). Сөйтсе де әйтеуір бір өтірік сөйлеп қойған болсақ, не себепті олай еткенімізді салмақтап-саралағанымыз абзал. Адамнан қорыққандықтан солай еттік пе? Жазадан қорыққандықтан ба? Жақсы атағымыздан айырылып қалмау үшін бе, бәлкім, қара басымыздың қамын ойлағандықтан болар? Қандай себептермен өтірік сөйлеген болсақ та, болған жайдың үстінен ой жүгіртіп, қателігімізді мойындап, мұндай әлсіздігімізбен күресуге Ехобаның көмектесетініне сенім арта отырып, Одан кешірім сұрағанымыз дұрыс. Бәлкім, бұл мәселеде ең жақсы көмекті ‘қауым жетекшілері’ беретін болар (Жақып 5:14).
9. Дұғаларымыздан біздің жүрегіміз жөнінде не білуге болады?
9 Жас патша Сүлеймен даналық пен білім сұрағанда Ехоба былай деп жауап берді: “Жүрек қалауың осы болып, сен байлық, дәулет, атақ-даңқ... сұраған жоқсың... Мен өзіңе даналық пен білік дарытып, соған қоса... асқан байлық, дәулет пен атақ-даңқты да сыйлаймын!” (2 Шежірелер 1:11, 12). Сүлейменнің нені сұрап, нені сұрамағанынан Ехоба оның жүрегінде не бар екенін білген. Құдаймен сөйлескенде біздің сөздерімізден жүрегімізде ненің жатқаны көрініп жүр? Дұғаларымыздан білім алуды, дана, әрі ұғымтал болуды қалайтынымыз көріне ме? (Нақыл сөздер 2:1—6; Матай 5:3). Патшалықтың мүддесі жүрегімізге жақын нәрсе болып табыла ма? (Матай 6:9, 10). Егер ойланбастан дұға ете салатын болып жүрген болсақ, бәлкім, Ехобаның істері жөнінде ой жүгірту үшін уақыт тапқанымыз дұрыс шығар (Забур 102:2). Барлық мәсіхшілер қалай дұға етіп жүргендеріне ерекше ден қоюлары керек.
Істеріміз не жөнінде айтады
10, 11. а) Зинақорлық пен азғындық қайдан бастама алады? ә) Жүрегімізде неке адалдығын бұзбауға не көмектеседі?
10 “Өзіңді сөзіңнен кем көрсетпе” деген мәтел бар. Біздің іс-әрекетімізден көңілімізде не жатқанын білуге болады. Мысалы, құлықтылыққа қатысты нәрселерде жүректі сақтау азғындық не зинақорлық жасамауды ғана білдірмейді. Иса таудағы уағызында: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деген (Матай 5:28). Тіпті жүрегімізде де неке адалдығын бұзудан қалайша аулақ бола аламыз?
11 Некеге тұрған мәсіхші әйелдер мен еркектерге әділ патриарх Әйүп үлгі қалдырған. Әрине, Әйүп жас келіншектермен араласып тұрған, тіпті оларға көмек қажет болған кездерде мейірімділікпен көмектесіп те тұрған. Бірақ олардың бірімен көңілдес болу бұл әділ адамның ойына да кіріп те шықпаған. Неге? Өйткені ол әйелдерге құмарта қарамауға белін бекем буған болатын. “Көздеріммен бітім жасастым,— деді Әйүп,— ендеше, қалай мен бойжеткендерге көңіл бұрмақпын?” (Әйүп 31:1, ЖД). Біз де көздерімізбен осындай бітім жасасып, жүрегімізді сақталық.
12. Лұқа 16:10-ның жүректі сақтаумен қандай байланысы бар?
12 Құдай Ұлы: “Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді, ал кішкене істе сенімсіз болған үлкен істе де сенімсіз”,— деген (Лұқа 16:10). Болмашы болып көрінетін күнделікті істерде, тіпті үйде жалғыз қалған кезде, өзімізді қалай ұстайтындығымызды тексеруіміз керек (Забур 100:2). Теледидар қарап отырғанда немесе Интернет желісіне енгенде Киелі кітаптағы келесі кеңесті есте ұстап жүрміз бе: ‘Араларыңда неке адалдығын бұзу, әрқилы азғындық пен ашкөздіктің тіпті аттары да аталмасын. Құдайдың адамдарына бұлардан аулақ жүру лайық. Сендерге әдепсіздік жасау, ақымақ сөз бен тұрпайы қалжың айту жарасымды емес’ (Ефестіктерге 5:3, 4). Көгілдір экрандағы не бейне ойындардағы жауыздыққа біз қалай қараймыз? “Тәңір әділдерді сынайды,— деген Забур жыршысы,— ал ұждансыздар мен зорлық-зомбылықты сүйетіндерді Ол жек көреді” (Забур 10:5, СА).
13. Жүрегімізде не бар екені жөнінде ой жүгірткенде қандай ескертуді ескерген жөн?
13 Еремия: “Адам жүрегі бәрінен де алдампаз және әбден бүлінген”,— деп ескерткен (Еремия 17:9, СА). Жүректің алдампаздығын өз қателіктерімізді ақтайтындығымыздан, кемшіліктерімізді елеусіз қалдыратындығымыздан, жеке басымыздың әлсіздігін ақтауға немесе жетістіктеріміз туралы асыра сілтеп айтуға тырысатындығымыздан байқауға болады. Сонымен қатар бұзылған жүрек адамды екі жүзді етеді, ол аузымен жарамсақтана бірдеңе айтса, ал іс-әрекеті басқа нәрсені көрсететін болады (Забур 11:3; Нақыл сөздер 23:7). Жүрегімізде не бар екенін тексергенде адал болғанымыз қалайша маңызды десеңші!
Көзіміз қарапайым ба?
14, 15. а) Көздің қарапайым болуы деген нені білдіреді? ә) Көздің қарапайым болғаны жүрегімізді сақтауға қалай көмектеседі?
14 Иса: “Дененің “шамы” — көз”,— деген. Сосын ол: “Көзің кіршіксіз таза [“қарапайым”, ЖД] болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі”,— деп қосты (Матай 6:22). Егер көз қарапайым болса, ол бір ғана мақсатты көздеп, одан ауытқымайды. Әрине, біздің көзіміз “ең алдымен патшалықты және Оның [Құдайдың] әділдігін іздеуді” мақсат етуі керек (Матай 6:33, ЖД). Көзімізді қарапайым етуден қалсақ, біздің бейнелі жүрегімізбен не болар екен?
15 Табыс табу мәселесін қарастырып көрелік. Мәсіхші өз отбасының қамын жеуі керек (1 Тімотеге 5:8). Алайда біздің барлық нәрсенің — тағамның, киімнің, үйдің және тағы сол сияқтылардың — ең жаңасына, ең қымбаты мен ең сәндісіне ие болғымыз келсе ше? Бұл біздің жүрегіміз бен ақыл-есімізді жаулап алып, Құдайға ғибадат етуге немқұрайды қарауымызға ықпал етеді емес пе? (Забур 118:113; Римдіктерге 16:18). Тәндік қажеттіліктеріміздің қамын ойлаймыз деп, өміріміз тек отбасының, жұмыс пен мал-мүліктің қамын жеуден әрі аспауы керек пе? Құдай рухының жетелеуімен жазылған кеңесті еске алайықшы: “Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді. Себебі ол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады” (Лұқа 21:34, 35).
16. Көзге қатысты Иса қандай кеңес берген және не себепті?
16 Көз — жүрек пен ақыл-парасатты бір-бірімен байланыстыратын маңызды желі. Өзіміз ерекше көз тоқтатып қараған нәрсе біздің оймызға, сезіміміз бен іс-әрекетімізге қатты әсер етеді. Көру арқылы азғырылудың қаншалықты күшті екенін Иса бейнелеп түсіндірген: “Егер “оң көзің” сені күнәға азғырса, оны ойып алып, лақтырып таста. Бүкіл денеңнің тозаққа [“геенаға”, ЖД] тасталғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артығырақ болар еді” (Матай 5:29, сілтемені қараңдар). Көздің қандай да бір жағымсыз нәрсеге қарап кідіріп қалуына жол беруге болмайды. Мысалы, орынсыз ынтызарлық пен сезім ояту үшін жасалған нәрселерге көз тоқтатпау керек.
17. Қолостықтарға 3:5-те айтылған сөздерді іс жүзінде қолданғанымыз жүрегімізді сақтауға қалай көмектеседі?
17 Әрине, бізді сыртқы дүниемен байланыстыратын тек көру қабілеті ғана емес. Есту мен түйсік арқылы сезіну сияқты қабілеттердің де өмірімізде өз орны бар, сондықтан соларға қатысы бар дене мүшелерін де мұқият қадағалауымыз керек. Елші Пауыл былай деп шақырған: “Ал енді, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды [“дене мүшелеріңді”, СА] өлтіріңдер: неке адалдығын бұзу, әрқилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!” (Қолостықтарға 3:5, сілтемені қара).
18. Қалай біз жаман ойлармен күресуіміз керек?
18 Теріс қылық істеуге деген ынтызарлық миымыздың түкпір-түкпірлерінде пайда болуы мүмкін. Егер мұндай ынтызарлыққа баса көңіл аударатын болсақ, ол күшейе түседі де, жүрегімізге әсер етеді. Сосын “құмарлыққа берілу күнәны тудырады” (Жақып 1:14, 15). Көпшілігі тап осындай әрекеттің мастурбациямен айналысуға әкеліп соқтыратынын мойындайды. Миымызды рухани нәрселер жөніндегі ойларға толтырғанымыз қалайша маңызды десеңші! (Філіпіліктерге 4:8). Ал егер басымызға жаман ойлар келсе, олардан арылуға тырысқанымыз жөн.
Ехобаға шын жүректен қызмет етіңдер
19, 20. Қалайша біз Ехобаға шын жүректен қызмет етуде нәтижелі бола аламыз?
19 Қартайған Дәуіт патша ұлына былай деген: “Сүлеймен, ұлым менің, әкеңнің Құдайын біліп, Оған шын жүректен және жан-тәніңмен қызмет ет, өйткені Тәңір әрбір адамның жүрегінің түпкіріндегісін зерттеп, ойындағысының бәрін біледі” (1 Шежірелер 28:9, СА). Ал Сүлеймен болса дұға етіп Құдайдан “тіл алғыш жүрек” сұраған (3 Патшалықтар 3:9, ЖД). Алайда ол мұндай жүректі өмір бойы сақтауы керек болатын.
20 Егер қызметімізде нәтижелі болғымыз келсе, Ехобаға ұнамды жүрекке ие болып қана қоймай, оны сақтай білуіміз керек. Ол үшін Құдай Сөзіндегі ескертулерді ешқашан ұмытпастан, “жүрегіміздің ішінде” сақтауымыз керек (Нақыл сөздер 4:20—22, СА). Сонымен қатар жүрегімізде не бар екенін тексеруді әдетке айналдырып, сөзіміз бен іс-әрекетіміздің не жөнінде айтатыны туралы дұға етіп ой жүгіртуіміз керек. Алайда бойымыздан байқаған әлсіздіктерімізден арылу үшін Ехобадан көмек іздемейтін болсақ, олардың үстінен ой жүгірткенімізден не пайда? Сезімімізге ненің әсер ететінін үнемі тексеріп отыру қалайша маңызды десеңші! Егер солай етер болсақ, ‘Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы... жүрегіміз бен ой-санамызды Мәсіх Исада сақтайды’ (Філіпіліктерге 4:6, 7). Олай болса, сақталуы керек нәрселердің бәрінен көбірек жүрегімізді сақтайық және шын жүректен оған қызмет ете берелік.
Естеріңде ме?
• Неге жүректі сақтаудың маңызы зор?
• Айтқан сөздерімізді салмақтап-саралағанымыз жүрегімізді сақтауға қалай көмектеседі?
• Неге көзімізді қарапайым етіп сақтауымыз керек?
[29-беттегі суреттер]
Уағыздау қызметінде, қауым кездесулерінде және үйде әдетте не жөнінде әңгімелесеміз?
[31-беттегі суреттер]
Егер көзіміз қарапайым болса, ол басқа нәрсеге ауытқымайды