Исаның сөздері көзқарасыңа әсер етсін
“Құдай жіберген Мәсіх Оның хабарын жариялайды” (ЖОХ. 3:34).
1, 2. Исаның Таудағы уағызындағы сөздерін немен салыстыруға болады және неге оны толығымен ‘Құдайдың хабарына’ негізделген деуге болады?
БҮГІНДЕ белгілі ең үлкен гауһар тас “Африка жұлдызы” деп аталады, оның салмағы 530 карат (106 грамм). Ол — шынымен де өте бағалы тас! Алайда Исаның Таудағы уағызында бұдан да бағалы рухани асыл тастар бар. Бұған таңғалмаса да болады, өйткені Мәсіхтің айтқан сөздері Ехобанікі! Иса туралы Киелі кітапта: “Құдай жіберген Мәсіх Оның хабарын жариялайды”,— делінген (Жох. 3:34—36).
2 Сірә, Таудағы уағыз жарты сағаттан аз уақыттың ішінде айтылса да, онда Еврей жазбаларының сегіз кітабынан 21 үзінді келтірілген. Сондықтан да оны толығымен ‘Құдайдың хабарына’ негізделген деуге болады. Қазір Құдайдың сүйікті Ұлы айтқан осы керемет уағыздағы көптеген өте бағалы сөздердің кейбірін өмірімізде қалай қолдана алатынымызды қарастырайық.
“Бауырласыңа барып, онымен татулас!”
3. Шәкірттеріне ашудың жаман салдары жайлы ескерткен соң, Иса қандай кеңес берді?
3 Мәсіхшілер ретінде біз бақыттымыз әрі татулыққа ұмтыламыз, өйткені бізде Құдайдың киелі рухы бар. Ал оның жемісінің құрамына қуаныш және тыныштық, немесе татулық, кіреді (Ғал. 5:22, 23). Иса шәкірттерінің татулық пен қуаныштарын жоғалтып алғанын қаламаған, сондықтан да оларға ұзаққа созылған ашудың өлімге апарып соғуы мүмкін екенін ескерткен (Матай 5:21, 22 оқы). Содан соң былай деген: “Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды құрбандық үстеліне алып барғанда, егер бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сол жерде есіңе түсіп кетсе, алып келгеніңді сонда қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағышта” (Мат. 5:23, 24).
4, 5. а) Матай 5:23, 24-те Иса айтқан “сый-тарту” не нәрсеге нұсқаған? ә) Ренжіген бауырласпен татуласу қаншалықты маңызды?
4 Исаның “сый-тарту” дегені Иерусалимдегі ғибадатханада ұсынылатын кез келген құрбандыққа нұсқаған. Мысалы, құрбандыққа мал әкелу өте маңызды болған, өйткені сол кезде бұл Исраил халқының Ехобаға деген ғибадатының бөлігі еді. Алайда Иса бұдан да маңызды нәрсеге көңіл аударды: Құдайға құрбандық әкелмес бұрын, ренжіген бауырласпен татуласу керек.
5 Исаның осы сөздерінен қандай сабақ алуымызға болады? Өзгелермен қарым-қатынасымыз Ехобамен қарым-қатынасымызға тікелей әсер ететіні сөзсіз (Жох. 1-х. 4:20). Расында да, ежелде әлдекім жақынына дұрыс қарамаған болса, оның Құдайға әкелген құрбандығының еш пайдасы болмас еді (Миха 6:8 оқы)a.
Кішіпейілділіктің маңызы зор
6, 7. Өзіміз ренжіткен бауырласпен татуласу үшін неліктен кішіпейілділік қажет?
6 Ренжіген бауырласпен татуласуға ұмтылғанда, кішіпейілділігіміз сыналуы мүмкін. Кішіпейіл адам бауырласымен өз құқықтарын айтып дауласпайды. Бұл Қорынттағы мәсіхшілердің арасында орын алғандай қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Сол жағдайға қатысты елші Пауыл келесідей ойландыратын сөздер айтқан: “Бір-біріңмен таласқандарыңның өзі масқара! Одан да әділетсіздікке неге төзбеске, неге ақыларыңды жегізбеске?” (Қор. 1-х. 6:7).
7 Иса бауырласымызға барғанда, біздің мақсатымыз өзіміздің дұрыс, оның бұрыс екеніне көзін жеткізу болу керек деп айтпаған. Керісінше, онымен қайтадан татуласуға ұмтылуымыз қажет. Татуласу үшін сезімімізді ашық айтуымыз керек. Сондай-ақ оның да сезімі жараланғанын мойындауымыз қажет. Егер қателік бізден кетсе, әрине, кішіпейілділікпен одан кешірім сұраймыз.
“Егер “оң көзің” сені күнәға азғырса”
8. Матай 5:29, 30-дағы Исаның сөздерін қысқаша айтып беріңдер.
8 Иса Таудағы уағызында құлықтылыққа қатысты да дана кеңес берген. Ол кемелсіз тәніміздің мүшелері бізге кері әсер етіп, қауіп төндіруі мүмкін екенін білген. Сондықтан былай деген: “Егер “оң көзің” (секілді өте құнды нәрсең) сені күнәға азғырса, оны ойып алып, лақтырып таста! Бүкіл денеңнің тозаққа [жаһаннам] тасталғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артығырақ болар еді. Яки оң қолың (сияқты өте қажетті нәрсең) сені күнәға азғырса, оны шауып алып, лақтырып таста! Бүкіл денеңнің тозаққа [жаһаннам] тасталғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артығырақ болар еді” (Мат. 5:29, 30 сілт.).
9. Қалайша ‘көзіміз’ не ‘қолымыз’ бізді азғыруы мүмкін?
9 Иса айтқан “көз” сөзі назарымызды бір нәрсеге аударатын күш не қабілетті, ал “қол” сөзі қолымызбен істейтін нәрсені білдіреді. Егер абай болмасақ, денеміздің бұл мүшелері бізді азғырып, Құдаймен бірге жүруді доғаруға әкелуі мүмкін (Жар. 5:22; 6:9). Демек, Құдайға мойынсұнбауға азғырылсақ, бейнелеп айтқанда, көзімізді ойып не қолымызды шауып тастағандай, батыл да шұғыл әрекет етуіміз керек.
10, 11. Бізге азғындықтан аулақ болуға не көмектеседі?
10 Көзімізді азғындықтан қалай алып кете аламыз? Құдайды қастерлейтін Әйүп былай деген: “Мен көзіммен шарт жасадым, қыз жайында ойламаймын деп” (Әйүп 31:1). Жұбайы бар Әйүп Құдайдың құлықтылыққа қатысты заңдарын бұзбауға бекем бел буған. Үйленген не салт басты болайық, біздің де көзқарасымыз осындай болу керек. Азғындықтан аулақ болу үшін Құдай рухының жетелеуімен жүруіміз қажет. Ол Құдайды сүйетіндердің бойында ұстамдылық дамытады (Ғал. 5:22—25).
11 Азғындықтан аулақ болу үшін өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: “Көзімнің кітап, теледидар не Интернеттен оңай табуға болатын азғындық жайлы мәліметтерге бойымда құштарлық оятуына жол берем бе?” Шәкірт Жақыптың мына сөздерін де есте ұстайық: “Әр адам өз құмарлықтарына елігіп, торға түсіп, азғырылады. Сонда құмарлыққа берілу күнәны тудырады, ал күнә жасау рухани өлімге ұшыратады” (Жақ. 1:14, 15). Ендеше, Құдайға бағышталған адам қарсы жынысты біреуге ‘құмарта қарайтын’ болса, оған, былайша айтқанда, көзін ойып алып, лақтырып тастағандай, батыл да түбегейлі өзгерістер жасау қажет (Матай 5:27, 28 оқы).
12. Пауылдың қандай кеңесі азғындыққа итермелейтін құмарлықтармен күресуге көмектеседі?
12 Қолымызды дұрыс қолданбау Ехобаның құлықтылық нормаларын бұзып, ауыр күнә жасауға әкелуі мүмкін, сондықтан құлықтылық жағынан таза болып қалуға белімізді бекем бууымыз керек. Біз Пауылдың: “Күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар [“мүшелеріңді өлтіріңдер” Тт]: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!”— деген кеңесіне құлақ асуымыз қажет (Қол. 3:5). Мұнда “өлтіріңдер” деген сөз азғындыққа итермелейтін тән құмарлықтарымен күресу үшін, қатаң шара қолдану керектігіне баса назар аударады.
13, 14. Неге азғын ойлар мен әрекеттерден аулақ болу маңызды?
13 Өмірін сақтап қалу үшін, әдетте, адам қолын не аяғын кестіріп тастауға дайын болады. Рухани өмірімізге қауіп төндіретін азғын ойлар мен әрекеттерден аулақ болу үшін көзіміз бен қолымызды бейнелі түрде ‘лақтырып тастау’ қаншалықты маңызды десеңші! Мәңгілік жойылуды білдіретін жаһаннамнан құтылудың бірден-бір жолы — ой-сана, құлықтылық және рухани тазалықты сақтау.
14 Күнәкар әрі кемелсіз болғандықтан, бізге құлықтылық жағынан таза болып қалу үшін көп күш салу керек. “Басқаларға уағыздаған мен лайықсыз болмас үшін тәнімді ауыртпалықтарға душар еткізіп, өзіме бағындырып жатырмын”,— деді Пауыл (Қор. 1-х. 9:27 сілт.). Олай болса, төлем құрбандығын бағаламайтынымызды көрсететін әрекеттерге ешқашан жол бермей, Исаның құлықтылыққа қатысты кеңесін ұстануға бел буалық (Мат. 20:28; Евр. 6:4—6).
“Беріңдер”
15, 16. а) Иса беруге қатысты қандай үлгі көрсетті? ә) Лұқа 6:38-гі Исаның сөздері нені білдіреді?
15 Исаның сөздері мен ғажайып үлгісі бізді жомарт болуға талпындырады. Ол кемелсіз адамдардың игілігі үшін жер бетіне келуімен зор жомарттық танытқан болатын (Қорынттықтарға 2-хат 8:9 оқы). Иса жерге адам болып келу үшін көктегі ұлылығынан дайындықпен бас тартты және күнәкар адамзат үшін жанын қиды. Осының арқасында кейбіреулер Патшалықта онымен бірге билік етушілер ретінде көктегі игіліктерге ие болмақ (Рим. 8:16, 17). Иса мына сөздерімен шәкірттерін жомарт болуға талпындырғаны сөзсіз:
16 “Беріңдер, сонда сендерге де беріледі: шайқап, нығыздап толтырып, тасып-төгілген мөлшерде салып беріледі. Қандай өлшемді қолдансаңдар, Құдай [“олар” ЖД] сендерге де сонымен өлшеп береді” (Лұқа 6:38). Әдетте, шығыста саудагерлер сатып алушының белдікпен буылған кең сырт киімінің қойнына тауарды толтырып ‘салып беретін’ болған. Біздің бірден әрі шын көңілден танытқан жомарттығымыз, бәлкім, мұқтаж болғанда, өзімізге де артығымен қайтарылар (Екк. 11:2).
17. Қалай Ехоба беруге қатысты ең керемет үлгі көрсетті және беруден қай кезде қуаныш аламыз?
17 Ехоба қуанышпен беретіндерді жақсы көреді әрі жарылқайды. Осыған қатысты оның өзі жалғыз Ұлын ‘Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болу’ үшін құрбандыққа беруімен ең керемет үлгі көрсетті (Жох. 3:16). Пауыл былай деп жазған: “Жомарт сепкен жомарт жинар” дейді ғой. Әрқайсың жүректеріңнің шешіміне сай, еш ренішсіз, зорлықсыз барларыңмен бөлісіңдер! Құдай қуанышпен беретіндерді ұнатады” (Қор. 2-х. 9:6, 7). Уақытымызды, күшіміз бен қаражатымызды шынайы ғибадат үшін жұмсағанымыз міндетті түрде қуаныш пен мол баталарға кенелтеді (Нақыл сөздер 19:17; Лұқа 16:9 оқы).
“Керней тартқызып жариялатпаңдар!”
18. Қандай жағдайда көктегі Әкемізден ‘ешқандай сыйымыз болмайды’?
18 “Байқаңдар, мейірімді істеріңді жұрт алдында көзге түсу үшін істемеңдер! Әйтпесе сендердің көктегі Әкеден ешқандай сыйларың болмайды” (Мат. 6:1). Мұнда Иса ‘мейірімді істер’ деп Құдайдың еркіне сай келетін істерді айтқан. Әрине, ол мұндай істерді ешқашан жұрт алдында істемеу керек демеген, өйткені шәкірттеріне: “Сендердегі “нұр” адамдарға сәулесін төксін”,— деген болатын (Мат. 5:14—16). Бірақ істерімізді театр сахнасындағы әртістер сияқты “көзге түсу” және таңғалдыру үшін істейтін болсақ, көктегі Әкемізден ‘ешқандай сыйымыз болмайды’. Егер ниетіміз осындай болса, Құдаймен тығыз қарым-қатынасқа да, Патшалықтың мәңгілік баталарына да ие бола алмаймыз.
19, 20. а) Исаның ‘қайыр бергенде керней тартып жариялатпаңдар’ дегені нені білдіреді? ә) “Оң қолыңның не істегенін сол қолың білмесін” деген кеңеске қалай құлақ аса аламыз?
19 Егер ниетіміз дұрыс болса, Исаның мына кеңесіне құлақ асамыз: “Сондықтан қайыр бергенде оны екі жүзділер секілді жұрт мақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде керней тартқызып жариялатпаңдар! Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды” (Мат. 6:2 сілт.). “Қайыр” мұқтаждарға берілетін садақалар еді (Ишая 58:6, 7 оқы). Иса мен елшілерінің де кедей-кепшіктерге көмектесу үшін ұстаған ортақ қаржылары болған (Жох. 12:5—8; 13:29). Қайыр-садақа жасалғанда, әрине, ешқандай керней тартылмайтын, сондықтан Иса ‘қайыр бергенде керней тартып жарияламауымыз’ керектігін айтқанда, гиперболаны қолданғанға ұқсайды. Біз берген садақамызды яһуди парызшылдары сияқты жұртқа жарияламауымыз керек. Олар берген қайыр-садақалары жөнінде “мәжілісханалар мен көшелерде” жар салатындықтан, Иса оларды екіжүзділер деп атаған. Бұл екіжүзділер “алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды”. Олардың алар бар сыйы — адамдардың қошеметі мен, бәлкім, мәжілісханаларда сыйлы раббылармен бірге алдыңғы орындарда отыру. Ал Ехоба оларды құр алақан қалдырады (Мат. 23:6). Алайда Исаның шәкірттері қалай әрекет етулері керек еді? Иса оларға да, бізге де былай деген:
20 “Ал сендер қайыр бергенде, оң қолыңның не істегенін сол қолың білмесін! Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ. Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек” (Мат. 6:3, 4 сілт.). Әдетте екі қолымыз бірге әрекет етеді. Сондықтан “оң қолыңның не істегенін сол қолың білмесін” деген сөздер қайырымды істерімізді жарияламауымыз керектігін, оны тіпті бір-біріне жақын екі қолымыз сияқты жақын адамдарымызға да жария етпеуіміз керектігін, білдіреді.
21. “Құпия істердің бәрін көретін” Тұлғаның беретін сыйына не жатады?
21 Өзгелерге берген нәрсеміз үшін мақтанбасақ, ‘жасаған қайырымдылығымыз’ құпия болып қалады. Сонда “құпия істердің бәрін көретін” Әкеміз сыйын береді. Бұл сыйға Ехобаның өзімен тығыз қарым-қатынаста болуға мүмкіндік беруі, күнәларымызды кешіруі және мәңгілік өмір беруі жатады (Нақ. с. 3:32; Жох. 17:3; Ефес. 1:7). Ал бұл адамдардың мақтау-мадағынан әлдеқайда артық!
Аса жоғары бағалауымыз керек сөздер
22, 23. Исаның айтқан сөздерін неге жоғары бағалауымыз керек?
22 Таудағы уағыз көптеген әдемі қыры бар рухани асыл тастарға толы. Онда тіпті осы қиын заманда бізді қуанышқа бөлейтін баға жетпес сөздер бар екені шүбәсіз. Иә, Исаның сөздерін жоғары бағалап, көзқарасымыз бен өмір салтымызға әсер етуіне жол берсек, бақытты боламыз.
23 Исаның тәлімдерін “тыңдап, орындаған” әркім баталарға кенеледі (Матай 7:24, 25 оқы). Олай болса, оның кеңестеріне сай өмір сүруге бел буайық. Осы бірқатар мақаланың соңғысында да Исаның Таудағы уағызында айтқандары қарастырылады.
[Сілтеме]
a Миха 6:8: “Ей, адам! жақсылық не екені және сенен Жаратушы Ие нені талап ететіні саған айтылған жоқ па: әділеттен айныма, мейірімділік істерін жаныңа жақын тұт және Құдайыңның алдында құлшылығыңнан тайма деді ғой”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ренжіген бауырласпен татуласу неге маңызды?
• Қалай ‘оң көзіміздің’ азғыруына жол бермеуге болады?
• Беруге қатысты көзқарасымыз қандай болу керек?
[11-беттегі сурет]
Ренжіген бауырласпен ‘татуласқанымыз’ қандай тамаша!
[12, 13-беттегі суреттер]
Ехоба қуанышпен бергендерді жарылқайды