Өлген адамдардан қорқу керек пе?
БҰЛ сұраққа көп адам жай ғана: “Жоқ, неге қорқуым керек?!”— деп жауап береді. Олар өлген адамның шын мәнінде өлі екеніне сенеді. Алайда миллиондаған басқа адамдар өлгендер рух не аруақ болып тіршілік ете береді деп есептейді.
Батыс Африкадағы Бенин деген елде көп адам өлгендер қайтып келіп, өз отбасы мүшелерін өлтіруі мүмкін деп сенеді. Сондықтан оларды тыныштандыру мақсатымен құрбандыққа мал шалу үшін, салт-жоралғылар жасау үшін, адамдар дүние-мүлкін сатып немесе қарызға батып жатады. Кейбіреулер өлген соң адамның жаны тіршілік ете береді және тірілермен байланыса алады деп ойлағандықтан, спиритизммен айналысады, яғни рухани әлеммен байланыс жасайды. Тағы біреулер қорқынышты жайттарды бастан кешіп, мұны өлгендердің рухы жасайды деп түсіндіреді.
Осындай жайтты бастан кешкендердің бірі Бенин мен Нигерияның шекарасына жақын жерде тұратын Агбула есімді кісі еді. Ол былай дейді: “Біздің аумақта спиритизм адам өміріне қатты әсер етеді. Өлген адамды рухани әлемге дайындау үшін, оның денесі жуылады. Мен жиі сондай рәсімнен қалған сабынды жинап, белгілі бір жапырақтармен араластыратынмын. Сосын, бұл қоспаны мылтығыма жағып алып, қай аңды атып алғым келетінін дауыстап айтатынмын. Осы сияқты ырымдар кең тараған әрі шынымен көмектесетіндей болып көрінетін. Алайда спиритизмнің кейбір жақтары өте қорқынышты еді.
Менің екі ұлым түсініксіз жағдайда өліп кетті. Сонда мен біреу маған қарсы дуа жасады деп күдіктендім. Мұны анықтау үшін, балгерлігімен көпке белгілі бір шалға бардым. Ол күмәнімді растады. Бұдан да сорақысы, ұлдарым қазір рухани дүниеде жүр әрі өздерін өлтірген кісі өлгенде оған қызмет ететін болады деп түсіндірді. Бұған қоса, шал үшінші ұлымның да тағдыры осындай болатынын айтты. Бірнеше күннен кейін ұлым қайтыс болды”.
Кейін Агбула көрші Нигерияда тұратын Ехоба куәгері Джонды кездестіреді. Джон оған өлілердің қандай күйде болатынын Киелі кітап бойынша түсіндіріп береді. Бұл шындық Агбуланың өмірін түбегейлі өзгертті. Сенің де өміріңді өзгерте алады.
Өлгендер тіршілік ете бере ме?
Осы сұрақтың дұрыс жауабын кім бере алады? Бұл ешбір адамның, ол қабілеттерімен қаншама әйгілі болмасын, қолынан келмейді. Бірақ оған “көктегі, жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін” тіршілік атаулыны жаратқан Ехоба Құдай ғана жауап бере алады (Қолостықтарға 1:16). Ол рухани әлемде тіршілік ететін періштелерді және жерде мекендейтін адам мен жан-жануарларды жаратқан (Забур 103:4, 23, 24). Өмір атаулы тек Құдайдың қолында (Аян 4:11). Олай болса, Құдай Сөзі Киелі кітапта өлім жайлы не айтылғанын қарастырайық.
Алғаш рет өлім жайлы айтқан Ехоба Құдай болатын. Ол Адам ата мен Хауа ананы тілазарлық танытатын болса, өлетіндерін айтып ескерткен (Жаратылыс 2:17). Бұл нені білдірді? Мұны Ехоба: “Топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың”,— деп түсіндірді (Жаратылыс 3:19). Адам өлгенде оның денесі ыдырап, топыраққа айналады.
Адам ата мен Хауа ана біле тұра Құдайдың бұйрығын бұзды да, сол үшін өлім жазасына кесілді. Алайда алғаш өлгендер олар емес, ұлдары Әбіл болды. Оны ағасы Қабыл өлтірген еді (Жаратылыс 4:8). Сонда Қабыл өлген бауыры кек алады деп қорыққан жоқ. Қайта, ол тірі адамдар өзін өлтіреді деп мазасызданған болатын (Жаратылыс 4:10—16).
Көп ғасыр өткенде, Ирод патша жұлдыз санаушы ғұламалардан ‘Яһудилердің Патшасы’ туылды деген хабар естіп, қатты абыржиды. Сөйтіп, ол болашақ бақталасы болуы мүмкін дегендерді құрту үшін, Бетлехемдегі екі жасқа дейінгі ұл балалардың бәрін өлтіруге бұйрық береді. Алайда періштенің нұсқауымен Жүсіп Иса мен Мәриямды алып, “Мысырға қашып құтылады” (Матай 2:1—16).
Ирод патша өлгеннен кейін періште Жүсіпке Исраилге қайтуды бұйырады, ‘себебі Нәрестенің өмірін құртқысы келгендер өлген’ еді (Матай 2:19, 20). Өзі рух болып табылатын періште Иродтың Исаға енді еш зиян келтіре алмайтынын білген. Жүсіп те өлген Ирод патшадан қорықпаған. Алайда ол Иродтың қатыгез баласы Архелайдан сескеніп, оның билігі жүрмейтін Ғалилея аймағына қоныс аударады (Матай 2:22).
Бұл оқиғалар өлгендердің ештеңе істей алмайтынын көрсетеді. Алайда Агбуланың және басқа адамдардың бастан кешкен оқиғаларын қалай түсіндіруге болады?
“Жындар” немесе зұлым рухтар
Есейген Иса зұлым рухтарды көп рет кезіктірген болатын. Олар Исаны танып, “Құдайдың рухани Ұлы” деп атаған. Иса да олардың кім екенін білген. Олар өлген адамдардың рухы не аруағы емес еді. Исаның айтуынша, олар “жындар” болған (Матай 8:29—31; 10:8; Марқа 5:8).
Киелі кітапта Құдайға адал рухтар мен оған қарсы шыққан рухтар туралы айтылған. Жаратылыс кітабында Адам ата мен Хауа ана бүлік шығарғанда Ехоба оларды Едем бағынан қуып, бақтың шығыс жағына керубтерді, немесе періштелерді, күзетші етіп қойғаны айтылған (Жаратылыс 3:24). Сол кезде адамдар рухани тұлғаларды бірінші мәрте көрген болса керек.
Бірталай ғасырдан кейін кейбір періштелер жерге түсіп, адам кейіпіне енеді. Ехоба оларды жерге тапсырмамен жібермеген еді. Қайта, олар өз бетінше рухани әлемдегі “мекен-тұрағын тастап кеткен” болатын (Яһуда 6). Бұл періштелердің жерге келгендегі ниеті бұрыс болатын. Олар әйел алып, дүниеге табиғаты жат алыптар әкелді. Бұл алыптар мен олардың бүлікші әкелерінің кесірінен жер жауыздық пен зұлымдыққа толды (Жаратылыс 6:1—5). Сонда Ехоба жағдайды түзету үшін жерге топан су жіберді. Зұлым ерлер мен әйелдер және алыптар суға батып қырылды. Ал періштелермен не болды?
Топан су қаптағанда олар рухани әлемге қайта оралуға мәжбүр болды. Бірақ Ехоба олардың ‘тиесілі орындарына’ баруына жол бермеді (Яһуда 6). Киелі кітапта былай делінген: “Құдай күнә жасаған періштелерді де аяған жоқ. Оларды қияметте сотталуға сақталу үшін тозақтың [“тартардың” ЖД] қараңғы қапастарына ұстап беріп, шынжырлатып тастады” (Петірдің 2-хаты 2:4).
Тартар деген нақты бір жер емес. Ол қапас сияқты әрекетті шектейтін, масқара әрі төмен дәрежедегі жағдайды білдіреді. Жындар қазір адам кейіпіне ене алмайды, бірақ олар әлі де зор күшке ие және адамдардың санасы мен өміріне ықпал ете алады. Олар адамдар мен аңдарға кіріп, бойларын билей алады (Матай 12:43—45; Лұқа 8:27—33). Сондай-ақ олар адамдарды алдап, өлгендердің рухы болып көрінеді. Не үшін? Олардың мақсаты — адамдарды Ехобаға ұнамды түрде ғибадат еткізбеу және өлгендердің шын мәнінде қандай күйде болатынына қатысты шындықтан адастыру.
Қорқыныштан қалай арылуға болады?
Агбула өлілерге және зұлым рухтарға қатысты Киелі кітап ілімдерінің ақылға қонымды екенін көріп, әрі қарай білім алу керектігін түсінді. Ол Джонмен бірге Киелі кітап пен соған негізделген әдебиеттерді оқи бастады. Ұлдарының рухани әлемде емес екенін әрі өздерін өлтірген адамға қызмет етпейтіндерін, қайта өлім ұйқысында жатқандарын білгені оған зор жұбаныш берді (Жохан 11:11—13).
Агбула спиритизммен байланысын үзу керектігін түсініп, оған қатысы бар заттарының бәрін өртеп жіберді (Елшілердің істері 19:19). Жұрт оны рухтардың қарғысына ұшырайтынын айтып ескертті. Бірақ Агбула бұдан қорыққан жоқ. Ол Ефестіктерге 6:11, 12-дегі: “Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталыңдар! Біз... дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”,— деген кеңеске құлақ асты. Бұл рухани қару-жараққа шындық, әділдік, татуласу туралы Ізгі хабар, сенім және рухани семсеріміз Құдай Сөзі жатады. Құдай бергендіктен, бұл өте күшті қару-жарақ болып табылады.
Агбула спиритизмге қатысы бар салт-жораларға қатыспайтын болғандықтан, кейбір достары мен туыстары онымен араласпай қояды. Алайда ол Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайына барып тұратын болды және сол жерден Киелі кітапқа сенетін достар тапты.
Агбула қазір көп шындықты біледі. Ехоба жақында зұлымдық атаулыны жояды және жындарды әрекет еткізбей тастайды. Ал ақыр соңында көздерін құртады (Аян 20:1, 2, 10). ‘Қабірдегілердің бәрін’ жер бетіне қайта тірілтеді (Жохан 5:28, 29). Олардың ішінде Әбіл, Ирод патша өлтірген балалар және басқа да миллиондаған адам болады. Агбула үш ұлының қайта тірілетініне сенеді. Сенің қайтыс болған жақын адамдарың да қайта тірілуі әбден мүмкін. Осы адамдардың бәрі өмірге қайта оралғанда, өлген сәттен қайта тірілгенге дейін ес-түссіз болғандарын, өздері үшін жасалған рәсімдерді көріп-білмегендерін растайды.
Өлгендерден қорықпа, қайта, қайтыс болған жақындарыңмен қауышатын кезді күт. Ал ол кез келгенше Киелі кітапты зерттеп, Жаратушыға деген сеніміңді нығайта бер. Киелі кітапқа сенетін адамдармен аралас. Егер спиритизммен қандай да бір байланысың болса, оны кідірместен үз. Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталып, жындардың ықпалынан қорған (Ефестіктерге 6:11). Ехоба куәгерлері саған көмектесуге қуанышты болады. Олар “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының көмегімен Киелі кітапты ақысыз зерттеуді ұсынадыa.
Қазір Агбула өлгендерден қорықпайды әрі жындарға қалай қарсы тұруға болатынын біледі. Ол былай дейді: “Мен үш ұлымды кім өлтіргенін білмеймін. Алайда Ехобаға қызмет ете бастағалы бері жеті бала сүйіп отырмын. Оларға ешқашан рухтар зиян келтірген емес”.
[Сілтеме]
a Ехоба куәгерлері басып шығарған.
[29-беттегі сөздер]
Қазір Агбула өлгендерден қорықпайды әрі жындарға қалай қарсы тұруға болатынын біледі
[30-беттегі сурет]
Қабыл өлген інісі өзінен кек алады деп қорыққан жоқ