Ехоба күнделікті қажетімізді береді
‘Не ішіп-жейміз деп уайымға салынбаңдар! Бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой’ (ЛҰҚА 12:29, 30).
1. Қалай Ехоба өзі жаратқан жан-жануарлардың қамын жейді?
ТОРҒАЙДЫҢ не басқа бір құстың жерді шоқып, айнала кезіп жүргенін көргенсің бе? Тақыр жерден не тауып жеуі мүмкін деп таңқалған боларсың. Иса Таудағы уағызында Ехобаның осы құстар үшін қам жеуінен сабақ алуымызға болатынын көрсеткен. Ол былай деген: “Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, орып, қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!” (Матай 6:26). Ехоба барлық жаратылысын керемет түрде асырап отыр (Забур 103:14, 21; 146:9).
2, 3. Иса үйреткен дұғадағы ‘күнделікті нанымыз’ деген сөздерден рухани мәні бар қандай сабақ аламыз?
2 Онда неге Иса: “Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр”,— деп дұға етуді үйретті? (Матай 6:11). Осы қарапайым өтініштен терең рухани мәні бар сабақ аламыз. Біріншіден, бұндай дұға Ехобаның Ұлы Асыраушы екенін есімізге салады (Забур 144:15, 16). Адам өсімдік отырғызып, оның күтімін жасайды, алайда тек Ехоба ғана тура және рухани мағынада өсім береді (1 Қорынттықтарға 3:7). Ішіп-жеп отырған азығымыз — Құдайдың берген сыйы (Елшілердің істері 14:17). Сондықтан күнделікті қажеттілігімізді беруін сұрағанымыз қамқорлығын бағалайтынымызды білдіреді. Шамамыз келетін болса, бұлай өтініш еткеніміз бізді еңбек ету міндетімізден босатпайды (Ефестіктерге 4:28; 2 Салониқалықтарға 3:10).
3 Екіншіден, “күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр” деген өтініш алдағы күнді ойлап, тым уайымға салынбауымыз керек екенін көрсетеді. Иса әрі қарай былай деген: “Не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! Тәңірге мойынсұнбағандар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді. Сонымен ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Тәңір ертеңгі күннің де қам-қарекетін ойлайды” (Матай 6:31—34). ‘Күнделікті нан’ үшін еткен дұға ‘Құдайға ұнамды өмір сүріп, барға қанағат етумен’ қарапайым өмір кешудің үлгісі болып табылады (1 Тімотеге 6:6—8).
Күнделікті рухани ас-су
4. Исаның және исраилдіктердің өмірінде болған қандай жағдайлар рухани ас-судың маңыздылығына баса көңіл аударады?
4 Күнделікті нанымызды сұрап дұға еткеніміз біздің күнделікті рухани ас-суға да мұқтаж екенімізді еске салып отыру керек. Ұзақ уақыт нәр татпаған Иса қатты ашықса да, тасты нанға айналдыруға азғырған Шайтанға берілмей: “Киелі жазбада: — Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді,— деп жазылған ғой!” — деді (Матай 4:4). Бұл Мұса пайғамбардың исраил халқына айтқан сөздерінен келтірілген үзінді еді. Онда былай делінген: “Адамның тек нанмен емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүретінін көрсету үшін, Ол сені жуасытты, аштықта ұстады және сен де, ата-бабаң да білмеген маннамен асырады” (Заңды қайталау 8:3). Ехоба исраилдіктерге манна берумен қатар рухани да пайдалы нәрселерге үйретті. Оның бірін “күн сайын... бір күндік тамағын жинап алсын” деген сөздерден білеміз. Егер жинағандары бір күндік қажетінен артық болса, қалғаны құрттап сасып кететін (Мысырдан шығу 16:4, 20). Алайда демалыс күнге де жететіндей екі есе етіп алтыншы күні жинаған манна бұзылмайтын (Мысырдан шығу 16:5, 23, 24). Осылайша, манна оларға мойынсұнғыш болу керектігін және өмірлері үшін тек нан ғана емес, ‘Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзі’ қажет екенін жақсылап ұғындырды.
5. Ехоба бізді күнделікті рухани ас-сумен қалай қамтамасыз етіп отыр?
5 Ехобаның Ұлы арқылы беріп отырған күнделікті рухани ас-суына біз де мұқтажбыз. Сондықтан Иса ‘адал да саналы қызметшіге’ Ехобаның адал қызметшілерінің бәріне ‘ас-суды уақтылы беруді’ тапсырды (Матай 24:45). Бұл адал қызметші табы тек қана Киелі кітапты зерттеу құралдары арқылы мол рухани ас-су беріп қана қоймай, бізді Киелі кітапты күнделікті оқуға шақырады (Ешуа 1:8; Забур 1:1—3). Иса сияқты біз де Ехобаның еркімен танысып, оны орындау арқылы күнде рухани азық ала аламыз (Жохан 4:34).
Күнәларымыздың кешірілуі
6. Күнәміз не нәрсеге теңеледі және қандай жағдайда Ехоба оны кешіруге дайын?
6 Үлгілі дұғадағы келесі өтініш мынадай: “Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр” (Матай 6:12; Лұқа 11:4). Күнә жасағанда, біз Ехобаға қарызданып қалғандай боламыз. Алайда ‘теріс жолдан қайтып’ шын өкінсек және Исаның төлем құрбандығына деген сенімімізге негізделіп кешірім сұрасақ, сүюші Құдайымыз қарызымызды ‘кешіруге’ дайын (Елшілердің істері 3:19; 10:43; 1 Тімотеге 2:5, 6).
7. Неліктен күнәларымыз үшін күнде кешірім өтініп дұға етуіміз керек?
7 Тағы басқа жағынан қарасақ, біз Ехобаның әділ нормаларын орындаудан мүлт кетуімізбен күнә жасаймыз. Күнәкар болып туылғандықтан, бәріміз сөзімізбен, ісімізбен және ойымызбен, ал кейде істеу керек нәрсені істемеуімізбен күнә жасап қоямыз (Екклесиаст 7:20; Римдіктерге 3:23; Жақып 3:2; 4:17). Сондықтан нақты бір күнәні еске түсіріп, мойындап тұрған болмасақ та, күнде дұғада күнәларымыз үшін кешірім өтінуіміз қажет (Забур 18:13; 39:13).
8. Кешірім өтініп дұға ету бізді не істеуге талпындыру керек және оның қандай пайдасын көреміз?
8 Өз-өзімізді адал тексеріп, күнәміз үшін өкініп және оны Иса Мәсіхтің төгілген қанының күшіне деген сеніммен мойындаған соң ғана, кешірім өтініп дұға етуіміз керек (1 Жохан 1:7—9). Дұғамыздың шынайы екенін дәлелдеу үшін теріс жолдан қайтқанымызға ‘лайықты іс істеуге’ тиіспіз (Елшілердің істері 26:20). Содан кейін Ехобаның күнәмізді кешіруге дайын екеніне сенуімізге болады (Забур 85:5; 102:8—14). Нәтижесінде жан дүниемізде теңдесі жоқ тыныштық, “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы”, орнайды, ал ол біздің ‘жүректеріміз бен ой-саналарымызды Мәсіх Исада сақтайды’ (Філіпіліктерге 4:7). Алайда Исаның үлгілі дұғасынан кешірілу үшін не істеуге тиіс екеніміз жайлы бұдан да көбірек білеміз.
Кешірілуіміз үшін кешіруге тиіспіз
9, 10. а) Иса үлгілі дұғасына қандай қосымша түсініктеме берді және ол не нәрсеге баса көңіл бөлді? ә) Иса біздің де кешірімді болуымыз керектігін тағы қалай түсіндірді?
9 Исаның үлгілі дұғасында “бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр” деген өтінішті ғана анығырақ түсіндіріп бергені ескеретін жай. Дұғаны айтып болған соң, ол былай деп қосты: “Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді. Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді” (Матай 6:14, 15). Осылайша, Иса біздің Ехобадан қаншалықты кешірім алатынымыз басқаларды кешіруге қаншалық дайын екенімізге байланысты екенін анық көрсетті (Марқа 11:25).
10 Басқа бір жағдайда Иса Ехобадан кешірім алу үшін өзіміздің де кешірімді болуымыз керектігін астарлы әңгіме арқылы көрсетті. Ол қызметшісінің үлкен қарызын кешірген бір патша жайлы айтып береді. Патша кейінірек жолдасына әлдеқайда аз құнды кешірмегені үшін әлгі қызметшісін қатаң жазалайды. Иса астарлы әңгімесін былай деп аяқтайды: “Егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!” (Матай 18:23—35). Бұдан мынадай сабақ аламыз: біз кешіруіміз мүмкін біреудің кез келген күнәсына қарағанда, Құдай кешіретін біздің күнәміз әлдеқайда үлкен. Оның үстіне, Ехоба бізді күнде кешіреді. Олай болса, біз де басқалардың бізге қарсы анда-санда істеп қоятын күнәсін кешіргеніміз абзал.
11. Егер Ехоба бізді кешірсін десек, Пауылдың қандай кеңесін қабыл алуымыз керек және бұның нәтижесі қандай болады?
11 Елші Пауыл: “Бір-біріңе мейірімді де жан ашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!” — деп жазды (Ефестіктерге 4:32). Мәсіхшілердің өзара кешірімді болғандары араларында тыныштық орнатады. Пауыл тағы да: “Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер! Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер! Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәрін мүлтіксіз біріктіреді”,— деп шақыру сөздер айтты (Қолостықтарға 3:12—14, сілтемеге қара). Исаның: “Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр”,— деп үйреткен дұғасы осының бәрін қамтиды.
Азғырылған кездегі қорғаныш
12, 13. а) Үлгілі дұғадағы соңғы өтініштің алдыңғысы қандай? ә) Ең залым Азғырушы кім және ‘азғырылуымызға жол берме’ деген өтінішіміз нені білдіреді?
12 Исаның үлгілі дұғасындағы соңғы өтініштің алдыңғысы: ‘Азғырылуымызға жол берме’ (Матай 6:13). Осы сөздерге сай, шәкірт Жақып рухтың жетелеуімен: “Күнәға еліккен ешқайсың да: “Құдай мені еліктіреді” деп айтпаңдар! Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де”,— деп жазған болатын (Жақып 1:13). Оның үстіне, забур жыршысы былай деп жазған: “Тәңірім, егер сен заңсыздықтарды байқайтын болсаң, Тәңірім, кім төзе алсын?” (Забур 129:3). Ехоба бізден кемшілік іздемейді, олай болса, бізді шалыс қадам жасауға да итермелемейді.
13 Бізге қастандық жасап, жамандыққа итермелейтін, тіпті жалмап қойғысы келетін — Шайтан Ібіліс (Ефестіктерге 6:11). Ол — ең зор Азғырушы (1 Салониқалықтарға 3:5). Азғырылуымызға жол бермеуін өтініп дұға айту арқылы біз Ехобадан ‘Шайтан бізден амалын асырып’, азғырылып қалмауға көмек сұраймыз (2 Қорынттықтарға 2:11). Дұғамыз “Алла Тағаланың панасында” болып, әр ісінде Ехобаның билігін мойындайтындарға берілетін рухани қорғанышын алғымыз келетінін білдіреді (Забур 90:1—3).
14. Еліктірген жағдайларда Ехобадан көмек іздейтін болсақ, оның бізді қалдырмайтынына Пауыл қалай сендірді?
14 Егер бұны шын қаласақ, дұғада және іс-әрекетімізде оны Ехобаға білдіретін болсақ, оның бізді ешқашан қалдырмайтынына сенімді бола аламыз. Елші Пауыл бізді сендіріп былай деген: “Еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендей ғана болып келеді. Ал Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді” (1 Қорынттықтарға 10:13).
“Әзәзіл шайтанның ықпалынан құтқара гөр”
15. ‘Әзәзілдің ықпалынан құтқара гөр’ деп дұға ету неге әсіресе қазіргі кезде маңызды?
15 Мәсіхшілердің Грек жазбаларының ең сенімді қолжазбаларында Исаның үлгілі дұғасы “әзәзіл шайтанның ықпалынан құтқара гөр” деген сөздермен аяқталадыa (Матай 6:13, сілтемені қара). Шайтанның ықпалынан қорғаныш осы соңғы күндері әсіресе қажет. Қазір ол ‘Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүрген’ майланған тамтықпен және олардың серіктері ‘өте үлкен тобырмен’ шайқасуда (Аян 7:9; 12:9, 17). Елші Петір мәсіхшілерді ескертіп: “Салауатты да сергек болыңдар! Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр. Сенімдеріңе берік болып, оған төтеп беріңдер!” — деген (1 Петір 5:8, 9). Шайтан уағыздау ісін тоқтатқысы келеді және жердегі өзінің нөкерлерін — дінді, сауда-саттық жүйесін, саясатты — қолданып, бізді қорқытуға тырысуда. Алайда берік болсақ, Ехоба бізді құтқарады. “Сонымен, Құдайға мойынсұныңдар! Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді”,— деп жазды шәкірт Жақып (Жақып 4:7).
16. Сынаққа тап болған қызметшілеріне Ехоба қалай жәрдем береді?
16 Ехоба Ұлының сыналуына жол берді. Алайда Иса Құдай сөзін қорғаныш етіп, Шайтанның азғыруына төтеп бергеннен соң, Ехоба періштелерін жіберіп, оны жігерлендірді (Матай 4:1—11). Егер біз сеніммен дұға етіп, Ехобаның өзінен пана іздесек, ол бізге де дәл осылай періштелері арқылы көмек береді (Забур 33:8; 90:9—11). Елші Петір былай деді: “Жаратқан Ие Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді көріп жатқан қуғын-сүргіннен құтқарып [“қалай құтқаруды”, ЖД], ал әділетсіздерді қиямет соты болатын күнге дейін сақтап, жазалауды, әрине, біледі” (2 Петір 2:9).
Толық құтылатын күн жақын
17. Иса үлгілі дұға арқылы әр нәрсенің маңыздылығына қарай орнын қалай көрсетті?
17 Үлгілі дұғада Иса маңыздылығына қарай әр нәрсенің дұрыс орнын көрсетті. Ең алдымен, Ехобаның ұлы да киелі есімінің қастерленуін ойлауымыз керек. Бұны жүзеге асыратын Мәсіхтің Патшалығы болғандықтан, біз Патшалықтың кемелсіз адам патшаларын немесе үкіметтерін жою үшін және Құдай еркінің көкте орындалғандай, жерде де толығымен орындау үшін келуін өтініп дұға етеміз. Жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүруіміз Ехобаның есімінің қастерленуі мен оның әділ билігін бүкіл әлемнің мойындауына байланысты. Осындай ең маңызды нәрселер жайында дұға айтып болған соң, біз күнделікті қажетімізді беруін, күнәмізді кешіруін, Әзәзіл Шайтанның азғыру және қулық-сұмдық әрекеттерінен құтқаруын өтініп дұға ете аламыз.
18, 19. Исаның үйреткен үлгілі дұғасы сергек жүруге және үмітімізді ‘аяғына дейін берік ұстауға’ қалай көмектеседі?
18 Әзәзіл мен оның зұлым дүниесінен толық құтылатын күн жақын. Шайтан жердегілерге, әсіресе Ехобаның адал қызметшілеріне, өзінің ‘қатты ашуын’ төгетін “уақытының аз қалғанын” жақсы біледі (Аян 12:12, 17). Иса алдын ала айтқан “осы заманның ақыры” жақындағанының белгісіне жататын дүниені дүр сілкіндіретін оқиғалардың кейбірі әлі орындалған жоқ (Матай 24:3, ЖД, 29—31). Олардың орындалғанын көрген сайын, құтқарылуға деген үмітіміз айқын бола түседі. Өйткені Иса былай деген: “Бұл оқиғалар бола бастаған кезде бастарыңды көтеріп, жоғары қараңдар, себебі құтқарылуларың жақын!” (Лұқа 21:25—28).
19 Исаның шәкірттеріне берген шағын ғана үлгілі дұғасынан зұлым дүниенің соңы жақындаған сайын не жайында дұға етуіміз керек екеніне қатысты пайдалы басшылық алдық. Ехобаның соңына дейін күнделікті рухани да, тәндік те қажетімізді жеткізе беретініне деген сеніміміз шайқалмасын. Дұға ету арқылы сергек жүргеніміз ‘алғашқы сенімімізді аяғына дейін берік ұстануымызға’ көмектеседі (Еврейлерге 3:14; 1 Петір 4:7).
[Сілтеме]
a Кейбір Киелі кітаптарда, мысалы, қазақ тіліндегі Киелі кітапта, Исаның үлгілі дұғасы “Патшалық, құдірет пен ұлылық Мәңгі-бақи Сенікі! Аумин” деген мадақтау сөздермен аяқталады. Алайда бір Киелі кітап түсіндірмесінде: “Бұл мадақтау сөздер... ең сенімді [қолжазбаларда] кездеспейді”,— делінген (The Jerome Biblical Commentary).
Қайталауға арналған сұрақтар
• ‘Күнделікті нанымыз’ туралы өтінішке нені жатқызуға болады?
• “Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр” дегенді қалай түсінесіңдер?
• Ехобадан ‘азғырылуымызға жол берме’ деп өтінгеніміз нені білдіреді?
• Неге “әзәзіл шайтанның ықпалынан құтқара гөр” деп дұға етуіміз керек?
[25-беттегі суреттер]
Құдай кешіру үшін өзгелерді кешіруге тиіспіз
[23-беттегі түпдерек]
Lydekker