Исаның сөздері дұғаларыңа әсер ете ме?
“Иса сөзін аяқтағанда, халық Оның тәліміне қатты қайран қалды” (МАТ. 7:28).
1, 2. Неліктен халық Исаның тәліміне қайран қалды?
БІЗ Құдайдың жалғыз Ұлы Иса Мәсіхтің айтқан сөздерін қабылдап, өмірімізде қолдануымыз қажет. Ешбір адам ол сияқты сөйлемеген. Сол себепті де халық оның Таудағы уағызында қалай тәлім бергеніне таңғалған (Матай 7:28, 29 оқы).
2 Ехобаның Ұлы өздерінің ұзақ сонар тәлімдерін кемелсіз адамдардың ілімдеріне негіздеген дін мұғалімдері сияқты үйретпеген. Мәсіх “ерекше билігі бар Біреу ретінде” тағылым берген, өйткені ол Әкесінің сөздерін айтқан (Жох. 12:50). Ал енді Исаның Таудағы уағызында айтқан келесі сөздерінің біздің дұғаларымызға қалай әсер ете алатындығын және әсер етуі керектігін қарастырайық.
Дұға айтқанда екіжүзділер сияқты болмайық
3. Матай 6:5-тегі Исаның сөздерін қысқаша айтып беріңдер.
3 Дұға — шынайы ғибадаттың маңызды бөлігі, сондықтан Ехобаға үнемі дұға айтуымыз қажет. Бірақ дұғаларымызға Исаның Таудағы уағызында айтқан сөздері әсер етуі керек. Ол былай деген: “Құдайға сиынғанда... екі жүзділердей болмаңдар: олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мінажат етуді жақсы көреді. Сендерге былай деймін: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды” (Мат. 6:5).
4—6. а) Неліктен парызшылдар “мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып” дұға етуді жақсы көрген? ә) Қалайша осы екіжүзділер “алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды”?
4 Исаның шәкірттері дұға айтқанда әділсінген парызшылдар іспетті ‘екіжүзділерге’ еліктемеулері керек еді. Олар жұрт алдында құдайшыл болып көрінуге тырысатын (Мат. 23:13—32). Сол екіжүзділер “мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып” дұға етуді жақсы көретін. Неліктен? “Жұрт көзіне түсу үшін”. Бірінші ғасырдағы яһудилер, әдетте, ғибадатханада түгел өртелетін құрбандықтар ұсынылған кезде (шамамен таңғы сағат тоғызда және түстен кейінгі үште) қауым болып дұға ететін. Иерусалимнің көптеген тұрғындары ғибадатхана ауласында жиналған ғибадат етушілермен бірге дұға айтатын. Ал қала сыртында құдайшыл яһудилер жиі “мәжілісханаларда” күніне екі рет дұға ететін (Лұқа 18:11, 13 салыстыр).
5 Аталған осы дұғалар кезінде адамдардың басым көпшілігі ғибадатхана не мәжілісхана жанында болмағандықтан, кез келген жерде дұға етуі мүмкін еді. Кейбіреулер дұға ететін уақытта әдейі ‘көше бұрыштарында’ болып қалуға тырысатын. Олар сол көше қиылыстарынан өтіп жатқан ‘жұрттың көзіне түсуді’ қалайтын. Бұл екіжүзді құдайшылдар ‘әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етіп’, адамдарды таңғалдырғысы келетін (Лұқа 20:47). Ал біз бұндай көзқарастан аулақ болуымыз керек.
6 Иса мұндай екіжүзділердің ‘алмақ сыйларын осымен-ақ алып’ жатқанын айтқан. Олар өздерін адамдардың қадірлеп, мадақтағанын көксеген, сондықтан бар алар сыйлары да осы болған. Олар бұдан артық ештеңе алмас еді, өйткені Ехоба екіжүзділікпен айтқан дұғаларына жауап бермейтін. Ал Құдай, керісінше, Мәсіхтің шынайы ізбасарларының дұғаларына жауап береді, мұны Исаның келесі сөздерінен көруге болады.
7. ‘Өз бөлмелеріңе кіріп мінажат етіңдер’ деген кеңес нені білдіреді?
7 “Ал сендер мінажат еткенде өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сиыныңдар! Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек” (Мат. 6:6). Исаның ‘өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып мінажат етіңдер’ деген сөздері қауым атынан ешкім дұға айта алмайды дегенді білдірмейді. Бұл кеңес көпшілік алдында айтылатын дұғаны адам өзіне жұрттың назарын аударту әрі мақтау есту мақсатымен айтпауы керектігін көрсетеді. Бізге Құдай халқының атынан дұға айту артықшылығы берілсе, осыны есте ұстауымыз керек. Енді Исаның дұғаға қатысты берген тағы бір кеңесіне ден қоялық.
8. Матай 6:7-ге сәйкес, дұға айтқанда неден аулақ болуымыз керек?
8 “Құдайға сиынғанда жалған тәңірлерге құлшылық етушілер іспетті құр сөз сөйлей бермеңдер [“бір нәрсені қайта-қайта айта бермеңдер” ЖД]! Олар көп сөз айтсақ еститін болады деп есептейді” (Мат. 6:7). Иса дұға еткенде дұрыс емес тағы бір нәрсеге — қайталай беруге — назар аударды. Ол дұғамызда шын жүректен айтқан өтініштеріміз бен ризашылықтарымызды қайталамауымыз керек демеген. Өлімінің алдындағы түні оның өзі де Гетсимани бағындағы дұғасында “бұрынғы сөздерін қайталап” айтқан болатын (Мар. 14:32—39).
9, 10. Қай мағынада дұғамызды қайталай бермеуіміз керек?
9 Алайда ‘жалған тәңірлерге құлшылық етушілерге’ ұқсап, дұғамызда сөздерді қайталай беру дұрыс болмас еді. Олар бос, жаттанды сөздерді “қайта-қайта” айта береді. Мысалы, жалған тәңір Бағалға ғибадат етушілерге оның атын атап: ‘Ваал бізді есіттің бе!’— деп ертеңгісінен түске дейін шақырғанының’ еш пайдасы болмаған (Пат. 3-ж. 18:26). Бүгінде миллиондаған адамдар көп сөз айтып, қайталай берсек, дұғамыз ‘естіледі’ деген жаңсақ ойда. Бірақ Иса ‘көп сөз айтылатын’ ұзақ әрі қайталана беретін дұғалардың Құдайдың көз алдында еш пайдасы жоқ екенін түсінуімізге көмектеседі. Исаның келесі сөздеріне көңіл аударайық.
10 “Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебі көктегі әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі” (Мат. 6:8). Яһуди дінбасыларының көбісі дұға еткенде басқа ұлт адамдары сияқты көп артық сөз айтатын. Әрине, шын жүректен айтылған дұға, соның ішінде мадақтау, ризашылық пен өтініш білдіру, шынайы ғибадаттың маңызды бөлігі болып табылады (Філіп. 4:6). Алайда қажетімізді қайталап айтпасақ, Құдай ұмытып кетеді деген оймен оған бір нәрсені қайта-қайта айта бергеніміз дұрыс болмас еді. Біз дұғамызды ‘өзіміз сұрамай тұрып-ақ, бізге не керек екенін білетін’ Тұлғаға айтатынымызды есте ұстауымыз керек.
11. Көпшілік атынан дұға ету артықшылығы берілсе, нені есте ұстауымыз керек?
11 Исаның орынсыз дұғаларға қатысты айтқандары Құдайды әсерлі де күрделі және көп сөздермен таңғалдыра алмайтынымызды есімізге салу керек. Сондай-ақ көпшілік атынан дұға еткенде, тыңдаушыларды ұзақ сонар дұғамызбен таңғалдыруға тырыспауымыз қажет. Дұғаны хабарландырулар не кеңес беру үшін қолдану да Исаның Таудағы уағызында айтқан сөздеріне қайшы келер еді.
Иса бізге қалай дұға етуді үйретеді
12. “Киелі есімің қастерлене берсін” деген өтініштің мәнін қалай түсіндіріп берер едің?
12 Иса дұға ету мәртебесін бұрыс қолданбау керектігін ескертумен қатар, шәкірттеріне қалай дұға етуді де үйретті (Матай 6:9—13 оқы). Оның үйреткен осы дұғасын жаттап алып, қайталай берудің қажеті жоқ. Қайта, ол біздің дұғаларымыз үшін үлгі болып табылады. Мысалы, Иса алғашқы сөздерін Құдай жайлы айтумен бастап: “Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін”,— деген (Мат. 6:9). Ехобаны “Әкеміз” деп атағанымыз орынды, өйткені ол сонау “көкте” мекендейтін Жаратушымыз (Заң. қ. 32:6; Шеж. 2-ж. 6:21; Ел. іс. 17:24, 28). Бұл жердегі “Әкеміз” деп ортақ тәуелденген сөз бір сенімдегі бауырластарымыздың да онымен тығыз қарым-қатынаста екенін есімізге салу керек. “Киелі есімің қастерлене берсін” деген өтініш Ехобадан Едемдегі бүліктен бері қараланып келе жатқан есімін ақтау арқылы оны қасиетті ету үшін әрекет жасауын сұрауды білдіреді. Осы дұғаға жауап ретінде Ехоба жер бетіндегі зұлымдық атаулыны жояды, осылайша есімін қастерлі етеді (Езек. 36:23).
13. а) “Патшалығың осында орнасын” деген өтініш қалай орындалады? ә) Құдай еркінің жер бетінде орындалуы нені білдіреді?
13 “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” (Мат. 6:10). Исаның дұғасындағы осы өтінішке сай, “Патшалық” — Иса мен қасындағы қайта тірілген “қасиеттілердің” (ЖД) қолындағы Мәсіхтің көктегі үкіметі (Дан. 7:13, 14, 18; Ишая 9:6, 7). Патшалықтың ‘орнауын’ өтінуімізбен оның Құдай билігінің жердегі қарсыластарына қарсы шығуын сұраймыз. Бұл жақында орын алады, әрі сонда жер бетінде әділдік пен тыныштық орнап, гүлдеп-өркендейтін жұмаққа жол ашылады (Заб. 71:1—15; Дан. 2:44; Пет. 2-х. 3:13). Ехобаның еркі көкте орындалуда, ал оның жер бетінде орындалуын өтіну Құдайдың жер шарына қатысты ниеттерінің жүзеге асуын сұрауды білдіреді. Бұл ниетіне ежелгі уақыттағыдай бүгін де қарсыластарын жою кіреді (Забур 82:17, 18 оқыa).
14. ‘Күнделікті нанымызды бере гөр’ деп сұрағанымыз неліктен орынды?
14 “Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр” (Мат. 6:11; Лұқа 11:3). Осындай өтініш айту арқылы Құдайдан “күнделікті” қажетті азығымызбен қамтамасыз етуін сұраймыз. Бұнымен Ехобаның бізді күнделікті қажет нәрселермен қамтамасыз ете алатынына сенетінімізді көрсетеміз. Әрине, бұл қажетімізден артық нәрсені сұрауды білдірмейді. Күнделікті қажеттілігімізді сұрағанымыз Құдайдың исраилдіктерге ‘бір күндік тамағын [маннаны] жинап алуға’ қатысты бұйрығын есімізге салар (Мыс. ш. 16:4).
15. “Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр” деген нені білдіреді?
15 Үлгілі дұғадағы келесі өтініш біздің тарапымыздан істелу керек әрекетке көңіл бұрады. Иса былай деді: “Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр” (Мат. 6:12). Бізге қарсы күнә жасағандарды ‘кешірген’ жағдайда ғана Ехоба бізді кешіреді деп күте аламыз (Матай 6:14, 15 оқы). Біз өзгелерді шын жүректен кешіруіміз қажет (Ефес. 4:32; Қол. 3:13).
16. Азғырылу мен ‘әзәзіл шайтаннан құтқаруға’ қатысты өтініш нені білдіреді?
16 “Азғырылуымызға жол бермей, әзәзіл шайтанның ықпалынан құтқара гөр” (Мат. 6:13 сілт.). Исаның дұғасындағы өзара байланысты осы екі өтінішті қалай түсінуге болады? ‘Азғырылуымызға жол берме’ деген сөздер Ехобаға мойынсұнбауға азғырылған жағдайда оған беріліп қалмауымызға көмектесуін өтінуді білдіреді. Ал “әзәзіл шайтанның ықпалынан құтқара гөр” деген өтініш Ехобадан Шайтанның бізден үстем болуына жол бермеуін сұрауды білдіреді. Біз ‘Құдайдың төзімімізден артық сыналуымызға жол бермейтініне’ сенімді болсақ болады (Қорынттықтарға 1-хат 10:13 оқы).
‘Сұрай беріңдер, іздей беріңдер, есікті қағып тұрыңдар’
17, 18. ‘Сұрай беріңдер, іздей беріңдер, есікті қағып тұрыңдар’ деген нені білдіреді?
17 Елші Пауыл бір сенімдегілерді: “Құдайға ұдайы сиыныңдар”,— деп шақырған (Рим. 12:12). Иса да осыған ұқсас әсерлі сөздер айтқан: “Құдайдан сұрай беріңдер, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қағып тұрыңдар, сонда сендерге ашылады. Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, есік қағып тұрғанға ашылады” (Мат. 7:7 сілт., 8). Құдайдың еркіне сай келетін нәрселерді ‘сұрай беру’ орынды. Исаның сөздеріне сай, елші Жохан да: “Біз оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады деп кәміл сенеміз”,— деп жазған (Жох. 1-х. 5:14).
18 Исаның ‘сұрай және іздей беріңдер’ деген кеңесі шын жүректен әрі берілмей дұға етуіміз керектігін білдіреді. Сондай-ақ Құдай Патшалығына кіріп, оның баталары мен игіліктерін көру үшін ‘есікті қағып тұра’ бергеніміз де маңызды. Алайда Құдай біздің дұғаларымызға жауап беретініне сенімді бола аламыз ба? Егер Ехобаға адал болсақ, сенімді бола аламыз, өйткені Мәсіх: “Сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, есік қағып тұрғанға ашылады”,— деген. Ехобаның қызметшілерінің басынан өткен көптеген жағдайлар Оның шын мәнінде ‘дұғаны еститін’ Құдай екенін дәлелдейді (Заб. 64:3).
19, 20. Исаның Матай 7:9—11 тармақтардағы сөздеріне сай, қалайша Ехоба сүюші әкеге ұқсайды?
19 Иса Құдайды баласына жақсылық жасайтын сүюші әкемен салыстырған. Өзіңді Таудағы уағызды тыңдап отырғандардың арасында Исаның келесідей сөздерін естіп отырғандай елестетіп көрші: “Араларыңдағы қандай кісі нан сұраған баласына тас берер еді? Не балық сұраса, жылан берер еді? Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсыз!” (Мат. 7:9—11).
20 Күнәні мұра еткеніне қарамастан, әкенің бойында баласына деген жылы сезім бар. Ол баласын алдамай, ‘жақсылық жасауға’ тырысады. Сүюші көктегі Әкеміз де бізге әкелік мейіріммен қарап, ‘жақсылық жасайды’, мысалы киелі рухын береді (Лұқа 11:13). Бұл ‘игі нәрселер’ беретін Ехобаға лайықты түрде қызмет етуге деген шешімімізді нығайтады (Жақ. 1:17).
Исаның сөздерінің пайдасын көре бер
21, 22. Таудағы уағыздың ерекшелігі неде және Исаның ондағы сөздері жайлы сен не ойлайсың?
21 Таудағы уағыз — шынында да тарихтағы ең керемет баяндама. Ол өзінің рухани тәлімдерімен және анық та түсінікті болуымен ерекшеленеді. Осы бірқатар мақалаларда келтірілген ойлардан көрінетіндей, Таудағы уағыздағы кеңестерді өмірімізде қолдансақ, оның зор пайдасын көреміз. Исаның бұл сөздері қазірдің өзінде өмірімізді жақсарта алады, әрі тамаша болашаққа үміт береді.
22 Бұл үш мақалада Исаның Таудағы уағызындағы рухани асыл тастардың біразын ғана қарастырдық. Осы баяндаманы естігендердің ‘Оның тәліміне қатты қайран қалғанына’ таңғалмасақ та болады (Мат. 7:28). Егер біз де ой-санамыз бен жүрегімізді Ұлы ұстазымыз Иса Мәсіхтің осы және басқа да құнды сөздеріне толтырар болсақ, осындай әсерде боларымыз шүбәсіз.
[Сілтеме]
a Забур 82:17, 18: “Жаратушы, олар Сенің атыңды атап шақыруы үшін, олардың бетінің абыройын төк! Өмір бойы масқара болсын, зәрелері ұшып жүрсін, ұятты болып, құрып кетсін”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Иса екіжүзділікпен айтылған дұғалар жайлы не деді?
• Дұға еткенде, неліктен сөздерді қайталай бермеуіміз керек?
• Исаның үлгі ретінде берген дұғасы қандай өтініштерден тұрады?
• ‘Сұрай беріңдер, іздей беріңдер, есікті қағып тұрыңдар’ деген сөздерді қалай орындай аламыз?
[15-беттегі сурет]
Иса жұрт көзіне түсу үшін ғана дұға еткен екіжүзділерді айыптаған
[17-беттегі сурет]
Неге күнделікті нанымызды сұрап дұға еткен орынды екенін білесің бе?