44-ТАРАУ
Иса теңіздегі дауылды басты
МАТАЙ 8:18, 23—27 МАРҚА 4:35—41 ЛҰҚА 8:22—25
ИСА ҒАЛИЛЕЯ ТЕҢІЗІНДЕГІ ДАУЫЛДЫ БАСТЫ
Иса күні бойы көп іс атқарып шаршады. Кеш бата ол шәкірттеріне Қапарнаумның арғы бетіне меңзеп: “Арғы жағаға өтейік”,— деді (Марқа 4:35).
Ғалилея теңізінің шығыс жағалауында герасалықтардың жері жатыр. Ол Декаполис деп аталатын өлкенің бір бөлігі еді. Декаполис қалалары грек мәдениетінің орталығы болғанымен, онда яһудилер көптеп тұратын.
Исаның Қапарнаумнан кеткені байқалмай қалмады. Теңіздің арғы бетіне сол жердегі басқа қайықтар да өтпек болған болу керек (Марқа 4:36). Арғы жағаға дейінгі қашықтық алыс емес еді. Негізінде, Ғалилея теңізі — ағын сулы үлкен көл. Оның ұзындығы — 21 шақырым, ал енінің ең кеңдеу жері — 12 шақырым, бірақ суы терең.
Иса кемелді адам болса да, тынымсыз қызмет еткендіктен, шаршаған болу керек. Сондықтан ол қайыққа мінген соң, арт жағына барып, көпшік жастанды да, ұйқыға кетті.
Елшілердің кейбірі — тәжірибесі мол теңізшілер. Десе де бұл сапар қиын болайын деп тұр. Ғалилея теңізінің айналасы тау, ал су беті жиі жылып кететін. Тау жақтан кейде салқын жел тұрып, теңіз бетіндегі жылы ауаны жоғары айдайтын. Нәтижесінде теңізде күтпеген жерден сұрапыл дауыл тұратын. Дәл қазір ауа-райы осылай бұзылды. Көп ұзамай-ақ долданған толқын қайықты ұрғылады. Сонда “қайық суға тола бастап, оларға қауіп төнді” (Лұқа 8:23). Иса болса оянбады.
Дауыл кезінде қайық бағытынан ауытқымас үшін, теңізшілер түйген-білген тәсілдерін қолданып бақты. Алайда бұл жолғы дауыл өте күшті, сондықтан олар өмірлері үшін қауіптенді. Суға батып кетеміз деп үрейі ұшқан шәкірттер: “Ием, бізді құтқара көріңіз, құритын болдық!”— деп айғайлады (Матай 8:25).
Сонда Иса тұрып, елшілеріне: “Неге сонша қорқасыңдар, сенімі аздар-ау!”— деді (Матай 8:26). Сосын жел мен теңізге: “Тына қал, басыл!”— деп бұйырды (Марқа 4:39). Жел тоқтап, долы толқындар тына қалды. (Марқа мен Лұқа бұл әсерлі оқиғаны баяндағанда, Иса алдымен дауылды тыныштандырғанына көңіл бөліп, сосын шәкірттеріне “Сенімдерің қайда?” деген сөзін келтірген.)
Шәкірттердің қандай күйде болғанын елестетіп көріңізші. Көз алдарында алапат дауыл тып-тыныш болып басыла қалды! Бойларын қатты үрей билеген олар бір-біріне: “Жел де, теңіз де бағынатын бұл кім өзі?”— десті. Содан шәкірттер теңіздің арғы бетіне аман-есен жетті (Марқа 4:41—5:1). Бұлардың арттарынан теңізге шыққан басқа қайықтар шығыс жағалауға кері қайтып кеткенге ұқсайды.
Бұл оқиға Құдай Ұлының табиғат құбылыстарын тізгіндеуге құдіреті бар екеніне сенімімізді нығайтады. Ол Құдай Патшалығының билеушісі болып, бар назарын жерге аударғанда, адамдар табиғи апаттардан қорықпай, алаңсыз өмір сүретін болады!