Ехобаның сөзі тірі.
Матай кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ИСАНЫҢ өмірі мен қызметі жайында жан тебірентерлік оқиғаларды бірінші жазған Матай еді. Исамен жақын араласқан бұл адам кезінде салықшы болатын. Алғаш еврей тілінде жазылып, кейіннен грек тіліне аударылған Матай жазған Ізгі хабар шамамен б. з. 41 жылы аяқталады. Ол Еврей жазбалары мен Мәсіхшілердің грек жазбаларын байланыстыратын көпір іспетті.
Осы әсерлі әрі терең мәні бар кітап бірінші кезекте яһудилерге арнап жазылғанға ұқсайды. Онда Иса уәде етілген Мәсіх әрі Құдай ұлы ретінде суреттеледі. Кітаптағы хабарға мұқият ден қойғанымыз шынайы Құдайға, оның Ұлына және уәделеріне деген сенімімізді нығайтады (Евр. 4:12).
“ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕР БЕТІНДЕ ОРНАЙТЫН КЕЗІ ТАЯП ҚАЛДЫ!”
Матай оқиғаларды болған тәртібіне сай баяндамаса да, Патшалық пен Исаның тәлімдеріне баса назар аударады. Мысалы, Иса Таудағы уағызын қызметін бастағаннан кейін, бір жылдан астам уақыт өте айтқан болатын, алайда бұл оқиға кітаптың басында жазылған.
Иса Ғалилея аймағында қызмет еткен кезінде, әртүрлі кереметтер жасайды, 12 шәкіртіне қызметке қатысты нұсқаулар береді, парызшылдарды әшкерелейді және Патшалық туралы астарлы әңгімелер айтып береді. Сосын, ол Ғалилеядан шығып, ‘Яһудея аймағына, Иордан өзенінің шығыс бетіне барады’ (Мат. 19:1). Жол-жөнекей Иса шәкірттеріне: ‘Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні өлімге кеседі. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі’,— деп айтады (Мат. 20:18, 19).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
3:16. Иса шомылдыру рәсімінен өткен кезде, қай мағынада ‘көк ашылды’? Бұл сөздер Исаның адам болып туылғанға дейінгі көктегі өмірінің есіне түскенін білдірсе керек.
5:48. ‘Көктегі Әкеміз қандай мүлтіксіз болса, біздің де сондай мінсіз болуымыз’ мүмкін бе? Иә, қандай да бір шамада мүмкін. Иса мұнда сүйіспеншілікке қатысты тәлім берген болатын және өзін тыңдап тұрған адамдарға Құдайға еліктеп, мүлтіксіз сүйіспеншілік таныту керек екенін, немесе сүйіспеншілікті толығымен таныту керек екенін, айтқан (Мат. 5:43—47). Олардың мұны қалай істеуіне болар еді? Жауларына да сүйіспеншілік таныту арқылы.
7:16. Шынайы дінді қандай “жемістерінен” айыруға болады? Мұндай жемістерге жүріс-тұрыс қана емес, өзіміз ұстанатын ілімдер де жатады.
10:34—38. Жазбалардағы хабар отбасының бөлінуіне себепші бола ма? Тіпті де олай емес. Бұған сенбейтін отбасы мүшелерінің ұстанатын көзқарасы себеп болады. Олар шындықтан бас тартуы не оған қарсыласуы мүмкін, ал бұл отбасының бөлінуіне әкеп соғады (Лұқа 12:51—53).
11:2—6. Құдайдың Ұлын мақұлдайтынын Жақия өз құлағымен естігендіктен Исаның Мәсіх екенін білді емес пе? Онда: “Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сіз бе?”— деп неге сұраған? Жақия мұны Исаның өз аузынан естігісі келген болса керек. Оның үстіне, ол Патшалық билігімен келіп, яһудилердің бар үмітін ақтайтын ‘басқа біреу’ келу керек пе, соны білгісі келді. Исаның жауабынан одан кейін ешкімнің келмейтіні анық көрінді.
19:28. Көктегі тақта отырғандар үстінен төрелік ететін ‘Исраилдің он екі руы’ кімді бейнелейді? Олар рухани Исраилдің 12 руын бейнелемейді (Ғал. 6:16; Аян 7:4—8). Иса Матай 19:28-дегі сөздерді елшілеріне айтқан. Ал олар рухани Исраилге төрелік ететін билер емес, сол рухани Исраилдің мүшелері болулары керек еді. Иса олармен патшалық туралы келісім жасасқан және олар “діни қызметкерлер патшалығы” болу керек болатын (Лұқа 22:28—30; Аян 5:10). Рухани Исраил “адамзатқа билік айтуы” тиіс (Қор. 1-х. 6:2). Олай болса, көктегі тақта отырғандар үстінен төрелік ететін ‘Исраилдің он екі руы’ әміршілер мен діни қызметкерлер тобына кірмейтін бүкіл адамзатты білдірсе керек. Оларды сондай-ақ Ұлы кешірім күніндегі 12 рудың адамдары бейнелеген (Леу. 16-тар.).
Біз үшін сабақ:
4:1—10. Бұл тармақтардан Шайтанның жай ғана зұлымдық емес, тірі тұлға екені көрінеді. Ол бізді азғыру үшін ‘күнәкар адамның құмарлықтарын, көзінің қомағайлығын, мал-мүлікке мастануын’ қолданады. Бірақ Жазбалардағы принциптерді қолданатын болсақ, Құдайға адал болып қала аламыз (Жох. 1-х. 2:16).
5:1—7:29, 5:3 ЖД. Рухани мұқтаждықтарыңды мойында. Тату бол. Азғын ойлардан аулақ бол. Сөзіңде тұр. Дұғаңда дүние-мүліктен гөрі рухани нәрселер жайлы көбірек айт. Құдаймен қарым-қатынасыңда бай бол. Ең алдымен Патшалық пен Құдайдың әділдігін ізде. Міншіл болма. Құдай еркін орында. Таудағы уағызда айтылған кеңестердің пайдасы неткен зор!
9:37, 38. Шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалыса отырып, ‘егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуі’ жайлы өтінішімізге сай әрекет етуіміз керек (Мат. 28:19, 20).
10:32, 33. Сеніміміз жайлы айтудан ешқашан қорықпауымыз керек.
13:51, 52. Патшалық туралы шындықты түсінгеніміз басқаларға тәлім беріп, осы қазынаны олармен бөлісу жауапкершілігін жүктейді.
14:12, 13, 23. Жақсылап ой жүгірту үшін ара-тұра оңаша қалып отырғанның маңызы зор (Мар. 6:46; Лұқа 6:12).
17:20. Рухани өсуімізге кедергі жасайтын тау іспетті кедергілерді жеңіп шығып, қиындықтарға қарсы тұру үшін бізде сенім болу керек. Ехобаға және оның уәделеріне деген сенімге ие болып, оны нығайтуға немкетті қарамауымыз керек (Мар. 11:23; Лұқа 17:6).
18:1—4; 20:20—28. Кемелсіз болғандықтан әрі адамның қоғамда алатын орнына ерекше назар аударатын діни ортадан шыққандықтан Исаның шәкірттері атақ-даңқ туралы тым көп ойлаған. Күнәкар бейімділіктерге берілмей және қауымдағы жауапкершіліктерге қатысты байсалды көзқарас таныта отырып, кішіпейілділік дамытуымыз керек.
‘КӨКТЕН КЕЛГЕН МЕНІ ҰСТАП БЕРЕДІ’
Б. з. 33 жылы 9 нисанда Иса “есекке мініп алып”, Иерусалимге келеді (Мат. 21:5). Келесі күні ол ғибадатхананы тазартады. Ал 11 нисан күні ғибадатханада тәлім береді және дін мұғалімдері мен парызшылдарды айыптайды, содан соң шәкірттеріне өзінің ‘қайта келуі мен ақыр заманның жақындап қалғанын’ қандай белгі білдіретінін айтады (Мат. 24:3). Ертеңіне ол шәкірттеріне былай дейді: “Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа шегелеп өлтіру үшін ұстап береді” (Мат. 26:1, 2).
14 нисан. Өзінің өлімін Еске алу кешін енгізгеннен кейін, Исаға сатқындық жасалады, сосын, ол тұтқынға алынып, сотталады да, бөренеге шегеленіп өлтіріледі. Ал үшінші күні ол қайта тіріледі. Көкке көтерілмес бұрын қайта тірілген Иса ізбасарларына: ‘Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер’,— деген өсиет айтады (Мат. 28:19).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
22:3, 4, 9. Қонақтардың үйлену тойына үш рет шақырылуы қашан орын алды? Бірінші рет Иса мен оның ізбасарлары б. з. 29 жылы уағыз ісін бастаған уақыттан б. з. 33 жылына дейін қалыңдық табы шақырылды. Екінші шақыру б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында шәкірттерге киелі рух қонған уақыттан бастап б. з. 36 жылына дейін жалғасты. Екі жағдайда да тек яһудилер мен яһуди дініне кіргендер және самариялықтар шақырылған болатын. Алайда үшінші рет тойға қала сыртындағы жол тораптарында тұрған адамдар, яғни сүндеттелмеген басқа ұлт адамдары, шақырылды. Бұл шақыру б. з. 36 жылы римдік жүзбасы Корнел мәсіхшілікті қабыл алған уақыттан бастап біздің күнімізге дейін жалғасуда.
23:15. Қай мағынада парызшылдар өз жолдарына түсірген басқа ұлт адамдарын ‘өздерінен екі есе бетер теріс жолға салып, тозаққа түсірген’? Парызшылдардың жолын қуған өзге ұлт адамдарының кейбірі бұрын барып тұрған күнәкар болған болуы мүмкін. Алайда олар шектен шығуға бейім парызшылдардың көзқарасын қабылдап, бұрынғыдан да жаман жолға түскен. Тіпті айыпталған ұстаздарынан бетер шектен шығушылыққа бой ұрған болуы ықтимал. Осылайша олар яһуди парызшылдарына қарағанда ‘тозаққа түсуге’ екі есе лайық болды.
27:3—5. Яһуданың өкінгенін қалай түсінуге болады? Яһуданың шын жүректен өкінгені ештеңеден байқалмайды. Құдайдың кешіріміне ие болуға талпынудың орнына ол күнәсін басты діни қызметкерлер мен ақсақалдардың алдында мойындайды. “Өлімге апаратын күнә” жасаған Яһуданың өзін кінәлі сезінгені түсінікті-ақ (Жох. 1-х. 5:16). Алайда ол үмітсіз жағдайға түскеніне күйінгенімен, жасаған күнәсына шын жүректен өкінген жоқ.
Біз үшін сабақ:
21:28—31. Еркін орындағанымыз Ехоба үшін шынымен маңызды. Мысалы, біз Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысуымыз керек (Мат. 24:14; 28:19, 20).
22:37—39. Құдайдың өзіне ғибадат ететіндерден нені талап ететіні екі-ақ өсиетпен қысқа да нұсқа етіп жеткізілгені неткен тамаша!
[31-беттегі сурет]
Егін жинау ісіне құлшына атсалысып жүрсің бе?
[Түпдерек]
© 2003 BiblePlaces.com
[31-беттегі сурет]
Матай Патшалыққа баса назар аударған