38-ТАРАУ
Жақия Исаның өз аузынан естігісі келді
ЖАҚИЯ ИСА ТУРАЛЫ БІЛГІСІ КЕЛДІ
ИСА ЖАҚИЯНЫ МАҚТАДЫ
Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның түрмеде отырғанына бір жылдай болды. Ол Исаның кереметтерінен хабардар. Ал енді, Исаның Наин қаласында жесір әйелдің баласын тірілткенін шәкірттері айтып келгенде, ол қандай сезімде болғанын ойлап көріңізші. Дегенмен Жақия Исаның Мәсіх екенін өзі айтқанын қалайды. Содан ол екі шәкіртін шақыртып алды. Оларды Исаға жіберіп: “Келеді деген Кісі сіз бе, әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?”— деп сұратты (Лұқа 7:19).
Жақияның бұлай сұрағаны қалай? Ол адал адам ғой. Исаны шомылдыру рәсімінен өткізгенде, оған Құдай рухының қонғанын өз көзімен көрген және оны Құдай қолдайтынын өз құлағымен естіген. Сондықтан оның сенімі әлсіреді деуге еш негіз жоқ. Жақияда күмән болған болса, Иса ол жайлы мақтау сөздер айтпас еді. Онда Исаға мұндай сұрақ қоюының себебі неде?
Жақия жай ғана Исаның Мәсіх екенін өз аузымен айтқанын қалаған болуы мүмкін. Бұл түрмеде отырып қажыған Жақияға жігер берер еді. Сондай-ақ Жақия бұл сұрақты Киелі кітап пайғамбарлықтарын білгендіктен де сұраған болар. Өйткені Құдайдың Майланған Адамы патша әрі құтқарушы болатыны алдын ала айтылған. Исаның шомылдыру рәсімінен кейін көп ай өтсе де, Жақия әлі түрмеде отыр. Сондықтан ол Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтарды түгел орындайтын басқа біреуді, яғни Исаның орнын басатын адамды, күту керек пе, жоқ па, соны білгісі келді.
Иса Жақияның шәкірттеріне “Келеді деген Кісі менмін” деп айта салмай, түрлі ауру-сырқауды Құдайдың қолдауымен сауықтырып жатқанының дәлелін келтірді. Ол шәкірттерге: “Барыңдар да, естігендерің мен көргендерің туралы Жақияға айтып беріңдер: зағиптар көріп, ақсақтар жүріп, алапестер тазарып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, кедей-кепшіктерге ізгі хабар жарияланып жатыр”,— деді (Матай 11:4, 5).
Жақияның сұрағының астарында Иса бұдан да зор істер жасайды, бәлкім, өзін де түрмеден құтқарады деген үміт жатқан болса керек. Алайда Иса жасалып жатқан кереметтерден артық нәрселерді күтпеу керектігін түсіндірді.
Жақияның шәкірттері кеткен соң, Иса қасындағы жұртқа Жақия туралы: “Ол пайғамбардан әлдеқайда жоғары”,— деді. Сосын оның Малахи 3:1-де алдын ала айтылған “хабаршы” екенін, сондай-ақ Малахи 4:5, 6-дағы Ілияс пайғамбар екенін айтты. Иса: “Сендерге шындығын айтамын, адам атаулының ішінде шомылдыру рәсімін жасаушы Жақиядан ұлы ешкім болған емес. Бірақ Көк Патшалығындағы кіші деген адам одан ұлы”,— деп түсіндірді (Матай 11:11).
Көк Патшалығында кіші адамның Жақиядан ұлы болатынын айтуымен Иса оның көктегі Патшалыққа кірмейтінін көрсетті. Ол Исаға жол дайындады, бірақ Иса көкке жол ашпай тұрып қайтыс болды (Еврейлерге 10:19, 20). Алайда Жақия — Құдайдың адал пайғамбары, сондықтан Құдай Патшалығы билік еткенде, ол жерде өмір сүреді.