13-тарау
Иса ұшыраған сынақтан білетін нәрселер
ШОМЫЛДЫРУ рәсімінен өтісімен Құдайдың рухы Исаны айдалаға апарды. Шомылдыру рәсімінен өткен кезде Исаға “көк ашылып”, ол көктегіні анық түсіне бастады. Сондықтан ол көп нәрсені салмақтап-саралауы керек. Иә, Исаның ойлануы керек нәрселері шынында да өте көп!
Ол шөл далада қырық күн, қырық түн нәр татпады. Бір уақытта оның қарны қатты ашты. Сол кезде, Ібіліс оны сынауға кірісті. “Егер сен Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастарға нанға айналсын деп бұйыра гөр!”— деді ол. Бірақ Иса өзінің керемет жасай алатын қабілетін жеке басының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаланғаны дұрыс емес екенін біледі. Сондықтан ол Ібілістің азғыруына берілмеді.
Ал Ібіліс алған бетінен қайтпай, басқаша сынауға тырысты. Ол Құдайдың періштелерінің құтқаратындығын айтып, Исаға ғибадатхананың қабырғасынан секіруді ұсынды. Бірақ Иса бұл азғыруға да берілмей, мұндай көрініс көрсетуден бас тартты. Ол Жазба орындарын келтіре отырып, мұндай жолмен Құдайды сынау дұрыс емес екендігін көрсетті.
Исаны үшінші рет сынаған Ібіліс әлемнің барлық мемлекеттерін табиғаттан тыс ғажайып түрде көрсетіп: “Егер аяғыма жығылып табынсаң, бұлардың бәрін де Саған беремін”,— деді. Бірақ Иса Құдайға адалдығын сақтап, бұл жолы да Ібілістің азғыруына қарсы тұрды.
Исаның басынан өткен бұл сынақтан келесі нәрселерді білеміз. Ібіліс, кейбіреулердің ойлайтынындай, жай ғана адамның бойындағы зұлымдық емес. Ол — көзге көрінбейтін, шын мәнінде дүниеде бар тұлға. Сондай-ақ үшінші рет азғырудан дүниедегі барлық мемлекеттердің Ібілістің уысында екенін көреміз. Егер олай болмаса, “әлемнің барлық мемлекеттерін” саған беремін деген Ібілістің ұсынысы Мәсіх үшін нағыз азғыру болар ма еді?
Тағы да мына жайды ойланып көрші: егер Иса Ібіліске бір рет жығылып табынатын болса, Ібіліс өзінің оған сый беретіндігін, тіпті осы дүниенің барлық мемлекеттерін беретіндігін айтты. Бізді де Ібіліс дәл осылай, яғни осы дүниеде байлыққа, билікке немесе жоғары дәрежелі қызметке қол жеткізуімізге адам қызығарлықтай мүмкіндіктер жасау арқылы, азғыруға әрекеттенуі мүмкін. Бірақ азғырудың қандайына кезіксек те, Исаға еліктеп, Құдайға адал болып қалғанымыз қандай парасаттылық болған болар еді! Матай 3:16; 4:1—11; Марқа 1:12, 13; Лұқа 4:1—13.
▪ Шөл далада қырық күн болған кезінде Иса не туралы ойлаған болуы мүмкін?
▪ Ібіліс Исаны қалай сынады?
▪ Исаның сынақтарға қарсы тұруынан біз не нәрсеге үйренеміз?