39-тарау
Өр көкіректер мен кішіпейілділер
ШОМЫЛДЫРУ рәсімін жасаушы Жақияның жақсы жақтарына көңіл аударып болған соң, Иса өзін қоршап тұрған өр көкірек, тұрақсыз халық туралы: — “Қазіргі ұрпақ... қырсық балалар сияқты. Далада отырып, жолдастарына айқайлап: “Сендер үшін сыбызғы тартсақ та, би билемедіңдер, сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңіремедіңдер”,— деп наразылықтарын білдіреді,— деді.
Мұнымен Исаның не айтқысы келіп отыр? Ол былай деп түсіндірді: — “Жақия пайғамбар келгенде кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Олар оны “жынды” дейді. Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда олар: “Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді, әрі салықшылармен, күнәкарлармен дос!” деп жамандайды.
Халыққа жағу мүмкін емес. Еш нәрсе олардың көңілінен шықпайды. Назир антын берген Жақия өзі туралы “шарап, сыра атаулыдан аулақ жүретін болады” деген періштенің сөздерін ұстанып, өз мүддесінен бас тартып өмір кешті, адамдар оны жынданған деді. Ал Иса өзіне ешқандай шек қоймай, кәдімгі адамдарша өмір кешті, оны нысапсыз деп айыптады.
Бұл халыққа жағу қандай қиын! Олар өзге балалар сыбызғы тартқан кезде, би билеуден бас тартып, жоқтау айтқан кезде, жылап еңіремеген “жолдастар” сияқты. Сөйтсе де, Иса былай деді: “Даналық өзінен туған істермен ақталады”. Иә, айғақтар, яғни істер, Жақия мен Исаға тағылған айыптың жалған екендігін айқын етіп отыр.
Осыдан кейін Иса ең көп керемет жасалған Хоразин, Бетсайда және Қапарнаум деген үш қалаға сөгіс айтты. Исаның айтуынша, осындай кереметтер финикияның Тир, Сидон деген қалаларында жасалғанда, олар әлдеқашан беттерін тырнап, шаштарын жұлып қайғырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді. Қапарнаумға сөгіс айта келе, бұл оның әдетте тоқтайтын негізгі қаласы болса керек, Иса: “Қиямет соты күні сенің тартатын жазаңнан тіпті Содом халқының жазасы жеңіл болады-ау!” — деді.
Иса кейін жұрт алдында өзінің көктегі Әкесін мадақтады. Оны осылай істеуге жігерлендірген Құдайдың рухани шындықтарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, “нәресте” сияқты кішіпейіл адамдарға ашып көрсетіп жатқандығы.
Соңында ол шын жүректен былай деп шақырды: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер барлығың, жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп үйреніңдер Өзімнен, жуас, кішіпейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың. Себебі ыңғайлы — билігім Менің, әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім”.
Иса адамдардың жандарын қалай рақатқа бөлейді? Ол дінбасылары шырмап тастаған салт-дәстүрлердің құлдығынан адамдарды құтқарады, мысалы, бұлардың қатарына діни демалыс күнге қатысты қатаң ережелер де кіреді. Ол саяси биліктің езгісінен қорлық көріп жүрген және жасаған күнәларының кесірінен ар-ұждандары мазалап жүрген адамдарға жеңілдік табуға көмектеседі. Иса оларға кешірімге ие болу үшін не қажет екенін және қалай Құдаймен құнды қарым-қатынас дамытуға болатынын түсіндірді.
Исаның ыңғайлы билігі — адамның өзін Құдайға толық бағыштауы арқылы қабылдайтын билік. Бұл оған жанашыр, мейірімді Әкеге қызмет етуге мүмкіндік береді. Ал өзінің қасына келгендерге ұсынып отырған жеңіл міндеті — өмірге жету үшін Құдайдың талаптарына мойынсұну. Бұл талаптар Киелі кітапта жазылған, әрі оларға мойынсұну тіптен қиын емес. Матай 11:16—30; Лұқа 1:15; 7:31—35; 1 Жохан 5:3.
▪ Исаның күндеріндегі өр көкірек, тұрақсыз ұрпақтың балаларға ұқсау себебі неде?
▪ Исаның көктегі Әкесін мадақтауына не себеп болды?
▪ Халық қандай ауыр жүктің астында және Иса қандай жеңілдік ұсынып отыр?