Бірінші ғасырдағы Құдай қызметшілерінің өмірі
“Ағаш ұстасы”
“Өзі тек ағаш ұстасының баласы емес пе?” (МАТАЙ 13:55).
АДАМДАР Исаны “ағаш ұстасының баласы” ғана емес, өзі де “ағаш ұстасы” екенін білетін (Марқа 6:3). Бұл кәсіпті Исаға өгей әкесі Жүсіп үйреткен болса керек.
Ағаш ұстасы болып жұмыс істегенде, Иса қандай шеберлікті игерді және қандай құрал-саймандарды қолданды? Назарет қаласының тұрғындарына қандай бұйымдар жасап, қандай қызмет көрсетті? Сондай-ақ жастайынан ағашпен жұмыс істегені есейгенде қандай пайдасын тигізді?
Отбасылық іс. Төмендегі суреттен әкесі үлкен ұлына қолбұрғыны дұрыс әрі өзіне зиян келмейтіндей етіп қолдануды үйретіп жатқанын көре аламыз. Ал кіші баласы мұқият тыңдап әрі бақылап тұр.
Жиі ер балалар кәсіпке үйренуді 12—15 жасынан бастайтын. Әдетте оларды әкелері өз кәсібіне үйрететін. Егер бала ұсталық шеберлігін шыңдағысы келсе, ұзақ жыл бойы үйренуі әрі барынша күш салуы керек болған. Жүсіп Исамен көп уақыт бірге жұмыс істеп, әңгімелескен әрі өз тәжірибесімен бөліскен болар. Исаның күн сайын шеберлігі артып келе жатқанын көріп, ол ұлына риза болған шығар!
Білім, күш және қабілет қажет. Ұста бұйым жасау үшін түрлі ағаштың қасиетін білу керек-тін. Оның қолданатыны — жергілікті жерде өсетін кипарис, емен, самырсын, інжір және зәйтүн сияқты ағаштар. Бірінші ғасырда кесілген дайын тақтайлар сататын құрылыс базарлар не қоймалар болмаған. Оған орманға барып, лайықтыларын таңдап, оларды кесіп құлатып, жұмыс орнына сүйретіп әкелуге тура келетін.
Ұста орманнан алып келген ағаштардан не жасаған? Ол үй төбесін жабатын арқалықты, ішке кіретін баспалдақты, есік-терезені, қабырғалардың тіреуіштерін жасап үй соғуға көмектесетін. Осылайша көп уақытты шеберханасынан тыс жерде өткізетін.
Сондай-ақ ұста жиһаз жасаған. Мысалға солардың кейбіреуін төмендегі суреттен көруге болады: тартпалары, сөрелері мен есіктері бар шкафтар (1); отырғыштар (2); орындықтар (3); әртүрлі пішін мен көлемдегі үстелдер (4); нәресте жататын керуеттер. Ұста ағаштан ойылған оюларды жиһазға жабыстырып әшекейлейтін. Бұйымдар бүлінбей ұзақ қолданылып, сәнді болуы үшін, оларды балауызбен, шайырмен және маймен сылайтын.
Ағаш ұстасы жергілікті диқаншыларға қажетті құрал-саймандар, мысалы, мықты ағаштан мойынтұрық (5), айыр, тырма, күрек (6) жасайтын. (7) Соқа да мықты болуы керек еді, себебі оның темір бөліктері тастақ жерді жыртатын. Ұстаның шебер қолынан ағаш арбалар да (8) шығатын. Оның доңғалақтары тұтас немесе шабақтар қойылып жасалатын. Сондай-ақ ұста жиһаздарды, құрал-саймандарды, арбаларды жөндеп, күтімін жасау керек болатын.
Ұсталықпен айналысқан Исаның сыртқы көрінісі қандай болған? Денесі Таяу Шығыстың күніне күйіп, қоладай жылтыраған, бұлшық еттері жылдар бойғы ауыр еңбектен шымыр болған шығар. Ал бөрене көтеруден, балта, балға мен ара ұстаудан алақандары мүйізденген деп елестете аламыз.
Кәсібінің көрнекі мысалдарға әсері. Иса терең рухани шындықтарды үйреткенде, көпшілікке таныс әрі қарапайым заттарды мысалға келтірді. Ол кәсібіне қатысы бар жайттарды да қолданды ма? Солай болуы әбден мүмкін. Мұның бірнеше мысалын қарастырайық. Бірде Иса жиналған жұртқа: “Неге бауырыңның көзіндегі тікенді көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?”— деген. Ағаш ұстасы бөрененің қаншалықты үлкен болатынын білген (Матай 7:3). Кейінірек басқа бір топ адамға: “Қолына соқа алып, жалтақтап артына қарай берген адам Құдай Патшалығы үшін тиімсіз”,— деген. Соған қарағанда, Иса соқаны да көп жасаған болу керек (Лұқа 9:62 сілтеме). Басқа бір жолы Иса жүрекке жылы тиетін сөздерді айтқанда, ұстаның қолынан шығатын тағы бір құралды мысалға келтіріп: “Қамытымды қатар киісіп, үйреніңдер Өзімнен... Менің қамытым ыңғайлы, жүгім де жеңіл”,— деді (Матай 11:29, 30 сілтеме). Исаның иықты қажамайтын, “ыңғайлы” қамытты жасай білгені сөзсіз.
Қарсыластары Исаны “ағаш ұстасының баласы” деп атап кемсіткен. Соған қарамастан, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты, Құдайдың бүгінгі қызметшілері қарапайым ағаш ұстасы болған Исаның соңынан еруді мәртебе санайды.
[26-беттегі қоршау/суреттер]
Ағаш ұстасының құрал-саймандары
Иса сияқты І ғасырдағы ағаш ұсталары төменде келтірілген құрал-саймандармен жұмыс істейтін. Олар ағаш тұтқаға пышақ бекітілген әрі тістері тартып кесетіндей етіп жасалған араны (1), бұрыштықты (2) және тіктеуішті (3) қолданатын. Сондай-ақ жәшіктерінде деңгейлік (4), өлшеуіш таяқ (5) және пышағы қозғалмалы сүргі (6) және балта (7) жататын.
Ұстада садақ іспетті бұрандалы қайрау станогы (8), ойық басты қашау (9) болған. Суреттегі жәшіктің үстінен ағаш балғаны (10) көруге болады, оны ағаш бөлшектерді біріктіру және қашауды ұрып жылжыту үшін қолданған. Ағаш балғаның жанында қолара (11), екі сапты пышақ (12) және шегелер (13) жатыр. Жәшікке тіреп қойған темір балға (14) мен шотбалтаны (15) көреміз. Қақпақтың үстінде пышақ (16), ені әртүрлі қашаулар (17) жатыр, ал бұрышында қолбұрғы (18) сүйеулі тұр.