33-тарау
Ишая пайғамбарлығының орындалуы
ӨМІРІНЕ қол салу үшін парызшылдар мен Иродты жақтаушылардың ақылдасқанын білген соң, Иса шәкірттерімен бірге Ғалилея теңізіне қарай кетті. Бүкіл Палестинаның, тіпті сырт жерлердің адамдары осында ағылуда. Иса көп адамды сауықтырып жатыр, сондықтан әр түрлі дертке ұшырап, қиналғандардың бәрі оған қолдарын тигізу үшін ентелей түсуде.
Жиналған жұрт тым көп болғандықтан, Иса шәкірттеріне қайықтың әрдайым даяр тұруын тапсырған еді. Оның қайықпен жағадан әрірек жүзіп баруы, адамдардың қысып тастауынан сақтап, қайықта отырып-ақ үйретуіне мүмкіндік берді. Ол сондай-ақ жағалауды бойлап басқа да жерлерге барып, ондағы адамдарға көмектесе алды.
Матай деген шәкірті Исаның іс-әрекеті арқылы “Құдайдың Ишая пайғамбар арқылы айтқан” сөздерінің орындалып жатқанын атап өтіп, кейін сол пайғамбарлықты келтіріп, былай деді:
“Міне, Менің таңдап алған Қызметшім, жаным рақат табатын [“көңілім жаратқан”, ЖД] Сүйіктім! Оған қондырамын өз Рухымды. Ол халықтарға жариялайды әділдікті, еш айтыспайды не айқайламайды, оның даусы далада да шықпайды. Ол майысқан таяқты [“сынып үзілгелі тұрған қамысты”, ЖД] сындырмайды, бықсыған білтені де сөндірмейді, әділдікті жеңіске жеткізеді, оның атына ұлттар үміттенеді”.
Құдайдың ‘көңілі жаратқан’ сүйікті қызметшісі Иса екені сөзсіз. Ол жалған діннің салт-дәстүрлерінің кесірінен көмескіленіп қалған нағыз әділдік дегеннің не екенін адамдарға анық түсіндірді. Құдайдың заңын бұрыс түсіндіретін болғандықтан, парызшылдар діни демалыс күні ауру адамға тіпті көмекке келмеген де болар еді! Құдайдың әділдігін анық түсіндіру арқылы Иса халықты салт-дәстүрлердің ауыртпалығынан босатты. Сол үшін де дінбасылары оны өлтірмекші.
“Еш айқайламайды, оның даусы далада да шықпайды” дегенді қалай түсінуге болады? Иса сауықтырған кезде, адамдарға ‘Өзінің кім екенін жариялауға [қатаң, ЖД] тыйым салды’. Ол көшеде өзін елге жария еткендерін немесе елді дүрліктіріп, қауесет таратқандарын қаламады.
Сондай-ақ Иса бейнелеп айтқанда сынып үзілгелі тұрған қамыс сияқты тапталған адамдарға өзінің жұбаныш беретін хабарын жеткізді. Олар енді сәл болмағанда өшкелі тұрған, бықсып жатқан білтеге ұқсайды. Иса сынып үзілгелі тұрған қамысты сындырмады және бықсып жатқан білтені өшірмеді. Ол жұмсақтық пен сүйіспеншілік танытып, ебін тауып кішіпейілдердің еңсесін көтерді. Шынында да, халық Исаға үміт арта алады! Матай 12:15—21; Марқа 3:7—12; Ишая 42:1—4.
▪ Иса әділдікті қалай жариялады және “еш айқайламайды, оның даусы далада да шықпайды” деген сөздерді қалай түсінуге болады?
▪ Кімдер сынып үзілгелі тұрған қамыс пен бықсыған білтеге ұқсайды және Иса оларға қалай қарайды?