42-тарау
Исаның парызшылдарға айып тағуы
ИСА мынадай нанымды дәлел келтірді: егер ол жындарды Шайтанның күшімен қуып шығарған болса, онда Шайтанның өзіне-өзі қарсы соғысқаны. “Мынаны мойындауларың қажет,— деп жалғастырды ол,— ағаш жақсы болса, жемісі де жақсы, ал жаман болса, жемісі де жаман. Ағаш жемісімен танылар”.
Исаны Шайтанға қызмет еткендіктен жақсы жеміс берді, яғни жындарды қуып шығарды, деу ақылсыздық. Жақсы жеміс берген ағаштың жаман болуы мүмкін емес. Басқа жағынан алып қарайтын болса, парызшылдардың жаман жемісі — олардың Исаға таңып отырған бос сандырақ айыптары мен ешбір негізсіз қарсылықтары — олардың өздерінің жаман екендіктерінің дәлелі. “Улы жыланның тұқымдары! — деді Иса оларға.— Сендер жаман бола тұра, қалайша жақсы сөздер айта алар едіңдер? Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”.
Сөз жүректің қандай күйде екенін көрсететін болғандықтан, біз айтқан сөзімізге қарай сотталамыз. “Сендерге шын айтамын,— деді Иса,— адамдар айтқан әрбір жағымсыз сөздері үшін қиямет сотында жауап береді. Сол кезде сендер айтқан сөздеріңе сай не ақталатын, не айыпталатын боласыңдар”.
Иса жасаған барлық кереметтерге қарамастан, дін мұғалімдері мен парызшылдар: “Ұстаз, билігіңізді дәлелдейтін бір кереметті көрсек деп едік”,— деп талап қойды. Иерусалимнен келген бұл адамдардың өздері Исаның кереметтерін көрмегенімен, оларда кереметтерді көрген адамдардың дәлелдері бар. Сондықтан Иса яһуди дінбасыларына былай деді: “Жаман, опасыз ұрпақ билігімді дәлелдейтін керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ оған Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді”.
Иса өзінің не айтқысы келіп отырғанын былай түсіндірді: “Жүніс үш күн, үш түн дәу балықтың ішінде болғаны сияқты, көктен келген Билеуші де жер қойнында үш күн, үш түн болады”. Жүністі дәу балық жұтып қойған болатын. Ол сол дәу балықтың ішінен шыққанда, бұл тура қайта тірілу сияқты болды. Осылайша, Иса өзінің өліп, үш күннен соң қайта тірілетінін алдын ала айтты. Сөйтсе де, кейінірек Иса қайта тірілген кезде де, яһуди дінбасылары “Жүніс пайғамбардың кереметін” мойындамады.
Сондықтан Исаның айтуынша, Жүніс уағыздаған уақытта, теріс жолдарынан қайтқан Ніневи тұрғындары Исаны қабыл алмаған яһудилерді соттау үшін қиямет кезінде бас көтереді. Иса тағы бір ұқсас жағдайды еске түсірді: Сүлейменнің даналық сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келген Сәбі елінің патшайымы көргені мен естігеніне таңғалған. “Ал мұнда Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу бар!” — деді Иса.
Сосын ол жын соққан адамды мысалға келтірді. Бұл адамның ішінен зұлым рух шығарылған болатын. Алайда ол босаған орынды жақсы нәрселерге толтырмайды, сөйтіп оны одан да зұлым жеті рух билеп алады. “Осы күнәкар ұрпақтың жағдайы да сол секілді болады!” — деді Иса. Исраил халқы әлденеше рет тазартылып, жөнге салынған болатын, бұл — зұлым рухтың уақытша шығып кеткен кезі сияқты. Бірақ олардың Құдайдан келген пайғамбарларға қарсыласуы Мәсіх келген кезде шарықтау шегіне жеткен болатын. Бұл халықтың жағдайы бастапқы кездегіге қарағанда әлдеқайда мүшкіл екенін анық көрсетеді.
Иса халыққа сөйлеп тұрғанда оның шешесі мен інілері келіп, қалың жұрттан шеткерірек барып тұрды. Сонда әлдекім Исаға: “Сыртта шешеңіз бен бауырларыңыз келіп, Сізбен сөйлесеміз деп тұр”,— деді.
“Менің шешем, бауырларым кім екенін айтайын ба?” — деді Иса. Қолын созып шәкірттеріне нұсқап: “Міне, Менің “шешем” мен “бауырларым!” Себебі көктегі Әкемнің еркін орындаушылар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті”,— деді. Осылайша, Иса туысқандарымен байланысы қандай қымбат болса да, шәкірттерімен қарым-қатынасы одан да қымбатырақ екенін көрсетті. Матай 12:33—50; Марқа 3:31—35; Лұқа 8:19—21.
▪ Парызшылдардың “ағашының” да, “жемісінің” де жаман болу себебі неде?
▪ “Жүніс пайғамбардың кереметі” дегеніміз не және қалайша оны кейіннен дінбасылары қабыл алмады?
▪ Бірінші ғасырдағы Исраил халқы қай мағынада ішінен зұлым рух шығарылған адамға ұқсайды?
▪ Иса өзінің шәкірттерімен тығыз қарым-қатынасын қалай бағалады?