“Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады”
“Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады” (МАТАЙ 13:34).
1, 2. а) Неге әсерлі мысалдарды ұмыту қиын? ә) Иса қандай мысалдар келтірген және Исаның оларды қолданғанына қатысты қандай сұрақтар туады? (Сілтемені қараңдар.)
ӨЗІҢ көп жылдар бұрын естіген баяндамада айтылған мысалды есіңе түсіре аласың ба? Иә, қатты әсер қалдыратын мысалдарды ұмыту қиын. Бір автор мысалдар “тыңдаушылардың құлақтарын көзге айналдырып, [адамның] мида пайда болатын суреттер арқылы ойлауларына мүмкіндік беретінін” айтқан. Әдетте біз “суреттер арқылы” жақсырақ ойланамыз, сондықтан мысалдар айтылған ойды жақсырақ түсінуге көмектеседі. Мысалдар айтылған сөздерге жан бітіре алады, ал ондағы үлгі-өнеге ұзақ уақытқа есте сақталып қалады.
2 Жер бетіндегі ешбір ұстаз мысалдарды Иса Мәсіх іспетті шебер қолданған емес. Қазірдің өзінде, арада екі мыңдай жыл өткеніне қарамастан, Исаның астарлы әңгімелерін оп-оңай еске түсіруге боладыa. Не себепті Иса тәлім берудің тап осы әдісін жиі қолданған? Оның мысалдарын әсерлі еткен не?
Мысалдарды қолдануының себебі
3. а) Матай 13:34, 35-тармақтарға сәйкес, Исаның мысалдарды қолдануының бір себебі неде? ә) Ехобаның тәлім берудің осы тәсілінің қаншалықты нәтижелі екендігін білетіндігі неден көрінеді?
3 Киелі кітапта Исаның неліктен мысалдар қолданғанын көрсететін, көңіл аударуға тұрарлық екі себебі келтірілген. Біріншіден, мұнымен Иса пайғамбарлықты орындаған. Елші Матай: “Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады. Осылай Тәңірдің пайғамбар арқылы мына айтқаны жүзеге асты: “Астарлы әңгімелерді айтуға аузымды ашамын”,— деп жазған (Матай 13:34, 35). Матай Забур 77:2-ні жазған “пайғамбар” жөнінде айтқан. Бұл Забурды аталмыш пайғамбар Иса туылғаннан жүздеген жылдар бұрын, киелі рухтың жетелеуімен жазған. Ехоба жүздеген жылдар бұрын Ұлының мысалдар арқылы тәлім береді деген шешімі таңқалдырады емес пе? Тәлім берудің осы тәсілінің қаншалықты нәтижелі екендігін Ехобаның білетіндігінде күмән жоқ!
4. Иса не себепті мысалдар қолданатынын қалай түсіндірген?
4 Екіншіден, Исаның өзі түсіндіргеніндей, мысалдар жүректері қасарысқан тыңдаушыларды өзгелерден айыруға көмектескен. Жиналған көп халыққа тұқым себуші туралы астарлы әңгімені айтып бергеннен кейін, шәкірттері одан: “Жұртқа неге әңгімені астарлап айтып тұрсыз?” — деп сұрайды. Сонда Иса: “Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған. Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де. Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар! Өйткені осы халықтың жүректері қасарысқан”,— деп жауап береді (Матай 13:2, 10, 11, 13—15; Ишая 6:9, 10).
5. Қалай Исаның мысалдары кішіпейілдерді менмендерден айырған?
5 Исаның мысалдары адамдарды қалай айырған? Кейде оның сөздерінің мағынасын толық түсіну үшін, тыңдаушылары іздену керек болатын. Кішіпейілділер көбірек түсіндіріп беруін сұрайтын (Матай 13:36; Марқа 4:34). Осылайша, Иса мысалдары арқылы шын жүрегімен шындыққа сусағандарға Құдай шындығын ашатын, ал көңілдеріне менмендік ұялағандардан оны жасырып қалатын. Ол қандай керемет ұстаз болған десеңші! Не нәрсе Исаның мысалдарын өте әсерлі еткенін көрсететін бірнеше жайттарды қарастырып көрейік.
Ұсақ-түйек мәліметтерді қолданудағы талғампаздық
6—8. а) Сол замандағы Исаның тыңдаушыларының қандай мүмкіндіктері болмаған? ә) Ұсақ-түйек мәліметтерді қолдануда Исаның талғампаз болғаны қандай мысалдардан көрінеді?
6 Сол уақытта Исаны тыңдаған шәкірттердің қандай сезімде болғандарын ойлап көрдіңдер ме? Олар Исаның тәлімін өз құлақтарымен естіген, алайда ол кезде оның сөздері әлі қағазға түсірілмегендіктен, шәкірттері оларды естеріне түсіру үшін оқи алмаған. Исаның сөздерін олар ой-саналары мен жүректерінде сақтауға тиіс-тін. Мысалдарды шебер қолдану арқылы Иса оларға өзінің ілімдерін есте сақтауларына көмектескен. Қалайша?
7 Ол ұсақ-түйек мәліметтерді қолданғанда талғампаз болған. Ұсақ-түйек мәліметтердің әңгімеге қатысы бар болғанда немесе әсірелеу үшін қажет болған жағдайда Иса оларды міндетті түрде қолданатын. Мысалы, ол жоғалған бір қойын іздеу үшін бақташының қанша қойын қалдырып кеткенін, жұмысшылардың жүзімдікте қанша уақыт істегенін, сондай-ақ қызметшілерге қанша күміс теңге аманатталғанын нақты айтқан (Матай 18:12—14; 20:1—16; 25:14—30).
8 Сондай-ақ Иса келтірген мысалдарының мәнін анық түсінуге кедергі болатын аса маңызсыз ұсақ-түйектерді айтпайтын. Мысалы, Иса қатігез қызметші туралы астарлы әңгімесінде қалайша сол қызметшінің 60 000 000 динар қарыз болып қалғанын түсіндіріп жатпай, кешірімшіл болу керектігіне баса көңіл аударған. Бұл әңгіменің басты мәні — қызметшінің қалайша қарызданып қалғаны емес, қарызының кешірілгені және өзіне анағұрлым аз сома қарыз өзге құлды кешірмегені еді (Матай 18:23—35). Сол сияқты адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінде, Иса не себепті кіші ұлына еншісін алу қажет болғанын және неге ол оны шашып, ысырап қылғанын түсіндіріп жатпай, әкесінің сезімі мен қайта оралған ұлының бойындағы өзгерісті қалай қабылдағанын толық суреттеген. Әкесінің өз ұлын қалай қабылдағанына қатысты ұсақ-түйектер Ехобаның “кешірімі шексіз” екенін көрсету үшін маңызды болған (Ишая 55:7; Лұқа 15:11—32).
9, 10. а) Мысалдарындағы адамдарды бейнелегенде Иса не нәрсеге баса көңіл аударған? ә) Неге Исаның тыңдаушыларына және өзгелерге оның мысалдарын еске түсіру оңай болған?
9 Иса мысалдарында қолданған адамдарын да дұрыс бейнелей білген. Адамдардың сырт келбетін суреттеудің орнына, олардың іс-әрекеттері мен белгілі жағдайларда не істеп, не қойғандарына көңіл аударатын. Мысалы, Иса қайырымды самариялықтың сырт келбетін суреттеп жатпай, анағұрлым маңызды нәрсе, яғни жарақаттап жол бойына тастап кеткен яһудиге самариялықтың мейірімділікпен көмектескені жөнінде әңгіме еткен. Иса жақынына деген сүйіспеншілік өзге нәсіл немесе өзге ұлт адамдарына да танытылуы керек екендігін үйрету үшін қажетті ұсақ-түйек мәліметті қолданған (Лұқа 10:29, 33—37).
10 Иса мысалдарын қысқа да нұсқа етіп жеткізген. Осының арқасында бірінші ғасырдағы тыңдаушыларына оның астарлы әңгімелері мен ондағы керемет үлгі-өнегені естерінде сақтау оңай болған. Сол сияқты Ізгі хабарларды кейінірек оқығандар үшін де оларды есте сақтау оңай.
Күнделікті өмірден алынған мысалдар
11. Исаның Ғалилеяда өткен балалық шағында сөзсіз көріп өскен және оның астарлы әңгімелерінде орын алған жайттарды мысалға келтіріңдер.
11 Иса өмірге қатысты мысалдарды шебер қолданған. Оның астарлы әңгімелерінің көбісінде өзі Ғалилеяда өскен кезінде көрген нәрселерінің орын алғаны сөзсіз. Бір сәт оның балалық шағы туралы ойланып көрейікші. Ол мың сан рет анасының алдыңғы жолы ашытылған қамырдан қалғанын келесі жолы ашытқы ретінде қолданып, нан пісіргенін көрсе керек (Матай 13:33). Балықшылардың Ғалилея көлінің тұнық суына ау салғанын бақыласа керек (Матай 13:47). Базар алаңында ойнап жүрген балаларды да талай көрген болар (Матай 11:16). Иса мысалдарында қолданған күнделікті өмірде кездесетін басқа да жайттарды көңіліне түйсе керек: тұқым себу, қуанышты үйлену тойлары, күннің шуағымен толысып пісіп тұрған астық (Матай 13:3—8; 25:1—12; Марқа 4:26—29).
12, 13. Исаның бидай мен бидайық туралы астарлы әңгімесінен оның жергілікті жағдайдан бейхабар еместігі қалай көрінеді?
12 Исаның мысалдарының көбісінен күнделікті өмірде кездесетін жайттар орын алғаны таңқаларлық нәрсе емес. Сол себепті, тәлім берудің осы әдісін Исаның қаншалықты шебер қолданғанын жақсырақ түсіну үшін, оның сөздерінің яһудилер үшін мәні қандай болғанын қарастырып көрейік. Міне, екі мысал.
13 Бірінші мысал: бидай мен бидайық туралы астарлы әңгімесінде Иса бір адамның егіндігіне жақсы тұқым еккенін, бірақ “дұшпан” келіп, бидайықтың тұқымын шашып кеткені жөнінде әңгімелейді. Неге Иса тап осы қаскөйлік әрекет жөнінде айтқан? Бұл мысалын ол Ғалилея көлінің жағалауында айтқанын ұмытпалық, ал ғалилеялықтардың айналысатын басты кәсібі диқаншылық екені анық. Дұшпаны жасырынып келіп, егіндікке зиянды бидайық тұқымын сеуіп кетеді. Диқан үшін бұдан өткен қаскөйлік бар ма? Сол заманда қолданылған заңдарға қарағанда, мұндай жайттар расында да орын алып тұрған. Исаның тыңдаушыларына таныс нәрсені қолданғаны айдан анық емес пе? (Матай 13:1, 2, 24—30).
14. Иса қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімесін айтқанда неге “Иерусалимнен Иерихон қаласына” баратын жолды қолданған?
14 Екінші мысал: қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімені еске түсірейікші. Иса әңгімесін былай бастады: “Бір адам Иерусалимнен Иерихон қаласына [“түсіп”, ЖД] кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті” (Лұқа 10:30). Иса әдейі “Иерусалимнен Иерихон қаласына” апаратын жол туралы айтқан. Осы астарлы әңгімесін айтқанда Иса Яһудеяда болатын, демек, оны тыңдаған адамдар қандай жол жөнінде әңгімеленіп жатқанын білсе керек. Аталмыш жолдың әсіресе жалғыз жүрген жолаушы үшін қауіпті екені белгілі-тін. Ол — айналмалы әрі елсіз мекеннен өтіп жатқан, қарақшылар жасырына алатын жерлері бар жол болатын.
15. Неге қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімедегі діни қызметкер мен леуіліктің мейірімсіздігін ешкім ақтай алмас еді?
15 Исаның “Иерусалимнен Иерихон қаласына” баратын жол туралы айтқанына қатысты тағы да бір ескерерлік жайт бар. Әңгімеде сол жолмен алдымен діни қызметкердің, сосын леуіліктің өткені, бірақ екеуінің де жапа шеккенге көмектеспегені айтылады (Лұқа 10:31, 32). Діни қызметкерлер ғибадатханада қызмет етіп, ал леуіліктер оларға көмектесетін. Діни қызметкерлер мен леуіліктердің көбісі қызметтерінен бос уақыттарында Иерусалимнен 23 шақырым арақашықтықта орналасқан Иерихонда өмір сүретін. Сондықтан олардың сол жолмен ары-бері жүріп отыратындығы күмәнсіз. Тағы бір ескере кетер жайт: діни қызметкер мен леуілік “Иерусалимнен” келе жатқан, демек, ғибадатханадағы қызметтерін аяқтап қайтып келе жатқанb. Олар өлі денеге қол тигізсе біраз уақыт ғибадатханада қызмет ете алмайтын, сол себепті өліге ұқсап жатқан адамға қол тигізгілері келмеген болар деп ойлауға болады. Бірақ ғибадатханадағы қызметтерін аяқтап қайтып келе жатқандықтан, олардың мейірімсіздігін ақтау мүмкін емес еді (Леуіліктер 21:1; Руларды санау 19:11, 16). Исаның астарлы әңгімесінде тыңдаушыларына таныс жайттарды қолданғаны анық көрініп тұр емес пе?
Ехобаның жаратылысынан алынған мысалдар
16. Ехобаның жаратылыстарын Исаның жақсы білгені неге бізді таңқалдырмауы керек?
16 Исаның кейбір мысалдары мен астарлы әңгімелері оның өсімдік, жан-жануар мен ауа райы туралы бейхабар емес екендігін көрсетеді (Матай 6:26, 28—30; 16:2, 3). Иса мұндай білімді қайдан алған? Ғалилеяда өскен кезінде, оның Ехобаның жаратылыстарын бақылауға мүмкіншілігі көп болған. Оның үстіне, Иса ‘жаратылыс атаулыдан бұрын бар болатын’ және Ехоба оны ‘шебер жұмысшысы’ ретінде өзге нәрселерді жарату үшін қолданған (Қолостықтарға 1:15, сілтемені қара; 1:16; Нақыл сөздер 8:30, 31, ЖД). Олай болса, Ехобаның жаратылыстарын Исаның жақсы білгені таңқалдыруы керек пе? Тәлім бергенде Исаның осы білімін қалай қолданғанын көрейік.
17, 18. а) Жоханның 10-тарауында жазылған сөздер Исаның қойлардың ерекшеліктерін білетіндігін қалай көрсетеді? ә) Киелі кітап жазылған елдерде болғандар бақташылар мен қойлардың арасында ерекше қарым-қатынастың барын қалай көрген?
17 Исаның ең бір жүрекке жылы тиетін әңгімелерінің бірі Жоханның 10-шы тарауында жазылған. Онда ол ізбасарлары мен өзінің арасындағы қарым-қатынасты бақташы мен қойлардың арасындағы қарым-қатынасқа теңейді. Ондағы сөздерден Исаның үй жануарларының ерекшеліктерін жақсы білетіндігі көрінеді. Иса қойлардың бақташының бастап алып жүруіне көніп, соңынан қалмай еріп жүретінін ескерген (Жохан 10:2—4). Киелі кітап жазылған елдерде болып қайтқандар бақташы мен қойлардың арасында тығыз қарым-қатынастың барын өз көздерімен көрген. ХІХ ғасырда табиғаттанушы Х. Б. Тристрам былай деп жазған: “Бір күні мен бақташының қойларымен ойнап жүргенін көрдім. Ол әдейі қашып бара жатқандай сыңай танытты, ал қойлары оны қуып жетіп, қоршап алды... Ақырында олар бақташыны айналдыра қоршап алып, секіріп, ойнақтап жүрді”.
18 Неге қойлар бақташының соңынан еріп жүреді? Иса: “Өйткені олар оның даусын таниды”,— деген (Жохан 10:4). Расында да қойлар бақташының даусын тани ма? “Қасиетті жердің тарихи географиясы” атты кітабында Джордж А. Смит өзі бақылаған нәрселер жөнінде былай деп жазды: “Біз кейде күндіз үш-төрт бақташы отарларын [суаруға] әкелетін яһудилердің құдықтарының басында демалатынбыз. Олардың отарлары араласып кететін, сонда біз “бұлар енді қойларын қалай ажыратып алар екен” деп аңырайып қалатынбыз. Қойлар суарылып, ойындары біткен соң бақташылардың әрқайсысы отарын шақыратын қайталанбас үн шығарып, аңғардың жан-жағына тарап кететін. Араласып жүрген қойлар өз бақташысына қарай беттеп, қалай ұйымдасқан түрде келсе, тап солай тарасатын” (The Historical Geography of the Holy Land). Өз ойын жеткізу үшін Иса бұдан артық мысал таба алар ма еді? Егер біз оның ілімін мойындап, бойсұнып, оның соңынан ерер болсақ, “ізгі Бағушы” мейірімділікпен қамқорлық ететін болады (Жохан 10:11).
Тыңдаушыларға таныс оқиғалардан алынған мысалдар
19. Қалай Иса жалған ілімді жоққа шығару үшін тыңдаушыларына таныс оқиғаны нәтижелі қолданған?
19 Сабақ алуға болатын оқиғаларды да әсері зор мысал ретінде қолдануға болады. Бірде Иса Құдайдың жазасына лайықты кісілер бақытсыздыққа ұшырайды деген жаңсақ көзқарасты жоққа шығару үшін жақын арада болған оқиғаны қолданған. Ол: “Сендер “Силоғам мұнарасы үстеріне құлап өлген он сегіз кісінің күнәсы Иерусалимнің барлық басқа тұрғындарының күнәсынан көп болған” деп ойлайсыңдар ма?” — деді (Лұқа 13:4). Иса жазмышқа деген сенімге қарсы дәлел келтірген. Сол 18 жанды күнәлары үшін Құдай жазалаған жоқ. Олар “уақыт пен кездейсоқтықтың” салдарынан жазым болған (Екклесиаст 9:11). Осылайша, Иса тыңдаушыларына таныс оқиғаны қолданып, жалған ілімді жоққа шығарған.
20, 21. а) Парызшылдар Исаның шәкірттерін не үшін айыптады? ә) Құдай діни демалыс күніне қатысты заң бергенде, оны шектен тыс қатаң ұстансын демегенін Иса қандай Жазба орнымен дәлелдеді? б) Келесі мақалада қандай сұрақ талқыланады?
20 Иса өзгелерге тәлім бергенде, Киелі жазбалардағы оқиғаларды да қолданған. Парызшылдардың Исаның шәкірттерін діни демалыс күні масақ үзгені үшін айыптағанын еске түсірейікші. Шындығына келгенде Исаның шәкірттері Құдай Заңын емес, діни демалыс күні не істеуге болатын-болмайтынына нұсқайтын парызшылдардың ойлап тапқан салт-жораларын бұзған. Діни демалыс күніне қатысты заң бергенде, Құдай оны осылайша шамадан тыс қатаң ұстансын демегенін көрсету үшін, Иса 1 Патшалықтар 21:3—6 тармақтарына жүгінген. Дәуіт пен оның адамдары ашығып келе жатып, киелі шатырға келіп тоқтап, жаңа піскендеріне ауыстырылған Құдайға ұсынылған нандарды жейді. Негізінде ескі нандарды діни қызметкерлер жеу керек болатын. Алайда аталмыш жағдайда Дәуіт пен оның адамдары сол нандарды жегендері үшін кінәлі болып есептелмеді. Бір ескере кетер жайт, Киелі кітапта Құдайға арналған нандарды діни қызметкерлерден өзгелердің жегендері жөнінде басқа еш жерде айтылмаған. Иса қандай Жазба орнына сүйену керек екендігін білген, сондай-ақ оның сөздерін тыңдаған яһудилерге бұл үзіндінің таныс болғандығында күмән жоқ (Матай 12:1—8).
21 Расында да Иса Ұлы Ұстаз болған! Оның маңызды шындықты тыңдаушылары түсінетіндей етіп жеткізе білетін теңдесі жоқ қабілетіне қайран қаламыз. Өзгелерге тәлім бергенде біз қалай Исаға еліктей аламыз? Келесі мақалада осы сұрақ талқыланады.
[Сілтемелер]
a Иса күнделікті өмірден алып, салыстыру, теңеу, метафоралар қолдану арқылы мысалдардың сан алуан түрін келтірген. Ол құлықтылық немесе дін туралы шындыққа қатысты астарлы әңгімелер, яғни ойдан шығарылатын қысқаша әңгімелер, құрастырып айтқанымен кең танымал.
b Иерусалим Иерихоннан жоғары орналасқан болатын. Сондықтан жолаушы “Иерусалимнен Иерихон қаласына” бара жатқанда төмен ‘түсуі’ керек болатын.
Естеріңде ме?
• Неге Иса тәлім бергенде мысалдарды қолданған?
• Исаның І ғасырдағы тыңдаушыларына түсінікті болатын мысалдарды келтіргені неден көрінеді?
• Иса Ехобаның жаратылыстарына қатысты білімін мысалдарында қалай шебер қолданған?
• Қалай Иса тыңдаушыларына таныс оқиғаларды қолданған?
[24-беттегі сурет]
Исаның қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімесінің мәні неде?