48-тарау
Жайырдың үйінен шығып, Назаретке барар жолда
БҮГІНДІККЕ Иса көп нәрсе істеді: Онқаладан бері қарай қайықпен жол жүрді, қан кетіп ауырған әйелді сауықтырды және Жайырдың қызын өлімнен қайта тірілтті. Бірақ күн әлі батқан жоқ. Жайырдың үйінен кетіп бара жатқан Исаның соңынан екі зағип кісі ілесіп: “Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!” — деп айғайлады.
Исаны “Дәуіттің Ұрпағы” деп атаған олар, оның Дәуіттің тағының мирасқоры, демек, уәде етілген Мәсіх екендігіне сенетіндіктерін көрсетті. Алайда сырт көзге Иса олардың өтінішін елемегендей көрінеді, бәлкім, олардың табандылықтарын сынау үшін болар. Бірақ олар қайтар емес. Иса тоқтаған үйге дейін еріп барып, оған ілесіп үйге кірді.
Сонда Иса былай деп сұрады:
— Менің солай істей алатыныма сенесіңдер ме?
— Иә, Тақсыр, сенеміз,— деді олар сенімділікпен.
Сонда Иса олардың көздеріне саусағын тигізіп: “Сенімдеріңе сай болсын!” — деді. Сол сәтте-ақ олардың көздері ашылды! Иса оларға: “Байқаңдар, бұл туралы ешкім білмесін!” — деп қатаң ескертті. Бірақ кеуделерін қуаныш кернеген олар бұйрықты елемей, Исаның істегенін бүкіл ауылға таратты.
Әлгі кісілер кеткен кезде, жұрт жын соғып тілін байлап тастаған бір адамды Исаға алып келді. Иса жынды қуып шығарысымен-ақ, әлгі мылқау адам сөйлей бастады. Мұны көрген жұрт қатты қайран қалып: “Мұндай керемет оқиға Исраилде ешқашан болған емес!” — десті.
Мұны парызшылдар да көрді. Олар кереметтерді жоққа шығара алмады, бірақ сенімсіз, қиқар болғандықтан, Исаға оның кереметтері Құдайдан емес деп қайтадан айып тақты. “Анау жындарды солардың әміршісінің күшімен қуып шығарады!” — деді олар.
Осы оқиғадан соң, Иса көп ұзамай өзінің үйіне, яғни Назаретке, оралды. Бұл жолы қасында шәкірттері бар. Осыдан бір жылдай уақыт бұрын ол осындағы мәжілісханада тәлім берген болатын. Исаның үйреткен нәрселеріне бастапқы кезде қатты қайран қалған халық кейіннен оның сөздеріне қорланып, оны өлтірмек болған. Енді Иса мейірімділікпен өзінің бұрынғы көршілеріне көмектесуге тағы да әрекет жасауда.
Басқа жерлерде Исаға жұрт ағылып келетін, ал бұл жерде олай болмай отыр. Сондықтан Иса сенбі күні мәжілісханаға барып тәлім берді. Бұған тыңдаушылардың көпшілігі таңғалып: “Бұған мұндай даналық пен құдірет қайдан біткен?” — десті.— Өзі тек ағаш ұстасының баласы емес пе? Шешесінің аты Мәриям, ал інілері Жақып, Жүсіп, Шимон, Яһуда. Қарындастарының бәрі де арамызда тұрады ғой. Сонда мұның бәрі Бұған қайдан біткен?!”
Олар Иса өзіміз сияқты адам; көз алдымызда өсті, әрі отбасын да білеміз; ол қалай Мәсіх бола алады деп ойлады. Барлық айғақтарға, оның асқан даналығы мен кереметтеріне қарамастан, олар одан бас тартты. Исаны жақсы білгендіктен, тіпті туған бауырлары да оған сенбеді. Сондықтан Иса: “Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз қалмас”,— деген тұжырымға келді.
Иса олардың сенімдерінің жоқтығына таңғалды. Қолын тигізіп бірер науқас адамды сауықтырғаны болмаса, ол Назаретте басқа ешқандай да керемет жасамады. Матай 9:27—34; 13:54—58; Марқа 6:1—6; Ишая 9:7.
▪ Зағип кісілердің Исаны “Дәуіттің Ұлы” деп атағанынан олар туралы не білуге болады?
▪ Исаның кереметтерін парызшылдар қалай түсіндірді?
▪ Неге Исаның назареттіктерге көмектесу үшін қайта барғанын мейірімділік деп айтуға болады?
▪ Назареттегілер Исаны қалай қарсы алды және неліктен?