57-тарау
Азап шеккендерге жанашырлық
ИСА жеке бастарының ғана мүддесін қанағаттандыратын әдет-ғұрыптары үшін парызшылдарды әшкерелеген соң, шәкірттерімен бірге ол жерден кетіп қалды. Жақында ғана олардың демалатын тыныш жер іздегені, бірақ адамдардың оған мүмкіндік бермегені есіңде шығар. Енді Иса шәкірттерімен бірге солтүстікке қарай бірнеше шақырым жердегі Тир мен Сидон аймақтарына аттанып барады. Біздің білуімізше, Исаның шәкірттерімен бірге Исраилден шет жаққа шыққаны осы ғана.
Тоқтайтын үй тапқан соң, Иса өздерінің осында екендігін ешкімнің білмегенін қалайтындығын айтты. Алайда осындай жат жердің өзінде ол елеусіз қала алмады. Осында, яғни Сирияның Финикиясында, туылған бір грек әйел оған келіп, былай деп өтінді: “Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, рақым етіңіз! Қызымды жын соғып, қатты қинап жатыр!” Бірақ Иса оған тіл қатпады.
Ақыр соңында шәкірттері Исаға: “Мынаның тілегін орындап, жібере салыңыз. Ол соңымыздан қалмастан айғайлап келеді”,— деді. Өзінің ол әйелге неге көңіл бөлмегенін түсіндіріп, Иса: “Мен тек адасып кеткен қойларға ұқсас Исраил халқына ғана жіберілгенмін”,— деді.
Бірақ әлгі әйел алған бетінен қайтпады. Ол Исаға жақындап, иіліп тағзым етіп: “Тақсыр, маған көмектесе көріңіз!” — деп жалынды.
Әйелдің өтініші Исаны қалай тебірентті десеңші! Сөйтсе де, ол тағы да өзінің басты міндеті Құдайдың халқына, яғни Исраилге, қызмет ету екендігін айтты. Сөйтіп, әйелдің сенімін сынау үшін болса керек, яһудилердің басқа ұлттың адамдарына басқа түсінікпен қарайтынына нұсқап, Иса: “Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес”,— деді.
Исаның даусы мен жүзіндегі жанашырлық оның яһуди еместерге де іші жылып тұрғанын білдірді. Ол тіпті басқа ұлттың адамдарын “иттерге” емес, “үй күшіктеріне” теңеді. Мұны әйел мүлдем көңіліне алмай, Исаның айтқанын іліп алып, кішіпейілділікпен: “Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен “үй күшіктері” де иелерінің дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенеді ғой”,— деді.
“Замандас, сенімің ғаламат зор екен! Тілегенің болсын!” — деді Иса оған. Дәл солай болды да! Ол үйіне келгенде, құлан-таза айыққан қызының төсекте жатқанын көрді.
Иса мен шәкірттері Сидонның жағалауындағы аймақтардан бүкіл елді аралай отырып, Иордан өзенінің бас жағына қарай бет алды. Олар Иорданның, бәлкім, Ғалилеяға құятын сағасынан жоғарырақ жерінен өтіп, өзеннің шығыс жағалауындағы Онқалаға келді. Олар тауға шықты, бірақ жұрт сол жерге де келіп, өздерімен бірге сал болғандарды, мүгедек, соқыр, мылқауларды және көптеген ауру-сырқауларды алып келді. Оларды Исаның аяқ жағына әкеліп тастады, ал ол бәрін сауықтырды. Мылқаулардың сөйлегенін, сал болғандардың жүргенін және соқырлардың көздерінің ашылғанын көргенде халық таңғалып, Исраилдің Құдайын мадақтады.
Саңырау әрі тілінің мүкісі бар біреуге Иса ерекше көңіл бөлді. Саңыраулар әсіресе адам көп жерде өздерін ыңғайсыз сезінеді. Иса әлгі адамның қатты абыржып тұрғанын байқаса керек. Оған жаны ашып, көпшіліктен шеткерірек алып шықты. Оңаша қалғанда Исаның оған не істегелі жатқаны анық болды: ол екі саусағын әлгінің құлақтарына тығып, түкірді де, қолын оның тіліне тигізіп, сосын көкке қарап қатты күрсініп: “Ашыл!” — деді. Сонда әлгі адамның құлақтары ашылып, тілінің байлауы шешіліп, айқын сөйлеп кетті.
Иса көптеген ауруларды жазды. Бұған риза болған жұрт: “Ол істеген әр нәрсе де керемет жақсы! Тіпті саңырауларды еститін, мылқауларды сөйлейтін қылады!” — деді Матай 15:21—31; Марқа 7:24—37.
▪ Неге Иса грек әйелдің қызын бірден сауықтырмады?
▪ Содан кейін Иса шәкірттерімен қайда барды?
▪ Саңырау әрі тілінің мүкісі бар адамға Иса қалай жанашырлық көрсетті?