58-тарау
Күлше нандар мен ашытқы
БАСЫМ көпшілігін басқа ұлттың адамдары құрайтын Онқалада Исаға жұрт ағылып келді. Олардың көпшілігі Исаны тыңдап, дерттерінен айығу үшін алыстан келген. Жолға алып шыққан азық-түліктерін олар өзге ұлттардың жерінен өткенде қолданатын арнайы қақпағы бар үлкен себеттерге салып шыққан.
Біраз уақыт өткеннен соң, Иса шәкірттерін қасына шақырып алып былай деді:
— Халыққа жаным ашиды. Үш күннен бері қасымда болып, жейтін азықтары қалмады. Оларды аш күйлерінде үйлеріне қайтарып жіберсем, жолшыбай әлсіреп, құлап қалар. Өйткені бірқатары тым қашықтан келді.
— Осы құлазыған айдалада бұларды тамақтандыруға жететін нанды қайдан табуға болады? — деп сұрады сонда шәкірттері.
— Қанша нандарың бар? — деді Иса білмекші болып.
— Жеті күлше мен бірнеше кепкен ұсақ балық қана,— деп жауап берді олар.
Иса жұртқа жерге жайғасуды бұйырды да, күлшелер мен балықтарды қолына алды. Содан соң Құдайға шүкіршілік етті де, күлшелерді үзіп, балықтарды бөліп-бөліп шәкірттеріне бере бастады. Ал олар болса халыққа үлестірді. Жұрт тойғанынша жеді. Соңынан қалдықтарды жинағанда үлкен жеті себет толды, ал әйел, бала-шағаны қоспағанда, төрт мыңдай ер адам тамақтанған болатын.
Сосын Иса халықты таратып жіберіп, шәкірттерін ертіп қайыққа мінді де, Ғалилея теңізінің батыс жағалауына қарай аттанды. Мұнда парызшылдар — бұл жолы олар саддукейлердің діни тобының мүшелерімен бірге — Исадан Құдай жіберген Мәсіх екендігін дәлелдейтін бір керемет жасауды сұрап, оны азғыра бастады.
Олардың сынап жатқанын біліп, Иса: “Сендер кешке “Күн ашық болады, қызарып батты ғой” деп жорисыңдар, ал таңертең “Бүгін дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрі бұлыңғыр екен” дейсіңдер. Аспанның құбылысын түсіне білгенмен, қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар!” — деп жауап берді.
Оларды зұлым, опасыз ұрпақ деп атаған Иса бір кезде парызшылдарға айтқанын қайталап, Жүніс пайғамбардың кереметінен басқа керемет көрсетілмейтіндігін айтты. Сосын ол шәкірттерімен бірге қайыққа отырып, Ғалилея теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан Бетсайдаға қарай жүзіп кетті. Жолда шәкірттері өздерімен бірге нан алып шығуды ұмытып кеткендерін байқады, ал қолда бары бір-ақ нан.
Әлгі парызшылдар және Иродты жақтаушы саддукейлермен болған әңгіме жайлы ойлап тұрған Иса шәкірттеріне: “Парызшылдар мен саддукейлердің “ашытқыларынан” сақтаныңдар!” — деп ескертті. Бұны шәкірттері Иса өздерінің нанды ұмытып кеткендерін айтып отыр екен деп түсініп, әңгімелерін сол тақырыпқа бұрып жіберді. Олардың түсінбегенін көріп, Иса: “Нанымыз жоқ деп неге пікірлесіп отырсыңдар?” — деп сұрады.
Иса мыңдаған адамды керемет түрде нан беріп тамақтандырған болатын. Соңғы рет жасаған кереметінен бері бір-екі ғана күн өтті. Сондықтан оның тура мағынасындағы нан жетпей қалатын болды деп уайымдамайтынын шәкірттері білулері керек еді.
— Кәне, естеріңе түсіріңдерші,— деді ол,— Мен бес күлше нанды бес мың адамға үлестіріп бергенімде, қалдықтарынан неше себет жинап едіңдер?
— Он екі,— деп жауап берді олар.
— Әрі жеті күлшені төрт мың адамға үлестіргенімде артылып қалғаны қанша үлкен себет болды?
— Жетеу.
— Сендер әлі де ұқпай тұрсыңдар ма? — деп сұрады Иса.— “Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақтаныңдар!” дегенімде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар?
Исаның не айтқысы келгенін шәкірттері енді ұқты. Ашытқы бір нәрсенің бұзылуын бейнелейді, өйткені оны қамырды ашыту үшін қолданады. Осылайша, “ашытқы” деген сөзді бейнелі түрде қолданғаны түсінікті болды: ол “парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдерінен” сақтануға шақырып отыр, өйткені олардың тәлімдері адамды бұзады. Марқа 8:1—21; Матай 15:32—16:12.
▪ Неге адамдар тамақтарын себеттерге салып алған?
▪ Иса қайықпен Онқаладан шығып қайда барды?
▪ Исаның ашытқы туралы айтқан сөздерін шәкірттері неге түсінбеді?
▪ Иса ’парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдері’ дегенде нені айтқысы келген?