60-ТАРАУ
Исаның ұлылығының көрінісі
МАТАЙ 16:28—17:13 МАРҚА 9:1—13 ЛҰҚА 9:27—36
ИСАНЫҢ СЫРТ КӨРІНІСІ ӨЗГЕРІСКЕ ТҮСТІ
ЕЛШІЛЕР ҚҰДАЙДЫҢ ДАУСЫН ЕСТІДІ
Хермон тауынан 25 шақырымдай жердегі Філіп Кесариясында Иса халыққа тәлім беріп отыр. Ол елшілеріне: “Сендерге шындығын айтамын, осында тұрғандардың кейбіреуі Адам Ұлының өз Патшалығында келе жатқанын көрмейінше, өлмейді”,— деген керемет жаңалық айтты (Матай 16:28).
Шәкірттер Исаның мұнымен не айтқысы келгенін білгісі келген болар. Шамамен бір аптадан кейін Иса үш елшісін — Петір, Жақып пен Жоханды — ертіп, бір биік тауға көтерілді. Түнгі уақыт болса керек, үшеуін ұйқы қысты. Бір кезде дұға етіп жатқан Исаның сырт көрінісі өзгеріске түсті. Елшілердің алдында оның бет әлпеті күндей жарқырап, киімі аппақ болып сәуле шашты.
Кенет Мұса мен Ілияс болып көрінген екі адам пайда болды. Олар Исамен “оның Иерусалим қаласында осы дүниеден кетуі тиіс” екені жөнінде сөйлесті (Лұқа 9:30, 31). Исаның кетуі оның өліп, кейін қайта тірілуін білдірсе керек. Бұл жайлы ол жақында ғана айтқан болатын (Матай 16:21). Үшеуінің әңгімесінен Исаның азапталып міндетті түрде өлетіні көрінеді. Бұл Петірдің осының алдында айтқан өтінішіне кереғар жайт еді.
Ұйқылары ашылып кеткен үш елші көріп-естігендеріне аң-таң. Көрініс шын мәнінде болып жатқандай әсер қалдырғаны сонша — Петір әңгімеге кірісіп кетті. Ол: “Ұстаз, осында болғанымыз қандай жақсы! Біз біреуін сізге, біреуін Мұсаға, тағы біреуін Ілиясқа арнап үш күрке жасайық”,— деді (Марқа 9:5). Петір бұл сұрақты көріністің уақытын созғысы келгендіктен қойған болуы мүмкін.
Петір сөзін аяқтамай жатып, бір нұрлы бұлт оларды орап алды. Бұлттың арасынан: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын! Оны тыңдаңдар!”— деген дауыс шықты. Мұны естіген елшілердің зәре-құты қалмай, етпеттерінен жерге жығыла кетті. Сонда Иса қастарына келіп: “Тұрыңдар, қорықпаңдар”,— деді (Матай 17:5—7). Бастарын көтергенде, олар Исадан басқа ешкімді көрмеді. Көрініс ғайып болған. Сол күні таудан түсіп келе жатқанда, Иса оларға: “Адам Ұлы өлімнен қайта тірілгенше, бұл көрініс туралы ешкімге тіс жармаңдар”,— деп тапсырды (Матай 17:9).
Көріністе Ілиястың пайда болғаны елшілерде сұрақ тудырды. Олар: “Неге дін мұғалімдері алдымен Ілияс келу керек дейді?”— деп сұрады. Сонда Иса: “Ілияс келді де, бірақ олар оны танымады”,— деп жауап берді (Матай 17:10—12). Иса бұл жерде Ілияс деп дәл сондай қызмет атқарған шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияны айтты. Ілияс Елішеге жол дайындағандай, Жақия Мәсіхке жол дайындаған еді.
Иса мен елшілерді осы көрініс нығайтқаны сөзсіз. Бұл Мәсіхтің Патшалықтағы салтанатының көрінісі еді. Осылайша, Исаның өзі уәде еткендей, шәкірттер “Адам Ұлының өз Патшалығында келе жатқанының” куәсі болды (Матай 16:28). Басқаша айтқанда, олар “оның ұлылығын өз көзімен көрді”. Парызшылдар Құдайдың таңдаған Патшасы екенін дәлелдеуін талап еткенде, Иса оларға ешқандай белгі көрсетпеген. Ал жақын шәкірттерінің алдында сырт көрінісін өзгерту арқылы оларға Патшалыққа қатысты пайғамбарлықтардың орындалатынын дәлелдеді. Сондықтан Петір кейіннен: “Пайғамбарлық сөзге деген сеніміміз бұрынғыдан да арта түсті”,— деп жазған (Петірдің 2-хаты 1:16—19).