49-тарау
Ғалилеяда үшінші рет жүргізілген уағыз
ИСАНЫҢ белсенді түрде уағыздау ісімен айналысқанына шамамен екі жылдай уақыт болды. Енді қарқынын бәсеңдетіп, қызметке соншама күш жұмсамаса да болатын шығар? Жоқ, керісінше ол әлі көп нәрсе істемекші, сондықтан Ғалилеяға үшінші рет аттанды. Ол ондағы барлық қалалар мен ауылдарды аралап, мәжілісханаларында тәлім беріп, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздады. Оның қызметте жүріп көрген нәрселері уағыздау жұмысын әрі қарай күшейту керектігіне көзін жеткізе түсті.
Қайда барса да, рухани айығуға және жұбанышқа мұқтаж қалың жұртты көрді. Олар қалжыраған бейшара, бағушысы жоқ қойлар сияқты, сондықтан Исаның оларға жаны ашыды. Өзінің шәкірттеріне ол: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!” — деді.
Иса қалай әрекет ету керектігін білетін. Ол осыдан бір жылдай уақыт бұрын таңдап алған өзінің он екі шәкіртін шақырып алып, екі-екіден алты уағыздаушы топқа бөліп, сосын: — Басқа ұлт адамдарының жерлеріне бармай, самариялық қалаларға да кірмеңдер. Қайта, Исраил халқының адасып кеткен қойларға ұқсас адамдарына барыңдар! Аралай жүріп: “Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезі таяп қалды!” деп уағыздаңдар,— деп нұсқау берді.
Иса дұға ету үлгісін көрсеткенде, шәкірттеріне осы Патшалық туралы дұға етуді үйреткен болатын, енді олар сол туралы уағыздауға бара жатыр. Патшалық шынында да жақын, себебі Құдай тағайындаған Патша, Иса Мәсіх, жер бетінде. Шәкірттері өздерінің осы Құдай үкіметінің уәкілдері ретінде қызмет етіп жүргендіктерін дәлелдей алуы үшін, Иса оларды ауруларды сауықтыруға және тіпті өлгендерді қайта тірілтуге қабілетті етті. Оларға бұл үшін ақы алмауды бұйырды.
Сосын ол шәкірттеріне өздерімен бірге ештеңе алып шығудың қажеті жоқ екендігін айтып: “Қалталарыңа алтын, күміс, бақыр ақша салмаңдар, жолға дорба, қосымша киім, аяқ киім және таяқ та алмаңдар. Еңбек еткен жейтін тамағына құқылы ғой”,— деді. Оларға тамақ пен үйдің қамын осы хабарды тыңдап, бағалағандар жасамақ. “Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде өздеріңе түсуге лайық адамды іздестіріп тауып алып, қайтадан жолға шыққанша соның үйінде қалыңдар”,— деді Иса оларға.
Содан кейін ол шәкірттеріне үй иесімен Патшалық туралы әңгімені қалай бастауды үйретіп: “Үйге кіргенде амандасып: “Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!” деп бата беріңдер; сол үйдегілер лайық болса, берген баталарың қонады, ал лайық болмаса, өздеріңе қайтып келеді. Егер біреу сендерді қабылдамаса не сөздеріңе құлақ салмаса, сол үйден немесе қаладан шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар”,— деді.
Ол хабарды қабыл алмаған қалалардың қатаң жауапқа тартылатындығын түсіндіріп: “Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады-ау!” — деді. Матай 9:35—10:15; Марқа 6:6—12; Лұқа 9:1—5.
▪ Ғалилеядағы үшінші уағыздау ісіне Иса қашан барды және оның не нәрсеге көзі жетті?
▪ Иса он екі шәкіртін уағыздауға жіберіп жатып қандай нұсқаулар берді?
▪ Неліктен шәкірттер Патшалық жақындап қалды деп сенімді түрде айта алды?