Оқырман сауалдары
Иса Мәсіх 12 елшісін уағыздауға жібергенде, оларға таяқ және сандал алуды айтты ма?
Кейбіреулер Исаның елшілерін уағыздауға жібергені жайлы үш Ізгі хабарда жазылған мәлімет бір-біріне қайшы келеді деп айтады. Алайда осы үш мәтінді салыстыра отырып, қызықты қорытындыға келе аламыз. Алдымен, Марқа мен Лұқаның жазғандарын салыстырайық. Марқа кітабында былай делінген: “[Иса] жолға таяқтан басқа ештеңе — нан да, дорба да, ақша да, қосымша көйлек те алмауды бұйырды, бірақ сандалдарының бауын байлап алуды тапсырды” (Мар. 6:7—9). Ал Лұқа былай дейді: “Жолға ештеңе — таяқ та, дорба да, нан да, күміс ақша да, артық киім де алмаңдар” (Лұқа 9:1—3). Бір қарағанда, бұл екі мәтін бір-біріне қарама-қайшы болып көрінуі мүмкін. Марқаның сөздеріне сай, елшілер таяқ алып, сандалдарының бауын байлап алулары керек еді. Ал Лұқаның айтуынша, олар ештеңе, тіпті таяқ та, алмаулары керек-тін. Ол сандал туралы ешнәрсе айтпаған.
Исаның осы жағдайда не айтқысы келгенін түсіну үшін үш Ізгі хабарға да ортақ сөздерге көңіл бөлейік. Жоғарыда Марқа мен Лұқадан келтірілген тармақтарда, сондай-ақ Матай 10:5—10 тармақтарда елшілерге “қосымша көйлек” не “артық киім” алмау керектігі айтылған. Олай болса, елшілердің үстерінде бір көйлек болғаны анық. Сондықтан жолға басқа көйлек алмаулары керек еді. Сондай-ақ олардың аяқтарында сандалдары да болған. Марқаның айтуынша, олар аяқтарындағы сол сандалдарының “бауын байлап алулары” керек болатын. Ал таяқ жайында не деуге болады? “Иудей энциклопедиясында”: “Таяқ ұстап жүру де ежелгі еврейлер арасында әдет болғанға ұқсайды”,— делінген (Жар. 32:10). Марқа, Иса елшілеріне нұсқау бергенде, қолдарында бар таяқтан басқа “жолға ештеңе алмау” керек болғандарын айтқан. Демек, Ізгі хабардың жазушылары Иса елшілеріне қосымша керек-жарақ аламыз деп, жолға шығуды кешеуілдетіп жібермеуді нұсқау еткеніне баса назар аударған.
Бұл ойға Исаның сол нұсқауын өз құлағымен естіп, кейін қағазға түсірген Матай да назар аударған. Оның баяндауынша, Иса елшілеріне былай деген: “Бел қалталарыңа алтын, күміс не мыс ақша салмаңдар, жолға тамақ салатын дорба да, қосымша көйлек те, сандал да, таяқ та алмаңдар, өйткені еңбек еткен адам ішіп-жеуге лайық қой” (Мат. 10:9, 10). Елшілердің аяғындағы сандалдары мен қолдарындағы таяқтары туралы не деуге болады? Байқасақ, Иса оларға өздерінде бар бұл заттарды лақтырып тастаңдар демеген, жай ғана оларды алмаңдар деп айтқан. Ол неге мұндай нұсқау берді? Өйткені “еңбек еткен адам ішіп-жеуге лайық”. Исаның берген нұсқауының мәні, міне, осында жатқан еді. Сондай-ақ бұл оның Таудағы уағызында айтқан: “Не ішіп-жейміз? Не киеміз? деп ешқашан уайымдамаңдар” деген кеңесімен де үйлесетін (Мат. 6:25—32).
Сонымен, Ізгі хабардағы бұл мәліметтер, бір қарағанда, қарама-қайшы көрінгенмен, барлығы бір ойға нұсқап тұр: елшілер қосымша нәрсе аламыз деп алаңдамай, өздерінде бар нәрсесімен жолға шығулары керек-тін. Неге? Өйткені Ехоба оларды қажетімен қамтамасыз етер еді.
Ехоба күнә жасаған адамды төлем құрбандығының негізінде кешіретін болса, мәсіхші күнәсін неліктен қауым ақсақалдарының алдында мойындауы қажет?
Дәуіт пен Барсабияның жағдайынан анық көрінетіндей, Ехоба Дәуіттің тіпті ауыр күнәсін кешірген. Себебі ол шын жүректен өкінген болатын. Натан пайғамбар келіп сөйлескеннен кейін, Дәуіт: “Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым”,— деп, кінәсін ашық мойындаған (Пат. 2-ж. 12:13).
Алайда Ехоба күнә жасаған адамның өкінгенін қабыл алып, әрі кешіріп қана қоймай, оны рухани сауықтырудың қамын жасап, сүйіспеншілікпен қамқорлық көрсетеді. Дәуіттің жағдайында мұндай көмек Натан пайғамбар арқылы көрсетілді. Ал бүгінде мәсіхшілер қауымында көмек рухани толысқан ерлер, яғни ақсақалдар арқылы беріледі. Мұны шәкірт Жақып былай түсіндірді: “Араларыңдағы біреу [рухани жағынан] ауырып қалды ма? Онда қауым ақсақалдарын шақырсын. Олар Ехобаның атынан оған май жағып, дұға етсін. Сеніммен айтылған дұға науқасты сауықтырып, Ехоба оны аяққа тұрғызады. Егер күнә жасаған болса, онысы кешіріледі” (Жақ. 5:14, 15).
Күнәсіна өкінсе де, қиналып жүрген адамның жан азабын жеңілдету үшін, тәжірибелі ақсақалдар көп нәрсе істей алады. Олар бұл мәселеде Ехобаға еліктеуге тырысады. Қатаң шара қолдану керек болған жағдайдың өзінде де, оған қаталдық көрсетпейді және қатты сөйлемейді. Қайта, әр адамның жеке қажеттілігін ескеріп, жанашырлық танытуға, сондай-ақ Құдай Сөзінің көмегімен дұрыс емес көзқарасын шыдамдылықпен түзетуге тырысады (Ғал. 6:1). Адам күнәсін өзі келіп мойындамаған күнде де, ақсақалдар, Натан пайғамбардың Дәуітке келгені сияқты, өздері онымен сөйлесіп, өкінуіне көмектесе алады. Ақсақалдардың осындай қолдау бергені шалыс қадам басқан адамды күнәні қайталаудан сақтайды және күнә жасай берудің әкеп соғатын қайғылы салдарынан қорғайды (Евр. 10:26—31).
Әрине, адамға күнәсін біреудің алдында мойындау және кешірім сұрау, әсіресе сол үшін қатты ұялып жүрген болса, оңай емес. Бұл үшін батылдық қажет. Ал егер ешкімге тіс жармай, күнәсін жасырып жүре берсе ше? Ауыр күнә жасап, мұнысын қауым ақсақалдарына айтпаған бір кісі былай дейді: “Ар-ұжданым мені қатты мазалап, өзімді қоярға жер таппадым. Уағызға көбірек шығуға тырысып едім, бәрібір жеңілдік сезінгенім жоқ”. Ол Құдай алдында күнәсін мойындап, дұға айтқан жеткілікті деп ойлады, бірақ олай болмады. Сондықтан ол да Дәуіт патшадай күй кешті (Заб. 50:10, 13). Олай болса, Ехобаның ақсақалдар арқылы сүйіспеншілікпен жасап отырған шарасын қабыл алған әлдеқайда дұрыс емес пе?!