59-тарау
Шын мәнінде Иса кім?
ИСА шәкірттерімен бірге қайықпен Бетсайдаға келіп жеткенде, жұрт оған бір зағип адамды алып келді. Олар Исадан қолын тигізіп, әлгі адамды айықтыруын өтінді. Сонда ол зағипты қолынан ұстап ауылдың сыртына шығарды да, көзіне түкіріп: “Бірдеңе көресің бе?” — деп сұрады.
“Адамдарды көріп тұрмын! — деп жауап берді ол.— Олар жүріп бара жатқан ағаш діңдеріне ұқсайды”. Екі көзіне қолын қойып, Иса оның көру қабілетін қайтарғанда, көзі шайдай ашылып, анық көрді. Содан кейін Иса оған ауылға кірместен үйіне кетуді бұйырды.
Енді Иса шәкірттерімен бірге Палестинаның солтүстік шегіне, яғни Філіп-Кесариясының маңындағы ауылдарға аттанды. Філіп-Кесариясы Бетсайдадан елу шақырымдай қашықтықта жатқан өте әдемі жерде орналасқан. Жол тек тауға қарай көтеріледі, өйткені қала теңіз деңгейінен 350 метрдей биіктікте орналасқан. Демек, жолға бірнеше күн кетеді.
Жолда Иса шәкірттерін біраз уақытқа қалдырып, өзі дұға айтуға кетті. Оның жердегі өмірінің аяқталуына небары тоғыз не он ай қалды, сондықтан ол шәкірттерінің қамын ойлап жүр. Бұл кезде көпшілігі оның соңынан ермей қойған болатын. Енді біреулері күмәнданып, беттері қайтып қалған, өйткені Иса патша болудан бас тартты және жаулары патшалықтың билеушісі екендігін дәлелдеуін талап еткенде керемет көрсетпеді. Оның кім екендігі жөнінде елшілері не ойлайды екен? Дұға айтып отырған кезде, жанына келген елшілерінен Иса:
— Жұрт Мені кім деп жүр? — деп сұрады.
— Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары Еремия немесе ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр,— деп жауап берді олар.
Иә, жұрттың ойынша Иса — өлімнен қайта тірілген пайғамбар!
— Ал сендер Мені кім дейсіңдер?
— Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз! — деді Петір бірден жауап қатып.
Иса Петірді мақтап былай деді:
— Бұдан былай сенің атың Петір (“Тас”) болады. Сол іргетастың үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын. Оны тіпті өлімнің күштері де жеңе алмайтын болады.
Иса өзінің қауым салатындығы туралы және осы қауымның мүшелерін жердегі адал қызметтерін аяқтағаннан кейін, тіпті өлім де өз құлдығында ұстап қала алмайтындығы жөнінде алғаш рет айтып отыр. Сосын ол Петірге: “Саған Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді тапсырамын”,— деді.
Осылайша, Иса Петірге ерекше тапсырма берілетіндігін ашып отыр. Бірақ бұл Петірдің елшілердің ішінде ең жоғарғы орынға ие немесе ол қауымның негізі болады дегенді білдірмейді. Өйткені үстіне қауым қаланатын негіз Исаның өзі болып табылады. Дегенмен, Петірге үш кілт беріледі. Ол осы кілттерді қолданып, әр түрлі адамдардың Құдай Патшалығына кіруіне мүмкіндік ашу керек.
Петір бірінші кілтті б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында қолданған болатын: ол тәубеге келген яһудилерге құтқарылу үшін не істеу керектігін көрсетті. Артынша-ақ екінші кілт қолданылды: сенім білдіруші самариялықтар үшін Құдай Патшалығына кіретін мүмкіндік ашылды. Б. з. 36 жылы Петір үшінші кілтті қолданып, мұндай мүмкіндікті сүндетке отырғызылмаған яһуди емес адамдарға, яғни Корнел мен оның достарына, ашты.
Иса елшілерімен әңгімесін әрі қарай жалғастырды. Иерусалимде Өзін азап пен өлім күтіп тұрғанын айтқанда, оны естіген шәкірттерінің еңселері түсіп кетті. Исаның қайта тіріліп, көкке оралатынын түсінбеген Петір оны оңаша алып шығып: “Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!” — деді. Сонда Иса Петірге арқасын беріп, былай деп жауап қатты: “Менен аулақ кет, әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың”.
Исаға елшілерінен басқа да адамдар еріп жүрген болса керек, сондықтан оларды шақырып алып, ізбасар болудың оңай емес екендігін түсіндірді: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге күн сайын дайын болып Менің жолыммен жүрсін! Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оны мәңгі аман сақтап қалады”.
Иә, егер Исаның игі ниетіне лайық болғысы келсе, шәкірттері батыл болып, өз дегенінен бас тартулары, яғни жанқиярлық танытулары керек. “Себебі кім осы опасыз, күнәкар ұрпақ арасында Мені және айтқан сөздерімді танудан бас тартса, Мен де Билеуші ретінде Әкемнің салтанатты ұлылығымен Оның қасиетті періштелерін ертіп көктен қайтып келген кезімде сол адамды танудан бас тартамын”,— деді Иса. Марқа 8:22—38; Матай 16:13—28; Лұқа 9:18—27.
▪ Неліктен Иса шәкірттерінің қамын ойлауда?
▪ Халық Исаны кім деп есептейді?
▪ Петірге қандай кілттер берілді және ол оларды қалай қолданды?
▪ Иса Петірді қалай және не үшін айыптады?