61-тарау
Жын соққан баланың сауығуы
ИСА, Петір, Жақып, Жохандар жоқ кезде (олар Хермон тауының сілемінде болған болса керек) өзге шәкірттері қиын жағдайға тап болды. Иса оралысымен-ақ бір нәрсенің болғанын байқады: шәкірттерін қоршаған халық пен дін мұғалімдері олармен айтысып жатыр. Исаны көргенде халық қатты таңғалып, қарсы алу үшін жүгіре жөнелді. “Бұлармен не туралы айтысып жатырсыңдар?” — деп сұрады Иса.
Сонда халықтың арасынан бір кісі шықты да, Исаның аяғына жығылып: “Ұстаз, жын соққан, мылқау ұлымды Сізге көрсету үшін осында келген едім. Жыны қайда ұстаса, сол жерде алып ұрады. Баланың аузынан көбік ағып, тістерін шықырлатып, сіресіп қатып қалады. Шәкірттеріңізден жынды қуып шығуларын сұраған едім, бірақ олардың қолынан келмеді!” — деді.
Шәкірттерінің баланы сауықтыра алмай жатқанын көрген дін мұғалімдері үлкен шу шығарып, оларды келеке қылып жатса керек. Осы кезде Иса келіп қалды. “Ей, сенбейтін ұрпақ-ай! — деді ол.— Қанша уақыт қастарыңда болмақпын? Қанша уақыт сендерге төзбекпін?”
Мұны Иса осында тұрғандардың бәріне қаратып айтса керек, дегенмен бұл сөздердің әсіресе шәкірттеріне маза бермей жатқан дін мұғалімдеріне бағытталғаны сөзсіз. Содан кейін Иса: “Кәне, әкеліңдер оны Маған!” — деп баланы өзіне шақыртты. Бірақ бала Исаға қарай келе жатқанда, жын оны құлатып түсіріп, қалшылдата бастады. Ол жерге домалап, аузынан көбік шашты. Сонда Иса баланың әкесінен:
— Ұлың қашаннан бері мұндай? — деп сұрады.
— Кішкентай кезінен бері. Жын оны құртпақ болып, жиі-жиі отқа да, суға да құлатып келеді,— деп әкесі жауап қатты да, былай деп жалынды: — Қолыңыздан келсе, бізді мүсіркеп жәрдем ете көріңіз!
Бұл әке көп жылдан бері баласына көмек іздеп жүрсе керек. Ал қазір Исаның шәкірттерінің сәтсіздікке ұшырағанын көріп қатты қамықты. Иса осындай күй кешіп тұрған әкені былай деп жігерлендірді:
— Қолыңыздан келсе деген не сөз? Сенушіге бәрі де мүмкін.
— Мен сенемін,— деп дауыстап жіберді сонда әкей.— Сенімім жетіспегенде оны нығайта көріңіз!
Жұрттың жүгіріп жиналып жатқанын байқаған Иса жынға былай деп бұйырды: “Саңырау, мылқау қылатын жын, саған бұйырамын: бұдан шық! Енді еш уақытта оған жолама!” Жын одан шығып жатып, баланы тағы да айғайлатып, қатты қалшылдатты. Соңында бала жерде тырп етпей жатып қалды, сондықтан халықтың көпшілігі: “Ол өлді”,— десті. Бірақ Иса қолынан ұстап көтергенде, бала орнынан тұрды.
Бұған дейін, Иса уағыздауға жіберген кезде, шәкірттері жындарды қуып шығара алатын еді. Сондықтан қазір, үйге кіріп Исамен оңаша қалған кезде, олар: “Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық?” — деп сұрады.
Сенімдері жеткіліксіз болғандықтан, осылай болғанына нұсқап, Иса: “Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып, мінажат ету арқылы ғана қуып шығаруға болады”,— деп жауап берді. Әлгі жын ерекше күшті болатын, әрі оны қуу үшін дайындық қажет болған болса керек. Олар Құдайға қатты сенім артып, күш, көмек сұрап сиынулары керек еді.
Сосын Иса: “Сендерге маңызды шындықты айтайын: тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тауға: “Бұл жерден ана жаққа көш!” десеңдер, ол көшеді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмайды”,— деп толықтырды. Сенімнің күші қандай болуы мүмкін десеңші!
Ехобаға деген қызметіміздің қарқынын тежеп жатқан кедергілер мен қиындықтар бізге асқар тау сияқты алып болып көрінуі мүмкін. Бірақ Иса, сенімді жүрегімізде өсіріп әрі нығайтып отыратын болсақ оның жетілетіндігін және соның арқасында жолымызда тау сияқты болып тұрған кедергілер мен қиындықтарды жеңе алатындығымызды көрсетіп отыр. Марқа 9:14—29; Матай 17:19, 20; Лұқа 9:37—43.
▪ Иса Хермон тауынан оралғанда қандай жағдайдың үстінен түсті?
▪ Иса жын соққан баланың әкесін қалай жігерлендірді?
▪ Неліктен шәкірттер жынды қуып шығара алмады?
▪ Исаның айтуынша, сенім қаншалықты күшті болуы мүмкін?