62-тарау
Кішіпейілділіктің үлгісі
ФІЛІП-КЕСАРИЯСЫ аймағында жын соққан баланы сауықтырғаннан кейін, Иса шәкірттерімен бірге үйіне, Қапарнаумға, қайтпақшы болды. Алайда ол қасында тек шәкірттерінің болғанын қалады. Сонда өзінің өлетіндігі туралы, сондай-ақ оларға кейінірек жүктелетін жауапкершіліктер туралы айта алады. Иса шәкірттеріне былай деп түсіндірді: “Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді. Солар Оны өлтіреді. Бірақ содан кейінгі үшінші күні Ол қайта тіріледі”.
Бұл туралы Иса оларға бұған дейін де айтқан еді және үш елшісі оның ‘бұ дүниеден өтетіндігі’ талқыланған кездегі түрінің өзгергенін өз көздерімен көрген болатын, әйтсе де олар мұны аяғына дейін түсінбеді. Рас, олардың ешқайсысы да Петір сияқты Исаның өлтірілетіндігіне қарсылық білдіруге тырыспаса да, бұл туралы анығырақ сұрауға батылдары бармады.
Олар, ақырында, Исаның әдетте негізгі тоқтайтын жері Қапарнаумға жетті. Бұл, сондай-ақ Петірдің және басқа да кейбір елшілердің туған қаласы. Қапарнаумда Петірдің жанына ғибадатхана үшін салық жинайтын кісілер келді. Дәстүрді ұстанбады деп Исаға айып тағуға тырысқан олар былай деп сұрады:
— Ұстаздарың ғибадатхана салығын төлемей ме?
— Иә, төлейді,— деп жауап берді Петір.
Иса осыдан кейін көп ұзамай үйге келді. Ол болған жайдың бәрін біледі. Петір үйге кіргенде, Иса оның алдын орап былай деп сұрады:
— Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелік патшалар алым-салықты кімнен жинайды — өз халқынан [“ұлдарынан”, ЖД] ба, әлде бөтендерден бе?
— Бөтендерден,— деп жауап қатты Петір.
— Сонымен, өз ұлдары салықтан босатылған,— деді Иса. Исаның Әкесі — Әлемнің Патшасы және Оған ғибадатханада ғибадат етеді. Демек, Құдайдың Ұлы ғибадатхана салығын төлеуге міндетті емес.
— Алайда әлгі садақа жинаушыларды өкпелетпеу [“сүріндірмес”, ЖД] үшін,— деді Иса,— көлге барып, қармақ таста. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бір үлкен күміс теңгені (төрт күндік жалақының құнын) табасың. Соны алып, оларға екеуіміз үшін бере сал.
Қапарнаумға оралып бас қосқан кезде, Петірдің үйінде болса керек, шәкірттері: “Құдай Патшалығында кімнің жолы үлкен?” — деп сұрады. Иса бұл сұрақтың неге туындағанын біледі, себебі Філіп-Кесариясынан келе жатқан жолда олардың әңгімелерін естіген болатын. “Жолшыбай не туралы пікірлестіңдер?” — деп сұрады ол. Ұялғаннан олар үнсіз қалды: олар жол бойы араларындағы қайсысының жолы үлкен екендігі туралы айтысқан еді.
Үш жылға жуық уақыт бойы берілген тәлімнен кейін, шәкірттердің мұндай тақырыпқа айтысып жатқаны таңғаларлық нәрсе болып көрінбей ме? Бұл — адам баласына кемелсіздігі мен бұған дейінгі діни тәрбиесі қатты әсер етеді деген сөз. Шәкірттер тәрбие алған яһуди дінінде лауазым мен атаққа ерекше мән берілетін болған. Оның үстіне, Иса Патшалықтың “кілттерін” уәде еткендіктен, Петір өзін жоғары сезінген болуы мүмкін. Бәлкім, Жақып пен Жохан да осындай сезімде болған шығар, себебі олар Исаның түрінің өзгеруін өз көздерімен көрді ғой.
Қандай себеп болмасын, Иса олардың көзқарасын түзету үшін, көңілге әсерлі көрнекі мысал қолданды. Ол бір кішкене баланы шақырып алып, орталарына тұрғызып қойды да, құшақтап тұрып былай деді: “Теріс пікірлеріңнен қайтып, бала сияқты болмасаңдар, Құдай Патшалығына еш кіре алмайсыңдар! Кім өзін осы сәби сияқты кіші тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы ең үлкен. Кім Менің атымнан осындай бір сәбиді қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны”.
Шәкірттерді жөнге салудың қандай тамаша жолы! Иса оларға ашуланбады, сондай-ақ оларды тәкаппар, қызғаншақ не атаққұмар деп атамады. Керісінше, айқын мысалдың көмегімен жөнге салды: ол қарапайым, атаққұмарлық дегенді білмейтін, әрі кімнің лауазымы қандай деген ойларына кіріп-шықпайтын баланы көрсетті. Осылайша Иса шәкірттеріне кішіпейіл балаларға тән қасиеттерді дамыту керектігін көрсетті. Сосын ол сөзін: “Араларыңда ең кішік кім болса, ең ұлыларың сол”,— деп аяқтады. Матай 17:22, 23, 24 (ЖД), 25—27; 18:1—5; Марқа 9:30—37; Лұқа 9:43—48.
▪ Қапарнаумға қайтар жолда Иса нені қайталап айтты және мұны шәкірттер қалай қабылдады?
▪ Неліктен Иса ғибадатхана салығын төлеуге міндетті емес, бірақ неге ол төледі?
▪ Шәкірттерінің айтысуына не себеп болды және Иса оларды қалай жөнге салды?