Қауым рухани күшейіп, нығая берсін
‘Сенушілер қауымы тыныш күндерді басынан кешіп, рухани күшейіп жатты’ (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 9:31).
1. ‘Құдайдың қауымына’ қатысты қандай сұрақтар туындайды?
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында Ехоба Мәсіхтің шәкірттерінен құралған топты жаңа халық, ‘Құдайдың рухани Исраил халқы’, ретінде қабыл алды (Ғалаттықтарға 6:16). Сондай-ақ киелі рухпен майланған осы мәсіхшілер ‘Құдайдың қауымы’ болды (Қорынттықтарға 1-хат 11:22). Бұл нені білдіреді? ‘Құдайдың қауымы’ қалай ұйымдастырылмақ еді? Қауымның мүшелері қай жерде өмір сүрсе де, ондағы істер қалай атқарылар еді? Бұл біздің өмірімізге және қуанышымызға қалай әсер ету керек?
2, 3. Иса қауымның құрылымы болатынын қалай көрсетті?
2 Алдыңғы мақалада айтылғандай, Иса майланғандардан тұратын осы қауымның пайда болатынын алдын ала көрсетіп, Петірге былай деген: “Іргетастың [Иса Мәсіх] үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын. Оны тіпті өлімнің күштері де жеңе алмайтын болады” (Матай 16:18). Оның үстіне, Иса шәкірттерімен бірге болған кезінде жуырда құрылатын қауымның қалай ұйымдастырылатынын және ондағы істердің қалай атқарылатынын көрсетті.
3 Кейбіреулердің қауымда басшылықты қолға алатынын Иса сөздерімен де, істерімен де көрсетті. Олар мұндай басшылықты топ мүшелеріне қызмет ету арқылы жүзеге асырулары керек еді. Мәсіх былай деді: “Билеушілері деп саналатындар қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер. Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін! Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол бәріңе құл іспетті қызмет көрсете берсін!” (Марқа 10:42—44) ‘Құдайдың қауымы’ — жеке-дара, өз бетінше жүретін адамдар тобы емес, керісінше, құрылымы бар, мүшелері бір-бірімен тығыз араласатын ұйым болмақ еді.
4, 5. Қауымға тәлім берілу керектігі неден көрінеді?
4 Болашақта ‘Құдай қауымының’ Басы болатын Иса өзінен тәлім алған шәкірттері мен басқа ер адамдардың қауымда белгілі бір жауапкершіліктері болатынын көрсетті. Бұл қандай жауапкершіліктер? Олардың басты міндеті қауымдағыларға рухани жағынан тәлім беру болмақ еді. Кейбір елшілермен бірге тұрған Петірге қайта тірілген Исаның не дегеніне көңіл аударшы. Ол: “Жохан ұлы Шимон, сен Мені сүйесің бе?”— деп сұрағанда, Петір оған: “Иә, Ием, Сізді жақсы көретінімді білесіз ғой”,— деп жауап береді. Сонда Иса: “Тоқты-қозыларымды бақ!.. Қойларымды бағып жүр!.. Қойларыма қарап жүр!”— дейді (Жохан 21:15—17). Бұл қандай үлкен жауапкершілік!
5 Иса қауым мүшелерін отардағы қойларға теңеген. Осы қойлар — мәсіхші ерлер, әйелдер және балалар — рухани тамақтандырылып, бағылу керек еді. Оның үстіне, Иса барлық ізбасарларына өзгелерге тәлім беру мен шәкірт дайындауды бұйырғандықтан, отарға қосылған әрбір мәсіхші Құдайдың осы тапсырмасын орындауды үйрену керек-тін (Матай 28:19, 20).
6. Жаңадан құрылған ‘Құдай қауымында’ қандай шаралар қарастырылды?
6 ‘Құдай қауымы’ құрылғанда, оның мүшелері тәлім алып, өзара жігерлену үшін үнемі жиналып тұрған. Бұл жайлы былай деп оқимыз: “Олар елшілердің беріп жүрген тәлімін, араларындағы қарым-қатынастарын, нан үзу рәсімін және Құдайға сиынуды берік ұстанып, жалғастыра берді” (Елшілердің істері 2:42, 46, 47). Киелі кітаптан тағы бір жайтты білеміз: талаптарға сай келетін кейбір ер кісілерге белгілі бір істерді атқару тапсырылған. Олар көп жылдық біліміне не қабілеттеріне қарай таңдалмаған. Бұл ер кісілер “Киелі Рух пен даналыққа бөленген” адамдар еді. Солардың бірі Степан болған. Киелі кітапта оның “Құдайға жан-тәнімен сенетін, Оның Киелі Рухына бөленген” кісі болғандығына назар аударылған. Қауымда осындай шара қарастырылғанның арқасында қол жеткен нәтижелердің бірі — “Құдай сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде Мәсіх жолын қуушылардың саны көбейе берді” (Елшілердің істері 6:1—7).
Құдай қолданған ер кісілер
7, 8. а) Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілері ертедегі мәсіхшілер арасында қандай қызмет атқарды? ә) Қауымдар арқылы нұсқаулар берілуінің нәтижесі қандай болды?
7 Елшілердің қауымда қарастырылған шараларды жүзеге асыру үшін басшылықты қолға алғаны белгілі, алайда олар жалғыз емес-тін. Бірде Пауыл серіктерімен бірге Сириядағы Антақияға оралады. Елшілердің істері 14:27-де былай делінген: “Қайтып келген екі елші қауымды жинап, өздері арқылы Құдайдың не істегенін... айтып берді”. Олар сол қауымда болғанда, басқа ұлттан шыққан сенушілердің сүндеттелуі қажет пе деген сұрақ туындайды. Пауыл мен Барнаба осы мәселені шешу үшін басқарушы кеңес ретінде қызмет еткен “Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілеріне” жіберіледі (Елшілердің істері 15:1—3).
8 ‘Елшілер мен қауым жетекшілері осы мәселе жөнінде мәжіліске жиналғанда’, мәсіхші ақсақал Жақып (Исаның елші емес бауыры) төрағалық етеді (Елшілердің істері 15:6). Мәселені жан-жақты қарастырғанның арқасында және киелі рухтың көмегімен олар Жазбаларға сай бір шешімге келеді. Сөйтіп, бұл нұсқауларын хатқа жазып, қауымдарға жібереді (Елшілердің істері 15:22—32). Хатты алған мәсіхшілер ондағы нұсқаулармен келісіп, оны ұстанады. Нәтижесінде, бауырластар рухани күшейіп, жігерленеді. Киелі кітапта бұл жайлы былай делінген: “Сөйтіп қауымдардың сенімі күшейіп, сенушілердің саны күн сайын арта берді” (Елшілердің істері 16:5).
9. Талаптарға сай келетін мәсіхші ер кісілердің жауапкершіліктері туралы Киелі кітапта не айтылған?
9 Жергілікті қауымдардағы істер қалай жүріп жатты? Мысалы, Крит аралындағы қауымдарды алайық. Сол жердің тұрғындарының көпшілігі жаман жүріс-тұрыстарымен белгілі болған, сөйтсе де олардың кейбірі өзгеріп, шынайы мәсіхші болады (Титке 1:10—12; 2:2, 3). Олар әр түрлі қалаларда тұратын және Иерусалимдегі басқарушы кеңестен жырақта еді. Алайда бұл үлкен қиындық тудырмады, өйткені басқа жердегі сияқты Криттегі әрбір жергілікті қауымға да ‘жетекшілер’ тағайындалған болатын. Бұлар Киелі кітаптағы талаптарға сай келген рухани толысқан ер кісілер еді. Олар ақсақалдар, немесе бақылаушылар, ретінде тағайындалып, ‘басқаларды дұрыс ілімге үйретіп, соған еруге жігерлендіріп, Ізгі хабардың қарсыластарын теріске шығара алған’ (Титке 1:5—9; Тімотеге 1-хат 3:1—7). Ал өзге рухани толысқан ер кісілер болса қауымдарда қызмет көмекшілері болуға лайық болған (Тімотеге 1-хат 3:8—10, 12, 13).
10. Туындаған қиындықтар Матай 18:15—17 тармақтарға сай қалай шешілу керек еді?
10 Иса қауымда осындай құрылым болатынын көрсеткен. Матай 18:15—17 тармақтарда жазылғандарды еске түсірейік. Ол жерде Иса Құдайдың екі қызметшісінің арасында кейде қиындықтар туындап, бірі екіншісіне қарсы күнә жасауы мүмкін екенін айтқан. Мұндай жағдайда жәбір көрген кісі кінәлі адамға барып, ‘істегені туралы оңаша сөйлесіп, әшкерелеу’ керек еді. Егер бұдан мәселе шешілмесе, жағдайды білетін бір-екі адамды көмекке шақыруға болатын. Бірақ мәселе бәрібір шешілмесе ше? Иса мынадай нұсқау берді: “Егерде оларға да құлақ аспаса, бұл туралы сенушілер қауымына айтып бер. Ал егер қауымды да тыңдамаса, онда оған Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамына не салық жинайтын күнәкарға қарағандай қара”. Иса осы сөздерді айтқанда яһудилер әлі ‘Құдайдың қауымы’ еді, сондықтан бұл сөздер алғашында соларға қатысты болдыa. Кейін мәсіхшілер қауымы құрылғанда, Исаның осы нұсқауы соларға қатысты болмақ еді. Бұл — әрбір мәсіхші рухани нығаю үшін және басшылық алып отыру үшін Құдай халқының қауымында құрылым болатындығының тағы бір дәлелі.
11. Қиындықтарды шешуде ақсақалдар қандай рөл атқарған?
11 Жетекшілер, не бақылаушылар, қиындықтарды және күнәға қатысты мәселелерді қарастыруда немесе шешуде жергілікті қауымның атынан әрекет ету керек еді. Бұл Титке 1:9-дағы ақсақалдарға қойылатын талаптарға сай. Әрине, жергілікті ақсақалдар да Тит сияқты кемелсіз болатын. Сонда да Пауыл оны ‘кем-кетік істерді түзетуге жіберген’ (Титке 1:4, 5, ЖД). Бүгінде өзінің сенімі мен адалдығын ұзақ уақыт бойы дәлелдеген ер бауырластар ғана ақсақал ретінде тағайындалады. Сондықтан қауым мүшелерінің солар арқылы беріліп жатқан басшылық пен нұсқауларға сенімділікпен мойынсұнуларына болады.
12. Ақсақалдардың қауымға қатысты қандай жауапкершілігі бар?
12 Пауыл Ефес қауымындағы ақсақалдарға былай деген: “Киелі Рух өздеріңді бақылаушы етіп қойған барлық рухани “отарды” бағып, Құдай өз Ұлының қанымен меншігіне алған қауымына бақташы болып жүргейсіңдер!” (Елшілердің істері 20:28, сілтеме) Бүгінгі күні де қауым бақылаушылары ‘Құдай қауымына бақташы болу’ керек. Олар отарға өктемдік жүргізбей, оны сүйіспеншілікпен бағулары қажет (Петірдің 1-хаты 5:2, 3). Сондай-ақ “барлық рухани “отарды” нығайтып, оларға көмектесулері керек.
Қауыммен тығыз байланыста болу
13. Кейде қауымда қандай жайт орын алуы мүмкін және неге?
13 Ақсақалдар да, қауымның басқа мүшелері де кемелсіз, сондықтан бірінші ғасырда кейбір елшілердің көзі тірісінде болған жағдай сияқты, бүгінде де мәселені дұрыс түсінбегендіктен, қиындықтар туындап тұрады (Філіпіліктерге 4:2, 3). Мысалы, бақылаушы не басқа біреу дөрекі, жағымсыз не жарым-жартылай шындық болып көрінетін бір нәрсе айтуы мүмкін. Немесе қауымда Жазбаларда айыпталатын жайт орын алып, ал ақсақалдар бұны білсе де, жағдайды түзетпей жатқандай болар. Алайда біз білмейтін жайттар ескеріліп, мәселе Жазбаларға сай қарастырылған не қарастырылып жатқан болуы әбден мүмкін. Тіпті жағдай біз ойлағандай болған күнде де, мына бір жайтқа көңіл бөлейікші: Ехоба қамқорлық көрсетіп жатқан Қорынттағы бір қауымда ауыр күнә жасалып жатқан болатын. Уақыт өте келе, Құдайдың басшылығымен шаралар қолданылып, жағдай түзетіледі (Қорынттықтарға 1-хат 5:1, 5, 9—11). Өзімізден: “Егер мен сол кезде Қорынтта тұрған болсам, мәселе шешілгенше не істер едім?”— деп сұрап көрсек болады.
14, 15. Неге кейбіреулер Исаның соңынан ермей қойды және біз бұдан қандай сабақ аламыз?
14 Қауымда орын алуы мүмкін тағы бір жайтты қарастырайық. Әлдекімге Киелі кітаптың қандай да бір ілімін түсіну және оны қабылдау қиын делік. Бәлкім, ол Киелі кітапты және қауым арқылы беріліп жатқан әдебиеттерді зерттеп, толысқан мәсіхшілерден, тіпті ақсақалдардан көмек сұраған шығар. Бірақ ол сол ілімді бәрібір түсіне не қабылдай алмай жатса ше? Исаның өлімінен бір жыл бұрын осыған ұқсас жайт болған еді. Ол тобырға: “Нан” Менмін”,— дейді, сосын, мәңгі өмір сүру үшін адам ‘көктен келген Билеушінің тәнін “жеп”, қанын “ішу”’ керектігін айтады. Бұны естіген кейбір шәкірттері аң-таң болады. Айтылғандарды түсіндіріп беруді сұраудың немесе сенім білдіріп, күте тұрудың орнына, көптеген шәкірттері “бұдан былай Оған ермейтін болды” (Жохан 6:35, 41—66). Сол жерде болғанда, біз не істер едік?
15 Біздің күнімізде кейбіреулер Құдайға өз бетімше қызмет ете берем деп қауымнан кетіп жатады. Олар сезімім жараланды не қандай да бір бұрыс жайт түзелмеді деп ойлағандықтан немесе белгілі бір ілімдерді қабылдай алмағандықтан осылай етуі мүмкін. Олардың бұл әрекеттері дұрыс па? Әрбір мәсіхшінің Құдаймен жеке қарым-қатынасы болу керек екені рас, сөйтсе де елшілердің күніндегідей бүгін де Құдай дүниежүзілік қауымды қолданып жатқандығына шек келтіре алмаймыз. Оның үстіне, бірінші ғасырда Ехоба қауымның игілігі үшін талаптарға сай келетін ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін тағайындап, жергілікті қауымдарды қолданған және оларға батасын берген. Бүгінгі күні де тап солай.
16. Қауымнан кеткісі келген адам не туралы ойланғаны жөн?
16 Мәсіхші тек Құдаймен жеке қарым-қатынасына ғана арқа сүйейтін болса, оның Құдай орнатқан құрылымнан — Құдай халқының дүниежүзілік қауымы мен жергілікті қауымдардан — бас тартқаны. Мұндай адам бөлектеніп кетуі не бірнеше адаммен ғана араласуы мүмкін. Сонда ақсақалдар мен қызмет көмекшілері кім үшін тағайындалған? Пауыл Қолостағы қауымға хат жазып, оны Лаудікидегі қауымға да оқып беруді айтқан. Бұл хатта ол: “Негіздерің Мәсіхте болып, терең тамыр жайып, өсе беріңдер”,— деген болатын. Бұл нұсқаудың пайдасын бөлектеніп кеткендер емес, қауымдағылар көретін (Қолостықтарға 2:6, 7; 4:16).
Шындықтың тірегі мен таянышы
17. Тімотеге 1-хат 3:15-те қауым туралы не айтылған?
17 Пауыл мәсіхші ақсақал Тімотеге жазған бірінші хатында жергілікті қауымдардағы ақсақалдар мен қызмет көмекшілеріне қойылатын талаптарды атап өткен. Сосын, “мәңгі тірі Құдайдың қауымы” ‘шындықтың тірегі, таянышы’ болып табылатынын айтқан (Тімотеге 1-хат 3:15). Бірінші ғасырда майланған мәсіхшілерден құралған бүкіл қауымның осындай тірек болғандығында сөз жоқ. Сондай-ақ әрбір мәсіхші шындықты, негізінен, жергілікті қауым арқылы ала алатын. Олай болса, сол жерде ғана олар шындықты біліп, оған көздері жетіп, рухани нығая алатын.
18. Қауым кездесулері неге маңызды?
18 Сол сияқты бүгінде де мәсіхшілердің дүниежүзілік қауымы ‘Құдайдың отбасы’, ‘шындықтың тірегі, таянышы’, болып табылады. Құдаймен қарым-қатынасымызды нығайтып, оның еркін орындауды үйрену үшін, қауым кездесулеріне жүйелі түрде барып, оған атсалысқанымыз аса маңызды. Пауыл Қорынттағы қауымға жазған хатында кездесулерде айтылатын нәрселерге ерекше назар аударған. Ол қауымдағылар ‘рухани жетіле’ алу үшін кездесулерде айтылатын сөздердің анық та түсінікті болуын қалайтынын жазған (Қорынттықтарға 1-хат 14:12, 17—19). Ехоба Құдайдың жергілікті қауымдардағы шараларды орнатып, оларды қолдап жатқанын мойындайтын болсақ, біз де рухани нығая аламыз.
19. Қауымыңа не үшін ризасың?
19 Иә, рухани күшейіп, нығайғымыз келсе, қауымда болуымыз керек. Ұзақ уақыттан бері қауым жалған ілімдерден қорғаныш болып келеді. Сондай-ақ Құдай оны Мәсіхтің Патшалығы туралы ізгі хабар бүкіл дүниеге таралу үшін қолдануда. Құдайдың мәсіхшілер қауымы арқылы көп нәрсені жүзеге асырып отырғаны шүбәсіз (Ефестіктерге 3:9, 10).
[Сілтеме]
a Киелі кітапты зерттеуші Альберт Барнз ‘сенушілер қауымына айт’ деген Исаның нұсқауы “осындай мәселелерді қарастыру тапсырылғандарға, яғни шіркеу өкілдеріне, қатысты болуы мүмкін екенін айтқан. Яһуди мәжілісханасында осындай мәселелерге төрелік ететін ақсақалдар тобы болған”.
Естеріңде ме?
• Неге Құдай жердегі қауымдарды қолданады деп күтуіміз керек?
• Кемелсіз болса да, ақсақалдар қауым үшін не істейді?
• Жергілікті қауымның арқасында қалай рухани нығайып жатырсың?
[14-беттегі сурет]
Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілері басқарушы кеңес ретінде қызмет еткен
[16-беттегі сурет]
Ақсақалдар мен қызмет көмекшілері қауымдағы жауапкершіліктерін атқару үшін нұсқаулар алады