120-тарау
Сарай ауласында Исадан тану
ИСАНЫ Гетсимани бағында қалдырып, қорыққандарынан басқа елшілермен бірге қашып кеткен Петір мен Жохан бір уақытта тоқтады. Олар Исаны Аннастың үйіне апара жатқан жолда қуып жеткен болуы мүмкін. Аннас Исаны бас діни қызметкер Қаяфаға жібергенде, Петір мен Жохан алыстан олардың соңынан ілесіп отырды. Бәлкім, олар бір жағынан өз өмірлері үшін қауіптенсе, екінші жағынан Иелерінің жағдайын уайымдап келе жатса керек.
Қаяфаның зәулім үйіне жеткенде, бас діни қызметкермен таныс Жохан сарайдың ауласына кіруге рұқсат алды. Ал Петір сыртта қақпаның алдында қалды. Көп кешікпей, Жохан қайтып келіп, қызметші әрі қақпашы қызбен сөйлесті де, Петірдің ішке кіруіне рұқсат етілді.
Түн салқын. Бас діни қызметкердің малайлары мен сақшылары от жақты. Исаның ісі қалай бітетінін күтіп тұрған Петір жылыну үшін соларға қосылды. Петірді кіргізген қақпашы қыз оттың жарығында оның бетіне үңіліп қарады да: “Сен де ғалилеялық Исамен жүретін едің ғой!” — деді дауыстап.
Өзін танып қойғанынан қатты қорыққан Петір бәрінің алдында Исаны білетіндігін мойындамады. Ол: “Не деп тұрғаныңды білмеймін де, түсінбеймін де”,— деді.
Содан соң ол қақпа жаққа қарай жылжыды. Ол жерде оны басқа бір қызметші қыз көріп қалды да, маңындағыларға: “Мынау да назареттік Исамен бірге болған!” — деді. Петір тағы да мойындамай: “Ол адамды білмеймін!” — деп ант ішті.
Петір аулада қала берді, бірақ ол енді көзге түспеуге тырысты. Бәлкім, дәл осы кезде, яғни таң сыз беріп ата бастаған кезде болар, әтештің шақырғаны оны селк еткізді. Исаның ісін әлі қарастырып жатыр. Бұл тергеу үйінің аулаға шығатын бөлігінде өтіп жатқанға ұқсайды. Петір мен басқа да төменде күтіп отырғандар айғақ беруге шақыртқан куәгерлердің қалай кіріп-шығып жатқандарын көріп отырғандары сөзсіз.
Петірдің Исамен бірге болғандығын екінші рет айтқаннан бері де бір сағаттай уақыт өтті. Енді маңында тұрғандардың біреулері оның қасына келіп: “Сен шынымен де солардың бірісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ көрініп тұр!” — деді. Солардың бірі — Петір құлағын семсермен шауып түсірген Мәліктің туысы. “Сені бақта Соның қасынан көрдім емес пе?” — деді ол.
Петір: “Сол Адамды еш білмеймін!” — деп бет бақтырмады. Олардың қателісіп тұрғандарына көздерін жеткізу үшін ол ант ішіп, өтірік айтсам, өзіме қарғыс жаусын деп, қарғап-сілене бастады.
Петір үшінші рет Исадан танған кезде, әтеш тағы да шақырды. Осы кезде ауланың жоғарғы жағындағы балконға шыққан Иса бұрылып Петірге қараса керек. Осы кезде бірнеше сағат бұрын Исаның: “Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың”,— деп айтқан сөздері Петірдің есіне түсті. Жасаған күнәсінің ауырлығынан еңсесі түскен Петір қақпа сыртына шығып, қатты өксіп жылады.
Неліктен бұлай болды? Өзінің рухани берік екендігіне сенімді Петір қалайша өзінің Иесінен үш рет танды? Әрине, Петір бұндай жағдайға күтпеген жерден тап болды. Шындық бұрмаланып, ал Исаны жауыз қылмыскер етіп отыр. Ақты қара, кінәсізді кінәлі деді. Осындай қысымға Петір шыдай алмады. Шексіз берілгендік сезімі күтпеген жерден өзгеріп кетті. Оны есеңгіретіп қойған — адам алдындағы қорқыныш. Петірдің өзіне бұл ісі ауыр тиді. Бұндай қорқынышқа ешқашан бой алдырмайық! Матай 26:57, 58, 69—75; Марқа 14:30, 53, 54, 66—72; Лұқа 22:54—62; Жохан 18:15—18, 25—27.
▪ Петір мен Жохан бас діни қызметкердің ауласына қалай кірді?
▪ Петір мен Жохан аулада болған кезде үйдің ішінде не болып жатқан еді?
▪ Әтеш неше рет шақырды және неше рет Петір Исаны танымаймын деді?
▪ Петір ант ішіп, қарғанды деген нені білдіреді?
▪ Петірдің Исадан тануына не себеп болды?