125-тарау
Бағанадағы азап
ИСАМЕН бірге өлтіруге екі қарақшыны алып келді. Бұл шеру қалаға жақын Ғолғота, немесе Маңдайтөбе, деп аталатын жерге келіп тоқтады.
Тұтқындарды шешіндірді де, оларға мүр шөбі қосылған шарап ұсынды. Мұндай шарапты иерусалимдік әйелдер жасайтын болса керек. Ауырғанын қатты сездірмейтін бұл шырынды шегелеп өлтірілетіндерге беруге римдіктер тиым салмайды. Алайда Иса дәмін татқан соң, оны ішуден бас тартты. Неліктен? Ол сенімінің аса маңызды сыналу сәтінде өз бойын билей алатындай санасының сергек болғанын қаласа керек.
Жасақшылар Исаның қолын жоғары созып, бағананың бойымен керді де, қолдары мен аяқтарына үлкен шегелерді қақты. Бұлшық еттері мен сіңірлерін шеге тесіп өткенде, Иса ауырғаннан бұралып тыпыршып кетті. Бағананы жоғары көтергенде, денесінің салмағынан шеге қағылған жердің жарақаттары жыртыла түсіп, ауруы одан бетер жанына батты. Әйтсе де, Иса рим әскерлеріне сес көрсетпеді, қайта олар үшін дұға етіп: “Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді”,— деді.
Пилат бағанаға “Назареттік Иса — Яһудилердің Патшасы” деп жазылған тақтайшаны бекіттірді. Ол мұны Исаны құрметтегендіктен ғана емес, оны өлтіртуге мәжбүр еткен яһудилердің діни қызметкерлерін жек көргендіктен жаздырғанға ұқсайды. Жазуды барлығы оқи алу үшін Пилат оны үш тілде: еврей, ресми латын тілі және жалпыға ортақ грек тілінде жаздырды.
Бұл Қаяфа, Аннас және басқа да діни қызметкерлерді қатты абыржытты. Бұл жазу олардың қуанышын су сепкендей басты. Сондықтан да олар: “Яһудилердің Патшасы” емес, “Мынау Яһудилердің Патшасымын деді” деп жазыңыз! — деп қарсылық білдірді. Діни қызметкерлердің қолшоқпары болғанына қатты ашуланған Пилат оларға: “Мен жазарымды жазып қойдым”,— деп үзілді-кесілді жауап қатты.
Бұл жерге діни қызметкерлер мен көпшілік жұрт жиналған болатын. Қазір діни қызметкерлер тақтайшадағы жазуды жоққа шығаруға әрекеттенуде. Олар Жоғарғы кеңестегі талқылау барысында тағылған жалған куәліктерін қайталайды. Сондықтан да қасынан өтіп бара жатқандардың бастарын шайқап: “Әй, ғибадатхананы бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзіңді құтқарып ал! Егерде Құдайдың Ұлы болсаң, бағанадан түс!” — деп мазақтап келеке етуі таңғаларлық емес.
“Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен! — деп енді мазақтаушыларға діни қызметкерлер мен оның жақтастары қосылды.— “Исраилдің Патшасы Мәсіх” қазір-ақ бағанадан түссін! Көзімізбен көрейік, сонда Оған сенеміз. Ол Құдайға үмітін артыпты, ендеше Құдай Оны ұнатса, қазір босатып алсын! Өйткені Ол Өзін Құдайдың рухани ұлымын деді ғой”.
Көпшіліктің ықпалымен жасақшылар да Исаны келекелей бастады. Олар шарапты оның құрғап кеткен еріндеріне апарып: “Егер яһудилердің Патшасы болсаңыз, Өзіңізді құтқара көріңіз!” — деп мазақ етті. Тіпті бірі оң жағында, екіншісі сол жағында бағанаға керілген қарақшылар да оны келемеждеді. Ойлап көрші! Ехобамен бірге бүкіл дүниені жаратуға қатысқан тарихтағы ең ұлы адам осы қорлықтың барлығына төзе білді!
Жасақшылар Исаның сырт киімін алып, оны төртке бөлді. Сөйтіп, кімге қай бөлігі тиетінін анықтау үшін, олар жеребе тастады. Ал ішкі киімі тігіссіз тұтас тоқылған, жоғары сапалы матадан болатын. Сондықтан да жасақшылар бір-біріне: “Бұны жыртпай, жеребе салып, кімге түсетінін шешейік”,— деді. Осылайша, олар өздері де аңғармай, “Жау жамылғымды бөлісіп алады, киімім үшін жеребе салады” деген пайғамбарлықты жүзеге асырды.
Содан біраз уақыт өткен соң, қарақшылардың бірі Исаның шын мәнінде патша болуы керектігін түсінді. Сондықтан ол жолдасына: “Құдайдан қорықпайсың ба? Өзің де осыған кесілдің ғой. Біздің үкіміміз әділ, істерімізге лайық жаза тартамыз. Ал Бұл еш жамандық істеген жоқ”,— деді. Содан кейін: “Иса, Патшалығыңызға кіргенде мені есіңізге ала көріңіз”,— деп өтінді.
Иса оған: “Саған шындығын айтамын: сен менімен бірге Жұмақта боласың!” — деп жауап берді. Исаның бұл уәдесі ол көкте Патша ретінде билік еткенде, тәубесіне келген осы қарақшыны жер бетінде орнатылған жұмақ өмірге қайта тірілткенде орындалады. Бұл жұмақты орнатуға Һар-Магедоннан аман өткендер мен басқа да адамдар қатысады. Матай 27:33—39, 40 (ЖД), 41—44; Марқа 15:22—31, 32 (ЖД), Лұқа 23:27, 32—42, 43 (ЖД), Жохан 19:17—24.
▪ Неліктен Иса мүр шөбі қосылған шарапты ішуден бас тартты?
▪ Неліктен Иса шегеленген бағанаға жазуы бар тақтайшаны бекітсе керек және осы үшін Пилат пен басты діни қызметкерлер арасында қандай қақтығыс болды?
▪ Бағанадағы Исаны тағы қалай қорлады және бұған не себеп болды?
▪ Исаның киіміне қатысты пайғамбарлық қалай орындалды?
▪ Бір қарақшының пікірі қалай өзгерді және Иса оның өтінішін қалай орындайды?