Оқырман сауалдары
Иса Мәсіхті нақты қай уақытта бағанаға шегелеп өлтіргенін анықтау мүмкін бе?
Бұл сұрақтың туындау себебі — Марқа және Жохан жазған Ізгі хабарларда екі түрлі мәлімет берілген. Марқа: “Оны бағанаға ілгенде үшінші сағат болатын”,— деді (Мар. 15:25). Ал Жоханның айтуынша, Пилат Исаны бағанаға ілу үшін яһудилердің қолдарына тапсырғанда, “шамамен алтыншы сағат болатын” (Жох. 19:14—16). Киелі кітапты зерттейтін ғалымдар осы айырмашылықтың себептерін анықтауға талай тырысып бақты. Алайда Жазбаларда бұған қатысты толық мәлімет жоқ. Десе де сол кездегі адамдардың уақытты қалай есептегенін білгеніміз пайдалы болуы мүмкін.
Біздің заманымыздың бірінші ғасырында яһудилер таң атқаннан кешке дейінгі уақытты 12 сағатқа бөлген (Жох. 11:9). Демек, “үшінші сағат” таңғы сегізден тоғызға дейін созылған, ал “алтыншы сағат” шамамен он бірден он екіге дейін созылған. Әрине, күннің шығуы мен батуының уақыты жыл барысында ауысып отырған. Сәйкесінше, күндізгі уақыттың ұзақтығы жыл мезгіліне қарай өзгеретін. Оның үстіне, адамдар сағатты күннің орналасуына қарай анықтайтын. Демек, ол кезде адамдар уақытты шамалап айтқан. Грек жазбаларындағы оқиғалардың көбісі үшінші, алтыншы және тоғызыншы сағаттың шамасында орын алған деп баяндалады (Мат. 20:3, 5 сілт.; Ел. іс. 10:3, 9, 30).
Исаның жердегі өмірінің соңғы күні болған басқа оқиғалардың уақытына қатысты Ізгі хабарларда қайшылық жоқ. Төртеуінде де діни қызметкерлер мен ақсақалдардың күн батқан соң бас қосып, сосын Исаны билеуші Понти Пилатқа апарғаны айтылады (Мат. 27:1; Мар. 15:1; Лұқа 22:66; Жох. 18:28). Матай, Марқа, Лұқа — үшеуі де Иса бағанада ілініп тұрғанда, сағат алтыдан бастап тоғызға дейін сол аймақтың бәрін қараңғылық басқанын айтады (Мат. 27:45, 46; Мар. 15:33, 34; Лұқа 23:44).
Исаның бағанаға қай кезде ілінгеніне қатысты бір маңызды жайт бар: сабау не қамшылау бағанаға іліп жазалау процесінің бір сатысы деп саналатын, өйткені кейде қатты қамшыланғаннан адам тіпті өліп кететін. Сарбаздар Исаны қатты сабаған болса керек, сол себепті оның азап бағанасын көтеріп жүруге шамасы келмеді (Лұқа 23:26; Жох. 19:17). Егер қамшылау бағанаға ілудің бастамасы деп есептелген болса, қамшылау мен шегелеудің аралығында біраз уақыт өтсе керек. Ендеше адамдардың Исаны шегелеп өлтірілуіне қатысты әртүрлі уақытты келтіруінің себебі мынау болуы мүмкін: олардың бірі Исаны жазалау процесінің бір сатысына назар аударса, екіншісі басқа бір сатысының уақытына мән берген.
Елші Жохан Ізгі хабарын басқа Ізгі хабарлар жазылғаннан ондаған жыл өткен соң жазды. Сондықтан ол бұл жазбаларға жүгіне алатын. Иә, Жохан келтірген уақыт пен Марқа жазған уақыттың айырмашылығы бар. Алайда бұл Жоханның мәліметтерді Марқадан көшіре салмағанын дәлелдейді. Жохан да, Марқа да Құдай рухының жетелеуімен жазған. Сондықтан Жазбаларда аталмыш айырмашылықты түсінуге көмектесетін жеткілікті мәлімет берілмесе де, біз Ізгі хабарларға сенім арта аламыз.