34-тарау
Елшілерді таңдау
ШОМЫЛДЫРУ рәсімін жасаушы Жақия Исаны Құдайдың Тоқтысы ретінде жариялап, оның уағыздау қызметін ашық атқара бастағанынан бері шамамен бір жарым жылдай уақыт өтті. Осы уақытта Әндір, Шимон Петір, Жохан және бәлкім Жақып (Жоханның ағасы), Філіп, сондай-ақ Натанайыл (оны Барталмай деп те атайды) Исаның ең алғашқы шәкірттері болды. Уақыт өте келе олардың қатарына басқа да көптеген адамдар қосылды.
Енді Иса өзіне елшілер таңдауға дайын. Елшілер Исамен тығыз қарым-қатынаста болып, оларға ерекше тәлім берілмек. Бірақ оларды таңдамас бұрын, Иса тауға барып түнімен дұға етті. Ол Құдайдан даналық пен бата беруді өтінсе керек. Таң атқанда шәкірттерін шақырып, араларынан он екісін таңдады. Бірақ олар Исадан үйренуді жалғастырып жатқандықтан, бұрынғыша оларды Исаның шәкірттері деп те атайды.
Он екі елшінің алтауы — есімдері жоғарыда аталып өткен Исаның ең алғашқы шәкірттері. Салық кеңсесінің жанында отырған жерінен шақырылған Матай да таңдап алынды. Қалған бесеуі — Яһуда (оны Тадей деп те атайды), Яһуда Исқариот, діншіл Шимон, Тома және Әлпей ұлы Жақып. Бұл Жақып, не бойы қысқа болғандықтан, не Жақып атты басқа елшіден жасы кіші болғандықтан ба, Кіші Жақып деп те аталады.
Он екі шәкірті Исамен біраз уақыттан бері бірге, сондықтан Иса оларды жақсы біледі. Тіпті олардың кейбірі Исаның туысқандары. Жақып пен оның інісі Жохан Исаның немере бауырлары болса керек. Сондай-ақ Әлпей Исаның өгей әкесі Жүсіптің бауыры болған болуы мүмкін. Ендеше, Әлпейдің ұлы елші Жақып Исаның немере інісі болып келеді.
Әрине, Исаға өзінің елшілерінің есімдерін есте сақтау қиын емес. Ал сен есіңде сақтай аласың ба? Оны былай жаттауға болады: екеуінің есімі — Шимон, екеуінікі — Жақып, екеуінің есімі — Яһуда және Шимонның Әндір деген бауыры бар, Жақыптың Жохан деген інісі бар. Бұл — сегіз елшіні есте сақтаудың кілті. Қалған төртеуінің қатарына — салықшы Матай, кейіннен күмәнданған Тома, ағаштың астында отырған Натанайыл және оның досы Філіп кіреді.
Он бір елші Исаның өскен жері — Ғалилея аймағынан. Натанайыл Қанадан. Філіп, Петір, Әндірлер негізінен Бетсайдадан, бірақ Петір мен Әндір кейіннен Қапарнаумға көшеді. Бұл, сірә, Матайдың тұрған жері болса керек. Жақып пен Жохан балықшылық кәсіппен айналысқан және олар да Қапарнаумда не оған жақын жерде тұрған болуы мүмкін. Кейіннен Исаға опасыздық жасаған елші Яһуда Исқариот қана Яһудеядан болғанға ұқсайды. Марқа 3:13—19; Лұқа 6:12—16.
▪ Елшілердің қайсысының Исамен туысқандығы болуы мүмкін?
▪ Исаның елшілері кімдер және олардың есімдерін қалай жаттап алуға болады?
▪ Елшілер қай жерлерден келген?