43-тарау
Астарлы әңгімелер арқылы тәлім беру
ПАРЫЗШЫЛДАРМЕН сөйлескен кезінде Иса Қапарнаумда болған болса керек. Ол сол күні үйінен шығып, Ғалилея теңізіне қарай жүріп кетті. Ол жерге қалың жұрт жиналды. Иса қайыққа отырып, сәл әрірек жүзіп барды да, жағалаудағы халыққа көктегі Патшалық туралы тәлім бере бастады. Бұл үшін ол адамдардың күнделікті өмірімен байланысы бар астарлы әңгімелерді, немесе көрнекі мысалдарды, қолданды.
Алдымен Иса тұқым себуші диқан туралы айтты. Тұқымдардың кейбірі жол бойына түсіп, оларды құстар шоқып жеп қояды. Басқа бір тұқымдар болса, тастақ жерге түседі. Тамырын терең жая алмағандықтан, шыжып тұрған күннің көзіне шыдамай, енді ғана көктеп келе жатқан олар қурап қалады. Енді біреулері болса тікен арасына түседі. Тікендер қаулап өсіп, оларды тұншықтырып тастайды. Алайда кейбір тұқымдар құнарлы топыраққа түсіп, біразы жүз, басқалары алпыс және бірқатары отыз еседен өнім береді.
Келесі астарлы әңгімесінде Иса Құдай Патшалығын егіндікке тұқым себуші адаммен салыстырды. Әлгі адам ұйықтап-тұрып, күндері өте береді. Ал тұқым күні-түні өседі. Ол адам тұқымның қалай өсіп жатқанын білмейді. Бұл тұқымдар өздігінен өсіп, дән салады. Дән пісіп-жетілгенде, әлгі адам астықты жинап алады.
Иса үшінші астарлы әңгімесінде егіндігіне жақсы тұқым сепкен адам туралы айтты. “Жұрт ұйықтап жатқанда” дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетеді. Қызметшілері егін иесінен егінді отап тастауға оның қалай қарайтындығын сұрағанда, ол: “Жоқ, сендер бидайықты отаймыз деп бидайды бірге жұлып тастарсыңдар. Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбаға құйыңдар! — деп бұйырамын”,— деп жауап қатады.
Иса жағалаудағы халыққа тағы екі астарлы әңгіме айтты. Оның түсіндіруінше, “Құдай Патшалығы” әлдекім еккен қыша дәніне ұқсас. Қыша дәні басқа тұқымдардан гөрі ұсақ болса да, өскенде барлық дәнді дақылдардан биік болып шығады. Ол бұтақтарына құстар паналайтындай ағашқа айналады.
Бүгінде кейбіреулер қышадан да ұсақ дәндер бар деп қарсылық білдіріп жатады. Бірақ Иса өсімдіктану сабағын үйретіп отырған жоқ. Исаның күндеріндегі ғалилеялықтар білетін ең ұсақ дән шынында да қышаның дәні болатын. Сондықтан тыңдап отырған жұрт Исаның қандай таңғаларлық өсім туралы айтып отырғанын түсінді.
Соңында Иса “Құдай Патшалығын” әйелдің үш астау ұнға қосып араластырған ашытқысымен салыстырды. Ол осы аздаған ашытқының біраз уақыттан соң бүкіл қамырды ашытатынын айтты.
Астарлы әңгімелерінің бесеуін айтып болған соң, Иса жұртты таратып, өзінің тоқтаған үйіне оралды. Көп ұзамай он екі елшісі мен басқа шәкірттері де сол жерге келді.
Исаның астарлы әңгімелерінен үйрену
Иса жағалаудағы халықты үйретіп болған кезде, жаңа үйрету әдісі туралы білгісі келген шәкірттері оның қасына келді. Шәкірттердің астарлы әңгімелерді бұған дейін де естіп келгені рас, бірақ Иса астарлы әңгімелерді осыншама кең ауқымда ешқашан қолданбаған. Сол себепті олар: “Жұртқа неге әңгімені астарлап айтып тұрсыз?” — деп сұрады.
Біріншіден, ол мұнысымен мынадай пайғамбарлық сөздерді орындады: ‘Астарлы әңгімелерді айтуға аузымды ашып, әлем жаратылғаннан бері жасырын болып келгенді паш етемін’. Бірақ бұдан да маңызды себебі бар. Оның астарлы әңгімелері адамдардың жүрегінде не бар екенін анықтауға көмектеседі.
Шынында да адамдардың көпшілігі Исаны жай ғана шебер әңгіме айтқыш, кереметтер жасаушы деп есептейді. Олар Исаны оған қызмет етіп, жанқиярлық танытып, соңынан еруіміз қажет Иеміз деп қабылдамайды. Олар өздерінің өмірге деген қалыптасып қалған көзқарастарын өзгертіп, өздерін мазалағысы келмейді. Сол себепті олар өз өмірлеріне Исаның хабарының айтарлықтай әсер еткенін қаламайды.
Сондықтан Иса былай деді: “Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де. Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады... өйткені осы халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз”.
“Ал сендер бақыттысыңдар,— деді Иса шәкірттеріне,— көздерің көріп, құлақтарың естиді. Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар мен әділ адамдар сендер көріп жүрген нәрселерді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады”.
Иә, он екі елші мен олармен бірге келгендер ұғымтал. Сол себепті Иса: “Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған”,— деді. Шәкірттері түсінуге ынтық білдіргендіктен, Иса оларға диқан туралы астарлы әңгімені түсіндірді.
“Тұқым Құдайдың Ізгі хабарын білдіреді”,— деді Иса. Ал жер жүректі білдіреді. Жол бойына түскен тұқым туралы Иса былай деді: “Оларға әзәзіл шайтан келіп, сенбесін, құтқарылмасын деп, жүректеріне қонған сөздерді ұрлап алып кетеді”.
Тұқым түскен тастақ жер сөзді естіген бойда қуанышпен қабылдаған адамдардың жүрегін білдіреді. Алайда мұндай жүректерде сөз терең тамыр жая алмайтын болғандықтан, мұндай адамдар сынақтан өтетін, қудаланатын уақыт келгенде, тайып кетеді.
Ал тікен арасына түскен дәндер сөзді тыңдайтын адамдарға қатысты. Алайда былай шыға бере, тұрмыс қамы, байлық пен ләззаттың қызығы дегендер оларды әбден тұншықтырып, өнім бермейді.
Құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, сөзді тыңдап, ізгі, таза жүректерінде сақтап, шыдамдылықпен өнім беретіндерді бейнелейді.
Исаның үйреткен нәрселерін түсіну үшін, оны арнайы іздеп келген шәкірттер қандай керемет батаға ие болады десеңші! Шындықты өзгелерге жеткізуді көздеген Иса өзінің айтқан астарлы әңгімелерінің жұртқа түсінікті болғанын қалайды. “Шамды бір ыдыстың не төсектің астына бүркеп қою үшін жағып алып келе ме? Қайта, шам қойғышқа қою үшін алып келмей ме? — деп сұраған ол соңынан былай деп қосты: — Сондықтан қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар!”
Бата ретінде көп тәлім берілді
Диқан туралы мысалды түсініп алғаннан кейін, шәкірттердің тағы да біле түскілері келді. “Егіндіктегі арам шөп туралы астарлы әңгімені түсіндіріңізші”,— деп өтінді олар.
Шәкірттердің ықыласы жағалауда қалған жұрттың ықыласынан қандай өзгеше десеңші! Жұрттың астарлы әңгімелердің мағынасын білейін деген ниеті жоқ, олар үшін жай тыңдағаны да жетіп жатыр. Жағалаудағы халықты үйіне келген өзінің білімге құштар шәкірттеріне қарама-қарсы қоя отырып, Иса былай деді:
“Қандай мөлшерде көңіл бөлсеңдер, өздеріңе сондай мөлшерде түсінік беріледі, тіпті үстемелеп те беріледі”. Шәкірттер Исаға шын жүректен әрі бар ықыластарымен “көңіл бөледі”, сондықтан оларға бата ретінде көп тәлім беріледі. Осылайша, шәкірттерінің сұрағына жауап ретінде, Иса былай деп түсіндірді:
“Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші. Егіндік — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзілдің адамдары. Сол арам шөптің тұқымын шашқан дұшпан — шайтан, орақ кезі — ақыр заман, ал орушылар — періштелер”.
Ненің нені білдіретінін түсіндіріп, Иса астарлы әңгіменің қалай орындалатынын көрсетті. Ол осы заманның ақыры жақындаған кезеңде егін жинаушылар, немесе періштелер, бидайыққа теңелген жалған мәсіхшілерді “Құдай Патшалығының” шынайы адамдарынан іріктейтінін айтты. “Әзәзілдің адамдары” жойылатындар ретінде таңбаланып, Құдай Патшалығының адамдары, яғни “әділдер”, көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады.
Сосын Иса өзінің білімге құштар шәкірттеріне астарлы әңгіменің тағы үшеуін айтып, былай деді: “Құдай Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, соған әлгі егіндікті сатып алады”.
“Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды,— деді ол,— бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп, аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады”.
Исаның өзі көмілген қазына тауып алған адам мен асыл інжу-маржан тапқан саудагер сияқты. Қарапайым адам болу үшін өзінің көктегі құрметті орнын тастап келгенде, Иса, бейнелеп айтқанда, бәрін сатып жіберді. Енді ол Құдай Патшалығының Билеушісі болуға лайық екенінің дәлелі ретінде жер бетінде қорлық, жек көрушілік пен қудалану дегендерді бастан кешіп жатыр.
Мәсіхпен бірге билеуші болу немесе жерде өмір сүру құрметіне ие болу үшін, Исаның шәкірттерінен де бәрін сатып жіберу талап етіледі. Құдай Патшалығының істеріне араласу біз үшін де құнды қазына немесе қымбат інжу-маржан сияқты, өмірдегі басқа кез келген нәрседен бағалы бола ма?
Соңында Иса “Құдай Патшалығын” әр түрлі балықтар түскен ауға теңеді. Балықтарды іріктегенде, жарамсызын лақтырып тастап, жақсыларын алып қалады. Исаның айтуынша, “ақыр заманда” да, яғни осы заманның ақыры жақындаған кезеңде, осылай болмақ: періштелер жамандарды әділдерден ажыратып, жою үшін іріктейді.
Өзінің алғашқы шәкірттерін “адамдарды жинаушы [“аулаушы”, ЖД]” болуға шақырған Иса “аулау” ісін өзі бастайды. Періштелердің қадағалауымен жүріп жатқан бұл аулау ісі қаншама ғасырлар бойы жалғасып келеді. Бірақ өзін мәсіхші санайтын ұйымдардың барлығын білдіретін “ауды”, майланған мәсіхшілердің жиналысын қоса, тартып шығаратын уақыт таяп келеді.
Жарамсыз балықты жойып, жақсы балықты алып қалады. Егер Исаның шәкірттері сияқты білуге және көбірек түсінуге ұмтылатын болсақ, біз бата ретінде көп тәлім ғана алып қоймаймыз, сонымен қатар бізге мәңгі өмір сыйға беріледі Матай 13:1—52; Марқа 4:1—34; Лұқа 8:4—18; Забур 78:2; Ишая 6:9, 10.
▪ Иса жиналған жұртты астарлы әңгімелер арқылы қашан және қай жерде үйретті?
▪ Иса жиналған жұртқа қандай бес астарлы әңгіме айтты?
▪ Неге Иса қышаның дәні барлық дән атаулыдан ұсақ деді?
▪ Неге Иса астарлы әңгімелерді қолданып сөйледі?
▪ Исаның шәкірттерінің жағалауда жиналған жұрттан өзгешеліктері неден көрінеді?
▪ Диқан туралы астарлы әңгімені Иса қалай түсіндірді?
▪ Шәкірттердің жағалаудағы халықтан айырмашылығы неде?
▪ Диқан, жер, жақсы тұқым, дұшпан, егін орағы және егін жинаушылар кімді және нені білдіреді?
▪ Иса астарлы әңгімелердің тағы қандай үшеуін айтты және біз олардан не нәрсеге үйрене аламыз?