Өміріңді шынымен мағыналы етуге ұмтыл
“Жаны барлар түгелдей мадақтасын Иемізді!” (ЗАБУР 150:6)
1. Бір жас жігіт өмірдің мағынасын қалай іздегенін айтып бер.
“ӨМІРІМДІ адамдарға көмектесуге арнағым келгендіктен мен медициналық білім алдым. Дәрігер ретінде атақ-абыройға ие болу мен жақсы табыс табу мені бақытты етеді деп ойладым,— деп есіне алады Кореяда туып-өскен Сан Жинa.— Алайда дәрігердің қолынан бәрі келе бермейтінін түсінгенде, көңілім қалды. Сосын, мен бейнелеу өнеріне бас қойдым. Бірақ шығармаларымның өзгелерге әкелер пайдасы шамалы болды; мен тек қара басымның қамын ойлап жүргендей сезіндім. Бұдан кейін мен мұғалім болуды шештім, бірақ көп ұзамай-ақ мұғалімнің беретіні шынайы бақытқа басшылық емес, құр мәлімет екенін түсіндім”. Көптеген адамдар сияқты, Сан Жин де өмірдің мағынасын іздеген.
2. а) Өміріміз мағыналы болу үшін не қажет? ә) Жаратушының біздің өмірімізге қатысты ниеті болғаны неден көрінеді?
2 Өмірі шынымен мағыналы болу үшін адамның оны неге арнайтынын және күш-жігерін не нәрсеге жұмсайтынын білуі, сондай-ақ нақты мақсаты болуы керек. Бұл мүмкін бе? Әбден мүмкін! Жаратушының ақыл-сана, ар-ұждан және салмақтап-саралау қабілетін бергені біздің өмірімізге қатысты оның маңызды ниеті болғанын көрсетеді. Демек, Жаратушымыздың ниетіне сай өмір сүру арқылы ғана өмірдің шынайы мағынасын тауып, ғұмырымызды соған сай кеше аламыз деген қисынды түйін жасауға болады.
3. Құдайдың адамзатқа қатысты ниетіне не кіреді?
3 Киелі кітаптан Құдайдың бізге қатысты ниетіне көп нәрсе кіретіні көрінеді. Мысалы, Құдайдың бізді керемет етіп жаратқаны — оның риясыз сүйіспеншілігінің көрінісі (Забур 39:6; 138:14). Олай болса, Құдайдың ниетіне сай өмір сүру өзгелерді сол сияқты риясыз сүюді білдіреді (Жоханның 1-хаты 4:7—11). Сонымен қатар бұған оның сүйіспеншілікке толы ниетіне сай өмір сүруге көмектесетін нұсқауларын орындау да жатады (Екклесиаст 12:13; Жоханның 1-хаты 5:3).
4. а) Өміріміз шынымен мағыналы болу үшін не істеу керек? ә) Әрбір адам алдына қоя алатын ең асқақ мақсат қандай?
4 Сондай-ақ Құдай адамдардың бақытты әрі өзара және бүкіл жаратылыспен тату-тәтті өмір сүргенін ниет еткен (Жаратылыс 1:26; 2:15). Алайда өзімізді бақытты, қауіпсіз сезіну және жан тыныштығына ие болу үшін не істеуіміз керек? Ата-анасы қасында болса, бала өзін бақытты да қауіпсіз сезінетіні сияқты өмірдің шынайы мәні мен мақсатын табу үшін көктегі Әкемізбен тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек (Еврейлерге 12:9). Бұл үшін Құдай өзіне жақындауымызға мүмкіндік беру әрі дұғаларымызды тыңдау арқылы өзі қадам жасап отыр (Жақып 4:8; Жоханның 1-хаты 5:14, 15). Сеніммен көктегі Әкемізбен бірге жүрсек және оның досы болсақ, оны қуанышқа бөлейміз әрі мадақтаймыз (Жаратылыс 6:9; Нақыл сөздер 23:15, 16; Жақып 2:23). Бұл — әрбір адам алдына қоя алатын ең асқақ мақсат. Забур жыршысы: “Жаны барлар түгелдей мадақтасын Иемізді!”— деп жазған (Забур 150:6).
Сенің өмірдегі мақсатың қандай?
5. Неге дүние-мүлік қуу даналыққа жатпайды?
5 Құдайдың бізге қатысты ниетіне, тәндік және рухани қажеттіліктерді қоса алғанда, өзіміздің және отбасымыздың қамын ойлау да кіреді. Алайда осы дүниенің қам-қаракеті рухани істердің маңыздылығын көмескілеп жібермеу үшін байсалдылық қажет (Матай 4:4; 6:33). Өкінішке қарай, көп адамның есіл-дерті тек мал-мүлік жинау болып, бүкіл өмірін дерлік соған арнайды. Бірақ бар қажеттілігімізді тек дүние-мүлікпен қанағаттандыру мүмкін емес. Азия елдерінің бірінде миллионерлер арасында жуырда жүргізілген сауалнама олардың көбісі “әлеуметтік жағдайы жоғары болғанына және әбден байып тоқмейілсігеніне қарамастан, өздерін қауіпсіз сезінбейтінін және көңілдері тыныш емес екенін” көрсетті (Екклесиаст 5:11).
6. Байлықтың соңына түспеуге қатысты Иса қандай кеңес берген?
6 Иса адамның ‘байлыққа алданып’ қалуы мүмкін екенін айтқан (Марқа 4:19). Қалайша? Байлық адамды бақытты ететіндей көрінеді, бірақ бұл олай емес. Дана патша Сүлеймен: “Күмісті жақсы көретін адамның, оған ешқашан көзі тоймайды”,— деген (Екклесиаст 5:9). Ал баюды мақсат ете отырып, Құдайға жан-тәнімізбен қызмет ету мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Иса былай деп түсіндірген: “Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Олай еткен күнде біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!” Ол ізбасарларын байлықты жер бетінде емес, ‘көкте жинауға’, яғни ‘сұрамай тұрып-ақ, оларға не керек екенін білетін’ Құдайдың алдында жақсы атқа ие болуға, шақырған (Матай 6:8, 19—25).
7. Қалай ‘шынайы өмірді берік ұстануға’ болады?
7 Елші Пауыл қызметтесі Тімотеге хат жазғанда, осыған қатысты бірнеше пәрменді кеңес берген. Ол былай деді: ‘Байларға ескерт: сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол рақатын көру үшін игіліктердің бәрін сыйлайды. Байлар жомарт болып, басқалармен бөліссін. Осылай өздеріне келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанбақ’ (Тімотеге 1-хат 6:17—19).
“Шынайы өмір” деген не?
8. а) Неге көп адам байлық пен атақ-даңққа ұмтылады? ә) Олар нені түсінбейді?
8 “Шынайы өмір”, немесе нағыз өмір, деген сөздерді естігенде, көп адамның ойына дүниені жалпағынан басып, шалқып өмір сүру келеді. Азия елдерінің бірінде шығатын бір журналда “түрлі фильмдер және теледидар қарауға әуес адамдардың көзі көргенді қалап, қол жеткізуі мүмкін нәрселерді армандай бастайтыны” айтылған. Көп адам байлық пен атақ-даңққа ие болуды өмірлерінің мағынасына айналдырған. Көпшілік осы үшін жастық шағы мен денсаулығын, отбасын, сондай-ақ рухани құндылықтарын құрбан етеді. Теледидар мен фильмдерден көргендері ‘осы дүниелік рухтың’ — адамдардың басым көпшілігіне ықпал етіп, Құдайдың ниетіне қарсы әрекетке итермелеп отырған ой қалыптың — көрінісі екені туралы ойланатындар кемде-кем (Қорынттықтарға 1-хат 2:12; Ефестіктерге 2:2). Ендеше сонша көп адамның өздерін бақытсыз сезінетіні таңғалдырмайды (Нақыл сөздер 18:11; 23:4, 5).
9. Адамдар не нәрсеге ешқашан қол жеткізе алмайды және неге?
9 Ал өзгелердің игілігі үшін аянбай тер төгіп, аштық, ауру мен әділетсіздікке қарсы күресіп жүргендер жөнінде не деуге болады? Олардың игі ниетпен жасаған риясыз еңбектері жиі көп пайда әкелетіні рас. Бірақ қанша тырысқанымен, олар бұл дүниеде ешқашан әділдік орната да, оны өзгерте де алмайды. Неге? Өйткені “бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр”, әрі ол оның өзгергенін қаламайды (Жоханның 1-хаты 5:19).
10. Адал мәсіхшілер “шынайы өмірге” қашан ие болады?
10 Адамның осы дүниедегі өмірден басқа үміті жоқ болса, қандай өкінішті! Пауыл: “Егерде Мәсіхке тек бұ дүниедегі өмір үшін ғана үміт артсақ, онда біз барлық адамдардың ішіндегі ең байғұс-бейшаралары болар едік”,— деп жазған. Бар ғұмырымыз осы дейтіндер “бүгін ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өлеміз” деген оймен өмір сүреді (Қорынттықтарға 1-хат 15:19, 32). Бірақ адамзаттың болашағы бар: “біз Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жердің пайда болуын күтудеміз” (Петірдің 2-хаты 3:13). Сол кезде мәсіхшілер “шынайы өмірге”, яғни кемелділік пен “мәңгілік өмірге” ие болады. Бұл — біреулері үшін көктегі, ал өзгелері үшін Құдай Патшалығының сүйіспеншілікке толы билігінің астындағы өмір (Тімотеге 1-хат 6:12).
11. Неге Патшалықтың мүддесі үшін қызмет ету — қоюға тұрарлық мақсат?
11 Адамзаттың проблемаларын тек Құдай Патшалығы ғана толық шеше алады. Сондықтан осы Патшалықтың мүддесі үшін қызмет ету — алдымызға қоюға тұрарлық ең асқақ мақсат, әрі бұған бәріміз де ұмтыла аламыз (Жохан 4:34). Солай етсек, көктегі Әкемізбен тығыз қарым-қатынаста боламыз. Сондай-ақ өмірде осындай мақсатқа ұмтылатын миллиондаған бауырластармен иық тіресе қызмет етуден қуаныш аламыз.
Дұрыс құрбандық жасау
12. Қазіргі өмір мен “шынайы өмірдің” айырмашылығы қандай?
12 Киелі кітапта ‘осы дүние мен оның ләззатының өткінші’ екені айтылған. Атақ-даңқ пен байлықты қоса алғанда, Шайтанның дүниесі толықтай құрып, жоқ болады, “ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (Жоханның 1-хаты 2:15—17). “Шынайы өмірдің”, яғни мәңгілік өмірдің, осы дүниенің өткінші байлығы, тұрақсыз атақ-даңқы мен алдамшы ләззат-ермегінен айырмашылығы — ол мызғымас баянды әрі құрбандық жасауға тұратын нәрсе, бірақ дұрыс нәрсені құрбан ету керек.
13. Қалай бір ерлі-зайыпты дұрыс құрбандық жасаған?
13 Генри мен Сюзанның мысалын қарастырып көрейік. Олар Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоятындарға Құдайдың көмектесетініне сенімді (Матай 6:33). Сондықтан екеуі бірдей жұмыс істегеннен гөрі қарапайым үйде тұрып, екі қызымен рухани істерге көбірек уақыт бөлуді шешеді (Еврейлерге 13:15, 16). Мұны түсінбеген бір достары игі ниетпен: “Сюзан, жақсы үйде тұрғың келсе, бір нәрсені құрбан етуің керек қой”,— дейді. Алайда Генри мен Сюзан Ехобаның еркін бірінші орынға қою ‘[оның] уәдесі бойынша осы және болашақ өмірде де игілікті’ екенін білетін (Тімотеге 1-хат 4:8; Титке 2:12). Нәтижесінде, олардың қыздары құлшынысқа толы жалпы ізашар болып өседі. Отбасы бірдеңеден құр қалғандай сезінбейді, қайта, “шынайы өмірге” ұмтылуды мақсат етудің көп пайдасын көреді (Філіпіліктерге 3:8; Тімотеге 1-хат 6:6—8).
‘Осы дүниенің қам-қарекетін жасауға тым беріліп кетпе’
14. Өмірдің нағыз мағынасын ұмытып кетудің қандай қаупі бар?
14 Өмірдің нағыз мағынасын ұмытып, “шынайы өмірді” берік ұстанбаудың біз үшін қаупі бар. Біз ‘тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлық пен ләззаттың қызығына’ түсіп кетуіміз мүмкін (Лұқа 8:14). Тойымсыздық пен ‘күнделікті тұрмыс уайымы’ осы дүниеге иіріп әкетуі мүмкін (Лұқа 21:34). Өкінішке қарай, кейбіреулер бүгінде қарқындап дамып жатқан экономиканың иіріміне түсіп, ‘сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар еткен’. Олар тіпті Ехобамен құнды қарым-қатынасын жоғалтып алған. ‘Мәңгілік өмірді берік ұстанбаудың’ құны неткен жоғары! (Тімотеге 1-хат 6:9, 10, 12; Нақыл сөздер 28:20)
15. Бір отбасы ‘осы дүниенің қам-қарекетіне тым беріліп кетпегендерінің’ қандай пайдасын көрді?
15 Пауыл: “Осы дүниенің қам-қарекетін жасап жүргендер оған тым беріліп кетпесін”,— деп кеңес берген (Қорынттықтарға 1-хат 7:31). Кейт пен Бонни осы кеңеске құлақ асты. Кейт: “Мен тіс дәрігерінің оқуын бітіріп жатқанда, Ехоба куәгері болдым,— дейді.— Маған мынаны шешіп алу керек болды: көп адам емдеп, жақсы табыс табу не рухани істерімізге көбірек уақыт бөлу. Мен отбасымның — ал мен кейінірек бес қыздың әкесі болдым — рухани және эмоционалдық игілігі үшін азырақ жұмыс істеуді шештім. Бізде қажетімізден артылатын ақша сирек болатын, бірақ біз үнемдеуді үйрендік; қажет нәрселерімізден мұқтаждық көрмейтінбіз. Отбасымыз ұйыған айрандай болды. Уақыт өте келе бәріміз де толық уақыт қызмет ете бастадық. Қазір қыздарымыз өз бақытын тауып, тұрмыс құрып отыр, ал үшеуінің өз бала-шағасы бар. Ехобаның еркі өмірлерінде әлі де бірінші орында тұрғандықтан, олардың да отбасылары бақытты”.
Құдай еркі өміріңде бірінші орында тұрсын
16, 17. Киелі кітапта қандай дарынды адамдар жөнінде әңгімеленеді және олар кім ретінде есте қалған?
16 Киелі кітапта Құдайдың еркін орындау үшін өмір сүргендер және олай етпегендер туралы айтылған. Жасы, мәдениеті және жағдайы қандай болмасын, барлық адамдардың олардан сабақ алуына болады (Римдіктерге 15:4; Қорынттықтарға 1-хат 10:6, 11). Мысалы, Нымрод бірнеше үлкен қала тұрғызған, бірақ мұны “Ехобаға қарсы” істеген (Жаратылыс 10:8, 9, ЖД). Алайда жақсы үлгі қалдырғандар да көп. Мұсаны алсақ, ол Мысыр беделділерінің бірі болып қалуды өмірлік мақсаты етпеген. Қайта, Құдайдан алған тапсырмаларын “Мысырдың қазыналарынан артық байлыққа санады” (Еврейлерге 11:26). Ал дәрігер Лұқаның Пауылға және науқастанып жүрген басқаларға көмегі тигенге ұқсайды. Сөйтсе де оның өзгелерге көрсеткен ең зор көмегі — уағыздаушы әрі Киелі кітап жазушыларының бірі болғаны. Пауыл болса заңды керемет білетін адам емес, миссионер, ‘басқа халықтарға жіберілген елші’, ретінде белгілі болған (Римдіктерге 11:13).
17 Дәуіт әскербасы, музыкант не сазгер ретінде емес, ‘Жаратқан Иенің көңілінен шыққан’ адам ретінде танымал (Патшалықтар 1-жазба 13:14). Біз Даниялды Бабылдағы патша сарайында қызмет атқарған кісі емес, Ехобаның адал пайғамбары ретінде, ал Естерді Парсы патшайымы емес, батылдық пен сенімнің үлгісі ретінде, сондай-ақ Петір, Әндір, Жақып пен Жоханды тәжірибелі балықшылар емес, Исаның елшілері ретінде білеміз. Ал ең керемет үлгі көрсеткен Исаны “ағаш ұстасы” емес, “Мәсіх” деп білеміз (Марқа 6:3; Матай 16:16). Олар қаншалықты дарынды, өз істерінде шебер не беделді болмасын, өмірлерінде Құдайға деген қызметтен басқа ештеңе бірінші орында тұрмауы керектігін барлығы жақсы түсінген. Сондай-ақ олар Құдайды қастерлейтін еркек не әйел болу ең зор батаға кенелтетін әрі өмірде қоюға тұрарлық мақсат екенін білген.
18. Бір жас мәсіхші өмірін неге арнауды шешті және ол нені түсінді?
18 Жоғарыда айтылып кеткен Сан Жин де уақыт өте келе осы шындықты түсінді. Ол былай деді: “Бар күш-жігерімді медицина, өнер не ұстаздыққа жұмсаудың орнына, Құдайға бағышталғаныма сай өмір сүруді шештім. Қазір жариялаушылар жетіспейтін жерде қызмет етіп, адамдарға мәңгілік өмірге апаратын жолға түсуге көмектесудемін. Мен толық уақытты қызметті аса күш салуды талап етпейтін іс деп есептейтінмін. Алайда қазір менің өмірім өте қызықты: жақсы қасиеттер дамыту үшін және мәдениеті әртүрлі адамдарға тәлім беру қабілетімді жақсарту үшін көп тер төгіп жүрмін. Мен мағыналы өмір сүрудің жалғыз жолы Ехобаның еркін орындауды мақсат ету екенін түсіндім”.
19. Өмірдің шынайы мағынасын қалай табуға болады?
19 Құдай бізге өмірді сақтайтын білім беріп, құтқарылуға үміт сыйлады (Жохан 17:3). Олай болса, ‘Тәңірдің рақымы өмірімізде өнімсіз болмасын’ (Қорынттықтарға 2-хат 6:1). Қайта, ғұмырымыздың әр күні мен әр жылын Ехобаны мадақтауға арнайық. Қазірдің өзінде нағыз бақытқа бөлейтін, ал болашақта мәңгілік өмірге жеткізетін білімді өзгелермен бөлісе берейік. Сонда Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздерінің растығына көз жеткіземіз (Елшілердің істері 20:35). Сондай-ақ өмірдің шынайы мағынасын табамыз.
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
Түсіндіре аласың ба?
• Өмірде алдымызға қоя алатын ең асқақ мақсат қандай?
• Неге дүние-мүлік үшін өмір сүру даналыққа жатпайды?
• Құдай уәде еткен “шынайы өмір” деген не?
• Қалай өмірімізді Құдайдың еркін орындауға арнай аламыз?