118-ТАРАУ
Араларында ең ұлы кім деген дау туды
МАТАЙ 26:31—35 МАРҚА 14:27—31 ЛҰҚА 22:24—38 ЖОХАН 13:31—38
ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕГЕ ҰМТЫЛМАУҒА КЕҢЕС БЕРДІ
ПЕТІРДІҢ ИСАДАН ТАНАТЫНЫ АЛДЫН АЛА АЙТЫЛДЫ
ИСАНЫҢ ШӘКІРТТЕРІН СҮЙІСПЕНШІЛІКТЕРІНЕН ТАНИДЫ
Иса шәкірттерімен өткізген соңғы кеште олардың аяқтарын жуып, бір-біріне кішіпейілділікпен қызмет ету керектігін керемет жолмен түсіндірді. Бұл неге орынды болды? Себебі бойларындағы бір әлсіздік қайта-қайта байқала беретін. Олар Құдайға бағышталған болса да, араларында кім ең ұлы деген ой әлі де мазалайтын (Марқа 9:33, 34; 10:35—37). Бұл жолы да сол әлсіздіктеріне бой алдырды.
Елшілердің “арасында ең ұлысы кім екеніне қатысты қызу дау туды” (Лұқа 22:24). Олардың тағы да өзара салғыласып жатқанын көріп, Иса қынжылса керек. Енді, ол не істемек?
Иса оларды осындай көзқарастары мен әрекеттері үшін жазғырып, ұрысқан жоқ. Қайта, шыдамдылық танытып, олармен бірге ой жүгіртті. “Патшалар қол астындағы халықты билеп-төстейді, оларға үстемдік ететіндер Қамқоршылар деп аталады. Бірақ сендердің араларыңда бұндай болмасын... Дастарқан басында жантайған кісі ұлы ма, әлде қызмет көрсетіп жүргені ме? Дастарқан басында жантайғаны емес пе? Ал мен араларыңда қызмет көрсетуші іспеттімін”,— деді ол (Лұқа 22:25—27).
Елшілердің бойында кемшілік болса да, Исамен бірге түрлі қиындықтарға төтеп берді. Сондықтан Иса оларға: “Әкемнің менімен Патшалық келісімін жасасқанындай, мен де сендермен сондай келісім жасасамын”,— деді (Лұқа 22:29). Бұл кісілер — Исаның адал ізбасарлары. Олармен осындай келісім жасасу арқылы Иса бір маңызды нәрсеге сенімділік берді: Олар Исамен Патшалықта болады және онымен бірге билік етеді.
Болашақта елшілер осындай керемет мәртебеге ие болады, бірақ әзірше олар қарапайым пенде. Иса оларға: “Шайтан бәріңді бидай іспетті електен өткізуді талап етті”,— деді (Лұқа 22:31). Сосын Иса болатын жайтты алдын ала айтып: “Басыма түсетін жағдайға бола осы түні бәрің мені тастап кетесіңдер, өйткені Киелі жазбаларда “бағушыны ұрып өлтіремін, сонда отардағы қойлары бытырап кетеді” делінген”,— деді (Матай 26:31; Зәкәрия 13:7).
Сонда Петір сенімді түрде: “Басыңызға түскен жағдайға бола бәрі тастап кетсе де, мен сізді ешқашан тастамаймын!”— деді (Матай 26:33). Иса оған әтеш екі рет шақырғанша өзінен танып үлгеретінін айтты. Алайда артынша тағы былай деді: “Бірақ сенімің әлсіремесін деп, сен үшін жалбарындым. Ал сен ісіңе өкінген соң, бауырластарыңның сенімін нығайт” (Лұқа 22:32). Петір берілмей: “Сізбен бірге өлуге тура келсе де, сізден еш танбаймын!”— деп батыл жауап қайырды (Матай 26:35). Басқа елшілер де осыны айтты.
Сосын Иса шәкірттеріне былай деді: “Балаларым, енді қастарыңда ұзақ болмаймын. Сендер мені іздейсіңдер. Бірақ “мен баратын жерге бара алмайсыңдар” деп яһудилерге айтқанымды қазір сендерге де айтамын. Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер. Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жохан 13:33—35).
Исаның қастарында ұзақ болмайтынын естігенде, Петір: “Ием, қайда барасыз?”— деп сұрады. Иса оған: “Мен баратын жерге қазір еріп бара алмайсың, бірақ кейінірек соңымнан келесің”,— деп жауап берді. Бұл сөзді түсінбеген Петір қайтадан: “Ием, неге қазір сізге ере алмаймын? Сіз үшін жанымды беруге дайынмын”,— деді (Жохан 13:36, 37).
Бұрынырақта Иса шәкірттерін Ғалилеяға уағыз сапарына жіберіп жатып, ақша салатын қалта да, тамақ салатын дорба да алмаңдар деген болатын (Матай 10:5, 9, 10). Қазір сол кезге меңзеп: “Бір нәрседен мұқтаждық көрдіңдер ме?”— деп сұрады. Олар: “Жоқ!”— деп жауап берді. Алдағы күндері олар қалай әрекет ету керек? Иса оларға нұсқау беріп: “Енді кімнің ақша салатын қалтасы болса, сонысын, сондай-ақ тамақ салатын дорбасын алсын. Семсері жоқ адам жамылғысын сатып, семсер алсын. Өйткені сендерге мынаны айтамын: “Ол қылмыскерлер қатарында саналды” деген сөздер маған қатысты айтылған. Себебі мен туралы жазылғандар орындалуда”,— деді (Лұқа 22:35—37).
Иса өзінің қылмыскерлермен бірге бағанаға шегеленіп өлтірілетін уақытын айтып тұр. Содан кейін оның ізбасарлары да қатаң қуғынға ұшырайды. Бұл қиындыққа өздерін дайын санаған олар: “Ием, міне, мұнда екі семсер бар”,— дегенде, Иса: “Осы жеткілікті”,— деді (Лұқа 22:38). Айтылып тұрған екі семсер кейінірек оларға маңызды нәрсені түсіндіруге себеп болмақ.