“Міне, менің қолдап жүрген қызметшім!”
“Міне, Менің қолдап жүрген Қызметшім!” (ИШАЯ 42:1).
1. Әсіресе Еске алу кешінің қарсаңында Ехобаның халқы не істеуге талпындырылады және неге?
МӘСІХТІҢ өлімін Еске алу кеші жақындап қалғандықтан, Құдай халқы елші Пауылдың: “Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық!”— деген кеңесіне құлақ асуға талпындырылады. Пауыл әрі қарай: “Оның күнәкарлардың қаншама жауыздықтарына шыдағанын ескеріңдер! Осылай сендер де қажымаңдар, жігерлеріңді жасытпаңдар!”— деді (Евр. 12:2, 3). Мәсіхтің өз жанын құрбан етуге дейін барған адал өміріне бар назарын аударғаны майланған мәсіхшілерге де, олардың серіктері “басқа қойларға” да Ехобаға әрі қарай да адал қызмет етуге және ‘жігерлерін жасытпауға’ көмектеседі (Ғалаттықтарға 6:9 салыстыр).
2. Ишаяның Құдай Ұлына қатысты пайғамбарлықтарынан не білеміз?
2 Ехоба рухтың жетелеуімен Ишая пайғамбарға Ұлына тікелей қатысы бар бірқатар пайғамбарлық жаздырған. Бұл пайғамбарлықтар ‘бар назарымызды Исаға аударуға’ көмектеседіa. Олардан Мәсіхтің қасиеттері, шеккен азабы мен оның Патшамыз әрі Құтқарушымыз ретінде жоғарылатылғанын білеміз. Сондай-ақ бұл пайғамбарлықтар осы жылы 9 сәуірде, бейсенбі күні, күн батқан соң атап өтілетін Еске алу кешінің мәнін терең түсінуге көмектеседі.
Қызметші кім болып шықты?
3, 4. а) Ишая кітабындағы “қызметші” сөзі кімді білдіреді? ә) Ишая кітабының 42, 49, 50, 52 және 53-тарауларында айтылған Қызметшінің кім екенін Киелі кітаптың өзі қалай көрсетеді?
3 “Қызметші” деген сөз Ишая кітабында көп кездеседі. Кейде бұл сөз пайғамбардың өзіне қатысты қолданылады (Ишая 20:3; 44:26 ЖД). Ал кей жағдайда бүкіл Исраил халқына, немесе Жақыптың үрім-бұтағына, нұсқайды (Ишая 41:8, 9; 44:1, 2, 21). Бірақ Ишая кітабының 42, 49, 50, 52 және 53-тарауларындағы керемет пайғамбарлықтардағы Қызметші кімді білдіреді? Мәсіхшілердің грек жазбалары осы тарауларда сипатталған Ехобаның Қызметшісі кім екенін анық көрсетеді. Бір қызығы, Елшілердің істері кітабында айтылғандай, уағыздаушы Філіп киелі рухтың бағыттауымен эфиопиялық уәзірді қуып жеткенде, ол осы пайғамбарлықтардың бірін оқып отырған болатын. Бұл Киелі жазба үзіндісі Ишая 53:7, 8-тармақтар еді. Уәзір Філіптен: “Өтінемін, айтыңызшы: пайғамбар осы сөздерді өзі туралы айтып тұр ма, әлде басқа біреу туралы ма?”— деп сұрайды. Сонда Філіп Ишаяның Иса Мәсіх жайлы айтқанын түсіндіреді (Ел. іс. 8:26—35).
4 Иса әлі нәресте кезде, Шимон есімді әділ кісі киелі рухтың жетелеуімен, Ишая 42:6, 49:6-да алдын ала айтылғандай, ‘сәби Исаның’ ‘ұлттардың көзін ашатын Нұр’ болатынын жариялайды (Лұқа 2:25—32). Сонымен қатар Исаның соңғы түні көрген қорлығы Ишая 50:6—9 тармақтардағы пайғамбарлықта айтылған болатын (Мат. 26:67; Лұқа 22:63). Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан кейін елші Петір Иса Ехобаның “Қызметшісі” екенін анық көрсеткен (Ишая 52:13; 53:11; Елшілердің істері 3:13, 26 оқы). Мәсіхке қатысты осы пайғамбарлықтардан не білеміз?
Қызметші Ехобадан тәлім алған
5. Қызметші қандай тәлім алды?
5 Ишая кітабындағы Құдайдың Қызметшісіне қатысты пайғамбарлықтардың бірінде Ехоба мен жерге келгенге дейінгі жалғыз Ұлының арасындағы тығыз қарым-қатынасқа назар аударылады (Ишая 50:4—9 оқы). Қызметшінің өзі Ехобаның үнемі тәлім бергенін айтып, былай дейді: “Күн сайын ертеңгісін Ол мені оятып, айтқандарына шәкірттей құлақ салғызады” (Ишая 50:4). Сол уақыттың бәрінде Ехобаның Қызметшісі Әкесіне құлақ асып, одан үйреніп, тілалғыш шәкірт болады. Әлемнің Жаратушысынан тәлім алу — неткен зор мәртебе!
6. Қызметші өз Әкесіне кемелді түрде мойынсұнғанын қалай көрсетті?
6 Бұл пайғамбарлықта Қызметші өз Әкесін “Әлемнің Әміршісі Ехоба” деп атаған. Бұдан оның Ехобаның жоғарғы билігін мойындағанын көруге болады. Ол Әкесіне кемелді түрде мойынсұнғанын көрсетіп, былай деген: “Жаратушы Тәңір Ие [“Әлемнің Әміршісі Ехоба” ЖД] құлағымды ашқанда мен қасарысып, кері бұрылған жоқпын” (Ишая 50:5). Ол бүкіл әлем мен адам баласы жаратылғанда, Ехобаның қасында “шебер жұмысшы” (ЖД) болған. Бұл жұмысшы ‘Күнде [Ехобаны] қуантып, алдында шаттанды. Жаратқанның әлемінде көңілденіп, Адамзатқа да шат-шадыман болды [“адам баласын жақсы көрді” ЖД]’ (Нақ. с. 8:22—31).
7. Қызметшінің сынақтар кезінде Әкесінің қолдайтынына сенімді болғаны неден көрінеді?
7 Қызметшінің алған осы тәлімі мен адамдарды жақсы көргені оны жерге келгенде кезігетін үлкен қарсылықтарға дайындады. Ол Әкесінің еркін, тіпті қатты қудалау көргенде де, қуанышпен орындай берді (Заб. 39:9; Мат. 26:42; Жох. 6:38). Иса жерде сынақтарға кезіккенде, Әкесінің өзіне жар болып, қолдау көрсететініне сенімді болған. Сондықтан, Ишаяның пайғамбарлығында айтылғандай, ол: “Мені ақтайтын Құдай қасымда, маған сонда кім кінә тақпақ?.. Мені Жаратушы Тәңір Ие қолдайды”,— дей алды (Ишая 50:8, 9). Ехоба адал Қызметшісіне жердегі қызметінің барысында шынымен де көмектесті. Мұны Ишаяның өзге бір пайғамбарлығынан көруге болады.
Қызметшінің жердегі қызметі
8. Ишая 42:1-де алдын ала айтылғандай, Иса Ехобаның ‘таңдаулысы’ болғанын не дәлелдейді?
8 Иса б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткенде не болғаны жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Киелі Рух Оның үстіне қонды. Көктен: “Сен Менің сүйікті рухани Ұлымсың, Саған толықтай ризамын!”— деген дауыс шықты” (Лұқа 3:21, 22). Осылайша Ехоба Ишая пайғамбарлығында айтылған ‘таңдаулының’ кім екенін анық көрсетті (Ишая 42:1—7 оқы). Жердегі қызметінің барысында Иса бұл пайғамбарлықты керемет түрде орындады. Матай өзі жазған Ізгі хабарда Ишая 42:1—4 тармақтардағы сөздерді келтіріп, оларды Исаға қатысты қолданды (Мат. 12:15—21).
9, 10. а) Иса қызметі барысында Ишая 42:3-гі сөздерді қалай орындады? ә) Жерде болғанында Мәсіх қалайша ‘әділдікті іске асырды’ және қашан ‘әділдікті жер бетінде берік орнатпақ’?
9 Яһуди дінбасылары өз ұлтынан шыққан қарапайым халықты жақтырмайтын (Жох. 7:47—49). Әбден жәбір көрген халықты ‘майысқан таяқ’ пен сөнуге шақ тұрған ‘бықсыған білтеге’ теңеуге болатын. Алайда Иса кедейлер мен қасірет шеккендерге жанашырлық танытты (Мат. 9:35, 36). Мұндай жандарға келесідей жүрекке жылы шақыру айтты: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, Еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін!” (Мат. 11:28). Оның үстіне, Иса Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты нормаларын үйрету арқылы ‘әділдікті іске асырды’ (Ишая 42:3). Сондай-ақ Құдай Заңын парасаттылықпен және мейірімділікпен қолдану керектігін көрсетті (Мат. 23:23). Ол бай-кедей демей, бәріне бірдей уағыздауымен де әділдік танытты (Мат. 11:5; Лұқа 18:18—23).
10 Ишая пайғамбарлығында Ехобаның ‘таңдаулысы’ ‘әділдікті жер бетінде берік орнататыны’ да айтылған болатын (Ишая 42:4). Ол мұны жуырда Мәсіхтің Патшалығының Патшасы ретінде барлық саяси патшалықтарды жойып, орнына өзінің әділ билігін орнатқанда жүзеге асырмақ. Сонда ол “әділдік орнаған” жаңа дүние орнатады (Пет. 2-х. 3:13; Дан. 2:44).
“Нұр” және “келісімнің кепілі”
11. Бірінші ғасырда Иса қай мағынада ‘өзге ұлттарға нұр’ болған және бүгінде қалай “нұр” болуда?
11 Ишая 42:6-дағы сөздерді орындап, Иса шынымен де ‘өзге ұлттарға нұр’ болды. Жердегі қызметі кезінде ол рухани жарықты, негізінен, яһудилерге әкелді (Мат. 15:24; Ел. іс. 3:26). Бірақ ол: “Мен дүние үшін Нұрмын”,— деген болатын (Жох. 8:12). Ол яһудилер мен басқа ұлттарға рухани жарық әкелуімен ғана емес, өмірін бүкіл адамзат үшін төлем ретінде беру арқылы да нұр болды (Мат. 20:28). Қайта тірілген соң, Иса шәкірттеріне өзі жайлы “жердің шетіне дейін” куәлік беруді тапсырды (Ел. іс. 1:8). Пауыл мен Барнаба қызметтерінің барысында ‘басқа ұлттарға нұр’ деген сөздерді келтіріп, оны басқа ұлттар арасында атқарып жатқан уағыздау істеріне қатысты қолданды (Ел. іс. 13:46—48. Ишая 49:6 салыстыр). Бұл іс әлі де жалғасын табуда. Исаның жердегі майланған бауырлары мен олардың серіктері рухани жарықты шашып, адамдарға ‘өзге ұлттарға нұр’ болып табылатын Исаға сенім артуға көмектесуде.
12. Қалай Ехоба өз Қызметшісін ‘келісімнің кепілі’ етті?
12 Сол пайғамбарлықта Ехоба таңдап алған Қызметшісіне: ‘Сені қорғап жүремін, Халқым үшін келісімімнің кепілі етіп қоямын’,— деген (Ишая 42:6). Шайтан Исаның көзін құртуға барынша тырысып, жердегі қызметін аяқтауына кедергі жасамақ болды. Бірақ Ехоба белгіленген уақыты келгенше Исаны өлімнен қорғап жүрді (Мат. 2:13; Жох. 7:30). Кейіннен оны өлімнен қайта тірілтіп, жердегі адамдар үшін ‘келісімнің кепілі’ етті. Бұл кепілдік Құдайдың адал Қызметшісі әрі қарай да ‘өзге ұлттарға нұр’ болып, рухани түнектен азат ететініне сенімділік берді (Ишая 49:8, 9 оқы)b.
13. Жердегі қызметі кезінде Иса қалайша ‘түнектегілерді’ босатты және қазір мұны қалай істеуде?
13 Осы кепілдікке сай, Ехобаның таңдап алған Қызметшісі ‘соқыр көзді ашып’, ‘тұтқынды түрмеден, түнектегіні қапастан’ босату керек еді (Ишая 42:7). Жердегі қызметінің барысында Иса мұны жалған діни дәстүрлерді әшкерелеу және Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау арқылы істеді (Мат. 15:3; Лұқа 8:1). Осылай ол өзінің шәкірттері болған яһудилерді рухани құлдықтан босатты (Жох. 8:31, 32). Тап солай, бүгінде Иса миллиондаған яһуди еместерді рухани азаттыққа жеткізді. Ол ізбасарларына ‘күллі халықтарға барып, оларды шәкірт етуді’ тапсырып, “бұл дүниенің ақыр соңына дейін” олармен бірге болатынын уәде етті (Мат. 28:19, 20). Көктен Иса Мәсіх дүниежүзінде жүріп жатқан уағыздау ісіне басшылық етуде.
Ехоба “Қызметшісін” жоғарылатты
14, 15. Ехоба Қызметшісін неліктен және қалай жоғарылатты?
14 Тағы бір пайғамбарлықта Ехоба Қызметшісі Мәсіх жайлы былай деген: “Менің Қызметшім ақыл-парасатпен әрекет жасайды. Ол беделі артып, дәрежесі жоғары көтеріліп, ұлан-ғайыр дәріптелетін болады” (Ишая 52:13). Өзінің бүкіләлемдік билігіне толықтай мойынсұнғаны және ең ауыр сынақта да адалдық сақтағаны үшін, Ехоба Ұлының дәрежесін жоғарылатты.
15 Иса туралы елші Петір: “Мәсіх көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағындағы құрметті орнына жайғасып отырды. Періштелер, рухани билеушілер және күш атаулылар Оған бағынышты”,— деп жазды (Пет. 1-х. 3:22). Осы сияқты, елші Пауыл да былай деген: “[Иса] өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып, Өлімге, тіпті айқыштағы өлімге дейін бойсұнды. Сондықтан да Құдай Оны көкке көтеріп, Мәртебесін бәрінен де биіктетіп, Оған бүкіл есімдерден жоғары Атақты сыйлады: Исаның Атағын естіп, Көктегі, жердегі және жер астындағылардың Бәрі де Оның алдында тізе бүгіп, Барлық тіл атаулы Иса Мәсіхті Жаратқан Ие [“Иеміз” ЖД] деп ашық мойындап, Құдай Әкенің даңқын арттыруға тиіс” (Філіп. 2:8—11).
16. Қалай Иса 1914 жылы ‘ұлан-ғайыр дәріптелді’ және содан бері ол неге қол жеткізді?
16 1914 жылы Ехоба Исаны одан сайын жоғарылатты. Оны Мәсіхтің Патшалығының Патша тағына отырғызған кезінде, Иса ‘ұлан-ғайыр дәріптелді’ (Заб. 2:6; Дан. 7:13, 14). Сол уақыттан бері Мәсіх ‘жауларының арасында билік етуде’ (Заб. 109:2 Тт). Алдымен, ол өз билігін қолданып, Шайтан мен оның жын-перілерін жердің маңайына қуды (Аян 12:7—12). Сосын, Ұлы Кир сияқты әрекет етіп, жердегі майланған бауырларының тамтығын “Ұлы Бабылдың” құрсауынан босатты (Аян 18:2; Ишая 44:28). Ол дүниежүзілік уағыздау ісіне басшылық етіп, нәтижесінде, рухани бауырластарының тамтығы, ал сосын, “кішкентай қораның” серіктері боліп табылатын миллиондаған “басқа қойлар” жиналды (Аян 12:17; Жох. 10:16; Лұқа 12:32 сілт.).
17. Ишаяның “Қызметшіге” қатысты пайғамбарлықтарын зерттеу барысында не білдік?
17 Ишая кітабындағы осы керемет пайғамбарлықтарды зерттегеніміз Патшамыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхке деген ризашылығымызды арттырғаны сөзсіз. Жердегі қызметінің барысында Исаның тілалғыш баладай мойынсұнғаны көкте Әкесінен алған тәлімінің көрінісі еді. Ол өзінің қызметі және бүгінгі күнге дейін басшылық етіп отырған уағыздау ісі арқылы ‘өзге ұлттарға нұр’ болды. Келесі мақаладан көретініміздей, Қызметші Мәсіхке қатысты басқа бір пайғамбарлықта оның азап шегіп, біздің игілігіміз үшін өмірін қиятыны айтылған. Исаның өлімін Еске алу кешінің қарсаңында осы жайттарға ‘назар аударғанымыз’ жөн (Евр. 12:2, 3).
[Сілтемелер]
a Бұл пайғамбарлықтарды келесі Жазба орындарынан табуға болады: Ишая 42:1—7; 49:1—12; 50:4—9; 52:13—53:12.
b Ишая 49:1—12 тармақтардағы пайғамбарлықтың түсіндірілуін “Ишаяның пайғамбарлығы — бүкіл адамзат үшін нұр” (ор.) кітабынан қара (2-том, 136—145 беттер).
Қайталауға арналған сұрақтар
• Ишаяның пайғамбарлықтарындағы “Қызметші” кім және мұны қайдан білеміз?
• Қызметші Ехобадан қандай тәлім алды?
• Қалайша Иса ‘өзге ұлттарға нұр’ болды?
• Қызметші қалай жоғарылатылды?
[21-беттегі сурет]
Філіп Ишая кітабындағы “Қызметшінің” Иса, яғни Мәсіх, екенін анық көрсетті
[23-беттегі сурет]
Ехобаның таңдап алған Қызметшісі ретінде Иса кедейлер мен қасірет шеккендерге жанашырлық танытты
[24-беттегі сурет]
Әкесі Исаны жоғарылатып, Мәсіхтің Патшалығының Патшасы етті