2-тарау
Ол туылмай тұрған кезде көрсетілген құрмет
ЖӘБІРЕЙІЛ періште Мәриям деген жас қызға ұл табатындығын және ол ұлдың мәңгілік Патша болатындығын айтқан кезде, ол: “Бұл қалай болады? Мен еркекпен жақындасқан емеспін ғой”,— деп сұрады.
Сонда Жәбірейіл былай деп түсіндірді: “Сенің үстіңе Киелі Рух келіп, Құдай Тағаланың құдіреті саған көлеңкесін түсіреді. Сондықтан да сен табатын Киелі бала “Құдайдың рухани Ұлы” деп аталмақ”.
Бұған Мәриямның сенімді болуы үшін Жәбірейіл: “Бұрын құрсақ көтермейді деп саналған жақын апаң Елізабет те қартайған кезінде ұл бала табатын болады. Алты айдан бері оның аяғы ауыр. Себебі Құдайдың ешбір сөзі жүзеге аспай қалмас!” — деп жалғастырды.
Мәриям Жәбірейілдің сөздерін қабыл алды. Ол қалай жауап берді екен? “Мен Жаратқан Иенің күңімін; айтқаныңыз болсын!” — деді.
Содан, Жәбірейіл кетісімен, Мәриям Яһудеяның таулы өлкесінде жұбайы Зәкәриямен бірге тұрып жатқан Елізабеттің үйіне аттанды. Сірә, олардың тұратын жері Назареттегі Мәриямның үйінен үш-төрт күндік жер болса керек.
Мәриям ол үйге жетіп, ішке кіріп, сәлемдескен кезде, Елізабет киелі рухқа кенеліп, Мәриямға: “Құдай әйелдердің арасында сені жарылқап, құрсағыңдағы Нәрестені де жарылқаған! Иемнің шешесі маған келетіндей мен соншама кіммін? Көрдің бе, сәлем берген даусың құлағыма жеткенде, ішімдегі балам қуанып, тыпырлап қоя берді!” — деді.
Мұны естіген Мәриям: “Жан дүнием Иемді мадақтайды, Құтқарушым Құдайға қуанады: Күңінің қарапайым дәрежесіне Құдай рақыммен назар аударады. Бұдан былай мені күллі ұрпақтар “Құдай жарылқаған жан” деп атайды: Есімі киелі Құдіретті Құдай маған керемет ұлы істер жасайды!” — деп, шын жүректен шыққан ризашылығын білдірді. Өзіне осындай үлкен құрмет көрсетілгендігіне қарамастан, Мәриям барлық атақ-даңқтың Құдайға тиесілі екендігін айтып: “Есімі киелі... рақымы Өзін қастерлеушілердің Ұрпағынан ұрпағына жалғасады”,— деді.
Ол пайғамбарлық өлеңмен Құдайды әрі қарай былай деп мадақтады: “Өз қолының құдіретін танытып, паңдардың ойларын шашыратады. Билік иелерін тақтан құлатып, атақсыздарды жоғарылатады. Ашыққандарды игілікке кенелтіп, байларды құр қол қуып жібереді. Тәңір өз қайырымын ескеріп, қызметшісі Исраилді қамқорлайды: Ежелгі ата-бабаларымызға, Ыбырайым мен оның ұрпақтарына, Құдай осылай айтқан болатын да”.
Мәриям үш айдай Елізабеттің жанында болды. Босануына жақын қалған апталарда Мәриямның көрсеткен көмегінің Елізабет үшін бағалы болғандығында сөз жоқ. Құдайдың құдіретімен бала көтерген осы екі адал әйелдің осындай батаға ие болған кездерінде, бірге болғандары қандай керемет!
Исаға әлі туылмай тұрып қандай құрмет көрсетілгенін байқадың ба? Елізабет оны “Ием” деп атап, сондай-ақ Мәриям кіріп келгенде, құрсағындағы бала қуанып, тыпырлап қоя берген еді. Алайда, кейінірек, адамдардың тарапынан Мәриям мен оның Ұлына ешқандай да сый көрсетілмейді. Бұл жөнінде әрі қарай білеміз. Лұқа 1:26—56.
▪ Жәбірейіл періште Мәриямға жүкті болатынын қалай түсіндірді?
▪ Туылмай тұрып Исаға қалай құрмет көрсетілді?
▪ Мәриям пайғамбарлық өлеңінде Құдайды қалай мадақтады?
▪ Мәриям Елізабеттің жанында қанша уақыт болды және бұл неге орынды болды?