34-ТАРАУ
Иса он екі елшісін таңдады
12 ЕЛШІ
Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия адамдарға Исаны Құдайдың Тоқтысы деп таныстырғанына бір жарым жылдай болды. Иса уағыз ісін бастағанда, Әндір, Шимон Петір, Жохан, бәлкім Жақып (Жоханның бауыры), Філіп және Натанайыл деп те аталған Барталамай сияқты ақпейіл адамдар оған шәкірт болып ерген. Кейінірек Мәсіхке басқа да көп адам еріп жүрді (Жохан 1:45—47).
Енді, Иса шәкірттерінің арасынан елшілер таңдамақшы. Бұлар оның жақын достары болмақ әрі ерекше дайындықтан өтпек. Иса оларды таңдамас бұрын тауға көтерілді. Бұл Ғалилея теңізі мен Қапарнаумға жақын маңдағы тау болуы мүмкін. Ол сол жерде түні бойы дұға етіп, Құдайдан даналық пен бата сұраса керек. Келесі күні ол шәкірттерін шақырып, араларынан он екісін елші етіп таңдады.
Елшілердің алтауы — жоғарыда есімі аталғандар. Сондай-ақ салық кеңсесінде отырғанда шақырылған Матай. Қалған бесеуінің есімдері — Тадей деп те аталатын Яһуда (Жақыптың ұлы), Кананей Шимон, Тома, Әлпей ұлы Жақып және Яһуда Исқариот (Матай 10:2—4; Лұқа 6:16).
Бұл он екі шәкірт Исамен бірге сапар шеккен адамдар. Иса оларды жақсы таниды. Кейбіреулері оның туыстары. Мысалы, Жақып пен Жохан Исаның бөлелері болғанға ұқсайды. Әлпей Исаның өгей әкесі Жүсіптің бауыры деген тұжырым рас болса, оның ұлы Жақып та Исаның бауыры.
Иса үшін елшілерінің есімдерін есте сақтау, әрине, қиын болмаған. Ал сізге ше? Олардың есімдерін есте сақтаудың бір жолы мынадай: екі Шимон, екі Жақып, екі Яһуда. Шимон Петірдің бауыры — Әндір, Зебедей ұлы Жақыптың бауыры — Жохан. Сегіз елшінің есімдері осындай. Қалған төртеуі: салық жинаған Матай, кейін күмәнданған Тома, ағаштың астында отырғанда шақырылған Натанайыл және оның досы Філіп.
Он бір елші Исаның өскен өлкесі Ғалилеядан. Натанайыл Қанадан. Філіп, Петір, Әндір болса негізінен Бетсайдадан. Кейінірек Петір мен Әндір Қапарнаумға көшті. Матай да сол қалада тұрған болса керек. Жақып пен Жохан Қапарнаумның өзінде не маңында тұрып, балықшылықты кәсіп еткен. Исаға сатқындық жасаған Яһуда Исқариот қана Яһудеядан болғанға ұқсайды.