36-тарау
Жүзбасының күшті сенімі
ТАУДАҒЫ уағызын айтқанда, Исаның жердегі қызметінің жартысы артта қалған болатын. Демек, оның жердегі қызметін аяқтауына бар болғаны бір жыл тоғыз ай немесе сол шамадай уақыт қалды.
Иса өзінің әдетте тоқтайтын негізгі қаласы Қапарнаумға келді. Бұл жерде оған яһудилердің ақсақалдары келіп өтініш жасады. Оларды жіберген рим әскерінің жүзбасы, яғни яһуди емес басқа ұлттың адамы болатын.
Жүзбасының жақсы көретін бір қызметшісі қатты ауырып, өлім аузында жатқан болатын, сондықтан ол қызметшісін Исаның айықтырғанын қалады. Яһудиліктер жүзбасы үшін жалбарынып: “Жүзбасы жәрдем беруіңізге тұратын кісі. Елімізді жақсы көреді, тіпті бізге мәжілісхана да салып берді”,— деді.
Иса кідірместен ақсақалдарға ерді. Бірақ олар жақындап қалған кезде, жүзбасы достарынан былай деп айтып жіберді: “Келіп әуре болмай-ақ қойыңыз, Мырза. Мен сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін. Сондықтан да өзімнің Сізге келуімді жөн көрмедім”.
Үнемі өзгелерге әмір беріп әдеттенген жүзбасы қандай кішіпейілділік танытқан десеңші! Яһудилерге яһуди еместермен араласуға тыйым салатын әдет-ғұрыпты білетін ол, сондай-ақ, Исаның да қамын ойлап тұрған болуы мүмкін. Тіпті Петір былай деген болатын: “Сіздер мен сықылды яһудиге басқа халықтың адамымен сөйлесуге немесе үйіне кіруге дініміздің ережелері арқылы тыйым салынғанын білесіздер”.
Исаны осы дәстүрді бұзды деп айыптағанын қаламаған болса керек, жүзбасы өзінің өтінішін достарынан айтып жіберді: “Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді. Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: “Бар!” десем, барады, басқасына: “Кел!” десем, келеді, қызметшіме: “Мынаны істе!” дегенімде, ол соны орындайды”.
Мұны естіген Иса таңғалып: “Шын айтамын, Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!” — деді. Жүзбасының қызметшісін сауықтырғаннан кейін, Иса осы жағдайды қолданып, сенімі жоқ яһудилер бас тартқан бата сенімі бар яһуди еместерге жауатынын көрсетті.
“Шығыс пен батыстан келген көптеген шетелдік адамдар Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бірге Құдай Патшалығында дастарқан басына жайғасатын болады. Ал Патшалыққа алдымен тағайындалғандар сыртқа, қара түнекке қуылмақ! Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады”,— деді Иса.
‘Сыртқа, қара түнекке қуылғалы’ отырған “патшалыққа алдымен тағайындалғандар” — Мәсіхпен бірге билік жүргізу мүмкіндігінен бас тартқан яһуди халқы. Бұл жердегі Ыбырайым, Ысқақ, Жақып дегендер Құдайдың Патшалық құрылымын білдіреді. Осылайша, Иса яһуди емес адамдардың шақырылатынын, бейнелеп айтқанда, олардың “Құдай Патшалығында” дастарқан басына жайғасатынын көрсетті. Лұқа 7:1—10; Матай 8:5—13; Елшілердің істері 10:28.
▪ Неліктен яһудиліктер яһуди емес жүзбасы үшін жалбарынды?
▪ Жүзбасының Исаны өзінің үйіне кіруге шақырмағанын қалай түсіндіруге болады?
▪ Иса соңғы сөздері арқылы не айтқысы келді?