38-тарау
Жақияның сенімі аз болды ма?
ШАМАМЕН бір жылдай уақыттан бері түрмеде отырған шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия Наиндағы жесір әйелдің баласының өлімнен қайта тірілгендігі туралы хабар алды. Бірақ, ол бұл жайдың нені білдіретіндігі жөнінде Исаның өз аузынан естігісі келіп, екі шәкіртін жіберіп: “Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?” — деп сұратты.
Бұл сұрақ қызық болып көрінуі мүмкін, өйткені Жақия осыдан екі жылдай уақыт бұрын, Иса шомылдыру рәсімінен өтіп жатқанда, Құдай рухының оның үстіне қонғанын көріп, Құдайдың оған ризашылық білдіргенін естіген болатын. Қойған сұрағына қарап, кейбіреулер оның сенімі әлсіреп қалды деген тұжырымға келетін шығар. Бірақ бұл олай емес. Жақия күмәндана бастаған болса, оның шәкірттері кеткеннен кейін, Иса ол туралы мақтанышпен айтпаған болар еді. Ендеше, ол бұл сұрақты неге қойды екен?
Мүмкін Жақия Исаның Мәсіх екендігін оның өзі растағанын қалаған шығар. Түрмеде отырып зарыққан Жақияға бұл жігер берер еді. Бірақ Жақияның сұрағының астарында бұдан күрделірек нәрсе жатқанға ұқсайды. Оның Исадан кейін басқа біреудің, яғни алдын ала айтылып қойғанға сәйкес бәрін жүзеге асыратын мирасқордың келуі керек пе, әлде жоқ па, соны білгісі келсе керек.
Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардан Жақияның білуінше, Құдайдың Майланғаны патша әрі құтқарушы болу керек. Ал Жақия болса, тіпті Иса шомылдыру рәсімінен өткелі бері көп ай өтсе де, әлі түрмеде отыр. Сондықтан да Жақия Исадан былай деп сұраған болуы мүмкін: “Құдай Патшалығын көрінетін күшпен орнататын сенбісің, әлде басқа біреуді, яғни өмірінде Мәсіхтің даңқы туралы пайғамбарлықтар орындалатын мирасқорды күтуіміз керек пе?”
Иса Жақияның шәкірттеріне: “Келуі керек адам әрине менмін!” — деудің орнына, айқын дәлелдерді өздерінің көруіне мүмкіндік берді: ол көптеген адамдарды небір ауруларынан айықтырды. Сосын шәкірттерге былай деді: “Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер: зағиптар көреді, сал болғандар жүріп, алапестер құлан-таза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр”.
Басқаша айтқанда, Жақияның сұрағы Иса қазір істеп жатқан істерінен гөрі көбірек істеп, өзін еркіндікке шығаратын шығар деген үмітін де білдіруі мүмкін. Алайда Иса Жақияға өзінің істеп жатқан кереметтерінен артық нәрсе күтпеуі керектігін айтты.
Жақияның шәкірттері кеткен кезде, Иса қалың жұртқа бұрылып, Жақияның Малахи 3:1-де алдын ала айтылған Ехобаның “хабаршысы” әрі Малахи 4:5, 6-да алдын ала айтылған Ілияс пайғамбар екенін айтты. Осылайша Жақияны оған дейін өмір сүрген пайғамбарлармен қатар қойып мадақтаған Иса былай деп түсіндірді: ‘Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақиядан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдай Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы оның жолынан үлкен. Жақияның уағыздап, шомылдыру рәсімін орындаған уақытынан бері қазірге дейін, Құдай патшалығын күш салғандар... иемденуде’.
Бұл жерде Иса көктегі Патшалықтағы ең қарапайым деген адамның жолының Жақиянікінен үлкен екенін айтуы арқылы, Жақияның көктегі Патшалыққа кірмейтінін көрсетіп отыр. Жақия Исаның келуіне жол дайындады, бірақ ол, Мәсіх шәкірттерімен Патшалығында өзімен бірге патшалар болуға бітім, немесе келісім, жасамай тұрып өледі. Исаның Жақияны көктегі Патшалыққа кірмейді деуінің себебі осы. Жақия Құдай Патшалығының жердегі азаматы болады. Лұқа 7:18—30; Матай 11:2—15.
▪ Неліктен Жақия Исаға келуі керек сен бе, әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе деген сұрақ қойды?
▪ Исаның айтуынша, Жақия қандай пайғамбарлықтарды орындады?
▪ Неге шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия Исамен бірге көкте болмайды?