Оқырман сауалдары
Исаның күнәкар әйелді кешіруіне қандай негіз болды? (Лұқа 7:37, 48)
Иса Шимон есімді парызшылдың үйінде дастарқан басында отырғанда, бір әйел кіріп келіп, аяқ жағына барады. Ол жылап, көз жасын оның аяғына төгеді де, шашымен сүрте бастайды. Сосын, аяқтарын сүйіп, иісмай құяды. Киелі кітапта бұл әйелдің “күнәкар” болғаны айтылған. Әрине, барлығымыз кемелсіз болғандықтан күнә жасаймыз, бірақ Жазбаларда “күнәкар” деп негізінен жиі күнә жасайтынымен танылған адамды айтады. Демек, бұл әйел жезөкше болған. Иса осындай күнәкарға: “Сенің күнәларың кешірілді!”— деген еді (Лұқа 7:36—38, 48). Төлем құрбандығының әлі берілмегенін ескерсек, Иса бұл әйелді қалай кешіре алды?
Иса әйелдің күнәсі кешірілгенін айтпас бұрын, үйдің қожайыны Шимонға мысал келтіре отырып, маңызды бір жайтты түсіндіреді. Ол күнәні өте үлкен қарызбен салыстырып, былай дейді: “Қарыз беруші бір адамның екі кісіде ақшасы болыпты. Олардың біреуі бес жүз күміс теңгеге, ал екіншісі елуге борышты екен. Олардың қарызын қайтаратын еш нәрселері болмағандықтан, сол адам екеуінің де қарызын кешіпті. Айтшы, кәне, солардың қайсысы оны көбірек жақсы көреді?” Сонда Шимон: “Көбірек қарызы кешірілгені”,— деп жауап береді. Иса оған: “Дұрыс айттың”,— дейді (Лұқа 7:41—43). Біз барлығымыз да Құдайға қарызбыз. Біз одан мойынсұнуды қарызға алғандай болдық. Ал мойынсұнбай, күнә жасағанда, Құдайға тиесіліні бермей қойғандай боламыз. Осылайша қарызымыз көбейе береді. Бірақ Ехоба мысалдағы кісідей, қарызымызды кешіруге дайын. Сол себепті Иса Құдайдан: “Біз де алашағымызды кешкендей, біздің қарызымызды кеше гөр”,— деп сұрау керектігін айтты (Мат. 6:12 Тт). Лұқа 11:4-тен Құдай кешетін қарыз күнәні білдіретіні көрінеді.
Ежелде исраилдіктер қалай кешірімге ие болған? Құдайдың әділдігіне сай, күнә өлім арқылы өтелу керек еді. Сондықтан Адам ата күнәсі үшін өлді. Алайда Исраил халқына берілген заң бойынша, күнәкар құрбандық шалу арқылы кешірімге ие бола алған. Елші Пауыл былай деді: “Таурат заңы бойынша бәрі дерлік қанмен тазартылады. Қан төгілмей, Құдай күнәні кешірмейді” (Евр. 9:22). Исраилдіктер үшін кешірімге ие болудың бұдан басқа жолы жоқ еді. Сондықтан Исаның күнәкар әйелге айтқан сөздеріне онымен дастарқандас болғандардың неге наразы болғаны түсінікті-ақ. Олар іштерінен: “Күнәларды да кешіретін Бұл кім Өзі?”— деп ойлады (Лұқа 7:49). Ендеше осы күнәға батқан әйел қалай кешірімге ие болды?
Адам мен Хауа бүлік шығарғаннан кейін, Ехоба ең алғашқы пайғамбарлықты айтты. Осы пайғамбарлыққа сай, Шайтан мен оның “ұрпағы” пайда болған “ұрпақтың” өкшесін шағу керек еді (Жар. 3:15). Ұрпақтың өкшесі Иса өлтірілгенде шағылды (Ғал. 3:13, 16). Иса Мәсіхтің төгілген қаны адамзатты күнә мен өлімнен азат ететін төлем болды. Ехобаның еркіне ешнәрсе кедергі бола алмайтындықтан, Жаратылыс 3:15-тегі пайғамбарлық айтылған сәтте төлем Құдайдың көзінде беріліп қойды. Сол кезден бастап Құдай өзінің уәделеріне сенген адамдардың күнәларын кешіретін болды.
Мәсіхшілерге дейінгі заманда Ехоба бірсыпыра адамды әділ деп тапты. Олардың арасында Енох, Нұх, Ыбырайым, Рахаб және Әйүп болды. Олар Құдайдың уәделері орындалатын уақытты сеніммен күткен еді. Шәкірт Жақып: “Ыбырайым Құдайға сенді, сондықтан Оның алдында ақталды”,— деп жазды. Ал Рахаб жайлы: “Сол секілді, бұрынырақ жеңіл жүрісті әйел болған Рахаб та... ісі арқылы ақталды”,— деді (Жақ. 2:21—25).
Дәуіт патша бірнеше ауыр күнә жасаған, алайда оның Құдайға деген сенімі берік болған және әр күнәсі үшін ол шын жүректен өкінген. Бұған қоса Жазбаларда былай делінген: “Құдай Мәсіхті күнәлардың құнын өтеуші құрбандық етіп көрсетті: Оның қаны төгіліп құрбан болғандығына сенгендерді Құдай кешіреді. Оның әділеті осы арқылы айқын көрінеді. Себебі Тәңір бұрыннан бері шыдамдылық көрсетіп, адамдарға күнәларына бола лайықты жазаларын дереу тартқызбай жүрген еді. Ал қазіргі заманда Ол Өзінің әділдігін осылай дәлелдейді: Құдай әділетті, Ол Исаға сенуші әркімді ақтап алады” (Рим. 3:25, 26). Ехоба өзінің әділдікке қатысты талаптарын бұзбастан, Исаның болашақта берілетін төлем құрбандығының негізінде Дәуітті кешіре алды.
Исаның аяғына май құйған әйелдің жағдайында да осылай болғаны анық. Ол азғын өмір кешкенмен, күнәларына өкінді. Сондай-ақ күнәлары үшін төлем берілу керектігін түсінді және Ехобаның төлем ретінде беретін тұлғаны бағалайтынын ісімен көрсетті. Төлем әлі берілмесе де, міндетті түрде берілетіні анық болғандықтан, оның құнын осы әйел сияқты күнәкарларға қолдану мүмкін еді. Сондықтан Иса бұл әйелге: “Сенің күнәларың кешірілді!”— дей алған.
Бұл оқиғадан Исаның күнәкарлардан алшақтамай, қайта, жақсылық жасағаны, ал Ехобаның күнәсіна өкінгендерді кешіруге дайын екені көрінеді. Біз сияқты жұмыр басты пенделер үшін бұл неткен жұбаныш!
[7-беттегі сурет]
Олар Құдай алдында ақталды