10-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ехобаға деген сүйіспеншілік шомылдыру рәсімінен өтуге талпындырады
“Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?” (ЕЛ. ІС. 8:36).
37-ӘН Ехобаға жан-тәніммен қызмет етемін
АҢДАТПАa
1, 2. Елшілердің істері 8:27—31, 35—38 тармақтардан көрінетіндей, эфиопиялық қызметкерді шомылдыру рәсімінен өтуге не талпындырды?
ИСАНЫҢ шәкірті ретінде шомылдыру рәсімінен өткіңіз келе ме? Бұл таңдауды жасауға көп адамды сүйіспеншіліктері мен ризашылықтары талпындырған. Қазір эфиопиялық қызметкердің мысалын қарастырайық.
2 Эфиопиялық қызметкер Жазбалардан не істеуі керектігін білген бойда бірден әрекет етті (Елшілердің істері 8:27—31, 35—38 оқыңыз). Бұлай етуге оны не талпындырды? Оның Құдай Сөзін бағалағаны анық. Өйткені ол күймесінде Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отырған еді. Філіппен сөйлескеннен кейін бұл кісі Исаның не істегенін білді. Сөйтіп, Исаның жеке ол үшін берген құрбандығына алғысы артты. Бірақ бұл қызметкер Иерусалимге не үшін келді? Себебі ол Ехобаны жақсы көретін. Мұны қайдан білеміз? Ол Иерусалимге барып, Ехобаға ғибадат етіп келе жатқан еді. Бұл кісі өз дінін тастап, шынайы Құдайға бағышталған халыққа қосылған болатын. Енді Ехобаға деген осы сүйіспеншілігі оны тағы бір маңызды қадам жасауға талпындырды. Ол шомылдыру рәсімінен өтіп, Мәсіхтің шәкірті болды (Мат. 28:19).
3. Шомылдыру рәсімінен өтуге не кедергі болуы мүмкін? (“Жүрегіңіз қандай топыраққа ұқсайды?” деген қоршауды қараңыз.)
3 Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыра алады. Бірақ сүйіспеншілік кедергі болуы да мүмкін. Қалайша? Бірнеше мысал келтірейік. Сіз сенбейтін туыстарыңыз бен достарыңызды қатты жақсы көргендіктен, шомылдыру рәсімінен өтсем, олар мені жек көріп кетеді деп қорқатын шығарсыз (Мат. 10:37). Я болмаса Құдай жек көретін әдеттерді ұнатарсыз, әрі олардан арылу қиын шығар (Зәб. 97:10). Бәлкім, жалған дінге қатысы бар мейрамдарды тойлап келген шығарсыз не олармен байланысты естеліктерді жаныңызға жақын тұтарсыз. Сол үшін де Ехобаға ұнамсыз әдет-ғұрыптарды ұстанбау қиын болуы мүмкін (Қор. 1-х. 10:20, 21). Сондықтан кімді я нені көбірек жақсы көруіңіз керектігін шешуіңіз қажет.
ЕҢ БАСТЫ СҮЙІСПЕНШІЛІК
4. Шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыратын ең басты себеп қандай?
4 Қазірдің өзінде сіздің жақсы көретін және бағалайтын нәрселеріңіз көп. Мысалы, Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттемес бұрын, Құдайды жақсы көріп, оған ұнамды болғыңыз келген шығар. Ал енді Ехоба куәгерлерін тани келе, сізге олармен араласқан ұнайтын болар. Бірақ осыларды ұнатқаныңыз өздігінен Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге талпындырмайды. Шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыратын — Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілік. Ехобаны бәрінен де қатты жақсы көрсеңіз, ешкімнің де, еш нәрсенің де оған қызмет етуге кедергі болуына жол бермейсіз. Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз шомылдыру рәсімінен өтуге жол ашатын қақпа және адалдықтан тайып кетуден қорғайтын қоршау іспетті.
5. Бұл мақала не жайлы?
5 Иса Ехобаны бар жүрегімізбен, бүкіл жан-тәнімізбен, барлық ақыл-ойымызбен және бар күш-қуатымызбен сүюіміз керектігін айтқан (Мар. 12:30). Ехобаны қатты жақсы көруді және терең құрметтеуді қалай үйренсек болады? Оның бізді қаншалықты жақсы көретінін ойласақ, біз де оны жақсы көріп кетеміз (Жох. 1-х. 4:19). Осы мақаладан Ехобаны жақсы көріп, оған бағышталу үшін не істей алатыныңызды білесіз.
6. Римдіктерге 1:20-ға сай, Ехобаны танып-білудің бір жолы қандай?
6 Ехобаны жаратылыстарына қарап, танып-біліңіз (Римдіктерге 1:20 оқыңыз; Аян 4:11). Өсімдіктер мен жануарларға қарап, Ехобаның даналығы жайлы ойланыңыз. Денеңіздің қалай керемет жаратылғаны жайлы да ойлап көріңіз (Зәб. 139:14). Сондай-ақ миллиардтаған жұлдыздың бірі — күннің өзінb Ехобаның қаншалықты қуатты етіп жасағаны жайлы да ой жүгіртсеңіз болады (Ишая 40:26). Осылай етсеңіз, Ехобаға деген құрметіңіз арта түседі. Алайда Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін оның дана әрі құдіретті екенін білу жеткіліксіз. Ехобаға деген сүйіспеншілігіңізді арттыру үшін ол жайлы бұдан да көп білуіңіз қажет.
7. Ехобаны қатты жақсы көру үшін не нәрсеге көз жеткізуіміз керек?
7 Ехобаның жеке сіздің қамыңызды ойлайтынына көз жеткізгеніңіз маңызды. Көк пен жердің Жаратушысы сізді білетініне және қамыңызды ойлайтынына сену қиын ба? Солай болса, Ехобаның “әрқайсысымыздан алыс емес” екенін көңіліңізге түйіп алыңыз (Ел. іс. 17:26—28). Ол “жүрек атаулыны тексереді” және өзі уәде еткендей, “оны іздейтін болсақ, ол өзін табуға мүмкіндік береді” (Шеж. 1-ж. 28:9). Негізі, Ехобаның сізді “өзіне жақындатқанының” арқасында қазір Киелі кітапты зерттеп жүрсіз (Ерм. 31:3). Ехобаның сіз үшін жасаған бар жақсылығын бағаласаңыз, оны одан сайын жақсы көріп кетесіз.
8. Ехобаның сүйіспеншілігіне риза екеніңізді қалай көрсете аласыз?
8 Ехобаның сүйіспеншілігін бағалайтынымызды көрсетудің бір жолы — онымен дұғада сөйлесу. Уайымыңызды айтып, жасаған жақсылықтарына алғыс білдірсеңіз, Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз артады. Ал оның дұғаларыңызға жауап беріп жатқанын көргенде, онымен достығыңыз нығая түседі (Зәб. 116:1). Сондай-ақ оның сізді түсінетініне көзіңіз жетеді. Бірақ Ехобаға жақын бола түсу үшін оның ой қалпын түсінуіңіз керек. Сондай-ақ оның сізден не күтетінін білуіңіз қажет. Бұл білімге Құдай Сөзі Киелі кітапты зерттеу арқылы ғана қол жеткізе аласыз.
9. Киелі кітапты бағалайтыныңызды қалай көрсете аласыз?
9 Құдай Сөзі Киелі кітапты бағалаңыз. Ехоба жайлы және оның сізге қатысты ниеті жайлы шындық тек Киелі кітапта жазылған. Киелі кітапты бағалайтыныңызды оны күнде оқып, зерттеу сабағыңызға дайындалу арқылы әрі білгендеріңізді іс жүзінде қолдану арқылы көрсетесіз (Зәб. 119:97, 99; Жох. 17:17). Сізде Киелі кітапты оқу кестесі бар ма? Киелі кітапты күнде оқисыз ба?
10. Киелі кітаптың бір ерекшелігі қандай?
10 Киелі кітаптың бір ерекшелігі онда Исаны өз көзімен көрген адамдардың ол жайлы жазған оқиғалары бар. Тек Киелі кітапта ғана Исаның сіз үшін не істегені жайлы тура мәлімет жазылған. Исаның айтқан сөздері мен істеген істері туралы білгенде, онымен дос болғыңыз келері анық.
11. Ехобаны жақсы көруді қалай үйрене аламыз?
11 Исаны жақсы көріңіз. Егер Исаны жақсы көрсеңіз, Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз артады. Неліктен? Өйткені Иса Әкесінің қасиеттерін кемелді түрде танытқан (Жох. 14:9). Сондықтан Иса жайлы көбірек білген сайын, Ехобаны да жақсырақ түсініп, бағалай түсесіз. Өзгелер менсінбей қараған кедейлерге, ауру адамдар мен әлсіздерге Исаның қалай жанашырлық танытқаны жайлы ойлап көріңізші. Сондай-ақ Исаның сізге беріп жатқан пайдалы кеңестері туралы және оларға құлақ асудың арқасында өміріңіз қалай жақсарғаны жайлы да ойланыңыз (Мат. 5:1—11; 7:24—27).
12. Исаны білгеніңіз сізді не істеуге талпындырады?
12 Күнәларымыз кешірілу үшін Исаның жасаған құрбандығы жайлы терең ойлансаңыз, оны одан бетер жақсы көріп кетесіз (Мат. 20:28). Исаның сіз үшін өлуге дайын болғанын түсінгеніңіз күнәларыңызға өкініп, Ехобаның кешіріміне ие болуға талпындырады (Ел. іс. 3:19, 20; Жох. 1-х. 1:9). Ал Иса мен Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз артқан сайын, оларды сіз сияқты жақсы көретіндерге жақын болғыңыз келеді.
13. Ехоба сізге не сыйлайды?
13 Ехобаны жақсы көретіндерді сіз де жақсы көріңіз. Сенбейтін туыстарыңыз бен бұрынғы достарыңыз Ехобаға неліктен бағышталғыңыз келетінін түсінбеуі мүмкін. Олар тіпті сізге қарсы шығатын шығар. Бірақ Ехоба сізге рухани отбасын сыйлайды. Рухани отбасыңызға жақын болсаңыз, қажетті сүйіспеншілік пен қолдауға ие боласыз (Мар. 10:29, 30; Евр. 10:24, 25). Ал уақыт өте келе үй ішіңіздегілер де сізбен бірге Ехобаға қызмет етіп, оның нормаларына сай өмір сүре бастауы мүмкін (Пет. 1-х. 2:12).
14. Жоханның 1-хаты 5:3-те жазылғандай, Ехобаның нормаларына қатысты не білдіңіз?
14 Ехобаның нормаларын жақсы көріп, қолдануды үйреніңіз. Ехобаны білмей тұрғанда, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзіңіз шешіп келдіңіз. Бірақ қазір Құдайдың нормалары анағұрлым жақсы екеніне көзіңіз жетті (Зәб. 1:1—3; Жоханның 1-хаты 5:3 оқыңыз). Киелі кітаптағы күйеулерге, әйелдерге және балаларға арналған кеңестер жайлы ойланып көріңізші (Ефес. 5:22—6:4). Осы кеңестерді қолданғанда отбасылық өміріңіздің жақсарғанын байқадыңыз ба? Достарды ақылмен таңдауға қатысты Ехобаның нұсқауларына құлақ асқанның арқасында жаман әдеттеріңізден арылдыңыз ба? Қазір өзіңізді бақыттырақ сезінесіз бе? (Нақ. с. 13:20; Қор. 1-х. 15:33).
15. Киелі кітап принциптерін қолдануды үйрену үшін не істесеңіз болады?
15 Кейде біліп жатқан Киелі кітап принциптерін қалай қолдануды түсінбеуіңіз мүмкін. Сондықтан да Ехоба ұйымы арқылы дұрыс пен бұрысты айыруға көмектесетін Киелі кітапқа негізделген әдебиеттермен қамтамасыз етіп отыр (Евр. 5:13, 14). Бұл әдебиеттерді оқып-зерттегенде олардың қаншалықты пайдалы екенін және өмірдің қай саласында қолдана алатыныңызды түсінесіз. Сонда Ехобаның ұйымының бір бөлігі болғыңыз келері сөзсіз.
16. Ехоба өз халқын қалай ұйымдастырды?
16 Ехобаның ұйымын жақсы көруді және қолдауды үйреніңіз. Ехоба өз халқы үшін қауымдар ұйымдастырды. Оның ұлы Иса — барлық қауымның басы (Ефес. 1:22; 5:23). Бүгінде атқарылуы тиіс жұмысты ұйымдастыруда жетекшілік ету үшін Иса майланған ер адамдардың шағын тобын тағайындаған. Иса бұл топты “адал да ақылды құл” деп атады. Олар міндеттеріне аса үлкен жауапкершілікпен қарап, сізді рухани ас-сумен қамтамасыз етеді, рухани жағынан қорғайды (Мат. 24:45—47). Адал құл сіздің қамыңызды ойлап, ақсақалдарды тағайындады. Олар сізге басшылық береді, әрі қорғайды (Ишая 32:1, 2; Евр. 13:17; Пет. 1-х. 5:2, 3). Ақсақалдар сізді жұбату үшін және Ехобаға жақындауыңызға көмектесу үшін барын салуға дайын. Олардың ең маңызды көмектерінің бірі — өзгелерге Ехоба жайлы үйрете алуыңызға жәрдемдесу (Ефес. 4:11—13).
17. Римдіктерге 10:10, 13, 14-ке сай, неге біз өзгелерге Ехоба жайлы айтуымыз керек?
17 Өзгелерге Ехобаны сүюді үйретіңіз. Иса ізбасарларына өзгелерге Ехоба жайлы үйретуді бұйырған (Мат. 28:19, 20). Әрине, міндетіміз деп қарастырсақ, бұл нұсқауды орындай аламыз. Бірақ Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз артса, “көріп-естігеніміз жайлы үнсіз қала алмаймыз” деген елші Петір мен елші Жохандікіндей сезімде боласыз (Ел. іс. 4:20). Біреуге Ехобаны жақсы көруге көмектесу бізге зор бақыт сыйлайды. Уағыздаушы Філіптің эфиопиялық кісіге Жазбалардағы шындықты түсінуге және шомылдыру рәсімінен өтуге көмектескен кездегі қуанышын елестетіп көріңізші! Філіпке еліктеп, Исаның уағыздауға қатысты нұсқауына бағынсаңыз Ехоба куәгері болғыңыз келетінін дәлелдейсіз (Римдіктерге 10:10, 13, 14 оқыңыз). Сөйтіп, сіз де эфиопиялық кісі сияқты: “Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?”— дейтін боларсыз (Ел. іс. 8:36).
18. Келесі мақала не жайлы болмақ?
18 Шомылдыру рәсімінен өтуді шешкенде сіз өміріңіздегі ең маңызды қадамды жасайсыз. Бұл өте маңызды шешім болғандықтан бұның нені білдіретіні жайлы жақсылап ойлануыңыз қажет. Шомылдыру рәсімі жайлы нені білуіңіз керек? Шомылдыру рәсіміне дейін және одан кейін не істеуіңіз қажет? Бұл сұрақтарды келесі мақалада қарастырамыз.
2-ӘН Сенің есімің — Ехоба
a Ехобаны жақсы көретін кей адамдар оның Куәгері болып, шомылдыру рәсімінен өтуге дайын екендеріне сенімсіз. Ал сіз жайлы не деуге болады? Бұл мақалада шомылдыру рәсімінен өту үшін не істей алатыныңызды қарастырамыз.
b Көбірек білу үшін “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?”, “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” кітапшаларын қараңыз.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас сауда жасап тұрған қызға буклет беріп жатыр.