72-тарау
Иса жетпіс шәкіртін уағыздауға аттандырды
ОТЫЗ екінші жылдың күзі. Иса шомылдыру рәсімінен өткелі үш жыл өтті. Ол жақында шәкірттерімен бірге Иерусалимге Шыбық күрке мейрамына келген болатын, қазір олар қалаға жақын жерде болса керек. Иса өзінің қызметінің қалған алты айының көп бөлігін Иорданның қарсы бетінде орналасқан Яһудея мен Перейде өткізіп жатыр. Хабарды бұл жердің халқы да есту керек.
Отызыншы жылы, Құтқарылу мейрамынан соң, Иса Яһудеяда сегіз айдай уағыздаған болатын. Бірақ 31 жылы, дәл сол мейрамның кезінде оны яһудилер өлтірмекші болған оқиғадан кейін, ол бір жарым жыл бойы көбінесе Ғалилеяда тәлім берген еді. Осы уақыттың ішінде Иса уағыздаушылардың үлкен тобын құрып, үйретті. Енді ол Яһудеяда соңғы рет өзінің тиянақты куәлік беру ісіне кірісті.
Иса алдымен жетпіс шәкірт таңдап алды да, екі-екіден бөлді. Осылайша отыз бес жұп уағыздаушыны ізгі хабар айтуға аттандырды. Олар Иса елшілерімен бірге кейінірек бармақшы болып отырған қалалар мен ауылдарға барды.
Иса шәкірттеріне ғибадатханаларға емес, адамдардың үйлеріне баруды бұйырды. Ол: “Бір үйге кіргенде әуелі: “Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!” деп бата беріңдер. Егер онда амандық пен тыныштықты қабылдауға дайын кісі болса, берген баталарың соған қонады”,— деді. Шәкірттері қандай хабарды айтулары керек еді? Исаның түсіндіруінше, “Құдай Патшалығының таяп қалғанын біліңдер” деген хабарды. Киелі кітапқа түсініктеме берілген бір еңбекте жетпіс шәкірттің іс-әрекеттері туралы: “Ұстаздарына ұқсап олар әр түрлі ауылдарға келіп, үйме-үй жүріп уағыздады” делінген (Matthew Henry’s Commentary).
Иса шамамен бір жылдай уақыт бұрын Ғалилеяға уағыздауға аттандырғанда өзінің он екі елшісіне қандай нұсқаулар берген болса, жетпіс шәкіртіне де сондай нұсқаулар берді. Үй иесімен қалай әңгіме бастау керектігін түсіндіре отырып, ол бәрінің бірдей оларды қуанышпен қарсы алмайтындығын ескертті. Сонымен қатар, Иса оларға ауруларды сауықтыратын билік берді. Шәкірттердің таңғаларлық кереметтер жасай алатындығын көрген жұрт олардың Ұстазының келуін асыға күтетін болды.
Жетпіс шәкірттің уағыздау ісі мен Исаның одан кейінгі жұмысы онша ұзаққа созылмады. Көп ұзамай Патшалықты уағыздаушы отыз бес жұп Исаға қайта оралды. Олар шабыттана: “Ием, Сіздің атыңызды атағанда тіпті жындар да бізге бағынады!” — десті. Осындай тамаша нәтижеге Иса қатты қуанып, былай деп жауап қайырды: “Шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім. Естеріңде болсын: Мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптап басып... жеңетін билік бердім”.
Иса соңғы күндері, Құдай Патшалығы дүниеге келгеннен кейін, Шайтан мен оның жын-перілерінің көктен қуылатынын біледі. Қазірдің өзінде-ақ адамдардың жын-перілерді қуып отырғаны мұның іске асатындығының тағы бір даусыз дәлелі болып табылады. Сондықтан Иса Шайтанның келешекте көктен сөзсіз қуылатынын айтты. Демек, жетпіс шәкіртке “жыландар мен шаяндарды таптап басып... жеңетін билік” берем деп бейнелі түрде айтып отыр. Бірақ Иса: “Дегенмен жындардың өздеріңе бағынғандығына емес, есімдеріңнің көктегі кітапқа тіркелгендігіне қуаныңдар”,— деді.
Иса Әкесінің өзінің кішіпейіл қызметшілерін осындай керемет істерді атқаруға қолданып жатқанына қуанып, Оны мадақтады. Шәкірттеріне қарап ол: “Сендер көріп жүрген керемет нәрселерді көргендерің үшін бақыттысыңдар. Сендерге айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендердің көріп жүргендеріңді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады”,— деді. Лұқа 10:1—24; Матай 10:1—42; Аян 12:7—12.
▪ Иса қызметінің алғашқы үш жылында қайда уағыздады және соңғы алты айында қай жерлерде қызмет етті?
▪ Исаның уағыздауға жіберген жетпіс шәкірті адамдарды қайдан іздеулері керек еді?
▪ Неге Иса Шайтанның көктен қуылғанын көрдім деді?
▪ Қай мағынада жетпіс шәкірт жыландар мен шаяндарды таптап баса алды?