73-тарау
Қайырымды самариялық
ИСА Иерусалимнен шамамен үш шақырым жерде орналасқан Бетания ауылына жақын жерде болса керек. Оған Мұсаның заңдарын жақсы білетін бір кісі келіп: “Ұстаз, мәңгілік өмірге жетуім үшін не істеуім керек?” — деп сұрады.
Иса Таурат заңын үйретуші бұл ғұламаның сауалды жайдан-жай қойып жатпағанын байқады: ол Исаны сынамақшы. Бәлкім, Исаға яһудилердің жанына тиетін сөз айтқызуды көздеген болар. Сондықтан Иса оған өз пікірін айтқызу үшін: “Таурат заңында не деп жазылған, не оқып жүрсің?” — деді.
Ғұламаның жауабынан оның Заңды терең түсінетіні көрінеді, себебі ол Заңды қайталау 6:5 пен Леуіліктерге 19:18-де жазылған сөздерді қолданып: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй! Және Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” — делінген деді.
“Дұрыс жауап бердің,— деді Иса,— осылай істе, сонда мәңгі өмір сүресің”.
Алайда ол бұл жауапты нақты емес деп есептегендіктен, қанағаттанбады. Ол өзінің ойын Иса мақұлдап, өзге адамдармен қарым-қатынасында әділ екенін айтқанын қалады. Сол себепті ол: “Сонда “маңайымдағы адам” кім болғаны?” — деп сұрады.
Яһудилер “маңайымдағы адам” дегенді тек яһудилерге қатысты деп сенеді: олардың ойынша, Леуіліктерге 19:18-дің мәтіні соған нұсқайды. Тіпті елші Петір кейінірек: “Сіздер мен сықылды яһудиге басқа халықтың адамымен сөйлесуге немесе үйіне кіруге дініміздің ережелері арқылы тыйым салынғанын білесіздер”,— деген болатын. Демек, ғұламаның ойынша, бәлкім мұнымен Исаның шәкірттері де келісетін шығар, яһуди еместер маңайындағы адам болып есептелмейтін болғандықтан, әділ болу үшін яһудилерге жақсылық жасау жеткілікті.
Иса тыңдаушыларының сезіміне тимей, олардың көзқарасын қалай дұрыстар екен? Ол шын мәнінде болған, болуы да мүмкін бір оқиғаны әңгімелеп берді. “Бір адам [яһуди],— деді Иса,— Иерусалимнен Иерихон қаласына кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті”.
‘Бір діни қызметкер сол жолмен кездейсоқ келе жатып,— деп жалғастырды ол,— оны көре тұра қасынан өтіп кете береді. Дәл солай жаңағы жерге келген бір ғибадатхана қызметшісі де оған қарап, қасынан өтіп кете береді. Содан кейін бұл жерге жолаушылап бара жатқан бір самариялық келеді. Әлгі адамды көргенде, оған жаны ашиды’.
Көптеген діни қызметкерлер мен ғибадатханада қызмет етуші леуіліктер Иерусалимдегі ғибадатханадан 23 шақырым жерде орналасқан Иерихонда тұрады. Ғибадатхана Иерихоннан 900 метр биіктікте орналасқандықтан, Иерихонға қарай түсетін жол қауіпті. Бақытсыздыққа ұшыраған яһудиге діни қызметкерлер мен леуіліктердің көмек көрсетуіне болар еді. Бірақ олар олай істемейді. Оған қайта самариялық адам көмек көрсетеді. Яһудилердің самариялықтарды жек көретіні соншалық, жуырда ғана олар Исаны қорламақ ниетпен “самариялық” деп атаған болатын.
Самариялық адам яһудиге қалай көмектеседі? “[Ол] қасына барады да, жараларын маймен және шараппен жуып-шайып, таңады,— деді Иса.— Оны есегіне мінгізіп, қонақ үйге әкеліп, күтеді. Ертеңінде жолға шығарда қонақ үйдің иесіне екі күміс теңге [шамамен екі күндік жалақы] беріп: “Мына кісіге қамқорлық жасай гөр. Егер артық шығын шығарсаң, мен қайтып оралған кезде төлеймін”,— дейді.
Осы әңгімені айтып болып, Иса әлгі ғұламадан: “Қарақшылардың қолына түскен кісіге бұл үшеуінің қайсысы “маңайындағы адам” болды деп ойлайсың?” — деп сұрады.
Самариялықтың істеген жақсылығын мойындауға ыңғайсызданған әлгі ғұлама: “Әрине, оған қайырымдылық көрсеткені”,— деп жауап берді.
Сонда Иса: “Сен де солай істейтін бол!” — деп сөзін аяқтады.
Егерде Иса яһуди еместер де сенің маңайыңдағы адам деп бірден айтқанда, әлгі ғұлама бұнымен келіспес еді де, тыңдаушылардың көпшілігі соның жағына шыққан болар еді. Бұл болған оқиға маңайымыздағыларға тек өз ұлтымыздың не еліміздің адамдары ғана жатпайтындығын көрнекі түрде әрі бұлтартпайтындай етіп дәлелдейді. Иса адамдарға тәлімді қалайша керемет береді десеңші! Лұқа 10:25—37; Елшілердің істері 10:28; Жохан 4:9; 8:48.
▪ Ғұлама Исаға қандай сауалдар қойды және оның мақсаты не болуы мүмкін?
▪ Яһудилер кімдерді маңайындағы адам деп есептейді және неге шәкірттер де солай ойлайды деп тұжырымдауға болады?
▪ Иса жоққа шығара алмайтындай етіп, ғұламаның көзқарасын қалай тузетті?