Киелі кітаптағы бейнелеп айтылған сөздердің мәнін түсінесіз бе?
АДАМДАР жүз рет естігеннен гөрі бір рет көрген артық деп жатады. Бірақ кейде бір-екі ауыз сөздің өзі көз алдыңа қандай да бір бейнені елестетуге көмектеседі. Киелі кітапта бейнелеп айтылған мұндай сөздер көптеп кездеседі. Мысалы, Иса пайғамбар адамдарға тауда отырып айтқан уағызында елуден астам ұғымды бейнелеп айтылған сөздермен жеткізген.
Киелі кітаптағы бейнелеп айтылған сөздерге неліктен көңіл аударуымыз керек? Мұның бір себебі, бейнелеп айтылған сөздердің мәнін түсінгеніміздің арқасында Киелі кітапты қызыға оқитын боламыз және оны бағалай түсеміз. Сондай-ақ мұндай сөздердің мәнін дұрыс ұғынғанымыз Киелі кітаптағы хабарды жақсырақ түсінуге көмектеседі. Ал егер бейнелеп айтылған сөздердің мәнін дұрыс ұғынбасақ, бұл бізді шатастырып қана қоймай, қате тұжырым жасауымызға да себеп болады.
Бейнелеп айтылған сөздердің мәнін түсіну
Бейнелеп айтылған сөз бір нысанды екіншісіне теңегенде қолданылады. Теңелген нысан тақырып деп аталса, оған теңеген нысанды бейне деп атайды. Осы екі нысанға ортақ белгілер ұқсастық деп аталады. Бейнелеп айтылған сөздің тура мағынасын түсіну үшін осы үш элементті анықтап алу қажет.
Кейде мәнмәтінге қарап, тақырып қайсы, бейне қайсы екенін, сондай-ақ ортақ ұқсастықтықты анықтау оңай. Басқа жағдайларда ұқсастық көмескі болуы мүмкін. Мұндайда ортақ ұқсастықты қалай дұрыс анықтай аламыз? Жиі бірдей астарлы сөздер қолданылған жазба орындарын салыстыруға боладыa.
Мысалы, Иса тұқым сепкен диқаншы жайлы астарлы әңгімесінде кейбір тұқымның құнарлы топыраққа түсіп, біразы жүз, басқалары алпыс, бірқатары отыз еседен өнім бергенін айтады. Мұнда Иса ниеті түзу адамдарды (тақырып) пісіп тұрған егінге (бейне) теңеді. Бірақ бұлардың ұқсастығы неде? Мұны мәнмәтінге қарап анықтауға болады. Иса былай дейді: “Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, мынаны бейнелейді: адам Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді” (Матай 13:3, 8, 23). Демек, теңеудің мәні мынада: пісіп тұрған егінді, яғни ниеті түзу адамдарды жинау қажет.
Кейде Киелі кітаптың бір жерінде бейнелеп айтылған сөз басқа жерде кездесетін астарлы сөздің мәнін түсінуге көмектеседі. Мысалы, қызметінің басында Иса жоғарыда айтылған астарлы сөздерді қолданып, былай деген: “Көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр” (Жохан 4:35). Бұл жазба орнының мәнмәтінінен оның қай ұқсастыққа назар аударып отырғанын білу мүмкін емес. Бірақ мұны Матай 13:23-те қолданылған астарлы сөзбен салыстырар болсақ, ортақ ұқсастықты анықтай аламыз. Ниеті түзу адамдар көп болған және оларды жинау керек еді.
Құдайды танып-білуге көмектесетін бейнелеп айтылған сөздер
Құдайдың болмысы мен құдіретін ешбір адам баласы толық түсіне алмайды. Ежелде Дәуіт патша Ехобаның ‘ұлылығын ешкім жете ұғынбайтыны’ жайында жазған (Забур 144:3). Құдайдың жасампаз істері туралы ой жүгірткен Әйүп болса: “Міне, бұл — Оның жолдарының бөлігі; біз Ол жайында қалай аз естігенбіз! Ал Оның қуатының күркірегенін кім жете түсіне алар?”— деген (Әйүп 26:14).
Сөйткенмен де көктегі Әкеміздің керемет қасиеттерін қандай да бір шамада түсіне алуымыз үшін Киелі кітапта бейнелеп айтылған сөздер қолданылған. Мысалы, онда Ехоба Патша, Заң шығарушы, Би және Жауынгер ретінде суреттелген. Бұл лауазымдар бізді Ехобаны терең құрметтеуге талпындырады. Сондай-ақ оның Бағушы, Кеңес беруші, Ұстаз, Әке, Сауықтырушы және Құтқарушы деп аталуы біздің бойымызда оған деген сүйіспеншілік сезімін ұялатады (Забур 15:7; 22:1; 31:8; 70:17; 88:27; 102:3; 105:21; Ишая 33:22; 42:13; Жохан 6:45). Осындай сан алуан теңеулердің ортақ белгілері бойымызда Ехоба жайында түрлі жағымды сезімдер мен ойлар оятады. Осылайша көп сөзді қажет ететін ұғымды бір-екі бейнелеп айтылған сөзбен жеткізуге болады.
Сонымен қатар Киелі кітап Ехоба Құдайды жансыз нәрселерге де теңейді. Мысалы, ол — “Исраил арқа сүйер жартас”, “мықты мұнара” және “қорған” ретінде бейнеленген (Патшалықтар 2-жазба 23:3; Нақыл сөздер 18:10; Заңды қайталау 32:4). Бұл теңеулердің ұқсастығы қандай? Жартастың қозғалмай нық тұратыны сияқты, Ехоба Құдай сіз үшін берік қорған бола алады.
Забур кітабы Ехобаның болмысының әртүрлі қырларын сипаттайтын бейнелеп айтылған сөздерге толы. Мысалы, Забур 83:12-де Ехоба “күн мен қалқанға” теңелген, өйткені ол — жарықтың, өмірдің, күш-қуаттың және қорғаныштың қайнар көзі. Ал Забур 120:5-те: “Қорғаушың — Жаратқан Ие қасыңда саяң болып жүреді”,— делінген. Көлеңке күннің аптап ыстығынан қорғайтыны сияқты, Ехоба өзіне қызмет ететін адамдарға пана болып, қасіреттің қайнаған ыстығынан қорғайды. Ол қызметшілерін ‘қолының аясына’ немесе ‘қанатының астына’ алады (Ишая 51:16; Забур 16:8; 35:8).
Исаға қатысты бейнелеп айтылған сөздер
Киелі кітапта Иса бірнеше рет “Құдай Ұлы” деп аталған (Жохан 1:34 Тт; 3:16—18 Тт). Мәсіхші емес адамдар Құдайдың әйелі болмағандықтан оның ұлы болуы мүмкін емес деп есептейді. Әрине, Құдай әйелмен жақындасып, дүниеге бала келтірген жоқ. Сол себепті мұнда астарлы сөз қолданылып тұр. Бұл атау Исаның Құдаймен қарым-қатынасы әке мен ұлдың қарым-қатынасындай екенін түсіндіру үшін қолданылған. Сондай-ақ бейнелеп айтылған осы сөз Исаның өмірі Құдайдан бастау алғанына, яғни оны Құдай жаратқанына назар аударады. Киелі кітапта алғашқы адам — Адам ата да “Құдай ұлы” деп аталған (Лұқа 3:38 ЖД).
Иса астарлы сөздерді Құдай ниетіндегі өзінің сан қилы рөлін сипаттау үшін қолданған. Мысалы, ол: “Мен “шынайы жүзім бұтасымын”, ал көктегі Әкем “жүзім өсіруші”,— деді. Шәкірттерін сабақтарға теңеді (Жохан 15:1, 4). Бейнелеп айтылған бұл сөздерден қандай маңызды сабақ алуға болады? Жүзім сабақтары бұтамен байланыста тұрса ғана шіріп кетпей, өнім береді. Сол сияқты Иса Мәсіхтің шәкірттері де онымен тығыз байланыста болулары керек. Иса: “Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар”,— деген (Жохан 15:5). Сонымен қатар жүзім өсіруші жүзімдіктен өнім күтетіні сияқты, Ехоба Құдай да Мәсіхпен тығыз байланыста тұрғандардан рухани жеміс күтеді (Жохан 15:8).
Ұқсастықтарды дұрыс анықтау
Теңеудің ұқсастықтарын дұрыс анықтап алмай, мәтінді жай әншейін оқып шықсақ, бейнелеп айтылған сөздердің мәнін қате түсініп қалуымыз мүмкін. Мысалы, Римдіктерге 12:20-дағы (Тт) сөздерді алайық: “Егер сенің жауың аш болса, оны тамақтандыр; егер шөлдесе, оның шөлін қандыр: өйткені осыларды жасау арқылы оның басына жанып тұрған көмірді үйе бересің”. Адамның басына жанып тұрған көмірді үю одан кек алуды білдіре ме? Теңеудің мәнін дұрыс түсінер болсақ, олай емес. Бұл бейнелі сөз металды балқыту ісіне қатысты айтылған. Ежелде мысты ыстық көмірдің үстіне қойып, оның үстінен тағы да көмір шоқтарын салатын болған. Сонда мыс балқып, қоспалардан бөлініп шығатын. Сол сияқты адамға жақсылық жасауымыз арқылы оны өзінің көзқарасын өзгертіп, жақсы қасиеттер танытуға талпындыра аламыз.
Бейнелеп айтылған сөздердің мәнін дұрыс түсінгеніміз санамызға ғана емес, жүрегімізге де әсер етеді. Мысалы, күнәнің қарызға ұқсастырылғаны оның қаншалықты ауыр болатынын түсінуге көмектеседі (Лұқа 11:4). Сондықтан Ехобаның бізді кешіріп, мойнымыздағы қарыздан босатқанын сезінгенде, жеңілденіп қаламыз. Киелі кітаптан ‘шығыс батыстан тым қашық болғаны сияқты, [Құдай] заңсыз істерімізді бізден зор қашықтататынын’ және ‘күллі күнәмізді теңіздің тұңғиығына жіберетінін’ білгеніміз болашақта Құдай оларды бетімізге баспайтынына сенімділік береді (Забур 102:12; Миха 7:19). Сондай-ақ Ехоба Құдайдың ал қызыл күнәларымызды қар сияқты аппақ қылатыны біз үшін қаншалықты жұбаныш десеңші! (Ишая 1:18).
Бұл — Құдай сөзі, Киелі кітаптағы, жүздеген бейнелеп айтылған сөздердің бірнешеуі ғана. Сондықтан Киелі кітапты оқығанда, оларға ерекше назар аударыңыз. Тура мәнін түсінуге уақыт бөліңіз және оның үстінен ой жүгіртіңіз. Осылай етер болсаңыз, Жазбаларды жақсырақ түсінесіз әрі оларға деген ризашылығыңыз арта түседі.
[Сілтеме]
a Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” деп аталатын екі томдық энциклопедияда екі нысанның не себепті салыстырылғанын түсінуге көмектесетін қосымша мәліметтер келтірілген.
[13-беттегі қоршау]
Бейнелеп айтылған сөздердің көмегі
Бейнелеп айтылған сөздердің көп пайдасы бар. Мысалы, түсінуге жеңіл нәрселерге теңелгеннің арқасында қиын ұғымды оңайырақ түсінеміз. Бірнеше бейнелеп айтылған сөзбен қандай да бір нысанның әр қыры түсіндіріледі. Сондай-ақ бейнелеп айтылған сөздер арқылы маңызды жайттар ашылып, ой әсерлі бола түседі.
[14-беттегі қоршау]
Бейнелеп айтылған сөздің элементтерін анықтау
БЕЙНЕЛЕП АЙТЫЛҒАН СӨЗ: “Сендер жер бетінде тұз сияқтысыңдар” (Матай 5:13).
ТАҚЫРЫП: Сендер (Исаның шәкірттері)
БЕЙНЕ: Тұз
БҰЛ МӘНМӘТІНДЕГІ ҰҚСАСТЫҒЫ: Бұзылудан сақтау
АЛАТЫН САБАҒЫМЫЗ: Шәкірттер көптеген адамның өмірін аман алып қалатын хабар таратады
[15-беттегі сөздер]
“Жаратқан Ием — менің Бағушым, Мен еш нәрседен де тарықпаймын” (ЗАБУР 22:1)