75-тарау
Бақыттың қайнар көзі
ИСА Ғалилеяда қызмет еткенде қандай кереметтер жасаған болса, Яһудеяда да дәл сондай кереметтер жасады. Мысалы, біреуді мылқау қылып қойған жынды қуып шығарды. Жұрт таңқалысты, бірақ кейбіреулері Ғалилеядағылар сияқты, Исаға: “Анау жындарды солардың әміршісі белзебүлдің (яғни шайтанның) күшімен қуып шығарады”,— деп жала жапты. Енді біреулері болса, Исаның Мәсіх екендігіне нақты дәлел керек етіп, оны сынау үшін көктің құдіретімен кереметтер көрсетуін сұрады.
Иса жауларының ойларын біліп, Ғалилеядағыдай жауап қайырды. Ол жікке бөлініп, өзара соғысып жатқан әрбір патшалықтың жойылып, бос қалатындығын түсіндірді. “Егер шайтан өзіне-өзі қарсы соғысса, оның патшалығы қалай жойылмай тұра алар еді?” — деп сұрады Иса. Ол өзінің жауларының қауіпті жағдайда тұрғанын келесі сөздермен көрсетті: “Мен жындарды Құдайдың құдіретімен қуып шығарамын, демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған!”
Исаның кереметтерін көрген жұрт ертеде Мұсаның жасаған кереметін көрген адамдар сияқты әрекет етулері керек еді. Олар: “Бұл — Құдайдың құдіретті ісі!” — деп айғайлап жіберген болатын. Екі тас тақташаға келісім ережелерін жазған да осы “Құдайдың құдіреті” еді. Дәл осы “Құдайдың құдіретінің” — оның киелі рухы, немесе әрекет етуші күшінің — арқасында Иса жындарды қуып, адамдарды сауықтырып отыр. Осылайша, Исаның жауларының арасында шынымен Құдайдың Патшалығы орнады, өйткені осы Патшалықтың тағайындалған Патшасы — Иса солардың арасында.
Сосын Иса өзінің жындарды қуа алатындығы Шайтанның үстінен билігі бар екендігінің дәлелі екенін көрсететін мысал келтірді. Ол мұны қаруланып алып дүние-мүлкін күзетіп тұрған адамды одан әлдеқайда күшті біреудің келіп жеңгенімен салыстырды. Сонымен қатар Иса Ғалилеяда айтқан жын туралы астарлы әңгімесін қайталады. Жын адамнан шығып кетеді, бірақ босаған жерді әлгі адам ештеңемен толтырмайды. Сонда зұлым жын өзімен бірге жеті жынды ертіп келеді де, әлгі адамның жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болады.
Исаның тәлімдерін тыңдап тұрған халықтың арасындағы бір әйелдің оның сөздеріне тебіренгені сонша, қатты дауыстап: “Сізді көтерген құрсақ, Сізге нәр берген ана бақытты!” — деді. Әрбір яһудилік әйел пайғамбардың, әсіресе Мәсіхтің анасы болғанды армандайды, сондықтан да әйелдің өз ықыласын білдіруін түсінуге болады. Оның ойынша, Мәсіхтің шешесі болғандықтан, Мәриям өте бақытты болуға тиіс.
Бірақ Иса әйелді дереу түзетіп, шын мәнінде ненің шынайы бақыттың қайнар көзі екенін түсіндірді. “Жоқ,— деді ол.— Құдай Сөзін естіп, оны орындаушылар одан бетер бақытты!” Иса өзінің шешесі Мәриямға ерекше құрмет білдіру керектігіне тіпті меңзеген де жоқ. Керісінше, Иса шынайы бақытты туысқандық байланыстар не қандай да бір жетістіктер емес, Құдайға адал қызмет әкелетінін көрсетті.
Ғалилеядағы сияқты, Яһудеяда да Иса адамдарды өзінен көктің құдіретімен белгі сұрағаны үшін кінәлады. Ол оларға Жүніс пайғамбардың белгісінен басқа белгі көрсетілмейтіндігін айтты. Жүніс пайғамбардың белгі болған себебі: біріншіден, ол үш күн үлкен балықтың ішінде болған, екіншіден, батыл уағыздаған, соның арқасында Ніневидің тұрғындары теріс жолдарынан қайтқан. “Ал мұнда,— деді Иса,— Жүніс пайғамбардан да мәртебесі зор Біреу бар!” Сондай-ақ Сәба елінің патшайымы Сүлейменнің даналық сөздеріне таңданған. “Ал мұнда,— деді ол тағы да,— Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор Біреу бар!”
Иса ‘адам шамды жаққан кезде оны жасырын жерге немесе бір ыдыстың астына қоймай, қайта, үйге кіргендер жарығын көрсін деп шам қойғышқа қоятындығын’ түсіндірді. Бәлкім, ол осы қасарысқан адамдарға тәлім беру және олардың алдында кереметтер жасау — жағылған шамды жасырып қоюмен тең деп айтқысы келген шығар. Олардың көздері таза емес, яғни айқын көрмейді, сол себепті де Исаның жасаған кереметтерінің мақсатын түсінбейді.
Иса қазір ғана мылқау адамнан жынды қуып шығып, сөйлейтін етті. Көзі таза, анық көретін адамдар бұл кереметті дұрыс бағалап, өзгелерге ізгі хабарды жеткізуге талаптанған болар еді. Бірақ наразы болған тыңдаушылар бұлай етпеді. Сол себепті Иса соңында: “Сондықтан өміріңде нұр орнына қараңғылық болмасын, байқа! Егерде бүкіл өмірің нұрға кенеліп, қараңғы жерің қалмаса, онда ол шамның саған сәулесін төккені секілді түгелдей жарық болады”,— деп қорытындылады. Лұқа 11:14—36; Мысырдан көшу 8:18, 19; 31:18; Матай 12:22, 28.
▪ Адамдар Исаның мылқау адамды сауықтырғанын қалай қабылдады?
▪ “Құдайдың құдіретті ісі” дегеніміз не және неліктен Исаның тыңдаушыларына Құдай Патшалығы келіп жетті деуге болады?
▪ Шынайы бақыттың қайнар көзі не?
▪ Таза көзге ие болу деген нені білдіреді?